Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Адам психологиясы, оның мінезі, жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасы – жас демей, кәрі демей, жұрттың бәрін қызықтыратыны анық. Дегенмен «қой аласы – сыртында, адам аласы – ішінде» дегендей, адам табиғатын тап басып тану оңай шаруа емес. «Өмір – сахна, бәріміз – ак­тер­міз» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Сондықтан да кейде жа­ны­м­ыз­да жүр­ген адам­ның шын бей­не­сін оның түрлі мас­ка астына жа­­сы­рыл­ған рө­­лі­мен жиі ша­­тас­­ты­­рып жа­­та­­мыз.


Жалпы, пси­хология ғы­лымында адамдар табиғатына қарай циклотимик, эпилеп­тоид, шизоид, истероид, ас­теник болып негізгі бес түрге бөлінетіні белгілі. Сондық­тан да әркім өзінше өмір сүреді, өзінше қарым-қатынас жасайды, өзінше сүйеді, түрлі күйзелістен өзінше жол тауып шығады.  Алдымен «циклотимик» деген қандай адам дегеннен бастайық. Олар көңіл күйі өте тез құбылып отыратындар. Былайша айтқан­да, көңілді адамдар. Өмірді барынша сүйетін, қуаныш-қызығын шын сезініп, рақатын бастарынан өткере алатындар. Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің мінезі осындай болған. Ақынның өміріндегі ша­рықтау кезеңі мен құлдырау кезе­ңі туралы жақсы білеміз. Ша­рықтау кезеңінде табиғат тарту еткен мінезі Пушкинді жарқы­раған шыңның басына бір-ақ шы­ғарған. Құлдырау кезеңі мұн­дай мінездегі адамдар үшін өте ауыр және қауіпті саналады. Күйзелісті көтере алмай, бірден сынып түседі.

Ал енді «эпилептоид» адамдар жиі-жиі ашуланшақ келеді. Ай­наласындағы жандарға, қорша­ған ортаға көңілі толмайды. Олар би­лікті сүйеді, жұрттың бәрін билеп-төстегісі келеді, өмірлік оқиға­лар­дың барлығын өз бақылауында ұстағанды қалайды. Уысында ұс­тай алмаса, міндетті түрде уын ша­шады. Әрине, пенде болған соң олар да жиі-жиі маска киіп, ке­рек кезде жұртқа мейірімді нә­зік жан болып көрініп, биліктің жолында өлуге бар шын бейнесін жасырады.
«Шизоид» тектестер – екі әлем­де өмір сүретіндер. Біреуі – біз көретін, еститін, қолмен ұстап көретін әлем де, екіншісі – оның көрінбейтін ішкі әлемі. Олар өмі­рінің көп бөлігін осы ішкі әле­мінде өткізеді. Жалғыздықты сүйе­тіндер, шын өмірден алыстап, өз ішкі әлемін қызықтап жүре­тіндер – осы шизоидтар. Тұрақ­ты және жауапты болады. Өзі тура­лы айтқанды дұрыс көрмейді, адам­дармен белгілі бір арақашық­тық ұстанады. Моданы қумайды, өзіне ыңғайлы киім киеді. Дауысы бә­сең, сөйлегенде қолын, бетін қи­мылдатпайды. Кейде олар тәулігіне 20 сағат тер төгіп, еңбек­қор­лығымен таңғалдырады. Аз ұйықтайды. Мұндай мінезді адам­дарға өркениеттің дамуын қоз­ғалысқа келтіретін Эйнштейн секілді ірі оқымыстылар, атақты шахматшылар жатады. Бас құрау­лары қиын. Сүрбойдақтар мен кәрі қыздардың көбісі шизоид­тар болып келетіні ғылыми түрде дә­лелденген.

Төртінші тип – «астеник» – бұлар өмірлік күші аз, әлсіз, өте нәзік, ұялшақ адамдар. Өздерін төмен бағалайтындар. Олар өмір шындығын ауыр түйсінеді, кез келген сөзді өзіне қабылдайды, ұсақ-түйекке мән береді. Мінез­дері жұмсақ болғандықтан, «жоқ» деген сөзді айта алмайды, бәріне көмектескісі келіп, қалай уәде беріп қойғанын білмей қалады. Әдетте олар бастама көтергенді қаламайды. Тез басқарылады, на­ғыз орындаушылыққа таптыр­майтын адам. Дауысы бәсең, анық шықпайды. Қарапайым киінеді. Сөзжұмбақ шешкенді, шах­мат ойнағанды тәуір көреді. Доста­­ры үшін өздерін құрбандыққа бе­ру­ге бар. Көптеген адамдар өте сенім­ді болғандықтан да достарын астениктерден таңдағанды құп көреді. Бір қарағанда олар әлсіз секілді көрінгенмен, өзі сүйетін жандары үшін бәріне төтеп бере алады. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүретіндер – нағыз осылар.

Бесінші тип – истероидтар – шәт-шәлекейге, көкбеттікке бейім адамдар. Олар бәрінен де бұрын өздерін сүйетіндер. Жұртқа ұнағысы келіп, соның жолында тонын шешіп беруге бар. Бай­ланысқа түсуге құмар, кімнің бол­сын бірден ішіне кіріп кетеді, өзгелердің әлсіздігін өз қажетіне пайдалана қояды. Көптің көзіне түскенді өте-мөте жақсы көретін­діктен жарқырап киінеді. Қолын сілтеп, бет-жүзін әманда қимыл­датып сөйлейді. Егер өзіне еш қатысты болмаса, айналасында­ғы адамдар өртеніп жатса да олар­ға салқын, немқұрайлы қарайды. Жақсы ма, жаман ба, аш па, тоқ па, ол үшін ол түк те қызық емес. Олар үшін ең бастысы – таңғал­дыру. Қалған адамдар оны тама­шалау үшін театрға келген көрер­мендер секілді.

Қазақ «сүтпен кірген мінез сүйекпен кетеді» дейді. Рас ай­тады. Мінез өмір бойына өзгер­мейді, оның негізінде белгілі бір генотип жатыр. Біздің басты қа­телігіміз, басқа адамдарды тұп-тура өзіміз сияқты жаратылғандай, өзіміз секілді ойлап, өзіміз секілді тірлік кешуге тиісті деп ойлай­тын­дығымызда. Бұл өте-мөте ада­сушылық. Өмірді әр адамның қабылдауы әрқалай. Әртүрлілігі соншалық, кейде ақиқаттың бар-жоғына да күмән туғызады. Отба­сындағы, жұмыстағы кикілжің де негізінен, қасыңдағы жандар­дың мінез ерекшелігін түсінбеуден барып туады. Мінезіне бойла­саң, міні бадырайып тұрмайды.
Мәселен, циклотимиктер – өмір ләззатына рақаттана жар­қырап жүретін, энергияға бай жан­дар. Көпшіл, адамдармен тез тіл табысатындар. Бір сөзбен айт­қанда, бәрі жақсы. Бірақ осындай адаммен бір шаңырақ астында тұру оңай ма? Мұндай мінезді адамдар заттарын шашып тас­тағанды жақсы көреді. Ашула­насыз ба, жоқ па? Мұны олар сізге қиындық тудыруы үшін әдейі істемейді, бір мезетте бірнеше мақ­сатты көздеп, бірнеше істі қатар атқарғанды қалап тұратын­дықтан да осылай істейді. Сіз сияқты бір затқа қадалып қал­май­ды. Мінездері солай. Оларға бә­рінен де уақыт тапшы, үнемі ке­шігіп жүреді, ақша ұстауды біл­мейді, желге шашып жібе­реді.

Ал енді қызмет үстелін қа­шан болсын тәртіпке келтіріп, жина­қы ұстайтын әріптесіңіз астеник болып шығуы мүмкін. Олар өзін қоршаған кішкентай әлемде тәртіп орнатқанды жаны сүйеді, бұл олардың бір жағынан ішкі әлсіздігін бүркемелегендігін білдіреді. Сол секілді шизоидтар жұмыс үстеліне ерекше бір зат, қандай да бір статуэтка қойып қойғанды жақсы көреді. Бірақ оны баттасқан шаң басып тұруы мүмкін, ол оны байқамайды. Өйткені шаң – біз өмір сүріп отырған шындық өмір­дің бір бөлшегі, ал сирек статуэтка оның ішкі әлемінің сыртқа шық­қан көрінісі.  Эпилептоидтар – казармалық қатаң тәртіпті сүйетіндер. Еңбек­сүйгіш, ұқыпты, есепшіл, тия­нақ­ты, бірқалыпты болып келеді. Бет-жүзінен ешқандай эмоция білінбесе, сіздің алдыңызда әлгі тектес адам тұр деп біліңіз. Өз­дерін асыра бағалайды. Жұрт білмегенді тек өзі білетін секіл­денеді. Бастық болатын болса, қабылдауында ешкім болмаса да, сізді кемінде 20 минут күттіріп қояды. Бөтен адамды төмен­детуден рақат алады. Қайтесіз, табиғаты солай. Бұл үшін оған өкпелеудің қажеті жоқ. Бір жа­ғынан билікқұмар бұлар қоғам үшін өте пайдалы адамдар. Олар болмаса, полицияда, қарулы күш­терде, қарсы барлау қызметінде кім қызмет істейді?

Истероид-әйелдерді тану оп-оңай: қызыл түсті жарқыра­уық киім, дәу шляфа… Оның эмоция­ға беріліп айтқан әңгімесі сізге деген қандай да бір ықылас-пе­йілін, көңілін, жылылығын біл­дірмейді. Оның басты мақсаты – сіздің көзіңізге бір түсіп қалу арқылы таңғалдыру ғана, аузы­-ңыз аңқайып соңынан үзіле қарап қалсаңыз – мақсатының орын­далғаны.
Адамдар табиғатына қарай негізгі бес түрге бөлінгенмен, осы бес түрмен қатаң шектеліп қалған деуге келмейді, әрине. Таза бір түр­дегі адамдар көп емес. Көбінесе адамдар қос мінезді қатар алып жүреді. Таза бір мінезділер – 50 пайыз десек, қалғаны – аралас мі­незділер. Алғашқы елу пайыздан бастайық. Оқымыстылардың бө­луінше, циклотимиктер аталмыш елу пайыздан шамамен 11 па­йызды, эпилептоидтар шамамен 13 пайызды, шизоидтар шамамен 8 пайызды, астениктер шамамен 8 пайызды, истероидтар шамамен 6 пайызды құрайды. Қалған 50 пайызы – аралас мінезділер. Өмір­де көздеген мақсатына адаспай жететіндердің көбісін керек кезінде шегіне білетін осы аралас мінезділер құрайды екен. Қаржы әлеміндегі миллионер­лердің ба­сым көпшілігін осы тектестер құрайды.

Әртүрлі мінезді адамдардың бас құрауына мән бермесек бол­майды. Бірге бас құрау оңай ша­руа емес. Ең ауыры – эпилептоид, яғни билікқұмар адам мен жол бергіш жұмсақ астениктің жұ­байлық одағы. Бұл жұбайлық одақ­та эпилептоидтың адам төзе алатындай психологиялық нор­маның шекарасынан аттап кетуі әбден мүмкін. Өзі жұмсақ астеник шегіне-шегіне ақыры шегінер жер таппай, ол да шектен шығып кетуі мүмкін. Шаңырақ содан бұзылады.
Циклотимик пен шизоидтің жұбайлық одағы берік бола ала-­ды және бұл екеуінің астеник­пен жұбайлық одағы да оңайлықпен шытынамайды.

Шизоид пен эпилептоидтың жұбайлық одағына келейік. Ши­зоид компьютердің тіліне жетік болғанмен, басқа адамның жан дүниесін түсінуге қабілетсіз. Ш­и­зоид банктен алған кредитін дәл уақытында төлемейді, айлық­тан айлыққа дейін ақшаны үнемдей алмайды, ал эпилептоид ақшаны жақсы көреді және сараң, сон­дықтан үйдегі ақшаны соның ұстағанын шизоидтің өзі де құп көреді. Отбасылық міндетті олар осылайша бөлісіп, бірінің кем­шілігін бірі жабады.
Сондай-ақ – шизоид – нашар ата-ана, баланың жан дүниесін жете түсінбейді. Эпилептоид би­лік құрғанды, бұйрық бергенді жақсы көретіндіктен де үйдегі бала тәрбиесін қолға алғанды, ке­рек кезінде көршімен ұрыс­қан­ды, баланың мектепке қатысты шаруасын атқарғанды қолай көреді. Адам табиғатын тану үшін ал­дымен өзіңнің, сосын айнала­мызда жүрген басқалардың қай тип­ке жататынын білу аса ма­ңызды. Бұл – тек жақсылыққа, ба­қытқа бастайтын жол. Басқа­ларды танудан бұрын өзіңді таны, сонда ғана табиғатпен, қоғаммен үйлесімде өмір сүресің.

Төреғали ТӘШЕНОВ

http://www.aikyn.kz

 

Рубрика: