Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Адам баласының көпшілігінің тағдырына, бүкіл ғұмырына бір сәт көз салсаңыз, оны мына жарық дүниеге жазасын өтеуге келген екен деп қалуға да болады. Бүкіл өмірі, әр күні сынақ. Оның солай екенін тек ішкенгемәз, жегенге тоқ және лыпасы бүтін болуынан басқаны ойламайтын малғұн сипаттас адамдар ғана түсінбейді. Қарап отырсаңыз, қазақ халқының да бүкіл арғы-бергі тарихы  әлгі қарапайым пенденің өмірі сияқты. Толған сынақ. Көне тарихты қойып, орта ғасырдың екінші жартысынан бергі жағдаятқа көз жүгіртіп шығыңызшы! Әуелі қазақ халқын езгіге салып, кең байтақ жерін жаулап алу яғни, қазаққа қарсы қанды шабуылдар ұйымдастырып отыру үшін Ресей 1582 жылы Яицкое казачество дегенді құрды. Батыс өңірінің қазақтары өз мекені Еділ (Волга) мен Жайық атырабы үшін Ресеймен 300 жыл бойы күрес жүргізді. Осы күнгі Қазақстандағы казачествоның ата-бабалары солар. Олардың бүгінгі ұрпақтарының өкілдері Қазақстан Республикасының парламентінде отыр. Олардың қазақтың батыс өлкемізге жасаған қанды қырғындарын, батыс қазақтарының оған қарсы өліспей-беріспеген шайқастарын да, бұл жолда Әбілхайыр бастаған қазақ жасақтарының, одан кейін оны 17 жыл жалғастырған Сырым Датов көтерілістерін де қоя тұрайық. Айтпақшы, тұрмысы, салт-дәстүрі өте ұқсас, қазақтар сияқты қымыз бен шұбат ішіп, киіз үйде тұрып, қазақпен қыз алысып, қыз беріскен өзіміз сияқты тақыр басты жоңғар-қалмақты айдап салып екі елді қырылыстырып қойған да Ресей еді.

Енді одан да беріге көз салыңыз:

1.1905-10 жылдардағы Столыпин реформасының «арқасында» орыс мұжықтары қазақ жеріне қара шегірткедей қаптап көшіріліп әкеліп, бұл аймақтар орыстың жеріне айналдырылды.

2.1914-17 жылдары Ресей өздері соғысып жатқан дұшпан әскерлерінің дәл алдына, яғни, жау өтіне қалып қару бермей айдап салды. Бүгінгі қазақ оны да ұмытып қалды. Өйткені, Қазақстан тарихында ол не мектепте, не жоғары оқу орындарында айтылмайды.

3. 1919-20 жылдар аралығында орыстар «Азамат соғысы» дееп атаған соғыс кезінде біресе ақ гвардияшы орыстардың, біресе қызыл гвардияшы орыстардың оғы мен қылышынан қазақтар қырылып, төсек болып қалды. Бүгінгі тарих оқулықтарында ол да айтылмайды. Қазақтар сонда да бізді «орыс братандар» адам қылды дейді.

4.1921-22 жылдары миллионнан аса қазақ Мәскеу жасаған ашаршылықта тағы қырылды. Бүгінгі қазақ оны да білмейді, өйткені, ол «Егемен Қазақстан» тарихында ашық айтылмайды.

5.1928-29 жылдары ұжымдастыру (коллективтендіру) бірлестіктендіру (кооперативтендіру), тәркілеу (конфискация) кезінде қанша қазақтың сүйегі абақтыда шірігені де айтылмайды. Мұны бүгінгі қазақтың мектеп оқушылары мен университет тәлібтері (студенттері) түгіл министрлерінің де көбі біле бермейді. Себебі қазаққа түскен бұл қасірет -қайғы да әлі де ашыла қойған жоқ.

6.1932-33 жылдары мәскеудің бұрыннан-ақ қазаққа қаны қарайған залым саясатының кесірінен басты күнкөріс көзі бүкіл малынан айрылып әдейі жасалған ашаршылықтан 4 миллионға жуық қазақ, яғни, қазақтың үштен бірі шыбындай қырылып қалды. Дала мен қала өлімтік сасыды. Бүгінгі қазақ Мәскеудің яғни, Ресейдің бұл жауыздығын да ұмытты немесе ұмыттырылды.

7.1937-38 жылдары қазақтың ең бір озық ойлы, ең бір саналы, ұлты үшін жанын қиюға даяр небір көзі ашық азаматтары Мәскеудің басшылығымен асылды, атылды, түрмеде, айдауда азаптап өлді. Бүгінгі қазақтар оны айтқанда да бас-аяғы 5-6 адамның атын атап, «алаш арыстары» дей салады. Ал қырылған, атылған, Сібірге, Қиыр Шығысқа айдалған он мыңдаған қазақ туралы да ләм-мим жоқ. Айтыла қалса, бәленің бәрін бір-екі адамға жаба салады. Тарихта  осы жылдары ашаршылық болғаны терең зерделеп, зерттеп ашығын айту деген әлі жоқ. өйткені, бүгінгі ұрпаққа оның бәрін білдірмеу керек деп отырғандар да бар.

8.1941-45 жылдары қазақтың ер азаматының тең жартысы орыстың қызыл империясын қорғап «Отан үшін, алға!» деп жүгіріп бара жатып оққа ұшты. Аман оралғандарының талайы сатқын атанып, түрмеге жабылды, олардың қатын-баласы, жетім-жесір боп қалды. Олар не үшін, кім үшін өлгенін білместен кетті. Өйткені, жоғарыда біз келтірген қазақты қырып жоюлардың бәрін Мәскеу, Кремль ұйымдастырғаны оларға айтылған жоқ. Кейін Кремльдің Қазақстанды ұзақ жыл басқарған жандайшаптары соғыс біткесін пәленбай жылдардан кейін біреулерге Совет Одағының батыры атағын алып беру үшін Кремльге жалыныш хат жазып, тілек тілеуді  шығарды. Сол атақты алып та берді.

9.1953-54 жылдардан бастап «Тың көтеру» деген ұранмен 3 миллионға жуық сотталған, отталған қылмыскер қаңғыма, келімсек вагон-вагонымен, эшелон-эшелонымен қазақ жеріне толтырылды. Жайылымдар мен шабындықтар түгел жыртылып, жердің тозаңы аспанға шықты. Тың өлкесінің қазақтарын ашықтан-ашық орыстандыру саясаты жүргізілді. Бүгінгі тәуелсіз аталып жүрген Қазақстан тарихында бұл залым саясат та ашып айтылмайды. Демек, бүгінгі ұрпақты осының бәрінен бейхабар қалдыру саясаты әлі де жүріп жатыр.

10.1957 жылдан бастап 1970 жылдар ішінде қазақ мектептері түгелге жуық жабылды. Қазір бұл да атүсті бір ауыз сөзбен айтыла салады. Оның басты мақсаты орыстандыру саясаты екені де көп айтыла бермейді.

11.1986 жылғы желтоқсан көтерілісін аяусыз басып жаншу Мәскеудің-Кремльдің нұсқауымен жасалды. Қазақтың өрімдей қыз-жігіттері қанға боялды. Осы күні қазақтар ағылшынша, орысша өлең айтып, аласұрып аспанға секіріп билеп той-тойлайтын Республика алаңында қан судай ақты. Ресейден көтерілісті басуға әкелген орыс сарбаздары (солдаттары) қазақ қыздарының әуелі абыройын айрандай төгіп, артынан айдалаға апарып ақ қар, көк мұздың үстіне өлімші қып тастап кетті. Одан басқа да айтуға ауыз бармайтын жауыздықтар жасалды. Көшеде орыстың кемпір-шалдары мен әйелдері мынау мені ұрды, мынау мені боқтады деп қазақ балаларын ұстап беріп, қазаққа қандай «бауырлас» екендерін көрсетті. Бұл көтерілісті кімдер ұйымдастырды, жастарды ату туралы бұйрыққа кім қол қойды, ол әлі де жұмбақ күйінде, қазақтан жасырылып келеді.

Ал басқа ел құрып, қалың қазақ тұратын аймақтарды атап, ядролық қаруларды сынау аймағына айналдырған Мәскеудің басты мақсаты —  қырылса қазақ қырылсын емес деп кім айта алады. Біз Семейде, Нарында, Азғырда және басқа да полигондарда жарты ғасыр қазақ халқын қырған, одан аман қалғанын жазылмайтын дертке душар еткен сынақтары үшін Ресейден миллиондаған қазақтың құнын сұрауға, қазіргі тілмен айтқанда өтемақы төле деуге жүрегіміз дауаламай отыр. Енді міне,

Құн сұрамақ түгіл

тәуелсіз, Ресей отарынан Азаттық алып, Бостандықтың балмағыз буына балқып жатыр деп жүрген даламыздың қақ төсіне ғылым-білімнің адамзат өміріне ең қатерлі «жетістігі» Атом Электр Стансасын салуға кірісетін көрінеміз. Бұл қатерлі жобадан хабары барлардың айтуынша бұл идея да — Ресейдің идеясы екен. Көзі ашық қазақтар «Апыр-ау, қазаққа дос адам «Үйіңнің қақ төріне кез-келген сәтте шаңырағыңның күлін көкке ұшыратын оқ-дәрі қоймасын салып берейін» демеуі керек қой десе, Мәскеуге ес-түссіз берілген көп мәңгүрт мұны орыстар қазақты энергетикалық жоқшылық-тапшылықтан құтқарғалы отыр деп барып тұрған  өтірікке басуда. Орысша сөйлесем жәй қазақтан «на голову выше тұрамын» деп ойлайтын мәңгүртокардиямен ауырғандар Қазақстанда электр қуатына дәл Еуропадағыдай зәрулік жоқ екенін біле тұра бұл қазаққа өте қажет деп көлгірсіп, атом стансасын салу туралы Ресей идеясын қос қолын көтеріп қолдауда. Басқа шаруаны қарық қылмаса да қара сөзде алдына қара салмайтын қайран қазақ «іштен шыққан жау жаман» деп осындайларды айтқан-ау, сірә. Қайта оларға қарағанда бұған қарсы орыстілді журналист В. Бендицкий дабыл қағып, қазақ даласына тағы бір қасірет ошағы салынатынын ескерткендей болды. «Құрайды», «құрауда», «орын алды» деп орысшадан аударып сөйлеуді ғана білетін қазақ тележурналистерінде үн жоқ. Теледидардан ғалымы бар, табиғат жанашырлары мен жәй азаматтар бар, әйтеуір адам мен табиғатқа ниеті түзу, фиғылы таза бірталай адам Атом Электр Стансасының адам айтқысыз, зардаптары туралы білетіндерін түгел айтты (8.03.2013). Тіпті,  саясаттың жетегіне еріп, әрі өздерінің «ядерщик», «атомщик» мамандығының мерейсымағын түсірмеу үшін АЭС-тің экономикалық пайдасы зор деп жүрген ғалымсымақтардың сөзінің көбі өтірік екені  яғни, АЭС басқа қуат көздеріне қарағанда ешқандай да үнемді емес екені жетелі жанға  жеткізе айтылды. Шынында да, атом өнеркәсібінің бас- аяғы 50 шақты маманы айтты екен деп, Қазақ еліндегі 16 миллион адамның, оның ішінде 10 миллион қазақтың өмірін АЭС деп аталатын қайғы-қасірет ошағының ойыншығы қып қоюға өзін Құдаймын,  не істесем де өз еркімде дейтін адам ғана бара алады. Бұл — бір.

Екіншіден, әшейінде «Азаматтық қоғам», «демократиялық қоғам», «хұқықтық қоғам», «ұрпақ қамын ойлайтын мемлекет», «ең әуелі адам денсаулығын ойлайтын мемлекет» құрып жатырмыз деп сарнап, қала берді Америка мен Батысқа «отчет» беріп отыратын шонжарлар бұл зұлматты құрлысты бастамай тұрып әуелі оның залалы мен зардабы, экологияға, адам денсаулығына  қаншалықты әсері бар екені туралы талдау жасап, оны халқына жария етуі керек. Олар сөйтуге міндетті де.

Үшіншіден, бұл құрлыс табиғаттан емес, қолдан жасалған қауіп-қатерге толы болғандықтан, оны бастау, бастамау туралы референдум өткізілуі керек еді.

Бұл қатерлі құрылысқа қарсылар міне, осылай дей келіп, неліктен бұның бәрін «бір-екі В. Школьник» шешуі керек деген күйінішін жасырған жоқ.

Бір сұмдығы Ақтауда салынатын АЭС-ке Ресейдің сүңгуір қайықтарындағы реакторлар пайдаланылады екен. Бұл дүнияжүзінің ешбір елінде қолданылып көрмеген іс. Яғни, қазақтарға жүргізілетін жаңа бір «тәжірибе»! Ақыл-есі дұрыс, ұлтына, еліне жаны ашитын адам Чернобыльдағы жарылған АЭС те, суға батып кеткен «Курск» атом реакторлы сүңгуір қайығы да Ресейде жасалған «кереметтер» екенін еш ұмытпауы керек еді ғой. Әшейінде «Невада-Семей» қозғалысын ашып, Семей полигонын жаптырған бір өзі болып көрінетін Олжас Сүлейменов пен оның айналасындағылар қазір неге үнсіз қалды? Жалпы  «Невада-Семей» қозғалысын кім ашты, Олжас оған қалай келді, оның айтып жүргенінің бәрі шындық па ол өз алдына қозғалатын, құпиясы мол үлкен бір тақырып.

Қазір дүниежүзі мемлекеттерінің көпшілігі АЭС дегендерді пайдаланудан бас тартуда. Олардың ішінде Германия, Швейцария, Австрия сияқты дамыған елдер де бар. Балтық жағалауы елдері бұл мәселеде референдум өткізіп, халқымен ақылдасты. Ал қазекемнің шонжарлары бұл АЭС ғылымның ең соңғы жетістіктерімен жабдықталған ол қауіпсіз деп жалған сөзді судай сапыруда. Сонда дейміз-ау бүгінгі қазақ ғалымдары мен ғылымы әлемдегі ең озық елдің бірі Жапониядан да озып кеткені ме? Оған кім сенеді? Оларға «ғылымның сендер айтқан соңғы жетістігі суға батып кеткен «Курск» мен жарты әлемді улаған Чернобыль АЭС-і болса, сендер де жетіскендер екенсіңдер»-деп ақырып шығатын бір-екі ақсақалы жоқ бүгінгі қазақты кім дерсің.

Жалпы, тек қана АЭС емес,  радиоактивті қалдық атаулының да уранның да зардабын жою мүмкін емес екенін әлем ғалымдары айтудай-ақ айтып келеді. Кезінде «Ураным бар-уым бар», «Қазақ бәріне шыдауы керек пе?» деп осы тақырыпта талай мақала да жарияладық. Сол үшін «Қазатомөнеркәсіп» мекемесінің білгірлерінен «сен кімсің?» дегендей ауыр-ауыр сөз де есіттік. Басы даулы болған азаматты табалағандай болмайық, бірақ «Қазатомөнеркәсіптің» басшысы, бүгінде түрмеде жатқан М. Жәкішев мырза «біз уранды залалсыздандырып өндірудеміз, алдағы уақытта жылына 15 мың тонна уран өндіреміз», «уранды зиянды деп мақала жазатындар «сауатсыз, псевдопатриоттар» деп жер-жебірімізге жетті. Ақыры, энергетика министрі В. Школьникке бәле жуыған жоқ та, М. Жәкішев байғұс қапасқа қамалды. Сол уранды, сол  белсенді радийлі қалдықтарды мұхит, теңіздердің астына көмсең де, он қабат бетонмен қаптап жерге көмсең де олардың адамзатқа, жер мен суға,  ауаға келтіретін адам айтқысыз залалын жою мүмкін емес екенін химия ғылымының докторлары, Нобель сыйлығының иегерлері теледидардан айтқанын өз көзімізбен көрдік. Солардан гөрі «Қазатомөнеркәсібінің» қызметкерлері «білімді» болып шыққанына күйінбегенде қайтерсің?! Біздің кейбір басшылар мен ғалымдар, тіпті кейбір қазақ журналистері Қазақстан уран өндіруде әлемде алда келеді деп мақтанатын надандығын да көріп жүрміз. Ал дүниежүзінде тек Нигерия мен Қазақстаннан басқалардың бәрі уран өндіруді тоқтатқан сол байғұстар шынымен білмей ме екен? Бұл да әрі Абай айтқан мақтаншақтық, әрі халықты біз күштіміз, біз баймыз деп еліртіп, есіртіп қоюдың бір жолы ғана.

Айтпақшы, өткен жолы бір ғалымдар АЭС 20-25 жыл ғана жұмыс істейді, сосын тоқтайды. Әрі қарай оны бөлшек-бөлшек қып таратамыз  яғни, демонтаж жасаймыз деді. Бұл баяғы Қожекем айтқан 20 жылдан кейін  не хан өледі, не мен өлемін, не ешек өледінің кері. Қысқасы, қолда билік бар кезде АЭС салуға бөлінетін миллиардтаған қаржыдан әркім мүмкіндігінше қарпып қалуға тырысуда. Демек, орыстың «после меня хоть  потоһ мақалы олардың басты ұраны ма деп қорқады екенсің. Мұндай мақалды тек кәпір дініндегілер ғана айтады. Мұсылманда бұл өте күнәһар сөз! Өйткені, білікті ғалымдардың айтуынша АЭС ке демонтаж жасаған, яғни, оны бөлшектеу жұмысын жүргізген адамдар бас-аяғы бір-екі сағатта ажал құшады екен.

Әңгімеміздің басында қазақтар Ресеймен ара-қатынас жасай бастаған замандардың ең бергі жағында басынан өткерген қайғы-қасіреттің бірсыпыра тізімін бердік. Ол патшалық Ресей, Кеңестік Ресей замандары болатын. Біз Семей, Азғыр, Нарын және басқа полигондардың, Байқоңырдың қазаққа тигізген әлі де тигізіп жатқан бүкіл залалын азды-көпті айтқан болып жүрміз. Бірақ соның ешқайсысынан нәтиже шыққанын көрген емеспіз. Кейінгі жылдары Семей полигонына егін егіп, астық оруға болады, оның еш зияны жоқ деген сұрқия сөзді де қазақтың санасына сіңіре бастадық. Байқоңырдың залалы өз алдына! Енді міне, Ресейдің қот-қоттауымен Қазақстанда АЭС салмақпыз. Бұл өзі қандай пиғылмен жүргізіліп, кімдердің ақыл-кеңесімен, әлде тапсырмасымен жүргізіліп жатқан саясат? Бұл  «жуас түйе жүндеуге жақсы» деген ат қойылып, тағы да ұлтымызға қарсы жасалып жатқан үлкен бір жоба емес пе? Әлде, қазақ обалы жоқ халық па? Бірақ «обал», «сауап» деген киелі ұғым тек қасиетті ислам дінінде ғана бар ұғым ғой! Және оны қазақ халқы ғана жиі айтады. Бұл екі сөзді орысшаға да, ағылшыншаға да аудару мүмкін емес. Ал Ресейдің бүгін  Қазақстанда АЭС салу туралы бұл идеясы бұған шейін патшалық Ресейдің, Кеңестік Ресейдің сонау І-Петр бастап берген қазақ халқын кезең-кезеңімен қырып жойып отыру саясатының жалғасы емес деп айта аламыз ба?

Иә, Семейі, Азғыры, Нарыны, Байқоңыры анандай, мұнайы Құдай қаласа 15-20 жылда түгесіліп бітетін, бүгінде уран өндіріп улап жатқан қазақ даласында кейін қазақтан басқа ешкім қалмайды. Баяғыда дана Конфуцийден біреу «біздің 10 жылдан кейінгі ұрпағымыз қандай болады» деп сұрағанда ол «адамдар ертеңгі ұрпағына қазір не қалдырып жатқанына қарап оны анық айтып беруге болады» деген екен. Ал қазақтар ертеңгі ұрпағына не қалдырып барады? Жердің бір сілкінгенінен қалмайтын, не өзі-ақ тозып бітетін коттедждер ме, әлде бір-екі жылда-ақ шіріп кететін «Ланд Круизерлер» ме? Бүгінгі қазақ басшыларының ақылы осыны ойлауға жетпей отыр ма, әлде, оларға «мен кеткесін топан су қаптаса да бәрібір» ме екен?

 

Abai.kz

Рубрика: