Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

АСТАНА. 31 қаңтар. BAQ.KZ – Қолда бар қаржыны ұқсата алмайтын әкімдерді қызметінен кетіру керек. Өңірлік даму министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Серік Ахметов осындай пікір білдірді, деп жазады «Айқын» газеті.

«Әкімдерді бағалау критерилерінің бірі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қатысты болатынын айтқым келеді. Бізде кейбір әкімдер бөлінген қаржыны игеруге қауқарсыз. Міндеттерін атқара алмаса аудандар мен қалалардың әкімдерін қызметінен босатыңыздар.
Облыс әкімдеріне осындай тапсырма жүктеймін. Мәселе шешпесе, әкім не істеп отыр?!», – деді ол.
Осыдан соң С.Ахметов мемлекеттік бағдарламалар үздіксіз және кедергісіз жүзеге асуы тиіс екенін атап көрсетіп: «Министрлік Қолжетімді баспана – 2020», «Ақбұлақ», Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламалары бойынша қойылған мақсаттарды мінсіз атқаруға міндетті. Қаржының тапшылығы бағдарламаның орындалмауына себеп емес. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы жүзеге асуы керек. 2013 жылдың қорытындысы бойынша тапсырылған 6,8 млн шаршы метр тұрғын үйдің жартысы жеке инвестициялар есебінен салынды. Егер біз барлық жағдайды, базаны, инфрақұрылымды құрсақ, бизнес құрылысқа тартылады. Бизнестің құрылысқа арналған қаржысы да бар», – деді.
Оның сөзінше, өңірлерді дамыту мен қаржыландыруға қатысты бірде бір жоба Өңірлік даму министрлігінің қатысуынсыз өтпеуі керек. Ал бағдарламалардың орындалуы мен қаржының игерілуі айрықша назарда тұруы тиіс.
Сөз арасында бас министр «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша салынған үйлердің құны белгіленген бағадан өспейтінін айтты. «Жақында бір шаршы метрдің бағасын 10 мың теңгеге арттырдық. Енді, бұдан артық көтере алмаймыз. Адамдардың табысы да қарқынды өсіп отырған жоқ. Мысалы, Ақтөбе облысында бір шаршы метр 90 мың теңге.

Олар бұл соманы Тұрғынүйқұрылыс­жинақ­банкі желісі бойынша жалға алушылар үшін және басқа да бағыттар бойынша да сақтап отыр. Алайда бұл жерде жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыру жүріп жатыр…» деді С.Ахметов.
Бұдан кейін Министрлер кабинетінің жетекшісі ауыл шаруашылығына қажет жерлердің есебін жүргізу мәселесіне назар аудартып, былай деді: «Осы жылы біз ауылшаруашылық мақсатта қол­да­нылатын жерлердің инвентаризациясын аяқтаймыз. Агенттік бұл бағытта ауқым­ды жұмыс атқарды, ал қазіргі уақытта мұнымен жер ресурстарын басқару ко­митеті айналысады. Сондықтан ми­нистр­лікке осы жылы жерлердің инвентаризациясын аяқтауды және 2015 жылдың бірінші тоқсанында тиісті ақпаратты үкіметке ұсынуды тапсы­рамын. Бұл салада шешім қабылданып, заңнамаға өзгерістер енгізілетін бо­лады».
Үкімет басшысы жай жатқан жерлер мемлекеттің иелігінде болуы керектігін тілге тиек ете келіп: «Бұл – маңызды мәселе. Мен мұны Ақмола облысы мен Астана маңындағы жерлерге қатысты айтып отырмын» деді.
Әңгіме ауаны Тұрғын үйлерді жаң­ғырту бағдарламасына ауысқан кезде Үкімет басшысы 2020 жылға дейін 10 млн шаршы метрден астам үй бой көтеретінін жеткізді. «Мен әкімдердің рөлін атап өткім келеді. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы Үкіметке емес, алғашқы кезекте өңірлер үшін әзір­ленген құжат. Әкімдер халық алдында есеп берген кезде маңызды мәселенің бірі ретінде баспана құрылысын атап өтеді, оның ішінде тұрғын үйлерді жаң­ғырту бағдарламасы бар. Осы бағдар­ламаны жүзеге асыру тетіктері барынша түсінікті әрі қолжетімді болуы тиіс» деді ол.
Алқа мәжілісінде баяндама жасаған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев биыл «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша 6,9 млн шаршы метр баспана салынатындығын жария­лап: «Өткен жылы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында респуб­лика бойынша 6,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, биыл барлық қар­жы­лан­дыру көздері есебінен 6,9 млн шаршы метр, оның ішінде республи­ка­лық бюджет есебінен 766 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған» деді.
Оның сөзінше, 16 өңірдің төртеуінде ғана жалға берілетін тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым салуға бөлінген трансферттер толық игеріл­меген.
«Қолжетімді баспана-2020» бағдар­ламасында межелі мерзімге дейін құ­рылыс көлемін 10 млн шаршы метрге дейін жеткізу көзделген. Қойылған міндетке қол жеткізу үшін индустриялық үй салу комбинаттарын құру бойынша, үлгілік жобалау бойынша, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге түзету енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр» деді баяндамашы.
Министрдің мәлімдеуінше, тап қа­зір бірқатар өңірлерде үлгілік жобалар бойынша тұрғын үй салу тәжірибесі бар. 2014 жылы кірпішпен және панельмен толтырып, қаңқа технологиясы бойын­ша, коридор және мұнара типті, жай­лылығы 3 және 4-сыныпты 5, 9-қабатты тұрғын үйлердің, сондай-ақ, бір және екі қабатты тұрғын үйлердің үлгілік жобалары әзірленеді.
Алқа мәжілісін қорытындылаған
С.Ахметов министрлікке жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырым­дама­сының екінші кезеңін іске асыру жө­ніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жаңарту және аудан орталықтары мен елді мекендерді дамыту жөніндегі кешенді жоспарларды, сондай-ақ ауылдық округтерді дамыту туралы облыстық іс-шаралар жоспарла­рын тиянақтауды тапсырды.
«Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, ағымдағы жылы Өңірлік даму министрлігі 2030 жылға дейінгі Астана және Алматы агломерацияларын дамыту стратегиясын әзірлеуі, өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасын аяқтауы қажет. Бұл іс сапалы әрі жылдам атқарылуы тиіс» деп түйді ойын Үкі­мет басшысы.

http://baq.kz/kk/news/42943

Рубрика: