АЛТЫНОРДА
Новости

МӘДИНА СӘДУАҚАСОВА: ОЛЖАСҚА АДАЛ ЖАР БОЛУҒА УӘДЕ БЕРЕМІН!

Алматыдағы орталық АХАЖ бөлімінде «Хабар» агенттігінің режиссері Олжас Смағұлов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Мәдина Сәдуақасованың неке қию рәсімі өтті.

Жас жұбайлар төрт жыл бұрын «Таң қалмаңыз» бағдарламасы­­ның түсірілімінде танысқан екен. Былтырғы жылы 8-қыркүйекте Мәдинаның туған күнінде Олжас тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасаған көрінеді. Қалыңдығының келісімін алғаннан кейін, күйеу жігіт сүйіктісімен ақылдаса отырып, үйлену тойының уақытын өз туған күніне туралап белгілепті.
– Мәдина Олжасты ең алғаш досы ретінде таныстырған. Мінезі жайдарлы, ақкөңіл, бір көргеннен жақын тартқанбыз. Бүгін күйеубалам ретінде отбасымыздың бір мүшесіне айналып жатқанына қатты қуаныштымын. Қызым екеуіне бақытты ғұмыр тілеймін, – дейді әншінің анасы Күлтай Үмбетова.
Әншінің өзі тойға дайындық жұмыстары қыркүйек айынан басталғанын айтады. Осы салтанатты кешке арнап екі көйлек дайындапты. Көйлек таңдауға дизайнер құрбысы Айман көмектескен. Ал жары Олжас «Сен аппақ гүлге ұқсайсың. Айналаңда ұшып-қонып жүрген көбелектер көп болсыншы» деп, қосымша элементтер қосқан екен.
– Бүгін өте қуанышты сезімдемін. Олжас мені қарапайымдылығымен, салмақты мінезімен баурап алды. Жүрегі таза, достыққа адал. Нағыз ер жігітке тән мінезге ие. Осындай жігіттің жанымда қорған болып жүретініне шексіз бақыттымын. Олжасқа адал жар болуға уәде беремін. Құдай бұйыртса, биылғы жылды отбасыма арнамақпын. Шығармашылық үзіліс жариялап, ізетті келін, сүйікті жар ретінде міндеттерімді атқарсам деймін, – дейді Мәдина Сәдуақасова.
Біз де өз кезегімізде сұлу да нәзік, ерке де елгезек өнер иесін шын жүректен құттықтап, шаңырақ шаттығын тілейміз!

Байдәулет Қаншайым

http://www.aikyn.kz/