АЛТЫНОРДА
Новости спорта

Мұрат ӨНАЛ: «ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫН БАҚЫЛАП ОТЫРАМЫН»

Еуропада өнер  көрсетіп   жүрген  қазақ футболшысы атажұртына  оралды. Голландияның «Аякс» футбол  мектебінің түлегі Мұрат Өнал бүгін  Қазақстанға келді.

Футболшы еліміздің бірінші лигасында  ойнайтын Шымкенттің «Қыран»  командасының  жейдесін кимек. Бүгін Шымкентке келген Мұрат Өнал өзінің Қазақстан футболын назардан тыс шығармайтындығын,  наурыздың басында  Түркияның  Алания қаласында өткен оқу-жаттығу  жиындарында «Қыран» сапында болғанын айтты.

«Мен Голландияның  премьер-лигасында да ойнағам. Ол жақта  бәсекелестік өте жоғары. Футболшылардың техникалық дайындығы өте жоғары болады. Сондай-ақ,  күш-қуаттары да  мол келеді. Ал, «Қыран» командасындағы ойыншылар  жастар екен. Техникалық шеберліктері де жақсы. Алайда, біз шаршап қалмайтындай болуымыз керек. Күш қуатымыз мығым болғаны жақсы. Жалпы, қазақ футболын үнемі бақылап отырамын. «Ақтөбе», «Шахтер» «Ордабасы» сынды клубтарды жақсы  білемін» деді журналистерге  берген сұхбатында Мұрат Өнал.
Бұрын  Бельгия, Голландия және  Финляндия   клубтарының сапында  ойнаған Мұрат  Қазақстан футболына қосылған шетелден келген алғашқы қазақ. Ол 1987 жылы Түркияда  дүниеге келген. Күні  бүгінге дейін Амстердамда тұрды.  Футболдағы позициясы  жартылай қорғаушы  болғанымен, шабуылда да жақсы ойнайды. Спортшы Шымкент әуежайына  келген бетте ауа-райының салқын екендігін айтты. Сонымен бірге ол екі аптадан соң ата-анасының да келетінін атап атап өтті. Футболшы: «Қазақ қызына үйленгім келеді,  бірақ футбол да маңызды. Сондықтан үй болу мәселесі мен спорттты қатар алып жүремін» деді журналистерге берген шағын сұхбатында.

Айтпақшы, Мұраттың  атажұртқа оралуына  блоггерлер көп еңбек сіңірді. Әсіресе, танымал блоггер Аршат Оразов бұл іске белсене кіріскен. Мұратпен алғаш  байланыс орнатып,  оны отандық  спорт шенеуніктеріне таныстырған да сол блоггерлер еді. Нәтижесінде  қазақ футболына  қазақ қосылды.
Жебе-ақпарат