Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

inform.kz— Кезінде «Анашым» атты әніңіз аналарға арналған гимн ретінде қабылданғаны рас. Жиын тойларда әліге дейін айтылады. Ұмытылып қалып кететін әндердің қатарынан емес. Соңғы уақытта «Анашым», «Алғашқы махаббат» атты әндеріңізбен деңгейлес ән шығара алмай жүрсіз бе, әлде ол халыққа жетпей жатыр ма?..

— 90-шы жылдары ата-анаға деген сағыныштан шыққан «Анашым», «Әке арманы», «Қыз сыны», «Алғашқы махаббат» сезімнен, махаббаттан туған әндер екені рас. Кейінгі жылдары көптеген әндерім шықты. Меккеге барғанда «Сұлтан Бейбарыс», патриоттық бағыттағы «Шарықта Қазақстан», «Болашақ Қазақстан» атты әндерім дүниеге келді. 2000 жылы Бүкіләлемдік композиторлар ассоциациясының мүшесі болдым. Содан бері бірнеше шетелдік сапарларда болып қайттым. Францияға барғанда «О, Париж» деген ән шықты. Астана ауысқанда «Арман қала Астана» атты әнім туып, ол менің өмірімдегі де, өнерімдегі де үлкен құбылыс болды. Миллениум кезінде Елбасымыз Астанаға шақырып шаңырақ берген соң содан бері мен сонда тұрып жатырмын. Жас таланттарға дәріс беріп келемін. Айтуыңыз орынды әрине. Бірнеше әндер тасада қалып қойды. Қазіргі таңда 100-ден аса әндерім шықпай жатыр. Себебі мен Астанаға барғаннан кейін Елбасы «Астананы қалай көтереміз, экономика жағынан, мәдениет жағынан» деген сауал тастады. Сол үшін мен жас таланттарды, шәкірттерді тәрбиелейін деп шештім. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей еліміздің әр түкпірінен шыққан жас дарындарды тәрбиелейтін «Талант» атты өнер орталығын аштым. Оны ашу оңай болған жоқ. Бес қабатты үлкен шаңырақты бітіру де оңай болмады. Өзім Созақ ауданы, Шолаққорған аулынанмын. 2 сыныпта оқып жүргенімде ауылымызға Шәмші Қалдаяқов келген болатын. Сол шақта «Ана туралы жырын» орындап, батасын алған едім. Парадокс дейміз ба, сол кісінің айтқаны «Ауылдан шыққан қазақтың қара домалақ талантты балалары көбейіп жатыр. Соларды оқытатын мектеп ашсам арманым жоқ» дегені есімде. Сол кісінің көрсеткен жолы ма, батасының арқасы ма кім білген, Астананың қақ төрінде үлкен орталық ашып отырмын. Соған өз қаражатымды салып, жолдастарым қол ұшын созып, несие алып дегендей бітірдік. Оның ішінде 300 орындық үлкен залы бар. Жуырда амфитеатр ашылайын деп жатыр. 20 номинация бар. Ән, күй, домбыра, фортопиано, ұлттық аспаптар, қобыз, скрипка, актер шеберлігі, бидің әр жанрлары бар. Вокал бар. Сол бойынша оқып үйренеді. Негізгі мақсат халықаралық байқауларға жас дарындарды алып барып соларды дәріптеу. Композиторлар қоғамының мүшесі болғандықтан шақырулар көптеп түсіп тұрады. Облыстардан келген дарындарды іріктеп соған апарамыз. Орталығымызда барлығы ақылы емес. Мұқтаж балалар көп. Тұрмысы төмен, ата-анасы жоқ балалар бар. Осы уақытқа дейін Рим, Париж, Стразбург, Италия, Флоренция, Испания, Малайзия, Қытайға алып бардым жас дарындарды. Өнер орталығымыз 2010 жылы ашылса, оған сонау мұхит асып Марк Дакаскас, Кири Тагава, Оливер Грунер, Дон Дракон сияқты жұлдыздар қатысты ашылу салтанатына. 2011 жылы Ресейдегі «Минута Славы» бағдарламасында қазақы әуенді әуелетіп Еркеш Хасен финалға шықты. Ол бүгінде «Айгөлек» бағдарламасын жүргізеді. 2012 жылы 6 жасар Бибімариям Омарова мұхит асып Голливудтан 55 елден қатысқан байқауда бағы жанып, бас жүлде алып келді. Жетістіктеріміз көп. Жеңімпаздарымыз да аз емес. 10 оқытушымыз, 150-ден астам оқушыларымыз бар… Өз шығармашылығыма келер болсам, биыл өнер жолында өз сүрлеуімді салғаныма 30 жыл толады екен. Содан ойландым, қайдан бастасам екен деп. Алматыдан ба, Астанадан ба деп ойланып жүрген кезімде Мәскеуден Ғалым Оразбақов деген өкіл- елші ұсыныс жасады. Бейбітшілік пен келісім сарайында 30 жылдық мерейтойлық концертімді өткіздім. Ондағы қандастарымыз қазақы әндерді сағынады екен, көздеріне жас алып, алғыстарын айтты. Елге келмек ойлары бар. Әндерімнің оларға үлкен ой тастағаны мен үшін үлкен қуаныш әрине.

— Өнер иелерінің басым бөлігі қазақтың маңдайына біткен арынды да, дарынды тұлғаларын үлгі тұтып өстім, батасын алып едім деп жатады. Өзіңіз де Шәмшіні үнемі аузыңыздан тастамай айтып жүресіз. «Батаменен ер көгерер…» дегендей мұнда да үлкен мән болғаны ғой…

— Неге екенін білмеймін Шәмшінің «Ана туралы жыры» өте қатты ұнайды. «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған…» деген сөздерінде қандай терең мағына жатыр… 4 сыныпта оқып жүргенімде ауылдан Шымкент қаласына көшіп келдік. Сонда анам маған гармон сатып әперді. Әкем 1 жасымда өмірден өткен. Анамның тәрбиесінде болдым. Әкем де, анам да сол кісі, аялап өсірді. «Жеңіс» саябағының қасында тұратынбыз. Кішігірім бақшамыз болатын. Сонда отырып алып гармонмен ән айтатынмын. «Әке туралы әнді» айтып отырғанымда көрші кісі Төкең келіп басымнан сипап, «Әке туралы ән айтып отырсың, әкеңді сағынған екенсің ғой. Менің де балам осындай ән айтса ғой» дейтін. Көрші тұрған сол кісі ақылын айтып, көп демеу болатын… Менің өмірімде Шәмшінің атына, Шәмшінің әніне қатысты жағдаяттар өте көп. Ең алғаш Шәмші Қалдаяқов атындағы филормонияға жұмысқа тұрдым. Бүкіл республиканы араладым. 1991 жылы тұңғыш рет Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық байқау өтті. Сонда лауреат атандым. Батаның жөні бір бөлек қой. Расында да ұлы тұлғаның шын ниетімен, ізгі тілегімен берген батасының арқасы да болар. Үлкен жетістіктерге жеткенім. Енді сол кісінің басты арманын, негізгі мақсатын орындау қалған-тын. Яғни, қазақтың дарынды ұландарын өнер жолына даярлау, шәкірт тәрбиелеу. Бүгінде бұл арманды да бағындырдық. Қазақтың маңдайына біткен арда ұлының арманы орындалды деп білем. О баста мектеп салам-ау деген ойымда да болмаған. Сол кісілердің жол көрсетуі де болар бұл…. Жыл өтер, ғасыр өтер жас таланттарымыз «Марат Омаровтың шәкіртіміз» десе нұр үстіне нұр емес пе? Мәселен, Мәскеуге барғанда шәкіртімнің барлық шығындары менің мойнымда болды. Қолымнан келгенше көмектестім. Сондықтан қазіргі жастар шоу бизнестен хабары болуы керек. Өнерде жүргеннен кейін шығын болады әрине, табыс болмаса тағы қиын. «Шығыс шықса кіріс болар, берекелі ырыс болар» дейді. Шығыс шығады екен деп жан-жаққа шашу емес әрине, тиянақты түрде бірнәрсені көздеп соған жұмсау. Соңына дейін жеткізіп нүктесін қойып, жемісін жеу. Көп таланттарымыз қазір адасып жүр. Олардың көбісі өзгенің әнін айтып тойларда жүр. Қырғыздың әнін айтып. Шәкірттеріме «өзгенің әнін ұрлап айтпа, киелі сахнада халықтың жүрегінен шығатын, ақ пейіл, адал көңілінен орын алатын жолдар ізде. «Әрекет жасасаң, берекет береді» дегендей жол іздесең әрдайым табасың. Ұстазың болса, жолды таңдасаң жалқауланбасаң болды. Қиыншылықтар болады, әрине әр нәрсенің өз қиындығы болады. Онсыз ләззәт ала алмайсың. Жолын тауып, сол қиындықтарды жеңе білген, төзе білген адам ғана өз орнын таба алады» деп айтып отырамын.

— Өнер Орталығыңызға жас таланттарды қабылдауда қандай да бір ереже бар ма?

— Дұрыс айтасыз, мен Малайзияға барғанда «Айком интернешнл колледж оф мюзик» атты өнер орталығында тәжірибе алмастым. Мұнда әлемнің әр түкпірінен дарынды балалар жиналады. Оларды қабылдайды. Бала ән айтады ма, оған шектеу қоймайды. Оқуға қабылданғаннан кейін 1 айдан кейін, әр бала өзінен де мықты әншілер бар екенін мойындап, түсініп басқа мамандықты таңдай бастайды. Басқа тума таланттарды көріп ойлана бастайды. Дизайнер, стилистер сияқты басқа мамандықты таңдайды. Өзінің мүмкіндігін баланың өзі саралағаны дұрыс. Тек дұрыстап бағыттай білу керек. Сол сияқты балаларға таңдауға мүмкіндік беру керек. Үкімет көмектесіп жатса интернат ашып ұлғайту жоспарымызда бар. Бірақ оған қаржы бөлінбейді. Қаржы бөлінсе тәуелді боп қаласың. Ертеңгі күні заман қалай болады. Оған денсаулық керек, күш қуат керек дегендей. Халықаралық байқауларға қатысу міндетті түрде қалады. Оған апарып келу менің мойнымда. Ал колледж боп құрылуына оған мемлекеттен қаржы бөлінуі керек. Онсыз болмайды. Заманға сай техникалық құралдар қажет. Көп қаржы қажет. Менің міндетім жастарды өнерге баулу. Ән айтатын болса, мен оған «ән жазып байқап көр, композитор болуың мүмкін» деп соған жағдай жасаймын. Кейбіреулерде тума талант болады, енді бірінен шықпай жатады. Оқу ақысыз болмайды. Оқытушылар бар менде. Олар бала шағасын асырауы керек. Нәпақасын дұрыстап беруім керек. Балалардың кейбіреулеріне жеңілдіктер қарастырылған. 1 ай тегін дәріс беріп, қалған уақытына ходатайство береміз. Негізі қоғамдық қорымыз бар. Ұлттық компанияларға дарынды шәкірттерімізге қолдау көрсетіңіз деп өтініш хат жібереміз. Бәріне де белгілі Астанада жүріп, тұру дегеніңіз өте қымбат.

— Дарынды балаларды көтеріп жатырсыз, көмектесіп жатырсыз, өзіңізге қандай да бір пайда бар ма?

— Пайдасы керемет деп айта алмаймын. Жоқ десе де болады. Алматыдағы сияқты коммерцияға айналдырамыз ба деп ойлағам. Сөйтсем талантты балалардың жағдайы жоқ, талантсыздардың ақшасы болғанымен бір екі ай ойыншыққа оқиды да кетіп қалады. Табыс көзі деп айта алмаймын. Бірінші қабатта мейрамханамыз бар. Сол сәл де болса табыс табады. Ол жерде кешке жақын вокалды аспапты ансамбльмен таза дауыста ән айтып өз өнерлерін көрсетеді. Күндіз балаларға өте арзан бағада тамақ береміз. Кешке дәмхана ретінде жұмыс істейді. Сол арқылы шығындарды жауып отырамыз. Негізі бұл жұмысымды сауап ретінде істеп жатқан жайым бар… Өзім де кезінде талай жанның жақсылығын көргенім бар. Шымкенттегі Метталлургтер сарайында Леванти деген кісі гитарадан дәріс беретін. Айына 13 сом төлейтінбіз. Жап-жақсы үйрендім. Төртінші айда ақша болмай қалды. Содан оқытушыма «Владимир Борисович кешіріңіз, оқуымды жалғастыра алмаймын. Отбасылық жағдайыма байланысты қаржы жағы қиын болып тұр…» дедім. Сонда ол: «Марат, мен бес айдан кейін Беллоруссияға кетіп бара жатырмын. Сен балалардың ішіндегі таланттысысың. Бес ай оқы. Сосын ол саған өмір бойғы наның болады. Тегін оқи бер» деп үлкен жүрекпен көмек берді. Соның арқасында кәсіби маман боп шықтым. Сол есімнен кетпейді. Сондай жандардың жақсылығын көргеннен кейін өзің де біреуге көмек бергің кеп, демеу болғың келеді. Алсам деп емес, халыққа берсем екен деп ойлау керек. Істеген ісің біреуге ой салып, жүрегіне жылу сыйласа сауаптың үлкені сол. Қалғаны өз психологиясына байланысты. Мәселен сізге миллион доллар берсе не істейсіз, оны жарата білу де өнер. Әр нәрсенің өзінің жауапкершілігі, салмағы болуы керек. Соңғы әлетте мазмұнды да, мәнді де әндер азайып бара жатқанын байқайсыз. Батыстың манерасына салады, бірақ ұлттық нақышты жоғалтпау керек. Ұлттық құндылықтарымызды да. Онсыз біз ешқайда шыға алмаймыз. Талай шетелде болдым. Күйсандықта ойнап, қазақи әндерді айтқанда тамсанбаған жан жоқ. Керек пе, ағылшынша да айтайын деймін, бірақ оларға ол таңсық емес. Әлде де болса бір адамның жарып шығуына себепші болсақ деген тілектеміз, сонысымен өмір қызық мен үшін.

— Бүгінде «три в одном» яғни, өзі ақын, өзі әнші, өзі сазгерлер көбейіп кетті. Бүгінгі шыққан әндері ертең ақ ұмытылады. Алдыңғы толқын ағаларға өкпеңіз жоқ шығар, ал кейінгі толқынға қандай сын айтасыз?

— Мен пәленшеге өкпелеймін деп айта алмаймын. Себебі заманауи стильдері басқа. Ұлттық нақышты жоғалтпау керек. Заманға сай жанрларды іздеу керек, табу керек. Манера біреу ақ болып қалды ғой қазір. Бір ғана тақс-тұқыс, бір ғана аккорд. Бұрындары филармонияда дәріс алған кезімізде бәрін ежіктеп, талдап тұрып үйрететін. Стильдің өзі бөлінеді әртүрлі болып, сол стильдің өзі жоқ қазір. Композитор деген атақтың өзін тым арзандатып жібереді. Мамандығы жоқ. Көп ізденбейді. Білім алмаған. Жәй әншейін той думанда жүріп жұлдыз болғысы келеді. Астанаға барғанда бір тойда «синтезатор бар ма, ойнап ән айтайын» дегенімде «е, оның не керегі бар, бізге екі колонка сатып әперген, дискіні қоям, басқасының керегі жоқ. Тойдың егесі ақшасын төлесе болды» дейді. «Бұл өнер ғой…» десең түсінбейді. Оны тек табыс табу ғана деп біледі. Ақша түсірсе болғаны. «Ертеңгі күні Халық әртісі келіп тірідей дауыста ән айтам десе не істейсің» десең «ол өздерінің шаруасы маған ештеңе керек емес, ақша төлесе болды» дееппп отыр. Түсіндіре алмайсың. Астананың өзінде жүрген кейбіреулердің түсінігі осындай. Жамандағаным емес, Астананың менталитеті мүлдем бөлек. Түсіндіру қиын… Жастардың ізденісіне байланысты. Көп ізденіп, бір шығарманы 20-30 жыл ұмытпайтындай етіп шығарса сол нағыз шедевр болмақ. Нұрғиса Тілендиев: «10 болмаса 100 ән шығарайын, бірақ бір екі әнім халықтың жүрегінде қалса одан басқа бақыттың керегі жоқ» деп айтып еді баяғыда… Орталыққа келгендерге ән айтпасаң ән жазып көр деймін. Біреулері болсам бола салайыншы деп байқап көреді, бірақ шықпайды. «Сен өзіңді өнерде сүйме, өнерді өзіңдей сүй. Ішіңде сүй сонда бірдеңе шығады» деймін. Оңайлықпен ештеңе өз өзінен келмейді. Байқауларға қатысу керек. Жеңілістің де дәмін тату керек. Басқа қарсыластарыңның мықтылығын мойындау керек. Сөйте сөйте піседі адам. Сынды қабылдай білу керек. Қателіктер жібермеуге тырысып оны жеңе білу керек.

— Кезінде Шәмшінің өзіне де көптеген сын айтылған «әндері бір сарынды» деген сияқты. Бірақ оның әндерін сүйген халық бәрін аршып алды, ақтап алды… Өзіңізде де бірсарындылыққа ұрынып қалам-ау деген қорқыныш жоқ па?

— Кезінде Шәмшіні «Вальстің корольі» деп бекер айтпаған ғой. Ол кісіде вальстің стильі бар-тұғын. Свинг, факстрот, джаз, рок, попса, көптеген стилдер бар. Оны бірсарындылыққа келтіре алмайсың, оның көбісі де қазақилыққа келе бермейді. Қазақы колоритке ыңғайластырса да келе бермейді. Ыңғайластырып қазақы шығаруға тырысасың. Әртүрлі мақамдар жалғасын тауып жатады.

— Шығармашылық тоқырауға жиі ұшырайсыз ба?

— Уақытымның басым бөлігі жастарды тәрбиелеуге кетіп қалады. Оларды дәріптеу соларды шығару оңай шаруа емес. Ертеңгі күні «Марат Омаровқа барып ем қабылдамады» десе жақсы ма, ренжіп кетпесін дейсің. Шәкірт тәрбиелеу де оңай жұмыс емес, инемен құдық қазғандай дер едім оны да. Мына жақта әнің пісіп жатады. Шықпай жүреді сосын. Ана жақта жұмысың күйіп жатады. Сосын қойшы ертең қараймын ғой дейсің. Оңай емес. Бірқатар елдер шақырып жатыр. Бұл еңбегіңді бағалағаны болар. Сондықтан қазір шығармашылығымды қолға алғалы жатырмын. Бұл үлкен жауапкершілігі бар, халыққа керек дүние. Мәскеудегі концертте ерлі зайыптылар қазақи әндерді тыңдап отырып «не істеп жүрміз мұнда?» деп елге деген сағыныштары оянып жатыр. Бұл өнердің, әннің қасиеті емес пе? Үлкен халықаралық жоба ойластырып жатырмыз бүгінде. Қазақы әндерді үйрету, қазақтың бар екенін дәріптеу бізге парыз.

— Өнер адамдарының «мен, мен» деп менмендікке ұрынғанын құптайсыз ба?

— Мәселен, халықтың сүйіспеншілігіне, хошеметіне бөленген Шәмші қандай қарапайым адам болған. Менмендік менде жоқ. Менің қаншама атақтарым бар. Егер сондай атақты басқа біреу иеленсе басқаша болар ма еді. Еліміз бойынша Бүкіләлемдік компоизорлар асосиациясының мүшесі жалғыз мен ғана. Халықаралық жекеменшік өнер орталығын ашқан ешкім жоқ, бәрі аренда да отыр. Таланттысың ба көрсет, дәлелде. Ішіңде бірнәрсе болса жанып тұрсаң көрсет, өнерге он қадам аттасаң ол саған жақындайды. Адам өзіне жол салуы керек.

— Өзіңізді мақтаншақ, даңғойлардың қатарына қоспайсыз ғой…

— Жоқ. Қоспаймын. Көбісі қарапайымсыз дейді. 1987-ші жылы «Жігер» фестивалінің лауреаты болдым. Қазақстан композиторлар одағы сьезінің делегаты болдым, 1989 жылы Қырғызстанда өткен фестивальдің бас жүлдесін иелендім. 90-шы жылы Бұхарада өткен халықаралық фестивальда жүлдегер атандым. 1991-ші жылы Алматыда шығармашылық кеш өткіздім. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі атандым. Жастар одағы сыйлығының лауреатымын. «Түркі әлемінің санатшысы» деген атағым бар. Каирда «Сұлтан Бейбарыс» әнімен бас жүлде алдым. БҰҰ ның мүшесі болдым. «Құрмет» орденінің иегері, «Тіл жанашырымын». Шүкір деймін. Менмендікке бару қажет емес.

— Иллаһи әнге ден қойып жүрмін депсіз…

— Иллаһи деген адамды имандылыққа бұратын дүние. Жастарды имандылыққа үйрету қажет. Өйткені имандылықсыз олардың жолы түзу болмайды. Иллаһи адамның жүрегіне құйылмаса оңай емес. Бұл салауатты әндер. Имандылыққа шақыратын. Бірақ фанатик болмау керек. Дінге қатты беріліп, фанатизмге беріліп кету қауіпті.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Автор: Гүлжан Көшерова

Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/marat-omarov-ansh-sazger-kazakyi-anderd-uyretu-kazaktyin-bar-ekenn-darpteu-bzge-57160/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: