Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Мүсілім Әмзе. Қазақ күй өнерінің қайта жаңғыруыҚазақ кәсіби музыкасы қарқынды дамып жаңа кезеңге ХХ ғасырда аяқ басты. Өнер мен мәдениет саласында үлкен жаңалықтар болып, бірнеше өнер ошақтары ашылды. Солардың бірі 1934 жылы құрылған халық аспаптары оркестрінің алғашқы ұжымы – Қазатком оркестрі – еуропалық үлгіде қалыптасты. Осыған орай өмірге жаңа дәуірдің жас жанры – оркестрлік күй келді. Қазақтың қоңыр күйі уақыт ағымына сай түрленіп, сан түрлі бояумен оркестрге лайықталып орындала бастады.

Дәстүрлі оркестрлік музыканың дамуына зор үлес қосқан қазақ күйлерін оркестрге лайықтау мәселесі ғылыми тұрғыда терең зерттеуді қажет ететін тақырып. Бүгінгі қазақ музыка ғылымы осы тақырыпты тиянақты сараптап, оның ерекшеліктері мен өзекті мәселелерін жан-жақты талдауға мүдделі.

Өткен ғасырдың соңында жарық көрген партитуралар – Нұрғиса Тілендиевтің «Жеңіс салтанаты» (Алматы, «Өнер» 1980), Алдаберген Мырзабековтің «Қоңырқаз» (Алматы, «Өнер» 1982), «Көкейкесті» (Алматы, «Өнер» 1988), Шамғон Қажығалиев құрастырған «Серпер» (Алматы, «Өнер», 1983), «Қосбасар» (Алматы, «Өнер» 1984), Кенжебек Күмісбековтің «Достық мерекесі» (Алматы, «Өнер», 1987), Ермұрат Үсеновтің «Бозінген» (Алматы, «Өнер», 1988) жинақтары дәстүрлі оркестрлік музыканың алтын қорына айналды.

Бұл салада тыңнан түрен салған суреткер Алдаберген Мырзабековтың қазақ күйлерін оркестрге лайықтауда еңбегі ерен. Ол – Тәттімбеттің «Қосбасары» мен «Көкейкестісін», Ықыластың «Жез киік», «Ерден», «Қазанын», Дәулеткерейдің «Топан», «Көроғлы», «Байжұма» күйлерін, Сүгірдің «Аққуы» мен Әшімтайдың «Қоңырқазын», Абылдың күйін оркестр тіліне әсем өрнектеп түсіре білген шынайы шебер. А. Мырзабеков Дәулеткерейдің «Жігер» сияқты философиялық мағынасы терең, көлемді де күрделі күйін оркестрге түсіру үшін үлкен тәуекелге барып, сол мақсатының үдесінен шыға білді. Құрманғазының «Машина», «Ақбай», Дәулеткерейдің «Қос ішек», Сүгірдің «Бозінген», «Ыңғайтөк», Тәттімбеттің «Азамат Қожа», «Сарыжайлау» сынды т.б., көптеген қазақ күйлері А. Мырзабековтың өңдеуінен кейін халық аспаптары оркестрінде ерекше жандана түсті. Белгілі дирижердің «Жігер» (Алматы, Қазақтелевидео «Ләйлік», 2010) атты партитуралар жинағы осы сөзімізге дәләл болады.

1982 жылы Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония жанынан дирижер Н. Тілендиевтің ұйымдастыруымен қазіргі Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің негізі қаланды.

Бұл екі оркестрдің арасында бірден көзге түсіп, құлаққа әрі тосын, әрі жақын естілетін дыбыс айырмасы – құрамындағы сазсырнай, сыбызғы, жетіген, шаңқобыз секілді көне аспаптардың табиғатымен байланысты. «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Н. Тілендиев – ХХ ғасырдың көрнекті композиторы, дарынды дирижер, дәулескер күйші, қазақ музыка тарихында аты алтын әріптермен жазылған дара тұлға.

Білікті күйші-дирижер Сүгірдің «Бозінген», Әлшекейдің «Қоңырқаз», Ықыластың «Қамбар батыр» т.б. халық күйлерінің ырғағы мен образын сақтай отырып оркестрге лайықтады.

Бұл жөнінде профессор Ә. Мұхамбетова «Н. Тілендиев зор таланты арқасында… өзіндік келбеті бар әрі өз күретамырымен біте қайнасқан қазақ музыка тілін қайта тірілтіп, ұлттық оркестрдің шығармашылығын қазіргі заман музыкасының бір тармағына айналдырды» – деген.

Құрманғазының «Түрмеден қашқан», «Қайран шешем», «Қызыл қайың – серпер» күйлерін ерекше үлгіде ұсынса, «Менің бабам – Қарасай» шығармасына Қарасайдың күйін негіз етіп алды.

Ол бұл шығарманы да өзіне тән қолтаңбамен түрлендіріп, оған кіріспе, орта бөлім және кода жазып шықты. Халық күйі «Ақсақ құланды» жеке домбыра мен оркестрге арнап түсірді. Бұл партитурада күйші – жеке орындаушы, ал оркестр – сүйемелдеуші үлгісінде алғаш жазылған еді. Шығарманың кіріспесінде тыныштық, мамыражай кезеңді бейнелеп, ары қарай күйдің негізгі тақырыбына көшеді.

Шығарманың соңына дейін домбыра бір сәт те оркестрдің тасасында қалып қоймай, жеке аспап ретінде көрініп, күй бір деммен орындалады. Композитор күйді оркестрге лайықтауда симфониялық туындылар мен жеке аспапқа арналған концерттік жанрдың ерекшеліктерін шебер тоғыстырған. Осы тәрізді «Аққу» және «Бозінген» күйлері де табиғатты шынайы бейнелейтін шығармалар қатарына жатады.

«Арман», «Ақ бөкен», «Қабан жырау», «Қоянкөз ана», «Бауырлаштарым», «Сарыбай би» күйлері өмірінің соңғы жылдарында жазылған шығармалар. Композитордың оркестрге арналған академиялық шығармалар жинағы 2005 жылы «Өнер» баспасынан «Ата толғауы» және «Көш керуен» деген атпен жарық көрді.

Профессор Айтқали Жайымов қазақ күйлерін оркестрге лайықтауда өзіндік үлгі, қайталанбас қолтаңба қалдырды. Құрманғазының «Ақбай» күйі оркестр мен хордың орындауында өзгеше зарлы реңге енсе, «Саранжап» күйі тыңдаушының рухын оятатын жігерлі шығармаға айналды. Халық күйі «Ақсақ құлан» – жеке оркестрлік күй ретінде философиялық мағынасы тереңдей түскен, тембрлік-ырғақтық бояуы түрлене ашылған шығармаға айналды.

Соңғы жылдары күйді оркестрге лайықтау бағытында жарық көрген еңбектер көңіл қуантады. Жұмагелді Нәжімеденовтің «Қуаныш» (Алматы, 1999), «Шағын қазақ оркестрлері мен ансамбльдерге арналған күйлер жинағының партитурасы» (Алматы, «ҚазМӨҒЗИ» 2003), «Қарлығаш» (Алматы, «МСӨИ» 2008), Еркін Нұрымбетов түсірген «Қиыл қырғыны» (Орал 2003), «Теректі толқыны» (Алматы, 2012), Орақ Жауыров құрастырған «Қайран Нарын» (Алматы, «Өлке» 2003), Қайырғазы Төленнің «Аңсау» (Алматы, «Дайк-Пресс» 2005), Қарасай Сайжанов пен Шолпан Ділдәбекқызы құрастырған «Батыр баба» (Астана, «Сарыарқа» 2006), Кенжебек Күмісбековтің «Аманат» (Алматы, «Дайк-Пресс» 2006), Қайырғали Қожанбаевтың «Наурыз-думан» (Ақтөбе, «Литер-А» 2008), Ахметбек Әлпекұлының «Тәуелсіз Қазақстан» (Алматы, «Төрт бөрі» 2009), Қайырғазы Төлен құрастырған «Телқоңыр» (Алматы, «МСӨИ» 2009), Сәлімгерей Садықовтың «Халық аспаптары оркестріне лайықталып түсірілген күйлердің партитуралары» (Алматы, «Нұрлы әлем» 2010), Дүйсебай Шаштайұлының «Сүйінбай сазы» (Алматы 2010), Қарасай Сайжановтың «Ұмытпа ана әлдиін» (Астана, «Сарыарқа» 2011), Мұратхан Егінбаевтың «Бабалар үні» (Астана, «Astana Press Group» 2011), Бөрі Исаның «Жиделі Байсын» партитура жинақтары (Алматы, «Қазнұр» 2013) және фольклорлы-этнографиялық ансамбльге арналған Қайырғазы Төленнің «Ғашықтар» (Алматы, «МСӨИ» 2008), Қуаныш Жұмағалидің «Қуаныш вальсі» (Алматы, «Өнер» 2010), Төлепберген Тоқжанның «Күй қанаты» (Қызылорда, «PR-design», 2010), Әбуғалисын Шоқанбаев құрастырған «Үшқоңыр» (Қарағанды, «Арко» 2011), Ықылас Нұрғалиевтің «Фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерге арналған ән-күйлер» (Алматы, «Әуен» 2011), партитуралар жинағы тәуелсіздік жылдарында қазақ оркестрі репертуарына бай мұра болып қосылды.

Бұл мақаламызда байырғы мазмұнын жоғалтпай, сан түрлі аспапта құбылып, жаңа оркестрлік күй жанрының дүниеге келуіне негіз болған ұлтымыздың ұлық мұрасы – күй өнерінің халық аспаптары оркестріне лайықталу мәселелері мен даму деңгейі, партитура болып басылуы жөнінде сөз еттік.

Мүсілім Әмзе,

Н. Тілендиев атындағы фольклорлы-этнографиялық

«Отырар сазы» оркестрінің дирижері

http://ult.kz

Рубрика: