Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

ооҚазақ көгін күймен көмкерді

Иә, кеше кең-байтақ Қазақ елінің өнерлі өлкесі қасиетті Атырау аспанында күй қалықтады, күй күмбірледі. Әншейінде селдіреп тұратын қаладағы «Мұнайшы» стадионында  бұл күні ине шаншар жер болмады. Жиналған көрермен күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 190 жыл толуына орай ұйымдастырылған 1000 адамдық ұлт-аспаптар оркестрінің өнерін тамашалады.

Бірден айта кететін жайт, осы мың адамдық құрамда Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай облыстарынан және Астана, Алматы қалаларынан, Атырау мен облыс аудандары, сонымен қатар көршілес Астрахан облысының күйшілері де бар екен.

Республикалық күй фестивалін ашқан облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов өз сөзінде былай деді:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Құрманғазы – ХIХ ғасырда қазақ тарихын, мәдениетін және бүкіл халықты күйге қосып жырлаған ерекше тұлға. Сондықтан да халқымыз Құрманғазының күйін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, жадында мәңгі сақтап келеді» деген болатын өткен жылы Астана қаласында Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішін ашу салтанатында.
Ел басына туған нәубеттің ауыртпалығы қашанда еңсесі биік ерлердің иығына түсетіні белгілі. Зобалаңға толы заманның жалынына күй атасы Құрманғазы да шарпылды. Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Аман бол, шешем, аман бол!», «Қайран шешем», «Бұқтым-бұқтым», «Арба соққан» күйлері – қазақ елінің басына түскен алмағайып аласапыран кезеңнің хал-күйіне, тарихи-әлеуметтік оқиғаларға, әлеуметтік-психологиялық жағдайларға жарқын айғақ бола білді. Облыс басшысы бүгінгі күй тойының ертең Құрманғазы бабамыз жерленген Ресейдің Астрахан облысында жалғасатынын мәлімдеп, өнерпаздарға сәттілік, көрермендерге тарихи өнер кешінен жақсы әсер алуды тіледі.
Құрманғазы атамыздың шы­ғармашылығында Ізмұхамбетовтер әулетінің қатысы бар екені белгілі болды. Осы өнер мерекесінде ойналатын Құрманғазының «Көк ала ат» күйін алғаш нотаға түсіріп, бүгінге жеткізген Бақтықожа Салахатдинұлының анасы Әсима Қалиева екен.
Сәл шегініс жасасақ, облыс тарихында мұндай ауқымды шара 1957 жылы 507 өнерпаздың қатысуымен өткен. Сол өнер мерекесіне күй майталмандары Нұрғиса Тілендиев, Сейілхан Құсайынов, Тоқсанбай Құлтумиев қатар тұрып дирижер болыпты. Ал Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналып, біріктірілген 650 адамдық оркестр құрамында да көзі тірі абзал ағалар өнер көрсеткен. Сол аға буыннан Қатимолла Ризуанов, Ғатау Ібішев, Серікқали Харесов бүгінгі 1000 адамдық оркестрдің құрамында болғаны қуантады.
Сонымен күй фестивалі Д.Нұр­пейісова атындағы оркестрдің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері Талғат Камалиденовтің дирижерлік етуімен Құрманғазының «Серпер» күйімен ашылды. Қазақтың сайын даласын асқақтатып, екпіндетіп, көңілді шалқытатын күй құдіреті көрермендерді бір желпінтіп алды. Мұнан соң Дина Нұрпейісованың сезімге толы «Әсем қоңыр» күйі орындалды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор-күйші Шәміл Әбілтайдың «Қа­зақстан-Нұрсұлтан» күйі көпші­ліктің ыстық ықыласына бөленді.
Батыс Қазақстан облысының Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетовтің дирижерлігімен Құрманғазының «Саранжап» күйі шебер орындалды.
Ал Ақтөбе облыстық А.Жұбанов атындағы оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Қайырғали Қожанбаевтың дирижерлігімен Құрманғазының «Алатау» күйі, Дина Нұрпейісова атындағы Атырау музыка кол­леджі оркестрінің дирижері Ержан Қитаровтың басқаруымен Құр­манғазының «Көк ала ат» күйлері көрермендердің қошеметіне ие болды.
Академиялық Тәттімбет атын­дағы Қарағанды облыстық ор­кестрінің бас дирижері, ҚР мәдениет қайраткері Ерлан Бақтыгереевтің дирижерлігімен Түркештің «Көңіл ашар» күйі жоғары деңгейде орындалды.
Қостанай облыстық ұлт-ас­паптар оркестрінің дирижері Берік Оразалиннің жетекшілігімен орындалған Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» күйі, атақты күйші Қаршыға Ахмедияровтың ұлы Ерболат Ахмедияровтың басқаруымен Құрманғазының «Балбырауын» күйі және Академиялық Құрманғазы атындағы оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанас Бекентұровтың дирижерлігімен Құрманғазының «Кішкентай» күйлері көрермендерді тебірентіп жіберді. Сонымен қатар фоль­клорлық «Нарын» халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Орақ Жауыровтың басқаруымен орындалған Ахмет Жұбановтың «Би күйі» жұртшылықты көтеріңкі көңілге бөледі.
Мұнан соң Орақ Жауыровтың дирижерлігімен Айгүл Үлкенбаева, Ермек Қазиев, Қарағандыдан Полат Ташимов, Маңғыстаудан Ғазиза Ұзақбаева, Ақтөбеден Жәйләу Асылханов, Атыраудан Серік Әлібеков, Алматыдан Батыржан Мықтыбаев, Халықаралық конкурстың лауреаты композитор Арман Жайымовтың қатысуымен күй тартыс Құрманғазының «Адай» күйімен аяқталып, көрермендер ыстық ризашылығын білдірді.
Дирижерлік орынтаққа ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Композиторлар Одағының мүшесі, Атырау облысы Жылыой ауданының «Құрметті азаматы», профессор Айтқали Жайымов көтерілгенде көрермендер бір серпіліп қалды.
Күй фестивалі Нұрғиса Тілен­диев­тің «Махамбет» симфониялық поэмасы және Құрманғазының «Сарыарқа» күйлерімен аяқталып, жиналғандар өнерпаздарға орындарынан тік тұрып қол соқты.
Сөйтіп, бұл фестиваль қазақ­тың ұлттық өнерінің жалауын желбіреткен, мерейін асқақтатқан нағыз өнер мерекесі болды. Ел тарихында бұрын-соңды болмаған осы жаңалықты Гиннестің рекордтар кітабына енгізу үшін арнайы мамандар қатысып отырды.
Облыстық әкімдіктің осы шараға тыңғылықты дайындалып, шебер ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Олардың айтуынша, күй фестивалі атақ шығару үшін емес, жас ұрпақтың күй өнерін санасына сіңіруге ықпал ету, ұлттық өнерді насихаттау үшін өткізіліп отыр.
Құрманғазы мен Дина, қазақтың өнерін өрге өрлеткен Әзидолла Есқалиев, Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияров, Бақыт Қарабалина, Айгүл Үлкенбаева сияқты күй майталмандарын дүниеге әкелген күй Отаны – Атырауда өнер мерекесі осылай аяқталды.

Мың домбыра күмбірі

Мың домбыра күмбірі

Мың домбыра күмбірі

Мың домбыра күмбірі

Өтеген Нәукиев
Атырау
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ

http://anatili.kz/?p=14205

 

Рубрика: