Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

гшМәжіліс депутаты Серікжан Қанаевтың мәліметінше, «тек «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде объектілерінің қымбаттауы 22 миллиард теңгеден асқан». 
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы әлеуметтік нысандар жобаларының әу баста бекітілген бағасының артынша шектен тыс қымбаттап шыға келетіндігін сынға алып, Үкіметке бұған тосқауыл қоюды тапсырған болатын. Өйткені сол арқылы ел қаржысы талан-таражға түсуде. Мәселен, Мәжіліс депутаты Серікжан Қанаевтың мәліметінше, «тек «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде объектілерінің қымбаттауы 22 миллиард теңгеден асқан».

–Мемлекет басшысы коррупцияны жою және мемлекеттік қаржыларды тиімді жұмсау мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан жобалардың «коррупциялық мазмұны» азаймай отыр. Мұның кесірі мол, ол халықтың сапалы білім алуына, медициналық көмек алуына кері ықпалын тигізуде,–дейді депутат.

Бұл проблеманың түйінін тарқату Өңірлік даму министрлігіне жүктелді.

–Жобалардың қымбаттауы – себептердің үлкен шоғырына байланысты,–дейді осы ведомствоның жаңа басшысы Болат Жәмішев,–Өңірлік даму министрлігі олардың барлығын шешу мәселесімен айналысады. Біріншіден, қандай да бір нысан жобасы лайықты түрде әзір болуы үшін ол нақты, шынайы ақпаратқа негізделуге тиіс. Мұнсыз ешқандай тиімді жоба болмайды.

Бұл ретте министрлік жаңа жүйені енгізбек. Министрдің бағалауынша, Қызылорда облысындағы осы жүйе ендірілгелі отырған жаңа талаптарға ендігі сәйкес келеді, ал, Қарағанды өңірі соған жақын екен. «Басқа елді мекендерде, аумақтарда айқын ақпараттар жоқ. Ал, жобаның қымбаттауы бірінші кезеңде-ақ басталады. Жобаны әзірлеу ұзаққа созылады, бұл ретте қажетті ақпараттарды алу мерзімінің шектелмеуі бірден тиімсіз жобалау мүмкіндіктерін туындатады» деген Болат Жәмішев бұл проблеманы «қала салу кадастры» арқылы шешуді қарастырып отырғандарын жеткізді. «Қала салу кадастры дегеніміз бұл – ақпараттық база, ол барлық ақпаратты жүйелендіруге және оларды алу мерзімін халықаралық стандарттарға дейін қысқартуға мүмкіндік береді».

Бұған қоса, министрдің айтуынша, ескіріп қалған техникалық-экономикалық негіздемелер де жобаның қымбаттауына әкеледі. Бұл үшін ұлттық заңнамада «ТЭН-нің өзектілік мерзімі 3 жылдан аспауға тиіс» деген талап енгізілмек.

Б.Жәмішев нысандар құнының қымбаттауына жол бермеу үшін құрылыста типтік жобаларды пайдалану көзделіп отырғанын айтты. Министр Өңірлік даму министрлігінің Елбасының осы тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ететіндігіне сендірді. «Қазіргі кезде біз типтік жобалардың пайдаланылуын бақылау тетіктерінің қалай қамтамасыз етілетіндігін пысықтап жатырмыз. Әрине, бұл ретте егер типтік үлгіден де арзан жобалар болып жатса, олармен біз келісеміз» деп хабарлады

ол.

Болат Жәмішев әлеуметтік ғимараттар құрылысының қымбаттауына нарықтағы бағалардың көтерілуі де әсер ететіндігін алдан тартты. «Қазіргі уақытта елімізде құрылыс материалдары бағалары бойынша деректер базасы бар. Электронды сатып алуларды ендіру және барлық тауарларды кодтауға көшу арқасында біздің қолымызда «Самұрық-Қазынаға» арналған негізгі құрылыс материалдарының деректер базасы да ендігі бар. Бұл база дамытылады және ол құрылыс кезінде бағаны анықтау үшін негіз болып табылады» деді Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев.

Ал, министр айтқан кадастрды ендіретін құжатты – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасын Мәжіліс ендігі бірінші оқылымда мақұлдады.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz/articles/view/35251

 

Рубрика: