АЛТЫНОРДА
Новости

Мемлекеттік хатшы «Абылай ханның арманын» тамашалайды

Мемлекеттік хатшы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Абылай ханның арманы» атты тарихи драманы Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова бастаған бір топ лауазым иесі тамашалайды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Қойылым Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында 7 ақпан күні сағат 18.00-де өтеді, бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл тарихи драма аздаған өңдеуден өтіп, көрерменге қайта ұсынылады. Авторы — белгілі жазушы, журналист, зерттеуші, драматург Думан Рамазан, режиссері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.

«Бұл Рамазан мен Ұзақов шығармашылығындағы екінші тарихи туынды болмақ. Бұған дейін 2010 жылы драматург пен режиссер үндестігінде «Кенесары — Күнімжан» атты тарихи драма дүниеге келіп, бүгінгі таңға дейін көрерменнің сұранысына ие қойылымның бірі болды», — делінген хабарламада.

Айта кетейік, «Абылай ханның арманы» атты тарихи драма Абылай ханның жоңғар тұтқынына түскен кезінен басталады. Абылай ханның қазақ халқын қиындықтардан қалай аман-есен алып шыққаны баяндалады. Бұл шығармада ұлы ханның көшбасшылық қасиетімен бірге, адами болмысы, қайраткерлігі, саясаткерлігі, парасаттылығы мен ержүрек батырлығы жан-жақты ашып көрсетіледі. Абылай ханның ролінде «Қасым» фильмінде Қазақстанның халық қаһарманы Қасым Қайсеновті, Еркін Жуасбектің «Терең тамырлар» аллегориялық драмасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты сомдаған актер Қуандық Қыстықбаев ойнайды.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алдағы мерейтойлық даталарды – Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын, Конституцияның және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын мерекелеуге дайындық барысы туралы баяндағаны хабарланған еді. Нұрсұлтан Назарбаев осы іс-шаралардың жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, мемлекеттілікті нығайту, сондай-ақ республикада бірлік пен келісімді қамтамасыз ету үшін маңыздылығын атай отырып, орталық және өңірлік деңгейде тиянақты ұйымдастыру қажеттігіне назар аударды.

Толығырақ: http://alashainasy.kz/alash/memlekettk-hatshyi-abyilay-hannyin-armanyin-tamashalaydyi-62387/

материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі