Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ресейдің Еуропадан келетін бірқатар азық-түлік импортына тыйым салғаны әлемдік ақпарат құралдары үшін өзекті болып тұр.

Алдағы уақытта көрші ел бір жылға дейін Австралия, Канада және Норвегиядан сиыр етін, шошқа етін, көкөніс, құс етін, ірімшік пен сүт өнімдерін импорттамайды. Бұл тізім шыға салысымен-ақ Ресейдің экономикалық даму вице-министрі Алексей Лихачев бастаған шенділер тыйым салынған импортты енді немен алмастыратынын қайта-қайта айтып жатыр. Сонымен, АҚШ пен ЕО ел­дерінің санкциясы Ресейдің азық-түлік нарығын орталатып тастады. Қазірдің өзінде көрші елдің бас қалаларында санкцияның ықпалы сезіне бастағанға ұқсайды. Бра­зилияның еті мен Голлан­дия­ның ірімшігі, Батыс елдерінің арақ-шарап өнімдері қат дүниеге айна­лыпты.

Бірақ саясаттанушы Расул Жұмалының пайымдауынша, Ре­сейдің жағдайы бізге қарағанда көш ілгері. Экономикасы қуатты. Күні бүгінге дейін азық-түлігінің тек 30 пайызын ғана сырттан алып келді.

– «Жаңа мүмкіндіктерді пайда­ланып қалу керек, бірақ Ресей на­рығында көп өзгеріс бола қой­мас. Қазіргі заманда сырттан келетін заттың бәрін бірдей ауыстыра алмайсың, томаға-тұйық, жұрттан оқшау экономиканы да құра ал­майсың. Қазір бәрі бір-бірімен байланысқан заман. Бір елдердің алдынан жабылған есік екінші бір елдердің алдынан мүмкіндік болып ашылады. Мысалы, Қазақстан өнімдерін сыртқа шығаруға, әсі­ресе, шекара бойындағы аймақтар­ға сатуға мүмкіндік туып тұр. Бірақ абайлау керек. Өзбектер Ресейге жіберетін жеміс-көкөніс көлемін арттыруға дайын екендерін мә­лімдеп те қойды. Қысқасы, ешкім мүмкіндіктен айырылғысы кел­мей­­ді. Бірақ қанша дегенмен мұ­ның бәрі Еуропа одағы, АҚШ, Жа­пония, Австралия, Канададан келетін өнімдерді алмастыра ал­май­ды» дейді.

Дипломат Қазбек Бейсебаев­тың айтуынша, әуелі Қазақстанға келетін импортты ауыстыру жайын ойластырған жөн.

– Өйткені біз азық-түліктің көбін Ресейден әкелеміз. Бұған көз жеткізу үшін Қазақстанның кез келген супермаркетіне барсаңыз жеткілікті. Алманы қайта түлетіп, сатуға болады, бірақ оны өзіміз де сырттан әкелеміз. Қысқасы, көп болмағанда, біраз нәрсені істеуге болар еді. Статистика агент­тігі деректері бойынша, соң­ғы жыл­дары азық-түлік импорты көлемін ұлғайтқан Қазақстанға 2013 жылы сырттан 4 миллиардтай доллардың өнімі әкелінген. Жер­гілікті өндірушілер алмаға деген ішкі сұраныстың тек 50 пайызын, ірімшікке сұраныстың 46 пайызын, ал құс етіне сұраныстың 36 пайы­зын ғана орындай алады. Мысалы, қазір Алматыда жергілікті алмадан гөрі Польша немесе Қытайдан әкелінген алма көп. Сондықтан бізге ең әуелі агросаясатты қайта қараған жөн, – дейді.

Бұл пікірді ауыл шаруашылығы мамандары да қолдайды. Эко­номист-ғалым Атамұрат Шәменов бұл ретте мынадай ұсыныс айтады.

а) Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету халықтың тамақ өнімдерінің он түрінің тұтыну деңгейімен бағаланады. Оған нан және жарма өнімдері, ет және ет өнімдері, балық және теңіз өнімдері, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, май және мал майы, жемістер, көкөністер, картоп, қант және кондитерлік өнімдер жатады. Болашақта ең басты саналатын осы өнімдерді өзіміз шығаруға барынша ынта танытуымыз керек.

ә) Өндірістік формула «ши­кізат-тауар». Ол үшін ауыл және аудан көлемінде шағын кластер жасақталуы тиіс. Олар жергілікті жерлерде ауыл шаруашылығы ши­кізатынан тиімді өнім өндіруге жұ­мылуы тиіс. Заңдық ұйымдас­тыру түрлері азаматтық кодекске сәй­кес ассоциация, өндірістік коопе­ра­тив, ЖШС, т.б. болуы мүмкін.

б) Шағын кластерлер (микро­кластерлер) арқылы мемлекеттік тапсырыс беру, қаржыландыру және несиелендіру ауыл шаруа­шылығындағы шағын өндірістер мен сервистік қызметтердің бірі­гуіне жол ашады.

в) Жаңа аграрлық саясатты орындауды бірінші кезекте аудан әкімдеріне жүктеу қажет. Барлық реформаны солардың деңгейінде бастау керек. Әкімдер жергілікті жердегі жағдайды біледі, адам ресурстарын пайдалану жолын табады.

г) Қазақстанның жаңа аграр­лық саясаты, тағам өндірісіне де­ген бетбұрыс, келешекте шы­найы түрде тамақ индустриясын қа­лыптастырады. Сондықтан халық­ты аш құрсақ етпеу үшін бірінші кезекте отандық азық-түлік шы­ғару мәселесі өзекті болуы тиіс.

http://www.aikyn.kz/articles/view/55593

Рубрика: