Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

уеауОйда-жоқта Түркияға, онда да осы елдің астанасы – Анкараға жол түсті. Бұған ұйытқы болған – ТҮРКСОЙ. Бұл әріптерді тарқатар болсақ – түркі мәдениетінің халықыралық ұйымы болып шығады. Биылғы жылдың 13-20 мамыр күндері Анкарада халықаралық Жастар және спорт мерекелік фестивалі өтпек. Бір міндет – аталған шараға қатысу. Алайда басты мақсат ол емес. Ең негізгісі – биыл ТҮРКСОЙ-дың құрылғанына 20 жыл толмақ. Маңызды шаруа – осы ұйымның бүгінгі күнге дейін атқарып жатқан жұмыстарымен егжей-тегжейлі танысу.
Сонымен Қазақстаннан екі журналист жолға шықтық. Оның бірі ­– осы жолдардың авторы болса, екіншісі – «Түркістан» халықаралық саяси апталығының тілшісі Гүлзина Бектасова.

ТҮРКСОЙ туралы

Бұл өзі былай басталыпты. 1992 жылы алты тәуелсіз түркітілдес мемлекет – Әзірбайжанның, Қазақстан­ның, Қыр­ғызстанның, Түркияның, Түр­к­менстан­ның және Өзбекстан­ның Мә­дениет министрлері Стамбул және Баку қалаларында басқосады. Осы кез­десуде түркітілдестер арасында қай­та қалыптасқан мәдени кеңістіктің шең­бе­рінде ынтымақтастықтың жаңа жүйесін бекіту әрі дамыту жөнінде ше­шім қабылданады. Мұның соңы 1993 жылдың 12-шілдесінде Алматы қаласында құрылтайшылары Әзірбайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түркменстан, Түрік Республикасы және Өзбекстан Республикасы болып табылатын мемлекеттер ұйғарымымен «ТҮРКСОЙ-ды құру және оның жұмыс істеу принциптері туралы келісімге» қол қойылады. Кейін ұйым атауы Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы болып өзгереді. Бұл келісімге бақылаушы елдер ретінде Түркия құрамындағы Солтүстік Кипр, Ресейдегі Алтай Рес­публикасы, Башқұртстан Республикасы, Хакасия Республикасы, Саха Республикасы, Татарстан Республикасы, Тыва Республикасы, сондай-ақ Молдова Республикасындағы Гагаузия қосылады.
Қазіргі күні ТҮРКСОЙ-дың Бас директоры, өзіміздің жерлесіміз, Қазақстан Республикасының бұрынғы министрі, сонымен қатар Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның ректорлығы қызметін де атқарған Дүйсен Қасейінов.
Жалпы ТҮРКСОЙ мақсаттары мен міндеттері, қызметінің принциптері жағынан ЮНЕСКО құрылымына жақынырақ келеді. ТҮРКСОЙ халықа­ра­лық байланысқа келгенде түркі ел­дерімен ғана шектеліп қоймайды. Бұл ұйымның есігі қызметі халықаралық қатынастарды ізгілендіруге, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтауға бағытталған қандай да болмасын ресми және бейресми құрылымдар мен қозғалыстарға айқара ашық. ТҮРКСОЙ-дың басты мақсаты – түркітілдес елдер арасындағы өзара мәдени ынтымақтастықты жақсарту, біріккен шаралар мен жобаларды қолдап, жүзеге асыру. Нақтырақ айтқанда, Наурызды мерекелеу, концерттер, конкурстар, шығармашылық шеберханалар, көрмелер және тағы да басқалар ұйымдастыру.

Игілікті шаралар

Анкараға сапарымыз ТҮРКСОЙ-дың штаб-пәтерінде өткен баспасөз конференциясынан басталды. Оған Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдерден келген он бестей журналист қатыстық. Қойылған сауалдарымызға ТҮРКСОЙ Бас директорының орынбасары Фыраб Пурташ, Қазақстанның осы ұйымдағы өкілі Асқар Тұрғанбаев жауап берді.
Осы басқосу кезінде ТҮРКСОЙ-дың жиырма жыл ішінде атқарған жұмыстарына етене қаныққандай болдық. Әсіресе Қазақстанды, оның мәдениеті мен өнерін күллі түркі жұртына танытуда қомақты істердің жүзеге асқанына сүйсіндік. Солардың ішінде мына шараларды бөле-жара атап өтуге болар еді. ТҮРКСОЙ-дың бас болуымен Дина Нұрпейісованың 150 жылдығы, әйгілі ақынымыз Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы атап өтілді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ТҮРКСОЙ мен Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында өткізілген «Қорқыт ата және Ұлы дала әуендері» деген халықаралық фольклорлық фестиваліне өзіміздің де куә бол­ғанымыз бар. Оған түркі әлемінің әр­түрлі елдерінен 130-ға жуық ғалым-фольклоршылар және музыканттар қатысты. Нартай Бекежанов атындағы облыстық театрда түрік драматургі Тұрғай Нардың «Төбекөз» спектаклі қойылды. Спектакльдегі басты кейіпкер – Қорқыт ата. Жиын­ға қатысушылар Қармақшы ау­данындағы Қорқыт ата мемориалды кешенінде болып, Қорқыттың қазаққа да бөтен еместігіне иланғандай болған. Ал халықаралық ұйым мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық мәдени форумның да тағылымы мол болғандығын айта кеткен жөн. Форумның бұл өңірде өткізілуі де жайдан-жай емес. Соңғы жүргізіл­ген ғылыми-зерттеулер, әсіресе Берел қорғанындағы қазба жұмыста­ры осында адамзаттың ең байырғы тұрғындары мекен еткенін дәлелдеп отыр. Шығыс Азиядан бастап Сібірдің шетіне дейінгі халықтар осы Алтай аймағынан шыққандар. Сондықтан Шығыс Қазақстан түркі мәдениеті жәдігерлерінің сақтаушысы ретінде ел аумағындағы қасиетті де киелі орын саналады.
ТҮРКСОЙ-дың Түркі академиясымен де тығыз байланыс орнатқанын аңғаруға болады. Осы жерде Түркі академиясын құру жөнінде бастама көтерген Елбасымыз Н.Назарбаев екендігін айта кетейік. Бұл ұсыныс 2009 жылдың қыркүйегінде Әзірбайжанда өткен түркітілдес елдер басшыларының ІХ саммитінде көтерілген еді. 2010 жылдың 25-мамырында Қазақстан мен Түркия Президенттері Астана қаласында Түркі академиясын ашты. Академия өз жұмысын 2010 жылдың қарашасында бастады. Осы уақыттан зерттеу жобаларын дайындауға білек түре кірісті.
Астана жөнінде тілге тиек еткенде біз­дің елордамыз өткен жылы алғашқы боп «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебелі атауына ие болды. Биыл бұл ат Түркияның Ескішаһар қаласына бұйырыпты.
Биыл қазақтың атақты композито­ры Мұқан Төлебаевтың туғанына – 100 жыл. Даңқты композитордың ме­­­рей­­тойы да ТҮРКСОЙ көлемінде өзін­­дік ерекшелігімен кеңінен атап өтілуде.
Еуразия Жазушылар одағының осындағы қонақжай бөлмесінде болғанымызда одақ төрағасы Жақып Омарұлының аузынан қазақ әдебиеті жөнінде жылы пікірлер естідік. Одақ бойынша биылғы жыл қазақ жазушысы Төлен Әбдікке арналып отырғаны да мерейімізді үстем ете түсті.

Жастар – ел ертеңі

Енді бір есте қаларлық кездесу – Түркия Президенті Абдолла Гүлдің қабылдауында болуымыз.
Түркиядағы студенттер мен оқушылар арасында елдің тарихына қатысты шығарма жазудан байқау өтіпті. Осы байқауда жүлдегер атанған екі жүздей жасты Президент қабылдады. Оған біз де қатыстық.
Кездесуде Президент сөз сөйледі. Оның сөзінен ұққанымыз түрік жас­тары елдің тарихын, әдебиетін, тілін жақсы білуі тиіс. Сонда ғана отаншыл, елшіл жастар өсіп шығады.
Бір сүйсіндіргені, Президент кез­десуге жиналған жастардың әрқай­сы­сының қолын алып, тілегін арнап жатты. Президенттің қолын алғандардың қатарында фестивальге қатысқан өнерпаздар өкілдері де болды.
Бұл кездесу ел басындағылардың жас ұрпаққа – елдің ертеңіне зор үміт­пен қарайтындықтарын, олардың бола­шағына алаңдайтындықтарын аңғартты.
ТҮРКСОЙ ұйымдастырған ша­ралардың бірі – ұйымның штаб-пәтері жанынан Білге қағанға арнап ескерткіш ашылуы.
Білге қаған – Екінші Шығыс Түркі қа­ға­­­наты­ның қағаны, Күлтегіннің аға­сы. Тарихтан білетініміздей, Білге түр­кі елінің 717-734 жж. билік құр­ған қағаны. Сөз сөйлегендер Білге қаған­ның інісі Күлтегінмен бірге ел­дің қамы, жердің тұтастығы үшін күре­сіп, көшпелілер тарихында ұлы импе­рияның іргесін бекіткенін айтып жатты.
Жастар мен спорт фестивалі – Түр­кия­да жылда өткізетін мерекелік шара. Ол 19-мамырда өткізіледі. Бұл мере­кені белгілеген Ататүріктің өзі екен.
Біздің байқағанымыз, елдің Ататү­рік­ке құрметі ерекше. Суреті жұмыс бөл­мелерінде де, көшелерде де жиі көзге түседі. Тағы бір қасиет байқағанымыз, түрік­терде пат­риотшылдық басым ба деп қалдық. Үйлердің балкондарында, тіпті зат сатып тұрған саудагердің жанынан Түріктің жалауын кездестірдік.
Фестиваль төрт күн бұрын басталды. Оған қатысушылар ең алдымен Ататүрік мавзолейіне гүлшоқтарын қойды. Жастардан құралған шеру стадионға беттеп, бұл бишілер мен ән­шілердің, фольклорлық ансамбльдердің өнеріне жалғасты.
Анкарада осы ғасырдың басында «Түркі музыкасы» деген ансамбль өмірге келген. Жиырма бес мүшесі бар. Ансамбль мүшелері әр ұлттың ас­паптарымен өнер көрсетеді. Бір ғажабы аспаптарды жасайтын да өздері. Ансамбль репертуарында қа­зақтың да көптеген әндері мен күйлері бар. Өнер ұжымының жиырма бес мүшесі болса, сондағы жалғыз қазақ өнерпазы Ләззат Мұқтасова. Қалғандары түрік азаматтары. Ләззат Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Түркияда 1992 жылдан бері тұрады.
– Өзім негізі Алматы облысы Қапал ауданынанмын. Әке-шешем, бауырларым сол жақта тұрады. Елге жиі барып тұрам. Кеше ғана жиенім үйленіп, елден оралдым, – дейді Ләззат.
Фестивальдің жабылуы 19-мамырда өтті. Бұл жолы да жиырма бес елден келген төрт жүзге жуық өнер­паз жұртшылық алдына шығып, өнерлерімен тәнті етті. Олардың арасында Қазақстаннан барған «Шалқыма» би ансамблі мен «Сақ» фольклорлық ансамблі бар. Жиналғандар біздің елдің өнер­паздарына да ықыластана қол соқты.

Жылы лебіз

Қазақ елі Тәуелсіздікке қол жет­кіз­геннен кейін шетелдерде отандық ақпарат құралдары өкілдерінің қызмет етуіне де жағдай туып келеді. Соның жарқын дәлелін Түркия елінде болғанда байқадық. «Қазақстан» ұлттық арнасының Түркиядағы мен­шікті тілшісі Бақытжан Омаровтың жас та болса өз кәсібін шебер мең­гергендігі байқалады. Біз осында «Түркия үні» радиосының Қазақ редак­циясында қызмет істейтін Торғын Сұлтанқызымен, Ғазиза Артық­баевамен, Гүлнәр Қарамен таныстық. Олардың жүзінен шетелде қазақ тілінде хабар тарататындығын мақтаныш ететіндіктері аңғарылып тұрды.
Түріктің телерадиокомпания­сындағы (ТRT) кездесуіміз де есте қаларлықтай болды. Бұл өзі әлемге танымал ақпарат компаниясы екен. Онда 7300 қызметкер еңбек етеді. 14 арна жұмыс істейді. Көптеген елдерде өкілдері бар. Балқан, Орта Азия, Еуропа елдеріне алты тілде хабар таратады. Олардың ішінде қазақ тілі де бар. Таяу­да «Еуразия жұлдызы» атты ән конкурсын қолға алу жоспарда бар екен. Сөйтіп, осы іспетті дүниежүзіне танымал ән байқауларымен бәсекеге түспек. Мақсат – түркі әуенінің құдіретін төрткүл әлемге жеткізу.
Тағы бір бас сұққан жеріміз – «Анадолы агенттігі». 1993 жылдан жұмыс істейді. Арабша, ағылшынша, түрікше, орысша… хабар таратады. 2020 жылға дейін 11 тілде хабар тарату көзделуде. Олардың ішінде қытай, француз, неміс, парсы… тілдері бар.
Журналистер жөнінде сөз қозғап жатырмыз ғой. Реті келіп тұрғанда тағы да бірқатар әріптестеріміздің аты-жөндерін атап өтейік. ТҮРКСОЙ-дың баспасөз қызметінде еңбек ететін Лаура Айтөленова қазақша мен орысшаны былай қойғанда, түрікше «ағып» тұр. Көбіне аудармашылық қызметті Лаура атқарды. Түркияға әбден үйренген. Осы елдің үлкен-кішісімен, басшы-қосшысымен де еркін сөйлеседі. Қимылы жылдам, сөзі шалт. Журналис­ке керек-ақ қасиеттер. ТҮРКСОЙ-дағы Қазақстанның өкілі Асқар Тұрғанбаев та осының алдында газетте қызмет істеген әріптесіміз. «Айқын» газетінде мәдениет бөлімін басқарды. Түрікшесі жақсы болатын. Сонысы кәдеге асып, қазір жауапты қызметтің тізгінін ұстап отыр. Асқардың тындырған үлкен жұмыстарының бірі – атақты «Қыз Жібек» жырын түрікшеге аударып, кітап етіп шығарды. Оның бұл еңбегі туралы төңірегіндегілер оң пікір білдірді.
ТҮРКСОЙ-да қызмет ететін ­Арман Нұрмұхаметұлы туралы да жылы лебіз айтуға болады. Бұл бауырымыз концерттер, өнер фестивальдерін ұйымдастырудың шебері. Әлгіндей шаралардың көркемдік жағын басқарады. Осы жолғы Жастар және спорт фестиваліне әр елден 400-ге жуық өнерпаз қатысты. Солардың басын біріктіріп, көпшілік алдына жинақы, тартымды шығуларын қамтамасыз етіп жүрген осы Арман. Арманның ұйымдастыруымен фестивальге қатысушы барлық өнерпаздар «Құс биін» сахналады. Қазақ жігітінің бұл абырой-беделі біздің де көңілімізді көтеріп тастады.
Бедел-абырой дегеннен шығады, ТҮРКСОЙ-дың баспасөз хатшысы, түрік жігіті Сәлім Езер журналистер қауымына «Халықаралық ұйымның басшысы Дүйсен Қасейінов жөнінде жазсаңыздар екен» деген өтініш айтты.
– Дүйсен Қасейінов басшылыққа келгелі көп жұмыстар атқарылды. Ол кісі ТҮРКСОЙ-дың беделі артуы үшін тынбай еңбектенеді. Соның арқасында ұйым бүгінгі таңда көп елге белгілі, – дейді С.Езер.
Сәлімнің бұл сөзіне кәміл сендік.
Расында да ұйымның басшылығына 2008 жылы келген Д.Қасейіновтың 2011 жылы екінші мерзімге қайта сайлануы оған деген зор сенімнің айғағы екендігіне күмән жоқ. Өзі де өнер иесі саналатын Дүйсекеңнің түркітілдес елдер арасындағы мәдениеттің дамуына қомақты үлес қосып жүргендігіне біз де шек келтіре қоймадық.

***
Баласағұн бабамыз «Болашақ өткен тарих­ты білуден басталады» деген екен. Өткен тарихты ауызға алар бол­сақ, қазақ түркіден өсіп-өнгенін ұмыт­пауға тиіс. Түркіден жалғыз біз ғана емес, талай халық тараған. Түркітілдестер – кешегі бір халықпыз. Бізге ынтымақ, достық қарым-қатынас ауадай қажет. Сол достықты орнықтыруда мәдениеттің алар орны ерекше. ТҮРКСОЙ-дың да басты көздегені мәдениетті жақындастыру, дамыту арқылы халықтар арасындағы татулыққа дәнекер болу. «Оң болсын!» дейік онда.

Нұрперзент ДОМБАЙ,
«Ана тілі» газетінің 
арнаулы тілшісі

Алматы ­– Анкара – Алматы

http://anatili.kz/?p=14248

 

Рубрика: