Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Нұрсұлтан Назарбаев. ©Мансұр ХамитБүгін Астанада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлт тарихына қатысты мәселелерге де тоқталды.

«Тарихсыз болашақ жоқ. Ұлы далада күллі Еуразия құрлығын уысына ұстаған талай алып мемлекеттер болды. Алып кеңістікті ен жайлап, еркін билеп-төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген. Бүгінгі Қазақстан сол бабалардың заңды мұрагері. Адамзат тарихында қазіргі қалыптағы мемлекет үлгісі тек соңғы бірнеше ғасырда ғана пайда болғанын білеміз. Ал бұл кез біздің халқымыздың бостандықтан айрылып, бодандыққа түскен мезетіне тап келді. Көк түріктер мен Алтын орданың айбарын айтпағанда Қазақ хандығы біздің елдігіміздің түп тамыры», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы тәуелсіз Қазақстан еліміздің сан ғасырлық арманын ақиқатқа айналдырғанын атап өтті. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы сонымен қатар, Қазақтың ұлттық тарихы – теңдессіз тарих екенін, ұлтымыздың тарихы Еуразия құрлығындағы ұлы өркениеттің жылнамасына өшпес таңбасын қалдырғанына да тоқталды. «Тарихи тамырларымыздың бірлігі бізді түркі тілдес халықтармен ешқашан іргесі бөлінбейтін бауырлас етті. Ұлы Түркі елі — қазіргі заманауи мемлекеттер Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Түркия елдерінің ортақ тамыры. Біздің мыңжылдыққа ұласатын шежіреміз бар, мақтаныш тұтатын бабаларымыздың тарихи ерліктері бар. Бөле-жара қарау мүмкін емес, рухани қазынамыз бар. Осының барлығы баршамызға ортақ мұра», — деді Н. Назарбаев. Бұл ретте Елбасы Тәуелсіздікті алу үшін қандай қажыр-қайрат керек болса, оны баянды етіп, ұстап отыру үшін одан да зор қажыр-қайрат керек екенін еске салды.

«Ұланғайыр жері бар, ұлы мұраты бар, елі бар, бабалары жазған ұлы тарихы мен ұрпағы бар, көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым — Ұлы халық. Сол халықтың Тұңғыш басшысы болу бақыты маған тигеніне тәубә деймін», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

«Табысқа тоқмейілсімей, кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау біздің ұрпақтың парызы. 21 ғасырдың сын-қатерінен төтеп беріп, ең дамыған елдердің біріне айналу біздің ортақ жауапкершілігіміз. Біз халқымыздың қаһармандық тарихын жасампаздық тарихына ұластырдық. Әлемдегі ең үлкен елу елдің сапына еніп, қазіргі күні ең қуатты отыз елмен иық тіресуге бет алдық. Рухы биік, еңсесі тік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңілік елдің мәртебесі асқақ болуы үшін бізде бәрі де бар. Ендеше, барды бағалап, дамыта білейік», — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Автор: Қанат Қазы

Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/n-nazarbaev-kazaktyin-tarihyi—tendessz-tarih-59244/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: