Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Он жылдан астам уақыт бойы Мемлекет басшысының саяси мәселелер бойынша кеңесшісі болған Ермұхамет Ертісбаевтың Грузияға елші болып тағайындалуы қоғамда әртүрлі пікір тудырды. Кеңесшінің бұл қадамын талдап, сан-саққа жүгіртпеген саясаттанушы кемде-кем. Сондықтан мәселенің мән-жайын білу үшін Ертісбаев мырзаның өзіне хабарласқан едік.

Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ, Қазақстанның Грузиядағы елшісі:

– Сәрсенбі күні кешқұрым интернетте ең көп талқыланған тақырып – сіздің жаңа қызметке та­ғайындалуыңыз болды. Ұзақ уақыт бойы Президент­тің кеңесшісі болып келіп, аяқ астынан елшілікке кетуіңіздің сыры неде?
– 1995 жылдың наурыз айынан бері Президент командасындамын. 18 жыл! Уақыттың осылай жылдам зырлағаны ақылға сыймайды. Президент­тің он екі жыл бойы кеңесшісі болдым, екі жыл – Президент әкімшілігі бөлім меңгерушісі, екі жыл – Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директоры, екі жарым жыл – Мәдениет және ақпарат министрі болдым. Бұл билікте, оның үстіне Президенттің қасында болған айтарлықтай уақыт.
– Неге сізді басқа қызметке емес, елшілікке жі­беріп отыр?
– Білмеймін. Мүмкін Президент бізде 2016 жыл­ға дейін, Парламент – 2017 жылға дейін сай­ланып, ал оппозиция әлсіз әрі ыдыраған (егер өз сөзіммен айтсам, оппозиция Қазақстанда мүлдем жоқ), оппозициялық баспаөз сот шешімімен жа­был­ған. Жалпы алғанда, жұмыс көріп тұрған жоқ­пын.
– Сосын дипломатиялық қызметті жөн көрдіңіз бе?
– Өзімді қызмет бойынша ауыстыру туралы ешқандай бастама көтерген емеспін. Президентке анығырақ қой. Конституция бойынша ішкі және сыртқы саясатты Мемлекет басшысы анықтайды. Ұзақ уақыт бойы ішкі саясатпен айналыссам, енді сыртқы саясатқа ден қоямын.
– Сіздің елші болып тағайындалуыңызға Грузия желтоқсан айынан бері агреман бермей қойды деген рас па?
– Бұл менің жауларым таратып жүрген бос сандырақ әрі өтірік. Агреман Грузияға 23 ақпан күні жіберілген. Грузияның келісімі 27 наурыз күні рәсімделді. Шынын айтқанда, әртүрлі алыпқашпа әңгімелер мен арандатуларға көптен бері назар аудармаймын. Ақымақтарсыз қызықсыз болар еді.
– Сіз бұған дейін Грузияда болып па едіңіз? Бұл елді қалай елестетесіз?
– Грузияда ешқашан болған емеспін. Бірақ көне өркениеті мен мәдениеті бар бұл ел туралы көп естідім. Әрі байырғы тарихи өзара байланыс­тарымыз бар.
– Қазақстанның Грузиядағы дипломатиялық миссия жетекшісі ретінде мақсаттарыңызды да анықтап қойған шығарсыз?
– Қазіргі таңда Қазақстан – Грузия қарым-қатынастары жақсы деңгейде. Картаны мұқият қараңызшы. Закавказье, оның ішінде Әзірбайжан мен Грузияның территориясы – Орталық Азия мен Таяу Шығысты байланыстыратын, Оңтүстік Еуропаға шығатын тамаша көлік дәлізі. Сізге былай айтар едім: ол жақта мен үшін, халық үшін, ел үшін өте маңызды әрі қызықты жұмыс күтіп тұр.

Айжан КӨШКЕНОВА

http://www.aikyn.kz

Рубрика: