Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Сағындым ауыл жотаңды сенің,
Жүректен жалын оталды сезім.
Туған жер десе толғатып тілім,
Бейкүнә жырға босанғыш едім.
Ж. Омарханов

«Адамның көзі өлгенде бір уыс топыраққа ғана тояды» деген бар. Көнекөз қарт ата-әжелерімізден: «Туған жердің топырағы бұйырып, сүйегімді туған жеріме қойса немесе мен өлгенде бір уыс топырақ салсаңдар болғаны» дегенді сан мәрте естігенім бар. Естісемде осының  мән-мағынасына терең бойлай бермейтінмін. Осының мәнін сұрапыл соғыс жылдарында, майданда толарсақтан қан кешіп, қаза болған боздақтардың туған жерінің бір уыс топырағына зар боп кеткенін еске алғанда ұғынатындайсың. Иә, бұл бір бөлек әнгіме.

Таяқты ат қып мініп, асыр салып ойнап жүргенде туған ауылдың қадір-қасиетін біле бермейтінбіз. Сол оралмас ыстық күндерді артқа тастап, «қайдасың қала?» деп, ауылдан аттап басқанымызға да біраз жылдың жүзі болыпты. Кімнің сөзі екенін есіме түсіре алмадым «Ақындар ауылда туып, Алматыда өмірден өтеді» дегенді естігенім бар еді. Осы сөзде ақиқат бар. Барлығы ауылда туып, ауылда өсті….

Менің ауылымның аты «Шолпан» деп аталады. Ауылда біздің құлақ етіміз әбден үйреніп кеткен өзен, төбе, тоғай тағы басқадай тарихи орындардың атаулары жетерлік. Солардың неліктен олай атауының мәніне жете бермеппіз. Ол атауларды жақсы білетін көнекөздеріміздің де қатары сиреп барады.

«Шолпан» ауылы Үржар ауданына қарасты (бұрынғы Таскескен ауданы) Алматы-Өскемен тас жолынан үш шақырым қашықтықта орналасқан Тарбағатай тауынан бастау алып, Сағат көліне құятын «Қарақол» өзенінің бойында орналасқан. Қарақол (ауыл атауы) мен Таскескен ауылының қақ ортасында. Ауыл 1920 жылдан бері «Жанама» бекеті ретінде белгілі болған. Тарихқа сүйенер болсақ 1860 жылы Сыр бойынан «Қожа» дейтін дін таратушылар келе бастайды. Одан оларға жер берілмей осы Қарақол өзенінің бойындағы Жанаманы жайлап, мекендей бастайды. Мұны байқаған Жанамадағы Найманның Қыржы, Тума, Тұманшы сияқты рулары Қожаларға күш көрсетіп, қуа бастайды. 40 үй Қожа бірігіп, Кәдірбайұлы бас көтеріп, 40 өгіздің құнын Оязға беріп, жер сұрайды. Ояз бұлардың тілегін қабыл алып, Қожаларға Ақшәуліні береді. Бұқар жырау:

«Қалмақты шапты шулатып,
Ақшәулінің өрінен.
Тас бұздырған жол салып,
Бөрлі деген көшінен»
 десе, Үмбетей жырау:

«Қалақты қуып қашырдық,
Қара Ертістен өткізіп.
Алтай тауға асырдық,
Ақшәуліге қос тігіп» 
деп, жырлайды. Ақшәулі тауы талай тарихтың сырын ішіне бөгіп тұрған тарихи мекен.

1930 жылы ауылдың жерінде бес серіктестік құрылған. Олар: «Жаңа таң», «Өндіріс», «Жұмыскер», «Қызыл Армия», «Шолпан» деп аталған. 1950 жылы серіктестіктер ірілендіріліп, Шолпан колхозы құрылады. 1963 жылы колхоз таратылады да 1967 жылы «Шолпан» қой совхозы құрылады. Совхоздың «Қостерек», «Ойтас», «Ай», «Шыңырау» деген фермалары құрылады екен. 1940 жылы совхоз жекешелендіріліп, 40 қожалық құрылады. Совхоз таратылғаннан кейінгі ауылдың сиқы адам айтқысыз өзгереді. Совхоз еншісіндегі бар байлық бөліске түсіп, талан-таражға түседі. Иә, ауылдың мұң шертіп тұрған шеріне кейінірек оралармыз.

Шолпан совхозы құрылғанда (1967 жылы) алғашқы директоры болып Құсман Уандықов деген кісі сайланады. Осы кісінің басшылығымен Шолпан ауылында көптеген іс-шаралар атқарылды. Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын. Ауылда тұрғын үйлер салынып, екі қабатты мәдениет үйі (бұл мәдениет үйі қиралып, балалардың атыс-шабыс ойнайтын майданына айналып, кейіннен тойханаға болды), қонақ үй асханасымен, машина, трактор шеберханасы және әсіресе ауыз толтырып айтатыны осы кісінің бастауымен ауылға ағаштар егілен, ұлкен саябақ бүгінде ауыл көркін беріп тұр. Алыстан мен мұндалап бірден көзге шалынатыны осы саябақ. Отын ретінде саябақ ағаштарына да қол салып еді, қазіргі әкімнен қатаң қадағалау болдыма әйтеуір сап тиылды. Жайқалған саябақ жайында Сафуан Шаймерденовтың «Ағалардың алақаны» туындысында тамаша суреттеледі.

Бұл өлке жоңғар шапқыншылығының ірі соқтығысы болған жер, ХVІІ — ХVІІІ ғасырлардың көмейі бүлкілдеген, жезтаңдай жырауы Ақтамберді Сарыұлы, аты ел ауызында қалған Мүсіреп шешен осы араны мекендеген. Шорманның Мұстафасымен сөз таластырған. Қазақ даласына сапар шеккен поляк саяхатшысы А. Янушкевич 1848 жылы 15 маусымдағы күнделігінде: Жолдың үшінші күні сол жағамыздан Тарбағатай бауыры көрінді. Бұрын көрмеген гүлдер бірінен соң бірі алдымыздан шығады, қаптаған дуадақ, кішкентай жетеуін ұстап алдық. Ара-тұра ақбөкендер көрініп қалды. Жолда тұрған Қарақол өзенінің бойындағы «Жанама» бекетінде дем алдық» — деп жазады. Бұл ауылдың маңайы ертеректе белуардан келетін қалың өскен көк майса, жағалай жыныс ағаштар болған екен. Сол көп өскен ағаштан бүгінде ауыл мектебін «Жүзағаш» деп атайды. Ағаш демекші, ауылдан 4-5 шақырым қашықтықта «Қостерек» атты ферма бар. Сол маңайда адамның құшағы жетпес, қосарланған кәрі екі терек өсіп тұр. «Қостерек» атануы да содан, бірақ осы теректі кім еккенін тап басып айту қиын. Ауыл жастары жазғы шіліңгір ыстықта Қостерек маңына өзенге шомылып, демалады. Шолпан кеңшарынан батысқа қарай Ақтоғай мен екі ортада 45 шақырым қашықтықта жоғарыда атап өткен Шыңырау атты ферма бар дедік. «Қозы корпеш Баян сұлу» жырындағы әйгілі оқиға Қодардың қазған 70 құдығы тарихтан баршаға аян. Күні бүгінге дейін сол жерде Қодардың қазған құдықтарының орындары бар. Осы, Шыңырау маңында Серек тауының бергі белесінде 40-45 қашықтықтан көрінетін Балтабек қажы Байсұлтанұлы кесенесі тұр. Алты қанатты үйдің орнындай бұл кесенеге екі ғасырға жуық уақыт өтіпті. Биіктігі 16 метр бұл кесене баяғы бәз қалпында. М. Әуезов пен С. Мұқановтар Балтабек қажыны жақсы білген.  Қазақстан энциклопедиясына суретімен кірген қажы кесенесін Жанаманы мекендеген барлық Жанғұллы, Меңлібай, Қасқа, Керей, Қожан елінің тайлы-тұяғы қатысқан. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қилы кезеңінің бас қаһарманы болған Балтабек қажы жайында бірнеше рет мақала жазғанмын. (С. Нұрбаев).

Шолпан ауылына кіре берісте сол жаққа көз тастасаңыз зираттар көрінеді. Осы зираттардың ішінде ерекше көзге түсетін киізүй тектес, саз балшықтан салынған мола бар.  Молаға да екі ғасырға жуық уқыт өтіпті. Таңғалатыным саз балшықтан салынған бұл зират қаншама жауын-шашын көрді. Қалай шайылып, мұжылып кетпейді деген таңданысым бар. Бұл молаға Жанғұллыдан тарайтын Қожан деген рудан Ералы мен Ердене атты атақты қос батыр жерленген. Бұл екі қос батыр жайы көп зерттеуді қажет етеді. (бұл жайында деректер жинау алдағы жоспарымда бар).

Қарақол өзенін бойлап, Ақшәулінің басына қос ғашық Қозы мен Баян да шыққан деген дерек бар. Ал, осы талай тарихқа куә болған, көктемде арнасына сыимай тасып, өткел бермейтін өзеннің «Қарақол» аталуы ертеректе қалмақтың қалың қолы жатыр дегеннен туған деседі. Сазандар мен шортандары шоршып жүретін бұл өзеннің суы да, балығы да жыл өткен сайын құрып барады. Ал, таң ата шыққан күн ауылды айнала барып бататын оң жақ беткейде үлкен тау тектес төбе бар тұғын. Халық оны «Утөбе» деп атайды. Неліктен бұлай аталуының мәнін ауыл адамдарының бірі білсе, бірі білмес. Әжем Қайнижамалдың айтуынша осы төбеге жайылған мал қырылып, уланып өле берген екен. Яғни, сол төбенің басында улы шөп өскен екен. Әжемнің ол шөпті ұстап жүргенінде байқап едім. Бәлкім сол шөптің ұрығыма екен, әйтеуір домалақ, қатты жаңғақ тектес. Қателеспесем сол шөпті «Күшәлә» деп атады-ау деймін. Иә, қысқасы улы шөп өскен соң «Утөбе» атаған. Бұл шөптің де емдік қасиеті бар ма депте ойлаймын.

Шолпан ауылы мал шаруашылығымен және суармалы жер болғандықтан егіншілікпен айналысады. Жері құмдауыт болғансоң Қытай, Корейлер келіп алғаш қауын, қарбыз салатын. Петро, Славка есімді жігіттер бертінге дейін салды. Алғаш қауын, қарбыз салуды Шолпан хылқына үйретушілер де осылар. Кейіннен Славкада, Петрода із түссіз жоқ, қайда екенін де ше адам білмейді-ау деймін шамасы. Ал, Шолпанның жұрты қауын, қарбыз салудан спар болып алды. Корей, Қытайыңнан кем түспейді. Кәсіпке айналдырып, бүгінде олардың өсірген қауыны мен қарбызын арнайы Ресейден келіп, тонналап алатындар бар.

Сұрапыл соғыс басталғанда ауылдан 150-ге тарта азамат аттаныпты. Соның 100-ге жуығына туған жердің топырағы бұйырмай сол жақта қаза тауып, кейбіреуі хабарсыз кеткен екен. Менің атамда соғысқа сол топпен аттанып, бір аяғын беріп келген. Атам Мәйке мен өмірге келмей тұрып, ертерек дүниеден өткен екен. Бірақ Шолпан ауылының халқы атам жайлы әпсаналар мен әнгімелерді көз алдыма келтіріп тұрып суреттеп, айтады. Жалпы атам жайлы, әкем Кенжебай былай ұзағынан әңгімелейді: «Ес тоқтатып, есімді білген күннен бастап әкем Мәйкенің күндіз аяғы сау болып, түнде жатқанда сол аяғының тізеден жоқ болғаны. Інім Ермек екеуміз сол тізеден төмен кесілген шолақ аяқтың молақ басына ат құсатып жүгендеп жіп байлап міңгесіп алушы едік. Кім біледі күні бойы киіп жүрген ағаш аяғы (протез) жаралы аяғын қажап ауыртама екен, кешке протез аяқты шешіп, шолақ аяғына отырғызып бізді ойнатушы еді. Ержеткеннен кейін әкемнің аяғын Калинин майданында қалғанын білдім. Қазақтың «бір әке он баланы асырайды, он бала бір әкені асырай алмайды» дегендей сол шолақ аяғымен шолтаңдап он баланы тәрбиелеп өсірді. Соғыстан ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені және бес жауынгерлік медальмен оралды. Сол аяқты снаряд жұлып есінен танғанымда майдан даласында жап-жас орыс қызы сүйреп алып, госпитальға әкелгенде есін жиыпты. Аяғымды кескен соң шығысқа бұйрат халқының астанасы Улан-Уде қаласында аяғы жазылғанша емделіп елге оралады. Әкем соғысағы ерліктерін көп айтпаушы еді. Сол кезде елге ақсақ Мәйке, бүкір Шәкірт, соқыр Хамза болып оралып еді. – Аллаға тауба ақсақ, бүкір, соқыр болсақ та ұрпақ тараттық деп отырушы еді жарықтық.

«Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,
Себебі ол үйімізден тірі аттанған» — 
деп, Мұқағали жырлағандай рас милиондаған адам қыршынан қиылды.

Әкем жас кезінде сері болатын Біржанның, Ақанның, Мәдидің, Иманжүсіптің әндерін нақышына келтіріп орындаушы еді. Суырып салма ақындығы да болатын. Мәйкенің Таскескен өңіріне сіңірген еңбегін ел біледі. Мәйке салған көпір, Мәйкенің тас жолы деген атаулар әлі бар. Қасым ақын «Балдақты жігіт» деген өлеңінде:

«Балдағы бар бір жігітті көрдім де,
Қасақана сауал бердім келдім де:
«Ғафу, жолдас! Көрінбейді бір аяғың
Кешегі өткен сұрапылда бердіңбе?»
Жігіт екен! Жауап тапты тосыннан
-Көріп тұрсыз, бір аяғым осында,
Екіншісін басып тұрмын Берлинде» —
деп жырлаған. Кезінде менің де әкем бір аяғын Калининнің майдан аласында қалдырған. Денеден бөлінген сол аяқ қай жерде қалды екен» деп, атамды еске алушы еді. Міне сол сұрапылдың өткеніне 65 жыл, атамның о дүниелік болғанына 33 жыл болыпты.

Санат НҰРБАЕВ

Сурет авторы: Ернұр БЕЙСЕМБАЕВ

http://sholpanym.kz

Рубрика: