Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Жұртшылық арасында жиі қолданылатын мақал-мәтелдердің кейде өңі айналып, сөзі өзгеріп айтылатынын байқап қалып жата­тынымыз бар. Соның кесірі кейінгі жастарға тиіп жатқанын да аңғару қиын емес. Бұл да кейбір құлаққа «Самарқанды су алыпты» деп жететін әңгіме секілді дүние болғанымен, оны дер кезінде жөнін айтып түзеп отырмаса, кейінгілердің мақалдың мәнін кетіре, мәйегін қашыра айтуынан қайшы түсініктер шықпасына кепіл жоқ. Соған орай мақал-мәтел мәселесін арқалап Астанадағы редакциямызға Мафиза Нұрсапақызы келген болатын. Ұстаздың пікірін төмендегі қалпында бергенді жөн санадық.

Қазір көпшілік қолданып жүрген кей­бір мақал-мәтелдің сөзі өзгеріп кетіп, мүл­дем басқа мағына беріп жүргенін бір­неше жағ­дайда байқадым. Осының салдарынан жас ұрпақ әлгіні қалай есті­се, солай айтуға тырысып, мәтел сөздің мәні­не бойлай ал­ма­ғаны қынжылтады. Бұрынырақта сон­дай мақал-мәтел өзгер­ген болса, үлкен аға­ларымыз, білімділер сөз бастап, газет-жур­нал арқылы мағына­сын түзеп, ол ке­йін­гі жастарға сабақ бо­лып отырғанын да бі­ле­міз. «Таз ашуын тырнадан алады» де­лі­ніп кет­кен мәтелдің «Таз ашуын тырна­лап ала­ды» деп осы күні түзелгені де сон­дай үл­кен­дер ықыла­сының арқасында деп ой­лаймыз.

«Қырық үйден емес, қырық июден…»

Ендеше, біз еститін сондай бір-екі ма­қал­ға тоқталсақ. Қазір баспасөзде жиі жа­зы­лып, теледидар мен радиодан көп ай­ты­латын бала тәрбиесіне қатысты «Қыз­ға қырық үйден тыю, ұлға отыз үй­ден тыю» де­ген мақал бар. Осыдан бір­неше жыл бұ­рын ауданымызда «Қыз сыны» байқауы өтіп, соған қатысқан оқу­шы қызымыз осы ма­қалдың мағынасын аш деген тапсыр­ма­ға мүдіріп қалған еді. Дегенмен тіке естіген балада кінә бар ма: «Сонда мен 40 үйге бар­мауым керек пе?» деп өзі де таң-тама­ша болғаны бар. Осы кезде әжелеріміз ай­тып, құлағы­мызға сіңіріп келген мақалдың уақыт өте келе сөзі де өзгеріп, салдары ма­ғы­насын бұза түскенін аңғардық. Мұнда мә­селе «қыз­ды 40 үйден тыюда» емес, «қы­рық июден тыюда» екенін айтып, ма­ғы­насын да ашып берген едік. Біздің бала күніміз­де әжелеріміз «қызды қырық ию­ден тыю» деп анық айтатын. Мұндағы «ию» сө­зі­нің мағынасын бізге «бәле-жала» деп те тү­сін­діруші еді. Ал «қырық» сөзі қа­зақ ті­лін­де көп деген мағынаны білдіреді. Мы­са­лы, «қырық аяқ, қырық жан, қырық қа­бат» т.б. Яғни бала тәрбиесінде қыз бой­жетіп қияға, ұл ержетіп ұяға қон­ған­ша көп­теген әдепсіздіктен, бәле-жа­ла­дан тыйып ұстау қажет деген сөзді осы ма­қал ар­қылы ұғынатынбыз. Ал ондай ты­йым­дарға дарақы болмау, жеңілтек бол­мау, үлкендерді беттен алмау секілді көп­те­ген тәрбиелік маңызы зор қазақи ұғ­ым­дарды санаға сіңіріп өсіру, сол ар­қы­лы тәр­биелі ұрпақ қалыптастырып, олар жұрт се­німін ақтап жататын.

Ал «ию» деген сөздің және бір жана­ма мағынасы бұл көбінесе жайсыз жағ­дай­лар­да сапталады. Мысалы, қандайда бір адам көмек ала алмай немесе көмек пен көлік болмай, дәрігерге жете алмай жол үс­тінде қаза болып жатса, үлкендер жағы: «Жа­ратқан иеміз ию-қиюын солай келтіріп тұр» деп айтатын. Немесе дүние-мүлкі, ма­лы оқыс шығындалса да сол сөзді қол­да­нушы еді. Қазақ тілінде «ою-оюластыру, қию-қиюластыру» деген сөз­дерге ұқсас «ию-қию» сөзі де қолданы­лады. Бұл сөз­дер ілге­рі­дегі жазушы аға­ла­рымыздың шы­ғарма­ла­рында жиірек қолданылатыны да бел­гілі.

«Қыздың жолы қыл көпірдей жіңішке»

Ендігі бір шала мәтел – «Қыздың жолы жіңіш­ке». Онда «қыл көпірдей» де­ген ұй­қа­сы түсіп айтылып, келе-келе бұл теңеу­дің жал­ғасын мүлдем ұмыта бас­та­дық. Мұн­да­ғы «қыл көпір» – бұл ана дү­ниедегі то­зақ отының үстінен салынған кө­пір еке­нін бәріміз діни әпсанадан ұғынамыз. Солай болғанда мақал қыз ба­ланың тәр­бие­сіне ата-бабаларымыз­дың барын­ша мән бер­генін дәлелдейді, қыз баласы ес жиып, бойжете бастағанда аса сақ бо­лып, аяғын аңдап басуы керек­тігін, барған жеріне ашы­лып-шашылмай, таза, пәк кү­йінде қосағына қосылуы тиіс­тігін айтады.

Теледидардан «ит арқасы қия» деген мәтелді «ұзақ жер», «алыста» деп түсініп, со­ған қосарлайды. Әсілінде бұл сөз ұзақ жерді емес, шығуы биік асуды, таулы қия­ны білдірмей ме? Ал ұзақ жерді «ит өлген жер» деп айтуға болады емес пе?

Түптей келгенде, мақал-мәтелдің мә­ні­нен жастарды жаңылдырмасақ, қайта сөз түбірі қиғаш кетіп бара жатса, соны «Алаш айнасы» секілді ұлт газетінің бе­тінде жас­тар­ға үйретіп отырсақ, игі болар еді. Көп жыл ұстаздық етіп, шәкірт тәр­биелеп, жас ор­тасына келіп, өзіміз де ұр­пақ өсіріп отыр­мыз. Ендеше, ата-әжеле­рімізден ес­тіп-білгенімізді, көңілге түйге­німізді жас­тарға ашып, сыр қылып айтып отырғанды жөн санаймыз. Мағынасы ке­ліп, керегіне жа­рап, орынды тұста қол­да­нуды жастары­мыз осы баспасөз ар­қы­лы меңгеріп жатса, нұр үстіне нұр бо­лар еді деген тілегіміз бар.

Автор: Мафиза НҰРСАПАҚЫЗЫ, ұстаз, Астана қаласы

 

http://alashainasy.kz

Рубрика: