Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

©Алаш айнасы иллюстрациясы1992 жылдың 4 маусымы тарихи күн. Бұл күні Тәуелсіз Қазақ елінің рәміздері ресми бекітілген. Ол, ол ма, 2007 жылы дәл осы 4 маусымда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңына қол қойып, мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақтылап берді. Біз сол мемлекеттілігіміздің белгісіне айналған құндылықтарды ұлықтай алып жүрміз бе? Қазақ тарихында өзіндік орны бар 4 маусым күнінің қарсаңында «Алаш айнасы»басылымы осы сұраққа жауап іздеген еді.

 

Мемлекеттік рәміздеріміз жайлы не білесіз?

Мемлекеттік рәміз – кез-келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейді. ҚР-да Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы

ҚР мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. ҚР Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы

ҚР Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны

Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның әнұраны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Музыкасы – композитор Шәмші Қалдаяқовтікі, сөзі – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтікі.

Рәміздерді насихаттау формасына еркіндік беру қажет пе?

Қазір қоғамда мемлекеттік рәміздерді ұлықтау үшін «рәміздерімізді насихаттау формасына еркіндік беру қажет» деген пікірді алға тартатындар көп. Олардың айтуынша, өркениетті саналатын АҚШ, Еуропа елдері мемлекеттік рәміздерді насихаттау формасына толығымен еркіндік берген. Тіпті, ол елдердің тулары кейде «ішкиімге» дейін жапсырыла береді. Біз «ішкиім» деңгейіне түспесек те, рәміздерді кең насихаттауға жол ашуға тиіспіз. Мысалы, ол үшін…

1. Еліміздің футбол жанкүйерлері әрдайым мемлекеттің туын алаңдарға желбірету керек.

2. Мемлекеттік туды әр азамат жеке көліктерінің терезесіне орнатып алуға тиіс.

3. Рәміздер туралы арнайы кинофильмдер түсіріп, соған лайық тың шығармалар жазылу қажет. Сонда әр адамның бойында «бұл – менің Туым, бұл – менің Елтаңбам, Әнұраным» деген мақтаныш сезімі оянады.

4. Мемлекеттік рәміздерге тек бір күн ғана арнап, сол күні ғана еске түсіретін санаға тойтарыс беру керек.

 

Сіз не дейсіз?

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

– Бізде мемлекеттік рәміздер жайлы арнайы заң бар. Ол бойынша, рәміздеріміз арнайы қорғалады, ал егер қандай да бір коммерциялық бағытта не тағы сол сияқты мақсаттарда қолданылатын болса, ол осы заң шеңберінен шықпауы қажет. Негізі, ауыл-аймақтарда болсын, қалада болсын осы жағын арнайы бақылап, қадағалап отыру ісімен жергілікті әкімдіктерде ішкі саясат бөлімі айналысуы шарт. Бірақ, меніңше, бүгінде олар осы қызметін дұрыс атқарып отырған жоқ. Бұған бірден-бір мысал – бірнеше жылдан бері осы Алматыдағы Наурызбай батыр мен Шевченко көшелерінің қиылысында Амантай қажы мемлекеттік Туымызды қалай болса солай іліп қояды. Дәл осы мәселе төңірегінде баспасөз бетінде мақалалар да жаздым. Сол кезде екі-үш күн алып тастады да, қайтадан іліп қойды. Мысалы, дәл солай ілулі тұрғаны мемлекеттік рәмізді насихаттау деп айтуға келмейтіндей.

 

«Алаш айнасының» түйіні

Құдайға шүкір, бүгінде Елтаңбамыз – елдігімізді білдіріп, көк байрағымыз көгімізде желбіреп тұр. Асқақ Әнұранымыз әрдайым да әлем алдында асқақ шырқалып келеді. Осынау құндылықтарымыз-дың мерейін үстем етер мереке күні де белгіленген. Бірақ, бұл күнді тойлауға келгенде құзырлы мекемелердің ресми шаралармен ғана шектеліп келеміз. Бұл олқылықтың орны қашан толады. Біздің айтпағымыз осы еді.

Автор: Тілек Ырысбек

http://alashainasy.kz/politics/51358/

Рубрика: