Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Атақты Гэллап қоғамдық пікір институты ТМД елдері бойынша мигранттардың «көңіл күйін», «қара жұмыс істеуге» деген талпынысын тексеруге аса қызығушылық танытыпты. Осылайша институттың арнайы мамандары 12 мемлекеттегі 41 мың мигранттың пікірін, ойын талқыға салып, мигрант үшін қай мемлекеттердің қонақжай екенін сараптап көрді. Бұл сараптау біздің назарымыздан да тыс қалмады. Сондықтан мигранттар жайлы біраз мәселені тарқатуды жөн көрдік.

 

Мигранттар «мазасыз» санайтын елдер 

Сөйтіп, халықаралық институт өкіл­де­рі­нің мәліметінше, қазірде мигрант үшін ма­засыз мем­ле­кет­тердің қатарына Арме­ния және Молдова елі, Украина мен Бела­русь елі, Қырғыз және Ресей елі еніп тұр. Бұл мемлекеттер бүгінде мигранттарға қатысты заңдарын қатайтып, олардан істеген жұмы­сына қарай арнайы салық жи­науға, еліне енетін келімсектерін сани­тарлық қадағалауға алуға, заңсыз тір­кел­местен келіп жұмыс істеуге мүлдем тыйым салуға барынша мән беріп отыр. Осыдан болар, Армения еліне барып нәпақа табатын мигранттардың 40 пайызы ол елдегі заңның тым қаталдығын айтып шағынса, Молдова еліндегі келім­сек­тер­дің де 32 пайызы бұл елден «заңы жұм­сақ» басқа мемлекетке барып жұмыс істегісі келетінін жасыр­майды. Ал Украи­на­дағы мигрант­тардың – 21 пайызы, Беларусь еліндегілердің 17 пайызы құзырлы орындардың жиі тексеруінен әбден «ығыр» болған. Көршілес Ресей еліндегі мигрант атаулының 14 пайызы Ресейде расизмнің дәуірлеп тұрғанын, осының сал­да­рынан олар кейде еткен еңбек­те­рінің құнын да дұрыс ала ал­майтынын ашып айтыпты. Міне, мигранттар өздеріне көрсетілетін қысастықтардың өзге елде жүргенде мықтап орын алатынын айтып, халықаралық институтқа өкпе-наздарын төккен.

Бұл жерде «мигрант та адам бала­сы ғой» деп жанашырлық танытқың-ақ келеді. Бірақ сол миг­ранттарға келгенде қазақтың тым қонақжай екенін көріп, тағы да ойланбасқа амалың қалмайды.

Қонақжайлылық немесе алғашқы үштік

Деректерге көз жүгіртсек, мигрантқа қабақ шытпайтындардың тізімінде біз ал­ғашқы үштікті межелеп тұрмыз. Бұл тізім Әзір­байжан, Грузия, Қазақстан, Тәжікстан Түрікменстан, Өзбекстан болып жалғасып кете барады. Осылайша мигрантқа жылы пейіл білдіріп отыратындардың сапында алғашқы үштікті бағындырыппыз. Елімізге енетін мигранттардың басым бөлігі Қазақ­стан заңдарының аса қатқыл еместігін; ел­дің экономикалық жағдайы түзеліп келе жатқанын; халықтың да келімсектердің ке­луі­не оншалықты мән беріп жатпаған­ды­ғын; қазақ жерінде нәпақа табудың ана­ғұрлым табысты екенін сөз етіпті. Осы­дан болар, халықаралық зерттеуге қаты­нас­қан мигранттардың 52 пайызы Қазақ жеріне келіп еңбек етіп, отбасын асырап, нанын табуды ыңғайлы әрі табысты санай­тындықтарын ашық айтыпты. Ал отандық сарапшылар «бұған біздің құзырлы орын­дар алаңдауы тиіс. Келімсектерге қонақ­жайлылық танытудың артында ұлттық қа­уіпсіздігіміз жатыр» деседі.

Дәурен АРЫН, заңгер:

– 2011 жылғы санақ бойынша Қа­зақ­станда жарты миллионнан астам мигрант жан бағып жүр. Кейбір меке­ме­лер «елімізде алдағы жылдары миг­ранттар саны 1 миллионға дейін жете­ді, қазірде олардың 300 мыңдайы ғана заңды түрде тіркеліп жұмыс істейді», – де­ді. Бұған қатысты тағы да деректерге жүгінетін болсақ, бүгінде елімізге бір ғана Тәжікстаннан енетін жұмыс күші­нің саны 100 мыңнан асып жығылыпты. Сол 100 мың тәжіктің 70 мыңы отандық базарларымызда сауда-саттық жасау­мен қаржы табуда. Өзіңіз білесіз, қазақ базарла­рында кептірілген жеміс-жи­дек сатып сауда жүргізетін тәжіктердің ай сайынғы таза табысы сауда шығы­нын есептемегенде, әжеп­тәуір қомақ­ты. Өйткені олардың өнімдерінің бір ке­лісінің құны 1500 теңгеден басталып, 8-10 мың теңгеге дейін жетеді. Ал ол­ар­дың мемлекетімізге төлер салығы, тигізер пайдасы тіптен мардымсыз еке­ні рас. Сондықтан шеттен келетін миг­рант­тарға еткен еңбегіне байланысты қазынаға салық төлеуді, заңсыз тіркел­местен жұмыс істейтін болса, бәленбай сома қаржы айыппұл құюды және олар­да денсаулығында кінәраты жоқ­ты­ғын растайтын құжаттың болуын мін­дет­теу керек. Бұл заңды әрі қоғамға қа­уіпсіз болмақ… 

Кедей-кепшік деп мүсіркеудің қажеті жоқ 

Жалпы, мигранттар мәселесінде ма­ман­дардың айтары, мигранттарды кедей, әлеуметтік жағдайы нашар, қорған­сыз деп қабылдамауды құлаққағыс жасауда. Па­йымдасақ, мамандардың бұлай алаңдауы да негізсіз емес. Мысалы, құқық қорғау ор­ган­дарының мәліметі бойынша, рес­пуб­лика көлемінде жасала­тын қылмыс атау­лының басым бөлігі осы сырттан келе­тін жұмыс күшінің ықпалымен болатын көрінеді. Әсіресе Қазақстан территориясы арқылы өтетін транзиттік мигранттар кө­бі­не заңсыз есірткі заттарын немесе жүй­ке­ге әсер ететін заттарды заңсыз сақтау, тасы­малдау, жөнелту және улы заттарды тасымалдайтын көрінеді. Бұдан соң сауда мигранттары әртүрлі заттарды, бұйым­дар­ды, киім-кешекті, тағам өнімдерін жә­не заңмен тыйым салған дискілер, тағы басқа заттарды әкеліп саудаға салуда. Олар Қы­тай­дан, Қырғызстаннан, Өзбекстан­нан арзан бағаға сапасыз заттарды кон­тра­банда түрінде тасымалдап, табыстарын еселеп жүр. Ең қауіптілігі жағынан маман­дар заңсыз жүрген мигранттарды, яғни бос­қындарды айтады.

Аймара ТІЛЕУКИНА, әлеуметтанушы:

– Менің зерттеулерім бойынша, миг­ранттар жасаған қылмыстардың үлес салмағы 2007 жылы 1292 қыл­мыс­ты маңайласа, 2008 жылы – 1593 қылмыс, 2009-2010 жылдары бұл көр­сеткіш 1,6 пайызға өскен. Қазіргі күні де бұл көрсеткіште өзіндік өсім бар. Жалпы, мигранттар тарапынан жасалатын қылмыстардың көрсеткіш­те­рі де өрлеуде. Олар бірді-екілі қыл­мыс жасаса да, біз бұған ойлануымыз ке­рек. «Неліктен олар сырттан келіп біз­дің тыныштығымызды бұзып, қыл­мыс­қа жол беруі керек» деген сауал мазалауы қажет. Айта кету керек, біз биылдан бастап мигранттарға қатысты жаңа ережемен жұмыс істеуді жөн көріп отырмыз. Ол ере­же­де көрсетіл­ген­дей, 2013 жылдан бастап елге ене­тін мигранттардың сауда-саттық сала­сында жұмыс істеуіне, яғни шағын сау­дамен айналысуына арнайы шектеу қо­йылады. Ал бұл ереже толыққанды орындалып жатыр ма? Қазір базар­лар­ға барсаңыз, сол сауда мигранттары әлі сау­дасын жасап жүр. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Демек, бізге жаңа ереже емес, мигрантқа қатысты жаңа заң қажет.

 

Түйін

Мамандар осылайша «мигрантты кедей-кепшік деу орынсыз. Олардың елімізге тигізіп жатқан зияны да баршылық. Оның үстіне табыстары да ауқымды» деседі. Осыған орай «бізге заңды қатайту керек. Ережемен емес, арнайы заңмен жұмыс істегеніміз жөн» дейтіндер де баршылық. Сөйтіп, сарапшыларымыз қолданыстағы заңды қатайтпасақ, бір ғана ережені енгізіп, оны ежіктетіп, ол ережені әр мигранттың санасына жеке-жеке құйсақ та, олардың заңсыздығынан тазара алмайтынымызды баса айтып отыр. Ендеше, заң шығарушы органның құлағына бұл ұсынысты да іліп қоялық. Бәлкім, мигрантты тезге салатын жаңа заң жақын күндері дүниеге келіп қалар.

Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

 

http://alashainasy.kz/society/41827/

Рубрика: