АЛТЫНОРДА
Новости

Мұстафа Шоқайдың өміріне арналған екі кітаптың тұсаукесер рәсімі өтеді

Астана. 10 наурыз. Baq.kz – Алдағы 13 наурызда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ҚР-ның Суретшілер Одағының мүшесі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Әбілқасым Сәрсенбаевтың «Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шоқай» және «Мұстафа Шоқай суретші көзімен» атты кітап-альбомының тұсаукесер рәсімі өтеді.

 Алғашқы кітапта ұлт мүддесіне өмірін арнаған, халқымыздың бірлігі мен еркіндігін мұрат етіп, азаттық үшін күрескен күллі түркі дүниесінің көсемі Мұстафа Шоқайдың сан қырлы өмірі тың деректермен, көркем тілмен баяндалады. «Мұстафа Шоқай суретші көзімен» атты кітап-альбомы ұлы тұлғаның мәңгі идеялары мен саяси қызметін қылқаламның құдіретті күшімен беріп, сол өткен тарихи кезеңдерді көз алдыңызға әкеледі.

Суретшінің 2011 жылы Ыстамбұлда «Ұлт тұлғасы — Мұстафа Шоқай», 2013 жылы Парижде «Мұстафа Шоқай жолымен» атты жеке шығармашылық көрмесі мен кітаптардың тұсаукесері табысты өткізілді. Осындай рәсімдер бұған дейін де шығарма авторының туған жері Қызылорда облысының Шиелі ауданында және Алматы қаласында ұйымдастырылып, көпшіліктің ықыласына бөленген.

Шараның мақсаты ұлт тарихын ардақтаған осындай жан-жақты ізденістен туындаған шығармашылық арқылы барша қауымды көрнекті тұлғаның ерекшеліктерімен етене таныстыру, көркемдікті дәріптеу, рухани ізгілікті нығайту болып табылады.

http://baq.kz/kk/history/838