Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазақ поэзиясының пайғамбарына баланған Мағжан Жұмабаевтың пайдаланған жайнамазы табылды. Бұған қарап ақиық ақынның қылышынан қан тамған заманда да бес уақыт намазына берік болғанын аңғарамыз. Мұражайға ақынның мұрасын тарту еткен немере інісі де осылай деп отыр.  Ал жайнамаз мұражайдағы ең құнды жәдігерлердің біріне айналып үлгерді.

 

Мағжан Жұмабаев 1937 жылы тұт­қын­да­лардың дәл алдында Қы­зылжардағы інісі Сәлімжанның үйін­де болып, Алматыға аттанады. Бұл туыстарымен соңғы қауышу екенін сез­гендей келіні Бибізайыпқа қолын­да­ғы жайнамазын тастап кетеді. Сол жай­намазды  келіні ақырғы демі тау­сыл­ғанға дейін көзінің қарашығындай сақ­тап келген болатын. Ал дүниеден өтер­де баласы Тасболатқа аманат етіп тап­сырады.

Тасболат ақсақалдың айтуынша, анасы Бибізайып Мағжанның көпте­ген мұрасын осы күнге дейін жет­кіз­ген. Кейбір өлеңдері де келінінің ай­туы бойынша жазылып алынған. 99-ға келіп дүние салған Бибізайып апа  ақтық сапарға аттанғанша еш­кім­ге бермеген бір мұра сол жай­на­маз еді. Себебі өзі бес уақыт намазын дәл осы жайнамазда өтеп жүрген. Ол алтын түсті қымбат матадан тоқылған екен. Ескіргендігі соншалық – екі тізе мен маңдай сәждеге тиетін жерлері әб­ден жұқарып тесіліп қалған. Би­бі­за­йып апа жыртығын жамап қойған екен.

Тасболат БЕКЕНОВ, Мағжанның туған інісі Сәлімжанның баласы:

– Біздің аталарымыз өте дін­дәр адам­­дар болған. Үлкен ата­мыз Жұ­­ма­бай – бес рет қажыға бар­ған кісі. Жай­намазды Мек­ке­ден әкел­ген. Анам Би­бізайыптың ай­­туын­ша, Мағжан на­ма­зына бе­рік адам болған. Себебі ол ал­ғаш бі­лімді мол­дадан алған. Кейін Уфа­да ме­дреседе оқыған. Сол мол­­дадан менің әкем бастаған бар­лық ба­­уырлары оқыған екен. Ай­туынша, Мағ­­жан барлық ба­ла­лар­дың ішінде ең зе­регі болған. Құ­ранды да тез жаттап алады екен.  

Қызылжардағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Мағжанның өмі­ріне арналып көрме ашылды. Бұл көр­меде тағы бір жайнамаз бен Құ­ран кітабы тұр. Бұлар Жұмабай қа­жының Мек­кеден, қажы­лық­тан кел­ген­де әкел­ген заттары екен. Мұ­­­ра­жай­дың әде­биет бөлімінің мең­ге­­ру­шісі Рә­зипа Тә­женованың ай­туын­­ша, Құран кіта­­бын­да «1894 жы­лы Меккеде жарық көр­ді» деген жазу бар.

Рәзипа ТӘЖЕНОВА, тарихи-өлкетану мұражайының әдебиет бөлімінің меңгерушісі:

–  Біздің мұражайда Мағ­жан­ның Мәскеуден әкелген кесесі сақ­таулы. Оны оқуға барғанда алған. Одан басқа, әке­сінің шай қайнатып ішкен самаурыны, жары Зылиханың табағы және тағы да басқа заттар бар. Жәдігерлердің көбін келіні Би­бі­зайып тарту етті. Себебі Мағ­жан­ның әкесі мен шешесі осы Сәлімжан мен Бибізайыптың қолында тұрып, өмірден өткен болатын. 

Қазақтың біртуар ұлының дүниеге келге­ніне  биыл 120 жыл толады. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, ақын­ның ақынына баланған Мағжанды әлі толық тани алмай келеміз. Оның асыл дініміз исламға көз­қарасы мен ол туралы жазғандарын насихаттағаннан гөрі кейбір шығармаларын түсін­бе­гендіктен эротикаға балап жүргендер де бар. Сондықтан ақынның өлеңдерін де, өміріне қатысты құнды жәдігерлерді де толық зерттеу қажет сияқты.

Автор: Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар

 

http://alashainasy.kz/culture/41949/

Рубрика: