Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Назира ДҮЙСЕМБАЕВА, Қазақстан ғылымының тарихы мұражайының меңгерушісі

– Әңгіменің әлқиссасын мұражайдың тарихынан бастаған жөн шығар. Өзіңіз іргетасын қалаған мұражайды  ашуға не түрткі болды?
– Осы кезеңге дейін Қазақстан ғылы­мы­ның тарихы мемориалдық, әртүрлі мұ­ра­­­­жайларда жекелеген бөліктер арқылы көрсетіліп келді. Ал бүгінгі таңда ел ғылы­мының даму тарихынан сыр шертетін «Ғылым ордасының» Қазақстан ғылы­мы­ның тарихы мұражайы – ғылым мен өркениет тарихына арналған тұңғыш мекеме. Мұражай Білім және ғылым ми­нис­трлігі Ғылым комитетінің 2010 жылғы 1 маусымдағы №35 қаулысына сәйкес құрылды. Біздің алдымызда аз уақыт ішінде қор жинақтап, ғылымның дамуын көрсететін экспозиция құру міндеті тұрды. Қазіргі кезде мұражай қорында ғылыми-зерттеу институттарынан және жекелеген ғалымдардан жинақталған материалдар алты мыңнан астам бірлікті құрайды. Оның ішінде негізгі қор саны үш мыңнан асса, ал қосалқы қор саны екі мыңнан астам бірліктен тұрады.
Мұражайдың басты міндеті – балалар мен жасөспірімдерге, студенттер мен зия­лы қауым өкілдеріне, жалпы Қазақс­тан­ның қалың жұртшылығына ғылым жетіс­тік­терін, ғылымға негізделген білім мен озық мәдениетті насихаттау. Жұмыс, мүмкіндігінше, құнды жәдігерлермен тартымды етілуге, көптеген пайдалы әрі қы­­зық­ты мәліметтік ақпараттармен толық­тырылуға бағытталып отыр.
Мұражай өскелең ұрпақты тәрбиелеу кезінде тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді. Ал ғылымды адамның табиғат пен қоғам жөніндегі білімін толықтырып қана қоймай, оны іс жүзінде пайдалануға мүмкіндік беретін күш деуге болады. Сондықтан жаңа «Ғылым ордасының» Қа­зақ­с­­тан ғылымының тарихы мұражайын жасаудағы мақсат: ғылым мен адам арасын байланыстыру. Жалпы айтқанда көрер­меннің білім мен ғылымға деген құштар­лығы мен сүйіспеншілігін арттыру. Бұл – мұражайдың негізгі тұжырымдамасы.
– Мұражайдың мақсат-міндеттері туралы да аз-кем айта кетсеңіз?
– Қазақстанның тарихи-ғылыми құн­ды­лықтарын, әлемдік өркениеттегі Отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін, ерекшелігін және жекелеген салалардағы басымдылығын насихаттау, мектеп оқушы­ларын, студенттерді, мұғалімдерді, Қазақс­тан халқын, Алматы жұртшылығын және қала қонақтарын ғылыми-зерттеу меке­мелерімен таныстыру, жастарды осындай ғылыми еңбекке баулу, жаңа технология мен компьютерлік техника жетістіктерін пайдалана отырып, отандық ғылымның тарихын әсерлі және жаңа мұражайға лайықты түрде ұсыну, мұражайлық бағдар­ламаны инновациялық бағытта құру, Қазақстанның өскелең ұрпағының ин­те­лек­тін, олардың шығармашылық тұлғалық тәрбиесін дамыту, көрермендерге ғылым мен техника саласындағы жаңа жетістік­терін көріп, үлкен ой салатын және ізденіс тудыратын әртүрлі әдіс-тәсілдермен зерт­теу және ұсыну.
Жоғарыда айтылған мақсаттарымызды іс жүзіне асыру барысында тер төгіп, біраз жұмыстар атқарылды. 2012 жылы «Ғылым ордасы» РМК бас директоры қызметіне Роза Оспанқызының келуімен мұражай «Қысқы бақ» жанынан жаңа орын алып, өзінің жаңа экспозициясын құрды. Соның нәтижесінде, мұражайымызда екі жаңа экспозициялық зал безендiрілді.
– Мұражай құрылымы қандай бөлімдерден тұрады?
– Негізгі үш бөлімнен тұрады.
1. Ежелгі дәуірдегі Қазақстан ғылы­мы­ның қайнар көздері. Қазақстан ғылы­мы­ның пайда болуы. XIX ғасырдың ағар­тушы-ғалымдары.
2. Қазақстан ғылымының кеңес дәуірін­де қалыптасуы мен дамуы.
3. Тәуелсіз Қазақстан ғылымы.
Қазақ халқының ағартушылығы мен ғылыми ойы, мәдениет тарихы өзінің түп-тамырын сонау ежелгі заманнан алғаны белгі­лі. Бұл мәселе еліміз тәуелсіздік алған­ға дейін бұрмаланып келді. Қазіргі кезде ойымызды жасқанбай айтатын халге жеттік. Сонда да айта кеткім келетін жайт, біздің Қазақстан ғылымының тарихын, өкінішке қарай, кейбір ғалымдарымыз КСРО Ғылым академиясының Қазақстан­дық базасының қалыптасуымен байланыс­тырады және оны ғаламторда да солай көрсетіп жүр.

– Осы орайда Қазақстан ғылымы қай кезден бастау алады деген сұрақ туын­дай­ды?­
– Біз өз экспозициямызды Қазақстан ғылымының бастауында тұрған ежелгі Қазақстанның сақ дәуірінен және ежелгі тарихтың бағалы көзі – петроглифтерден бастадық. Сондай-ақ, бірінші экспози­циялық залымызда қазақ топырағында дүниеге келген Әбу Насыр әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Қадырғали Жалайыри, Ахмет Йассауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, т.б. әлемдік деңгейдегі көрнекті ойшылдарға арнадық.
Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) – философ, энциклопедист-ғалым, неопла­тонизммен қапсарласқан шығыс арис­тоте­лизмінің негізгі өкілдерінің бірі, Арис­­­то­тельден кейінгі екінші ұстаз. Оның негізгі шығармалары «Даналық геммасы», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат», «Ғылымдардың классификациясы туралы», «Музыка туралы үлкен кітап». Әл-Фараби «Ғылым­дардың классификациясы туралы трак­та­тында» соның уақытына белгілі ғылымның барлық қатарына жалпы шолу жасаған. Олар: лингвистика немесе тілдер туралы ғылым, логика, математика, физика, метафизика және азаматтық ғылым. Әл-Фарабидің ғылымның әлемдік әдістемесіне қосқан үлесі өте мол.
Жүсіп Баласағұн – ХІ ғасырдың ірі ақыны, керемет ойшыл, энциклопедист-ғалым, философ және белгілі қоғам қайрат­кері. Түркі тілінде жазылған «Құтты білік» дастанының (алғашқы энциклопедиялық шығарма) авторы.
Мұхаммед Хайдар Дулати – тарихшы, әдебиетші, мемлекет қайраткері, «Тарих-и-Рашиди» еңбегінің, «Жаһаннаме» дастанының авторы. Оның «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде ХV-ХVІ ғасырдың бірін­ші жартысындағы Шығыс Түркістан, Қазақстан және Орта Азия тарихы туралы маңызды мәліметтер бар.
Қожа Ахмет Йассауи – орта ғасыр ақыны, түркітілдес сопылық поэзияның көрнекті өкілі. Ол шығыс философиясын, әдебиетін, поэзиясын жақсы білген. Ол «Диуани хикмет» деп аталатын өлеңдер жинағында исламның негізгі ережелері мен қағидалары: аскетизм, шыдамдылық, сондай-ақ адам­дарды әділдікке, шынайылыққа және мейі­рім­ділікке шақыратын адамгершілік ой­лары философиялық сипатта баян­далған­­.
Қазақстан ғылымының пайда болуы, ХІХ ғасырдың ағартушы ғалымдарын көрсету үшін мұражай экспозициясында Қазақстан ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан Қазақстан мен Орта Азияны зерт­теген орыстың ірі ағартушы-ғалым­дарына жеке бұрыш арналған. Н.Бичурин,           Г.Спас­­ский, А.Левшин, В.Вельяминов-Зернов, В.Григорьев, т.б. тарихшылардың еңбектерінде қазақ халқының тарихы мен мәдениеті жөнінде құнды материалдар жүйелен­ген және жинақталған.
ХIХ ғасырдың орта шенінен бастап Қазақстанда ғылыми-зерттеулердің да­муын­да қазақтың ағартушы-ғалымдары маңыз­ды рөл атқара бастады. Әлемдік шығыстану тарихнамасын еңбектерімен байытқан алғашқы қазақ ғалымдарының бірі – Шоқан Уәлиханов. Қазақстанның ғылыми өмірінде одан басқа ұлы қазақ ағартушылары Ы.Алтынсарин және А.Құнанбаев айтарлықтай үлес қосты.
Қазақстан аумағын зерттеуде Орыс географиялық қоғамы (ОГҚ) маңызды орынға ие болды. 1867 жылы Батыс және Солтүстік Қазақстанды зерттеу үшін ОГҚ Орынбор бөлімі құрылды, Шығыс Қазақс­тан мен Сібірді игеру Батыс-Сібір бөлімінің ашылуына алып келді. Орталық Азия мен Оңтүстік Қазақстанды зерттеу мақсатында ОГҚ-ның Түркістан бөлімі (1887 жылы) құрыл­ды. Құрылған бөлімдер Қазақстанды гео­гра­фиялық, жаратылыс-тарихи және этно­гра­фиялық тұрғыдан зерттеді. Ге­не­­рал-губерна­тордың кеңсесіндегі мұра­ғат құжаттарын ғылыми іздестіру мақ­са­тын­да 1887 жылдың желтоқсанында Орынбор мұрағат комиссиясы құрылды. 1888 жылы Тарихи-археологиялық мұражай ашылды.
Екінші экспозициялық залды ХХ ғасыр басында Қазақстан ғылымының қалып­тасуына үлкен үлес қосқан Алаш қайрат­керлерінен бастадық. ХХ ғасыр басында Қазақстан ғылымы қалыптасып, көптеген ұлттық ғылыми интеллигенция шоғыры құрыла бастады. Олардың арасында ең атақ­тылары – Ахмет Байтұрсынұлы, Әли­хан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы және т.б.
Олар Қазақстанға құрметпен және абыроймен қызмет етті. Осы тұлғалардың өмірі мен қызметі осының жарқын көрінісі болды. Замандастары мен зерттеушілердің пайымдауынша, олар өз заманының ең ақылды және білімді адамдары болған. Олардың бойында тамаша білімділік, нәзік мәдениет, туа біткен еркін ойлау, терең отансүйгіштік, сирек дарын иелері мен тын­байтын зерттеушілік рухы үйлесім тапқан.
Сондай-ақ тақырыптық-экспози­циялық кешендер КСРО ҒА Қазақстандық база­сының, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының қалыптасуы мен даму тарихына арналған. Экспозицияда ҚазКСР Ғылым академиясының құрылу тарихы қарастырылады және оның 4 бөлімшесінің қызметі көрсетілген.
Жеке бұрыш Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті (1946-1952, 1955-1964 жылдары), көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, аты әлемге танымал ғалым, Қазақстан геологтар мектебінің негізін қалаған, Қазақстандағы Жезқазған мыс кен орнын алғаш ашқан, КСРО Ғылым академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік және Ленин сыйлық­тарының лауреаты  Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа арналған. Мұражай экспози­циясында Қ.Сәтбаевтың негізгі еңбектері қойылған, олардың ішінде 1967-1970 жыл­дары шыққан бес томдық «Таңдамалы еңбектері», 1924 жылы жарық көрген қазақ мектептеріне арналған «Алгебра» оқулығы бар.
Мұражайдың екінші экспозициялық залында негізгі ғылыми бағыттардың кеңес дәуіріндегі дамуы, ХХ ғасырдың 60-90 жылдарындағы Ғылыми-зерттеу институт­тары­ның негізгі ғылыми жетістіктері көр­сетілген.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, экспозициямызда Қазақстан ғылымының даму барысы осылайша хронологиялық тәртіп­пен өзара сабақтаса байланыс­тыры­лып көрсетілген.
Мұражайда Қазақ КСР Ғылым акаде­миясы мен ҚР Ұлттық Ғылым академиясы тұсында құрылған ғылыми-зерттеу инсти­тут­тары қызметінің тарихын зерттеу бо­йын­­ша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Онда қырықтан астам Ғылыми-зерттеу инсти­туттары мен еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының ғылыми қызметі көрсетіледі. Сондай-ақ мұражай экспозициясында қазіргі Қазақстан ғылымының дамуына айрықша үлес қосқан еліміздің көрнекті ғалымдарының жетістіктері мен еңбектері көрсетілген.
Қазақстанда ғалымдар арасынан: 8 Социалистік Еңбек Ері, 18 Лениндік сыйлық­тың, 47 КСРО Мемлекеттік сый­лығының, 100-ден аса Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері шыққан­дығы, олардың еңбектерінің жоғары бағаланғандығы ғылым тарихына тереңірек көңіл аудару қажет екендігін көрсетеді.
Сонымен қатар залда ҚазКСР Ғылым академиясының алғашқы құрамына кірген 14 академик пен ҚазКСР Ғылым академия­сының 16 корреспондент-мүшесі туралы деректер, құрылымы және осы ҚазКСР Ғылым академиясы ғимаратының макеті беріл­ген.
Қорыта айтқанда, мұражайда еліміздегі ғылым­ның көп ғасырлық даму тарихы хроно­логиялық тәртіппен көрсетілен. Бұл бағытты ұстанған себебіміз, ғылымның көне дәуірден бастап, адамзаттың жалпы даму тарихымен тікелей байланыстылығын және сол ғылым нәтижелері арқылы жеткен жетістіктерінің іс жүзіне асуын сатылап көрсету. Қазақстан Республи­касының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсан­дағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жол­дауын­да «Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне негізделген дербес ғылыми база қажет» деп айтқаны осыған дәлел болады деген сенімдеміз.
Мұражайдың тәрбиелік мәні зор, мәдени-танымдық орталық болуымен қатар, оның жас ұрпаққа берері мол! Сондықтан мұражайға келушілерге тартымды, көрушілерге әсерлі болуы үшін қазіргі заман талабына сай жаңа инно­вациялық технологиямен жабдықталған.
– Мұражай мұнан басқа, тағы қандай қызмет көрсетеді?
– Мұражай экспозициялық-көрме, ғылыми-білім беру және мәдени-ағарту­шылық қызметтер көрсетеді. Экскурсиялар, лекциялар, мектеп оқушыларына және колледждер мен ЖОО-ның студенттеріне тақырыптық кездесулер өткізіп тұрады. 2013 жылдың басынан бастап мұражайға келушілер саны 3 мыңнан асады. Келем деушілерге және Қазақстан ғылымына үлесін қосып, материалдар мен жәдігерлер беремін деушілерге есік ашық.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: