Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

«Правда» газетінің әскери тілшісі Илья Эренбургтан: «Төрт жыл соғыстың қай шайқасы есіңізде өшпестей болып қалды?» – дегенде, ол «Ржев» деп жауап беріпті. Бұл айнымас ақиқат еді. Өйткені Ржев түбіндегі «Марс» деген кодты атауы бар әскери шайқастар ұзақ уақыт құпия сақталды. Соғыс жылдарында жаппай ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен Ржев қаласына Ресей Президентінің Жарлығымен 2007 жылы ғана «Әскери даңқ қаласы» құрметті атағы берілді. Осы бағыттағы құжаттарды саралай келгенде, егер Ржев маңында шешуші шайқастар жүргізілмегенде, Сталинград түбіндегі, Курск иініндегі жеңістер де, Мәскеуді қорғау да мүлде мүмкін болмас еді деп сенімді айтуға болады. Кеңес әскерлерінің Мәскеуден Батысқа қарай бет алған алғашқы шабуылы нақ осы Ржевтен басталған болатын.

 

Ржев – Вязьма плацдармы КСРО астанасына 150 шақырымдай жерде еді, сондықтан Ржев қаласы «Мәскеуді алатын кілт» болып саналды. Кеңес өкіметі басшылығы үшін фашистердің 1942 жылғы нақ осы бағыттағы шабуылы елеулі қауіп төндірді. Сондықтан Ржев – Вязьма бағытындағы жан алып, жан беріскен соғыс қимылдары тұтастай Ұлы Отан соғысындағы ең шешуші, ең бетбұрысты шайқастар болып есептелді.

Тарихшылардың пікірінше, соғысушы жақтардың Ржев – Вязьма шайқасы («Марс» операциясы) барысындағы шығы­ны 1 миллион 350 мың адамға жет­кен. Біздің жақтан 855 мың адам опат болды, хабарсыз кетті, тұтқындалды.

(«Военно-исторический журнал», 1995, №5, с. 42).

«Правда» газетінің әскери тілшісі болған Константин Симоновтың бұл өңірді «өлім аңғары» деп атағаны тегін емес. Осы «қанды қасаптың» куәгері болған майдандық тілші Александр Твардовский «Я убит под Ржевом» деген атақты өлеңін жазды, оның: «Фронт горел, как на теле рубец. Я убит и не знаю, наш ли Ржев, наконец» деген өзекті өртейтін жолдары сол кезеңнің ащы шындығын айтады.

Отан соғысы кезінде Кеңес Одағының Қарулы Күштері жауынгерлік туы астында 143 ұлттың өкілдері неміс-фашист басқыншыларымен шайқасты. Өз Отанын қорғау үшін бір мемлекет әскерінің құра­мын­да мұншама ұлт өкілдерінің болуы дүниежүзілік тарихта бұрын-соңды кездес­пеген оқиға еді.

Құжат: «Атқыштар бригадасы 1941 жылдың күзінде атқыштар дивизияларын жасақтау қиыншылықтарына байланысты (уақыт тығыздығы, адам және қару-жарақ кемістігі) құрыла бастады. 1941 жылдың аяғына дейін 159 атқыштар бригадалары жасақталды. Бригада үш-төрт атқыштар бата­льо­ны, артиллерия және миномет диви­зиондары, автоматшылар ротасы, арнаулы әскери және тыл бөлімдері, бар­лығы 4 мыңнан 6 мыңға дейін адам болады».

(«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы». Энциклопедия. 1985, 125-бет).

 

100-бригаданың жасақталуы

Қазақтың ұлттық 100-атқыштар бригадасы 1941 жылы 12 желтоқсанда Алматыда құрылды. Бригаданың негізгі құрамы Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақ­с­тан облыстарының 1922-1923 жылдары туған жастарынан жасақталды. Ішінде бұрын әскери қызмет атқарған ересек жан­дар да кездесетін, әскерде қызмет атқармаған, бірақ жылқының жайын біле­тін егде адамдар да болды. Өйткені брига­да­ның артиллерия, миномет дивизион­дарының барлығында ат жегілетін. Егде кісілер сол бөлімдерге орналасты. Ал әскерде қызмет атқарғандардың барлығы кіші командирлер болатын. Атқыштар бри­гадасының командирі болып подпол­ковник В.Е.Шевцов, комиссары болып республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің сол кездегі редакторы Сақтаған Бәйішев, саяси бөлімінің бастығы болып Әбдірахман Досанов тағайындалды, ал оның комсомол жұмысы жөніндегі орын­басары болып саяси жетекші Егемқұл Тасанбаев белгіленді.

Соңғы бөлімдері жеткен соң бригада 1942 жылдың 27 тамызында Мәскеу түбіндегі Бабушкино қаласында жоспарлы әскери әзірліктерін жалғастырады. Ал Мәскеу әскери округінің 1942 жылғы 19 қазандағы бұйрығы бойынша 100-бри­гада Калинин майданының 39-армия­сының қарамағына кіріп, 25 қарашада Молодой Туд өзені мен деревнясы маңын­да басталған алғашқы ұрысқа қатысты.

 

101-бригаданың жасақталуы

Ұлттық 101-дербес атқыштар брига­дасы КСРО Қорғаныс халық комиссариа­тының бұйрығы бойынша 1941 жылы қараша айында Ақтөбе қаласында жасақ­тала бастады. Бригада құрылымына келіп сапқа тұрғандар, негізінен, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан келген қазақ жастары болатын. Сондай-ақ бұған Алматы, Шымкент, Семей тағы басқа облыстардан келгендер де аз болған жоқ. 1942 жылдың сәуір айында бригада құрамында 3 815 адам болды.

Ұлттық 101-атқыштар бригадасының комиссары болып Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, азамат соғысының ардагері Нұри Әлиев, саяси бөлім бастығы болып Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысы Бекайдар Бекниязов, парткомис­сия хатшысы болып Нұғыман Оразалин тағайындалды. Ол Қазақстан Компартиясы ОК-да жауапты қызмет атқарып жүрген жерінен келді. Ол кейіннен бригаданың саяси бөлімі бастығы болып тағайындалды. Саяси бөлім бастығының комсомол жұмысы жөніндегі көмекшісі Шайдахмет Серғазин болды. Ол бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің хатшысы еді. Бригада командирі болып Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап ерлігімен көзге түскен полковник Севостьян Яковлевич Яковленко тағайын­далды. Эшелон 1942 жылдың мамырында Ржев қаласының түбіндегі Погорелое қалашығына келіп, ұрысқа кірісіп кетті.

 

Мұрағат құжаттары 

Краткая характеристика боевых действий 100-й Отдельной стрелковой бригады в период ее участия в операции «МАРС».

19.10.1942 г. бригада перешла в рас­поряжение командующего Калининским фронтом. 21.11.1942 г. получен боевой приказ №0030 Штарма-39 – в ночь с 22 на 23.11.42 г. прибыть в район Молодой Туд и сменить части 117 СБ., готовиться к наступлению.

25.11.1942 г. батальоны перешли реку Молодой Туд. Были встречены сильным пулеметным огнем. Батальоны обескров­лены. Артиллерия отстала.

02.12.1942 г. в течение всего дня части настойчиво дрались за овладение Плеха­ново, но понеся большие потери, успеха не имели.

Итак, в течение восьми дней дрались за овладение Плеханово, потеряв целиком 2-й и 4-й батальоны, пулеметный ба­тальон, в которых остались по 30 чело­век и на 75 % 1-й и 3-й батальоны. Так и не овладели.

Потери: Было до боя – 4 751 человек. Осталось к 03.12.1942 г. – 1 944 человека

Общие потери – 2 757, из них убито – 599, без вести – 221.

Журнал боевых действий 100-й СБ вел начальник 1-части майор Блинов.

 

Краткая характеристика боевых действий 101-й Отдельной стрелковой бригады в период ее участия в операции «МАРС».

Начало боевых действий бригады положено 26.11.1942 г.

В 18:00 получен боевой приказ ШТАРМА-39 №2. Бригада должна сосредоточиться в районе Плоты, Сухуша, Трушково. В ночь на 28.11.1942 г. части заняли исходное положение для наступления.

К 12:00. 28.11.1942 г. бригадой были заняты Букаревич Кувшиново. Захвачены трофеи. С 12:00 13.12.1942 г. 4-й СБ прочесал около 4 км леса и прорвал кольцо. Были уничтожены до 200 немецких солдат и офицеров.

С 26.11.1942 г. по 29.12.1942 г. бригада понесла потери:

Убито – 744; без вести – 313; ранено 2 544 человека

Общие потери – 3 601 человек при первоначальной общей численности бригады на 25.11.1942 г. – 4 918 человек. (Центральный архив Министерства обороны Российской Федерации).

3-Екпінді армия штабының бастығына 100-дербес атқыштар бригадасы туралы жауынгерлік мінездеме.

13.11.1943 ж. Майдандағы армия.

…39-армияның қарамағындағы бригада алғашында әртүрлі жеке-дара операцияларды жүзеге асырды. 1942 жылы 25 қарашада 373-атқыштар дивизиясы Тройня, Медвежевка, Большое Привалово шебінде шабуылға шыққаннан кейін, 100-бригада Молодой Туд ауда­нында жау бекінісін бұзуға жіберілді. Бұл бағытта бригада 1942 жылдың 7 желтоқ­санына дейін қимыл жасап, бірсы­пыра елді мекенді жау тырнағынан босатты. Бірақ бұл ұрыстарда бригада зор шығынға ұшырап, 2 572 адамынан айы­рыл­ды. Бригада командирі – полковник А.Морец­кий. Штаб бастығы – подполковник  И.Мос­товой (Центральный архив Минис­терства обороны Российской федерации, фонд 100-й ОСБ, оп. 1, д. 3, л. 127).

2572 адам! Осыншама орта, кіші командирлер және жауынгерлеріміз опат болды. Бұл – бригада құрамының жарты­сынан артығы қаза тапты деген сөз. Осы­лар­дың ішінде жараланып, елге кетіп аман қалғаны бірен-саран ғана. Өлген­дердің көбі атаусыз қалды.

Ұлы Жеңістің 68 жылдығына орай осы жолдардың авторы «Қазақтың ұлттық 100 және 101-атқыштар бригадала­ры­ның жауынгерлік жолдары» атты кітап жазу үстінде. Осыған байланысты ұлттық 100-атқыштар бригадасының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов өзінің бізге арнайы жазып берген естелігінде бұрын еш жерде жария­ланбаған, бұған дейін тек өзіне ғана белгілі болып келген 100-бригаданың жауынгерлік тарихынан келеңсіз көптеген оқиға жөнінде сыр шерткен еді.

1943 жылы 3 қаңтарда сағат 17:00-де Великие Луки іргесіндегі Сахнц Иванцово, Вельково, Щелково, Горушка деревняла­ры­ның шетінде қорғаныста жатқан бригаданы орнынан көтеріп, 4-қаңтар күні сағат 06:00-де Великие Лукидің оңтүстік жағындағы теміржол вокзалына алып келу жөнінде 3-Екпінді армияның штабынан бұйрық болды.

Бригада артынып-тартынып, қапалақ­тап жауған қалың қарды кешіп көрсетілген жерге келді. Сол жерде бригада иіріліп, жеті жарым сағат босқа тұрды. 13 сағат 30 минутта 3-Екпінді армия штабының бастығы Юдинцев 100-бригаданың шұғыл түрде бұрынғы орындарына барып орналасуына жаңадан бұйрық берді. Күндіз жел көтеріліп, түнде жауған жұмсақ қар көзге түртсе көрінбейтін қатты боранға айналды. Боранмен алысқан бригада 15-20 шақырым жердегі бұрынғы деревня­ларға қайта жетуге мәжбүр болды.

Мұндай келеңсіз оқиғалар бригада 39 және 22-армиялардың қарамағында болған уақытта да кездесті. 1942 жылы Молодой Туд түбінде бригада алғаш ша­буыл­ға шығарда армия штабы санитарлық қызметінің бастығы шабуылға қатар шыға­тын өзара көрші орыс 46-атқыштар бригадасы мен қазақтың 100-атқыштар бри­гадасының жаралы­ларды қабылдау пункті бірге бол­сын деген бұйрық береді.

Молодой Туд түбінде санитарлық қабылдау пунк­тіне кіргізілмей, сақылдаған сары аязда ақ қардың үстінде қатып өлген сансыз солдатқа көмек көрсете алмағаны­на қапаланып, ол қорлыққа шыдай алмай, бауырларының аяғының астына өзін-өзі атып құлатқан капитан Наурызғалиевті Мәриям Сырлыбаева бригада дәрігері, капитан өмір бойы есінен шығарған емес.

Сөйтіп, бригадаға жаңа командир келді. Әрине, соғыс болған соң өлім-жітім болмай тұрмайды. Ол – соғыс заңы. Бірақ қағажу көріп, қисынсыз жерден солдат өмірінің қиылып кетуі – бір басқа. Ал 100-бригада – бұған дейін нағыз жана­шыр командирге тап болып, Панфиловтай әке қамқорлығын көре алмаған құрама. Жақ­сы үміт күттірген бір командир Воронков болса, байғұстың бригададағы өмірі қысқа болды.

Сонымен, 1943 жылғы қаңтардың ортасында 100-бригаданың құрамында қалған адам саны мынадай еді:

І атқыштар батальонында – 36, ІІ атқыштар батальонында – 41, ІІІ атқыштар батальонында – 53, IV атқыштар батальо­нында – 47, автоматчиктер – 26, және танк ататын дивизионда (ПТД) – 35, бай­ланыс ротасында – 87, саперлер ротасын­да – 68 және барлаушылар ротасында – 38 адам. Барлығы – 431 жауынгер. Мұның сыртында 257-атқыштар дивизиясының қарамағына арнаулы тапсырма орындау үшін жіберілген 300 жауынгер бар. Ол – 76 мм артиллерия дивизионы мен 120 мм миномет дивизионы. Олардың қаншасы тірі, қаншасы өлі екені белгісіз.

Қазақтың ұлттық 100-бригадасы алғашқы айқасқа 4 889 адам болып кіріп, ұрыс соңында қатарда 43 жауынгер ғана қалғанын қалай түсіндіруге болады?

100-бригаданың Великие Луки ұрысында да жолы болмады. Полковник Воронков өз бригадасын жұмған жұды­рық­тай тегеурінді күш етіп ұстаймын деге­німен, оған ерік берілмеді. Армия басшы­лығы ұлттық бригаданың бұтын бұт, қолын қол етіп бөлшектеп жіберді. Артдивизион мен миндивизионды өзі теңдес 47-атқыш­тар бригадасына бөліп берді. Батальон­дарды бөлшектеп, 257 және 32-ди­ви­зия­ларға жіберді.

«Байдың малын аяма…» деген­дей, олар «бөтен» бригаданың адамдарын ең қауіпті учаскелерге салды – қаладағы гарнизонды құтқарып алу үшін жөңкіліп келе жатқан жау танктерінің алдына тосты. 100-бригаданың үшінші батареясы сол шайқаста ерлік жасап, мерт болды. Ақ қар, көк мұзда шабуылшылардың алдына барып жайғасқан жаяу әскер шегедей болып қатып қалған жерді қазып, өздеріне окоп жасай алмай, қардан соғылған ақ қаланың іргесінде жатты. Жау көктен бом­балап, жерден атқылап шабуылға шық­қан­да, қорғансыз ашық алаңда жатқан жаяу әскер оларға төтеп бере алмады. Қалаға қарай шегінуге мәжбүр болды. Шегінген солдаттарды танктерден сумаң­дай атылған қызыл оқтар қуалады. 100-бригаданың артында бұрын окоп қазып, ірге теуіп бекініп жатқан басқа дивизия­лардың жауынгерлері жау танктерін қалаға кіргізбеді. Бірақ осы кезде жүзіншіге «драпбригада» деген ат та тағылды. Сон­дай ауыр күндердің бірінде солдаттарының қасында полковник Воронков оққа ұшты.

«4,5 мың менің құрдастарым! Олар 18-ге жаңа ғана толған өрім­дей балғын жастар еді. Олардың бірде-бірі үйленіп үлгермеген, жар қызығын көрмеген жастар еді. Олардың жүректерінде Отанға, ата-анаға, жандары сүйген сұлу қыздарға деген алаулаған асыл махаббат сезімдері бар еді. Соғыс деген тажал сол махаббатты су сепкендей өшіріп 4,5 мың боздақты түгел жалмай салды. 4,5 мың ата-ананың көз жасы көл болып, 4,5 мың жас сұлудың жүрегі қара жамылды. Сендердің ақ жүздеріңді көруге зар болып, өмір бойы күңіреніп өткен ата-аналарың қазір жер бетінде жоқ. Сендер жауды жеңіп келіп, жар болып қосылсақ деп арман еткен ару қыздардың да көбі өмірден өтті. Бірақ сендердің кеше өздерің жаудан қорғаған «қалың елің қазағың, қайран жұртың» бар. Елің сендерді еш уақытта ұмытпайды. Өздеріңе өз тарихы­нан өмір бойы орын береді. Мен осыған сенемін!» – деген еді жүзіншінің ардагері Әзілхан Нұршайықов.

Маршал Жуков «Воспоминания и раз­мышления» еңбегінде: «1942 жылы 8 жел­тоқсанда Калинин және Батыс майдан­да­рының күшімен: 1943 жылдың 1 қаң­­­та­рына дейін Ржев – Сычев – Оле­нино – Белый аймағындағы дұшпан күші жойыл­сын деген директива берілді», – деген. Осы бұйрықты орындаушы құра­малардың ішінде қазақтың ұлттық 101-ат­қыштар бригадасы да бар еді. Оленино стансысы бригада шайқасқан Мишуково елді мекенінің іргесінде орналасқан.

Түптеп келгенде, бұл орыстардың негізгі мақсатын ол кезде ешкім де білген жоқ. Директива аса құпия болғандықтан оны біреудің білуі де мүмкін емес еді. Қалай болғанда да сол қиян-кескі ұрыс­тардың нәтижесінде жау күші айтарлықтай шығынға ұшырап, «әне болады», «міне болады» деген соққыны ұзағынан күткен гитлершілер соғыс барысын түбегейлі өзгерткен Сталинград шайқасына бірде-бір дивизиясын жібере алмады. Демек, ортақ Жеңіске 4-Екпінді армиялық құра­мында болған қазақтың ұлт­тық 101-ат­қыш­тар бригадасы да өзінің қомақты үлесін қосты. Бірақ бұл үлес өздігімен келмеді.

Бригаданың сапындағы 8 мың адам­ның 3 мыңы ғана аман-сау қалды. 5 мың жас өмір үзілді, талай ерлік елеусіз қалды.

Рас, соғыс шығынсыз болмайды. Бірақ ұлттық 101-бригаданы стратегия тұр­ғы­сында пайдаланып, жалпақ тілмен айт­қан­да, «зеңбіректің жемі етіп» өлімге айдап салып, құрбандыққа шалуы жанға батады.

Шындықты алғаш рет Жеңістің ширек ғасыр тойында Ржев түбінде болған топтың қолбасшысы Кеңес Одағының маршалы А.И.Еременко ашық айтқан еді. Сонда да болса, «құпиялы қоржында» әлі де «жабулы қазан – жабулы» күйінде жатқаны жетерлік.

 

«Егер Мәлік Ғабдуллин болмағанда, Мәншүкке Батыр атағы берілмес еді»

Аққан жұлдыздай қысқа ғана ғұмы­рын­да халқының, елінің атын даңқа бөлеген батыр қыз, қазақтың аяулы аруы Мәншүк Мәметова жайында айтылып та, жазылып та жүр. Көркем фильм де бар. Әйтсе де төмендегі мақаланың жөні бөлек. Өйткені бұл – Мәншүкпен қан майданда қатар жүріп, қара нанды бөліп жеген, со­ғыс тауқыметін бірге тартқан қарулас дос­тарының, үзеңгілес жолдастарының есте­ліктері.

Сан ерліктің басын құраған Мәншүкке Батыр атағы жаны шейіт болғаннан соң алты ай кешігіп берілген. Ал Әлия өлгеннен соң Батыр атағын 17 күннен кейін алған. Бұдан «Бұл қалай?» деген сұрақтың тууы заңды да. Осы жағдайға байланысты біз Мәншүкті оққа ұшар алдынан бірнеше минут бұрын көріп, соңғы рет тілдескен, ерлігіне жалғыз куәгер әрі сүйегін жина­ған, сол кездегі қазақтың ұлттық 100-ат­қыш­тар бригадасының кіші лейтенанты, бүгінде дүниеден озған Ахметқазы Ахмет­жанұлының естелігінен біраз жағдайларға  көз жеткізуімізге болады.

«Онда мен «Прощай Родинада», танкіге қарсы тұратын дивизионның ерікті комсоргі болатынмын. Біз жауға алғаш соққы беруіміз, тіпті болмаса, жарылғыш бөтелкені белге байлап, танкінің астында қалып, бірге жарылуымыз керек. «Прощай Родина» деген – сол.

1943 жылғы қазанның 11-і күні біздің дивизионның біраз жауынгерін Изочи стансысын алу үшін құралымызбен жаяу әскерге – командалық батареяға бөліп жіберді. Осылайша біз Мәншүктің бата­льонына қосылдық. Стансыны алған жағдайда Қазақтың 100-бригадасына Изочи аты берілетін болды. Ұрысқа кіру үшін біз Үлкен Иван мен Кіші Иван көлінің арасынан өттік. Мәншүктер жаудың көп келетін жерін пулеметпен қарсы алу үшін биіктеу жотаға орналасты да, жауын­герлік орнын белгіледі. Таңғы алтылар шама­сында ұрыс басталып кетті. Бар күшімізбен Изочиді (шығындалсақ та) басып алдық. Майданның заңы – басып алған жеріне дереу бекіну керек. Сөйтіп, окоп қазып, әркім өз тіршілігін жасауға кіріскенде, бізден екі-үш есе күші көп жау қайта ша­буыл­ға шықты. Орнығуға шама бермеді. Біразымызды қырып жіберді. Қалған тірілеріміз позицияны өзгерту үшін артқа шегіндік. Қайтар жолымызда Мән­шүк­тер тұрған төбешікті басып өтуге тура келді. Оның үстіне, окоп кеңдеу болатын. Төбе­шік­ке келсек, Мәншүктен басқа тірі жан жоқ. Басынан жараланыпты. Бұрынғы ұрыс орнында емес, өз қаруының оғы таусылған соң, окопқа жақын жолдасының пулеметін іске қосайын деп жатыр екен. Арамыз небәрі төрт-бес метрдей ғана. Мәншүк­тің жалғыз екеніне көзіміз жеткен соң, бізбен жүруін өтіндік. Ол: «Бара беріңдер, мен кетсем, сендерді кім қорғайды?» – деді. Сосын біз: «Мәншүк, қызықсың, Гитлердің бар әскерін жалғыз сен қырып тауыспақсың ба кеттік», – дедік. Көнбеді. «Сен­дерді мен қорғамасам, жете алмай­сыңдар», – деп, пулеметті іске қосып жібер­ді. Біз кете бардық. Артымыздан дүмпулер естіліп жатты. Біраздан соң дала да тыншыды. Біз бір-бірімізге қарап, «все» дедік. Егер сол жолы Мәншүк дәл осындай батырлық көрсетпегенде, 100-атқыш­тар бригадасының тірі қалған жауынгерлері, мүмкін, былай отырмас та едік. Менің қара жерді басып жүргенім, сол қара қыздың арқасы.

Содан қалған бірнеше жігіттер, штабқа жеттік. Бригада комиссары Сақтаған Бәйішевке Мәншүктің артта қалғанын, жау­дың көп күші екпіндеп келе жатқанын жедел түрде баяндадым да, өзімнің диви­зионыма кеттім. С.Бәйішев дереу дөңге­лене қорғаныс жасауға кірісті. Немістер Изочиді алғанымен, күші әлсіреп қалған болуы керек, қайтадан шабуылға шықпа­ды.

Қараша айының аяғында 100-бригада мен 31-бригаданы қосып, 1-атқыштар дивизиясы құрылды. Жау Изочиді көпке дейін ұстап, ешкімді жолатпады. Мәншүктің ерлігін өзіміздің жауынгерлік газетімізде алдымен Асқар Закарин, сонан соң «Қазақ қызы» деп Жекен Жұмаханов жазды. Батыр атағын Мәншүк алты айдан кейін алды. Оның себебін мен соғыс біт­кеннен кейін бригада комиссары С.Бәйі­шевтің хатшысы, кейін­нен 120 миллиметр­лік дивизионы бас­тауыш партия ұйымының хатшысы болған жерлесім Байуақ Ахме­товтен естідім. Ол бертінде, 1974 жылы қайтыс болды. Семейде біраз жыл ол кісінің қарамағында қызмет істедім. Байуақ: «Егер Мәлік Ғабдуллин болмаған­да, Мәншүкке Батыр атағы берілмес еді», – деп отыратын.

Мәншүктің ерлікпен қаза тапқаны туралы жазылған газеттер Мәскеуде Қы­зыл Армияның Саяси Бас басқармасының орыс емес ұлттардың жауынгерлері арасында үгітші болып істейтін Мәлік Ғабдуллиннің қолына тиеді. Оның үстіне, Мәлік Мәншүкті штабта, 1943 жылы мау­сым айында келгенде көргенімен қатар, анасы Әминамен хат алысып тұрған. Мүмкін, Әмина «қызыма бас-көз бол» деп  тапсырған да шығар. Мәншүктің қазасын ести салысымен, ол дереу Невель қала­сына келеді. Ол кезде 100-бригада тарап, 1 атқыштар дивизиясы құрылып жатады, ал Байуақ сол уақытта Невель қаласындағы 6-гвардиялық армияның резервінде тұрады. Мәлік келе-сала: «Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?» – дейді. Олар екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік жатып кеп ашуланады. Сосын тұрып: «Ай­тыңдаршы, Алматы мен Мәскеудің арасы қанша шақырым?» – дейді. Біреуі «4800» десе, біреуі «5000 шақырым» деп жатады.

«Мейлі, 4 мың-ақ болсын. Басқаны қойып, қазақтың жиырмаға жаңа шыққан қызы сонша жерден Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып соғысамын деуінің өзі сендерге ерлік емес пе? Осыдан артық не керек? Дереу құжаттарын қайта дайындаң­дар. Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа  болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барамын. Тіпті Ворошиловқа кіремін. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды бере­мін» деп, қайтадан дайындалған құжат­тарды алып кетеді. Содан алты ай дегенде Мәншүкке 1944 жылы 5 наурызда Батыр атағы беріледі. Көп жерлерде Мәншүкті Батырлыққа ұсынған Қазақстан үкіметі еді дейді, мүмкін Мәлік оларға хабарласып, «қатынас қағаз жазыңдар» деп сұраған шығар. Әйтпесе майдан даласы қайда, Қазақстанның үкіметі қайда еді?

Аға сержант М.Ж.Мәметоваға Советтер Одағының Батыры атағын беру туралы КСРО Жоғарғы Советі Президиумының Указы

Неміс басқыншыларына қарсы күрес майданында Командованиенің жауынгер­лік тапсырмасын үлгілі орындап, мұнымен бірге қаһармандық және батырлық көр­сеткені үшін Мәметова Мәншүк Жиенға­лиқызына Советтер Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қоса тапсырылсын.

КСРО Жоғарғы Советі Президиумының Председателі  М.Калинин

КСРО Жоғарғы Советі Президиумының Секретары А.Горкин

Москва. Кремль. 1944 ж. 5 наурыз.

 

Құралайды көзге атқан

Ыбырайым Сүлейменов 100-бри­гада­ның капитан Ушаков басқарған екінші батальонның мергені еді. Бригада ең алғаш неміс фашистерімен шайқасқа кіріскен 1942 жылдың қарашасынан бас­тап Ыбырайымның даңқы шыға бастады.

Ол Молодой Туд, Приездово, Друздо­во, Тройня, Плеханово ұрыстарында, одан кейін Невель, Великие Луки қалалары үшін болған қырғын шайқастарда өзінің асқан мергендік өнерінің арқасында көптеген фашистің көзін жойды. Бригада төрт ай бойы бел шешпестен ауыр ұрыстарда болды. Тек 1943 жылдың сәуірінде ғана екінші эшелонға көшіріліп, Великие Луки іргесіндегі Ступино биігінің айналасына жайғасты. Осы уақытқа дейін Ыбырайым Сүлейменовтің жалғыз өзі жер жастандыр­ған фашистердің саны 239-ға жетті. Бұл кезде Сүлейменов жалғыз 100-атқыш­тар бригадасының ғана емес, берісі бүкіл 3-інші Екпінді армияның, арысы бүкіл Кали­­нин майданының ең атақты мерген­дерінің бірі болды. Армия, майдан газет­терінде Сүлейменов есімі мадақталған мақалалар жиі басылып тұрды.

1943 жылдың ақпанында 100-атқыш­тар бригадасы Невель қаласына беттеді. Маусым айында Калинин майда­нына қолбасшы болып А.Е.Еременко, ал 3-інші Екпінді армияның басшылығына К.Н.Га­лиц­кий келді. Ұрыс алдындағы үзіліс кезін­де әскери жаттығулар өткізілетін. Сондай жарыстарда Ыбырайым асқан шебер мерген екендігін көрсете білді. Майдан қолбасшысы Еременко оған әб­ден риза болып, кеудесіне «Қызыл жұлдыз» орденін қадап, қолына өзінің сағатын тақты. Содан соң қапсыра құшақтап: «Есеп бойынша 239 фашисті жер қапсырғаның рас екен. Әрдайым аман бол, сен нағыз батырсың», – деді. Ал Галицкий өзінің «1941-1944 қаһарлы жылдар шежіресі» деген кіта­бында Ыбырайымның ерлігін сүйсіне жаза­ды.

Тағы бір дерек армиялық «Фронтовик» газетінің 1943 жылғы 10 наурызда шыққан санында басылған. Мұнда «Мерген жолдас, Сүлейменов Ыбырайымдай бол!» деген жалпы тақырыппен құралайды көзге атқан снайпердің фашистерді мұрттай ұшырудағы тәжірибесі, айла-әрекеті бас­қа­ларға үлгі етіп ұсынылады. Сонымен бірге Ыбырайымның қару ұстап, түрегеліп тұрған суреті берілген. Беттің төменгі жағына «Орденді мерген Сүлейменов Ыбырайым 239 немісті жер жастандырды» деген сөздер үлкен әріптермен жазылып қойылған.

Даңқты мергеннің ерлігін паш ететін құжаттардың қатарына Краснодар қала­сын­да тұратын запастағы полковник Вик­тор Ильич Куценков жіберген листовканы да жатқызуға болады. Тараз қаласындағы облыстық өлкентану мұражайына жолда­ған хатында ол былай деп жазған: «Сіздер­дің жерлестеріңіздің асқан ерлігі туралы листовканы жиырма жылдан астам уақыт сақтадым… Соғыс кезінде көптеген жауын­герлер көзге түсті. Сол үшін олар ордендер­мен, медальдармен наградталды. Ал ең таңдаулылары жөнінде листовкалар жазылатын. Бұл листовканы 3-інші Екпінді армияның саяси бөлімі шығарған. Ыбырайым Сүлейменов жауды жеңуге көп үлес қосты…»

Ыбырайым Сүлейменов 1943 жылы шілде айында Совет Одағының Батыры атағына ұсынылды. 3-інші Екпінді армия әскери кеңесінің бұл ұсынысын Калинин майданының басшылары бір саты тө­мен­детіп, Ленин орденіне түсірді де, Сүлей­меновтің жауынгерлік құжатын жоғарыға, Москваға жіберді. Сол құжат бойынша Сүлейменовке КСРО Жоғарғы Советі Прези­диумының 1944 жылғы 4 маусым­дағы Жарлығы бойынша Ленин ордені берілді.

Ол кезде Ыбырайым Сүлейменов өмірде жоқ еді. 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын фашистерден қорғау жолындағы шайқаста бұрынғы 239 фа­шис­тің үстіне тағы 60 шақты жауды жойып, асқан ерлікпен қаза тапқан болатын.

Ыбырайым Сүлейменовке ресми түрде батыр атағы берілмегенімен, халық жүрегінде батырлар қатарында өмір сүрді. Өзінің сүйегі жатқан Невель қаласындағы бір көшенің аты бүгінге дейін Сүлейменов есімімен аталады. Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы батыр өскен ауыл Төрткөл колхозына, Тараз қаласындағы бұ­рынғы Билікөл көшесіне, сол сияқты Сарысу ауданындағы Комсомол ауыл кеңесі мен Қызыл күншығыс колхозына кезінде Ыбырайым Сүлейменов есімі берілген.

Ыбырайым Сүлейменовтің онымен 100-атқыштар бригадасында бірге болған жауынгер жолдастары ешқашан естерінен шығарған емес.

Москваның әскери баспасы 1987-1988 жылдарда шығарған «Герои Советс­кого Союза» деген екі томдықты ақтарса­ңыз, көп нәрсеге көз жеткізесіз. Мысалы: «Артемьев Иван Тимофеевич. Русский. Пулеметчик. Огнем своего пулемета унич­то­жил более 30 солдат и офицеров про­тив­ника» (1-томның 78-79 беттерін қара­ңыз);

«Архипов Василий Степанович. Русский. Пулеметчик. При отражении контр атаки противника уничтожил несколько десятков гитлероцев» (1-томның 81-бетінде); Бла­жун Андрей Федорович. Украин. Стрелок. В рукопашной схватке уничтожил неско­лько гитлерцев» (сонда, 166-бет) т.б.

Бұл мысалда келтірілгендер соңғысы­нан өзгесі – пулеметшілер мен автомат­шылар. Жалғыз оқты снайпер винтовка­сына қарағанда, бұл қарулардан оқты жаңбырша жаудыруға болады. Соның өзінде де олардың әрқайсысының жойған дұшпандары жүзеге жетпейді немесе содан аз-ақ асып жығылады. Ұшақ, танк, зеңбірек емес, жалғыз винтовкамен 341 жауды құрту орасан мергендік, ерлік, ұстамдылық, шеберлік екендігі – ақиқат.

Ыбырайымның Жеңіс күнін жақындату жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай шайқасқан теңдесі жоқ ерлігін тарихи құжаттар, оның осы күні көзі тірі майдандас жолдастары нақты дәлел­дермен бұлтарғысыз айғақтайтынын тағы да қайталап айтамыз.

Мәселе – «ол 1942 жылдың басынан 1943 жылдың қазанына дейінгі мерзімде фашистердің 281 солдаты мен офицерін жер құштырған» делінген мәліметте. Бұл цифр қайдан алынған? Бұрыннан мәлім 239-ға Невель қаласы түбінде өлтірілген 42 фашисті қосыңыз. Сонда жоғарыда көрсетілгендей нәтиже береді, яғни неміс­тің атқыштар батальонының тең жартысын жалғыз өзі жойған болып шығады. Қолда бар құжаттарды салыстыра зерттегенімізде, Ыбырайым жер жастандырған басқыншы­лардың саны 300-ден әлдеқайда көп болғанына көз жеткіздік. Олай дейтінім, Невель қаласын екінші рет жаудан азат еткен 6-қазандағы ұрыстарда 60 жаудың құртылғаны белгісіз себеппен есепке алын­бай қалған. Сонымен, атақты мерген­нің қолынан оққа ұшқан неміс солдаты мен офицерінің саны 341 болды. Жалғыз оқты винтовкамен осыншама жауды жою – соғыс тарихында бұрын-соңды болмаған ерлік!

 

 

Зеңбірекшілердің ерен ерлігі де еленбей қалды

1943 жылдың бірінші қаңтарында біздің әскерлер Великие Луки қаласын жаудан азат етті. Бірақ Великие Луки қаласында жаудың үлкен гарнизоны қалып қойды. Дұшпан жанталасып, қала­ны қайта алуға, сөйтіп, қоршаудағы гарни­зонға қосылуға тырысты. 100-бригада қаланың батыс жағында қаһарын төгіп, қарсы шабуылға шыққан фашистермен белдесті.

5 қаңтар күні үшінші батарея қалаға қарай жөңкіген жау танктеріне қасқайып қарсы тұрды. Бір батарея фашистердің 30 танкісімен жалғыз шайқасты. Бұл – соғыс тарихында сирек кездесетін жағдай еді.

Біздің зеңбірекшілер мен жау танкисте­рінің арасында қанды шайқас басталды. Зеңбірек көздеуші Мұқан Омарбаев Әбді­рах­ман Бимурзиннің бұйрығын мүлтіксіз орындап, бұл расчет жаудың бірнеше танкі мен жаяу әскерін жайратып салды. Бұлар жөнінде бригада басшылары мен жауын­герлері қол қойып, Қазақстанға жолдаған хатта былай деп көрсетілді: «Кіші сержант Әбдірахман Бимурзин мен көздеуші Мұқан Омарбаев жаяу әскермен тізе қоса отырып, жаудың бес танкін, бір ротадай әскерін жойды». Есіл Бимурзин сол жерде ерлікпен қаза тапты. Бұл хат «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің 1943 жылғы 8 наурызындағы нөмірінің екінші бетінің дәл жартысына жарияланды.

Мырзаби Елтайұлы Ерназаров өте сыпайы, білімді, ойлы жігіт еді. Бұрын Қа­зақстан үкіметін басқарған Елтай Ерна­заров ақсақалдың жалғыз ұлы болатын. Ол әке-шешесіне айтпастан: «Мен құрдас­тарымнан қалмаймын» деп, әскери комис­сариат арқылы 100-бригадаға алғаш келгендердің бірі еді.

Жоғарыда айтылған Бимурзин бірінші зеңбіректің командирі болса, екінші зеңбіректің командирі Мырзаби еді. Оның зеңбірек көздеушісі Алматы тау-кен инсти­тутының бірінші курс студенті, тіл алғыш, шапшаң қимылды Халел Айтбасов бола­тын. Бұл екі зеңбірек те сержант Рымбек Байсейітов басқарған бірінші взводтың қарамағында болды. Байсейітов жауған оқ, жарылған бомба астында зеңбіректен зеңбірекке жүгіріп, жігіттеріне жігер беріп, басшылық етті. Жоғарыда айтылған тарихи хатта бұл зеңбірек расчеты туралы мына­дай жолдар бар: «Политрук орынбасары Мырзаби Ерназаров жаудың үш танкісіне қарсы расчетпен ұрысқа шығып, үш танкінің үшеуін де өртеп жіберді».

Сөйтіп, сержант Рымбек Байсейітов басқарған бірінші взвод бұл күні жаудың сегіз танкін және бірнеше офицері мен солдатын жер жастандырды. Бірақ бұл взвод түгелдей дерлік қырылып қалды. Тек взвод командирі Байсейітов пен Бимурзин зеңбірегінің көздеушісі Мұқан Омарбаев қана денелерінен қан саулап тірі шықты. Лейтенант Месхин бастаған екінші взвод та орасан ерлік жасап, опат болды.

Тек үшінші зеңбіректің көздеушісі Қабдылқай Байжанов қана аман қалды. Батареяның төрт зеңбірегі төңкеріліп, жанын­да расчеттары жусап жатты. Снаряд таусылып, оқ бітсе де, бірде-бір адам кейін шегінбеді. Кешке қарай барлау взводының командирі Мәті Құсайынов келіп, батареяға кейін шегінуге бұйрық болғанын айтып, тірі қалғандарды қолтықтап кейін алып қайтты.

1943 жылы 5 қаңтарда Великие Луки­дің батыс жақ шетінде, Сахно деревня­сының іргесінде біздің үшінші батарея фашис­тердің 30 танкісімен шайқасты. Үшінші батареяның ол ерлігі Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы француздармен жан аямай жағаласқан Тушин батареясының ерлігімен пара-пар еді. Айырмасы: Тушин батареяны өзі басқарып, артиллеристердің қасында болды. Ал үшінші батареяның командирі лейтенант Нұқаш Ералин мен оның орын­басары лейтенант Месхин ұрыс басталар бетте жараланып, тылға кетті. Сондықтан батареяның бірінші взводын сержант Байсейітов, екінші взводын сержант Светличный басқарды. Екінші айырмасы: Тушин батареясы француздардың атты әскер мен жаяу әскеріне қарсы тұрған еді. Ал біздің үшінші батарея әрі жаяу әскермен әрі танктермен шайқасты. Батарея фашистердің он шақты танкін талқандады, бірақ өздері мерт болды. Одан үш адам ғана тірі шықты. Біздің қаһарман жігіттер өздері өлсе де, жауды ілгері жібермеді.

Осы ұрыс үшін үшінші батареяның бірсыпыра жігіттеріне Батыр атағы берілуі керек-ақ еді. Бес танк жойып мерт болған Бимурзин мен үш танкті өртеп опат болған Ерназаровқа І дәрежелі Отан соғысы орде­ні, ал ол екеуінің зеңбірек көздеушілері Омарбаев пен Айтбасовқа және осындай қиын кезеңде взводты басқарған Байсейі­товке ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені ғана берілді.

Ал Ұлы Отан соғысының тарихында екі-үш танкті қиратқаны үшін Совет Ода­ғының Батыры атағын алған артиллеристер әлденешеу.

 

Атақсыз қалған батырлар 

Жалпы, қазақтардың Ұлы Отан соғы­сын­да ерлігі ересен болды. Оны мынадан көруге болады. КСРО Батырларынан саны жағынан бірінші – орыстар, екінші орында – украиндар, үшінші орында – белорустар, төртінші орында еврейлер тұрды. Бесінші орынды қазақтар иеленді. Басқа ұлт өкілдерінің бәрі қазақтан кейін тұрды. Бірақ бұл барлық ержүрек адамдардың бағасы емес. КСРО Батыры атағын алуға лайықты көп адамдар атаусыз қалды. Ол туралы ағылшын жазушысы Александр Верт өз кітабында қазақтардың ерлігін ерекше атап көрсетті.

«Батыр» деп жарлықпен Батыр болған­дарды ғана айтпау керек, елі үшін жауған оқтың астында жауға қарсы қорықпай бас көтергендердің бәрі – Батыр.

Кеңес Одағы ыдырап, өз алдымызға дербес мемлекет атанғаннан кейін тарихымызды өз көзімізбен, өз сөзімізбен қайта жаза бастадық. Ең алдымен, шейіт боздақтарымыз халқымен қайта қауышты. Барлығын Мәскеу шешіп тұрған заманда Ұлы Отан соғысында да боздақтарымыздың қағажу көріп, «марапат қазанынан» қағылғаны енді белгілі болып жатыр. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей, іштегі шерді тәуір-ақ ақтардық. Әлі де ақтара береміз. Тек есітер құлақ содан нәти­же шығарып, әділдік пен шындық орнатар «үлкен жүректі азаматтар» ат үстінде болсын дейік.

Отан ортақ болғанымен, орталықтың ала қойды бөле қырқып, ұсақ ұлт өкілдерінің ерен ерлігін елеусіз қалдыруға тырысқанын несіне жасырамыз. Ерлікті бағалауға келгенде Кеңес үкіметінің бас­шы­лары нәсілшілдікке бой алдырды. Аз ұлттардың өкілдерін ұлты орыс қолбасшы­лар мен командирлер тарапынан кемсітуге жол берілді. Олар өздерінің түймедейін түйедей етіп көрсетуді мақсат тұтты. Славян нәсілдердің басқалардың майдандағы көзсіз ерліктеріне күдікпен қарауы, мен­сінбеуі орын алды. Бұл – тоталитаризмнің сталиндік солақай саясатының салдары еді.

Біз, бүгінгі ұрпақ, ештеңені ешқашан ұмытқан емеспіз және ұмытпаймыз да. Қазіргі сәулетті өмір үшін жанын пида етіп, кеудесін оққа төсеген, арамызда әлі де белгісіз болып келген ерлер есімін ел есінде қалдыру – бәріміздің азаматтық борышымыз. Біздің міндетіміз – 1418 күн мен түндегі ел тағдырын еңкеймей көтер­ген аға-әкелеріміздің қаһармандығын бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсету.

Осыған орай, қолда бар мұрағат де­рек­теріне сүйене отырып Ұлы Отан соғы­сын­да ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, алайда саяси солақайлық, тарихи әділетсіздіктің кесірінен бұл атаққа ие бола алмай қалған қандастарымыз жөнінде қысқаша мәлімет беруді жөн көрдік.

Олар: 1. Біләл Қалиев – 1941 жылы 8 тамыз күні Берлинді бомбалады. 16 тамыз күні екінші рет бомбалады. Аса қауіпті тапсырманы орындауда асқан ерлік пен кәсіби шеберліктің жоғары үлгісін көрсетті.

2. Балтабек Жетпісбаев – Панфилов дивизиясының артиллерия полкінің комиссары, командирі. Ол басқарған батарея қысқа мерзім ішінде жаудың 6 танкісін, 13 машинасын, 120 солдат пен офицерін жойып жіберген.

3. Аманша Меңдіғалиев – Панфилов дивизиясының батарея командирі. Бата­рея жаудың жалпы саны 4 танкісін, 5 бро­немашинасын, 18 оқ ататын нүктелерін жой­ды, 200 солдат пен офицерін оққа ұшырды.

4. Төлеуғали Әбдібеков – Панфилов дивизиясының мергені. Гитлершіл батыр қазақтың соңғы атқан оғынан сеспей қатты. Бұл атақты мергеннің есебіне енген 395-інші дұшпаны болатын. Фашистер оны «Қара өлім» деп атаған.

5. Сұлтанбай Ысқақов – Бір өзі гра­натпен және автомат оғымен 52 фашисті өлтірді, жаудың 2 пулеметін және танкі ататын мылтықтың расчетін жойды, 7 неміс солдатын тұтқынға алды. Екі сағаттық ұрыста 25 жауынгері ерлікке бастап бүкіл полктің ілгері басуына мүмкіндік берді.

6. Сембай Қалиев – Будапешт түбін­дегі ұрыста жаудың 20 бронемашинасын,  8 танк, 12 бронетранспортерін жойып жіберген батареяның командирі.

7. Оразай Самақов – Батарея дұшпанның 5 танкісін жандырып, 3-еуін істен шығарды. Артиллеристерді бірнеше рет жау снарядының жарылысынан кейін топырақ басып қалды. Соған қарамастан, олар зеңбіректі тез ретке келтіріп, фашис­терге қарсы тұра білген.

8. Ораз Әлібаев – Барлауда жүріп Ораз Ленинград түбіндегі Ладога көліне немістердің 10 мың адам десант түсіру жоспарын біліп, хабарлайды. Күн ілгері хабарланған кеңес әскері 10 мың адам неміс десантын Ладога көлінде мұз үстінде түгел жойып жібереді.

9. Ысқақ Уәлиев – Старшина Ысқақ Бәлиұлы Калинин майданының үздік мергені атанып, екі рет «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Ержүрек жауынгер жаудың 227 солдат-офицерін құрдымға жіберген.

10. Алқар Унгаров – Офицерсіз қалған ротаны аға сержант А.Унгаров шабуылға көтерген. Жауынгерлер бұл ұрыста 38 жау әскерінің көзін жойып, 61-ін тұтқынға алған.

11. Ғали Әділбеков – Гвардиялық танк полкінің командирі. Соғыс қарсаңында бронетанк әскерлерінің академиясын бітірген. Ол басқарған полк жаудың 29 танкісі мен бронемашинасын, 20 танкіге қарсы ататын зеңбірегін, 3 батальон жаяу әскерін құртты.

12. Ғұсман Ахметқалиев – Орел-Курск доғасындағы жан беріп, жан алысқан шайқаста бөлімше командирі Ғұсман бес дұшпанды атып өлтіріп, 22-сін гранатамен жайпап, 19-ын тұтқынға алған. «Қызыл жұлдыз» орденімен екі рет марапатталған.

13. Әбіл Нүсіпбаев – Панфилов дивизиясының атақты мергені. 260 фашистің көзін жойған. І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталған.

14. Әбен Ахметов – Берлин түбіндегі болған шайқастарда гвардия лейтенанты Ә.Ахметовтің зеңбірекшілері жаудың 1«Тигр», 2«Пантера» танктері мен     5 брон­ды машинасын атып, өртеп жіберді.

15. Ораз Бұзақаров – «Егемен Қа­зақстан» газетінің 2000 жылғы 9 мамырда шыққан мерекелік басылымында ҚР Мұрағатының бөлім меңгерушісі Ә.Ипма­ғанбетованың Бауыржан Момышұ­лы жөніндегі мақаласы жарық көрген бола­тын. Сол материалда көрсетілгендей, 1942 жылы Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың Мәскеу­ден Қазақстанның Орталық партия Коми­тетіне жеделхат жолдап: «Біз Кеңес Одағы­ның Батыры атағына ұсынған жолдастар: Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Бал­табек Жетпісбаев, Ораз Бұзақаров туралы қажетті өмір-деректік мәліметтерді жібе­рулеріңізді сұраймыз. Капитан Б.Момышұ­лы туралы мәліметтер жеткіліксіз болып шықты», деген. Әйтсе де бізге белгісіз себеппен Б.Жетпісбаев пен О.Бұзақаров кезінде өзінің әділ бағасын ала алмағаны қазір ғана белгілі болып отыр.

16. Алтыншаш Нұрғожинова – 1924 жылы туылған, ұлты – қазақ. Әскерге Мәс­кеу қаласының Сталин аудандық әскери ко­миссариатынан шақырылған. 1941 жылы Орал әскери округінен алты айлық коман­дирлер курсын бітірген. Қазақтың тұңғыш офицер қызы. Гвардия лейтенанты. Орта­лық, Воронеж және Украина майдан­да­рында соғысқан. 237, 70-атқыштар диви­зияларында батальон комсоргі болған.

Игіліктің ерте кеші жоқ. Сондықтан бұдан 68 жыл бұрын жасалған әділетсіздікті кеш болса да түзетуге пәрменді шаралар қолданылуы тиіс деп ойлаймыз. Ол үшін Ұлы Отан соғысының 70 жылдығын мере­келеуге байланысты құрылған республи­калық ұйымдастыру комитеті қажетті материалдарды кешіктірмей дайындап, Елбасының алдына мәселе қояды деген үміттеміз. Торқалы той қарсаңында тарихи қателікті түзетіп, атақсыз қалған батырлар­ға «Халық Қаһарманы» деген жоғары атақ берсек, нұр үстіне нұр болар еді.

2010 жылғы 12 желтоқсанда еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен қолға алынған қазақстан­дық дербес ұлттық 100 және 101-атқыш­тар бригадалары жауынгерлеріне арнал­ған мемориал қаһарман Ржев қаласында салтанатпен ашылды. Ол ұзындығы 27 метр болатын гранит қабырғадан тұрады, онда Қазақстанның алып картасы бейне­ленген. Картада осы бригадалар құрылған Ақтөбе және Алматы қалаларының, сон­дай-ақ еліміздің бас қаласы – Астананың аты жазылып, жұлдызшалармен көрсетіл­ген. Мемориалдың іргелес аумағы түгел­дей абаттандырылған.

Ескерткіштің эскизін қазақстандық сәу­лет­керлер жасап, оның құрылысы Ақтөбе облысының бюджеті арқылы қаржы­лан­дырылды. Ескерткіштегі гранит тақталарға 10 мыңнан астам қазақстандық жауынгер­дің аты-жөні ойып жазылған.

 

Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор  ҚР ГҒА-ның академигі, ҚР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.

 

http://alashainasy.kz/ruh/42573/

Рубрика: