Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бүгінгі таңда Міржақып Дулатұлын білмейтін қазақ жоқ. Ол туралы түрлі кітап-мақалалар жарық көруде. Сүйегі 1992 жылы 1-18 қыркүйек аралығында Торғай өңіріндегі М.Дулатұлының есімімен аталған ауыл бейітіне әкеліп жерленді. Алаштың ардақты азаматы туралы бәрі айтылған да, істелінген де сияқты.

Дегенмен, әлі іске асырылатын шаралар жеткілікті. Жарияланған мәліметтер көбінесе ақынның «Оян, қазақ!» кітабы мен «Қазақ» газетіндегі қызметі туралы баяндайды. Көпшілікке жетпеген деректер де баршылық. Әсіресе М.Дулатұлының Алаш қозғалысының әскеріне қатыстылығы аз айтылады. Оның көп жылдар бойы Шымкент қаласында қызмет еткен қызы, Гүлнәр апайымыз бірнеше естелік кітаптарын жазып жариялады. Соның бірі «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты кітабында  әкесінің жақын туысы Бәйеке Жұмабайұлының мынадай естелігін келтірген:

«Әлі күнге дейін есімде, ол кезде мен баламын. Бұл 1918 жылдың күзі еді. Алаштың атты әскерін (бас аяғы төрт жүздей) жасақтаған – Міржақып ағамыз. Әскер қатарына қосылуға: Ақтөбе, Ырғыз, Шалқар, Орал, Қостанай, Торғайдан келген жігіттердің бастарының біріккен жері – осы біздің ауыл. Асқар ағам әскерлерді топқа бөліп, әр үйге тұрғызды. Тамақтандыру мен күту жағы үй иелерінің мойнында  болды да, жігіттер меншікті аттарын өздері баптайтын еді.

Жақаң (Міржақыпты көпшілік Жақа деп атаған – Б.О.) дамыл таппай жұмыс істейтін. Әскерлеріне соғысқанда қару-жарақты қалай қолдануды, атыс-шабысты қалай жүргізуді, басқа да әдіс-тәсілдерді үйретіп оқытатын. Қолбасшы рөлін Міржақып өзі атқарды. Ағамыздың келбеті, киген киімдері, үстіндегі ұзын сұрғылт шинелін айқастырған былғары тартпалар, аяғындағы қисық табанды етігі әлі күнге дейін көз алдымда. Күнде көретініміз – Жақаңның әскерлерін сапқа тұрғызып, ауылдан алысырақ жерге апарып жаттығу жүргізетіні. Жігіттер ауылға қайтарда бәрі қосылып «Алаш маршын» шырқайтын. Есімде қалған мына шумақ:

Кез болған соң кер заман біздің баққа,

Жау жарағын асынып міндік атқа.

Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын,

Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа.

Заман-ай!

 

Азаматы Алаштың,

Аттанатын күн туды.

Тұлпар мініп, ту ұстап,

Баптанатын күн туды.

Алаш азаматтары қараша айынан наурызға дейін ауылда болды. Қызылдармен соғысу үшін Торғайға аттанарында Жақаң атты әскерін өзі бастап, қару-жарақты өз қолымен үлестірді. Жасақтың әр жігітіне: бір мылтық, бір қылыштан берді де, ауыл-аймақпен қоштасып жүріп кетті».

М.Дулатұлы қазақ қауымдастығының тек өзінің шеңберінде қалып қоймай әлемдік деңгейге көтерілуін аңсаған азамат. Соның бір көрінісі деп оның «Айқап» журналында «Эсперанто тілі» деген мақала жариялап әлемде дүние жүзі халықтарының бәріне ортақ тіл ретінде ұсынылған жаңа жасанды тіл туралы жазған. Мақаласында: «Оқыған һәм оқып жүрген, білімге дарынды қазақ жастарының эсперанто тілі хақында үйренулеріне мәслихат беремін» дей келе, осы тілді үйренгісі келген қазақтар оқулық кітаптарын сатып алуы үшін Польшаның астанасы Варшавадағы ғалым Л.Заменгофтың мекен-жайын көрсеткен.

Кеңес билігі орнағаннан кейін біраз жылдан соң, Міржақып Дулатұлының өмірі 1928 жылы тұтқынға алынуына байланысты күрт өзгереді. 1930 жылы ату жазасына кесіліп, кейін он жыл абақтыда отыру мерзіміне алмастырылады. Көрнекті саясаткер Беломор-Балтық каналының бойында Сосновск станциясындағы лагерьде жазасын өтеп жүріп ауыр науқастан 1935 жылы көз жұмады.

М.Дулатұлы тұтқында жүрген кезде де көптің бірі болмаған. Жазасын өтеп жүрген түркі тектес бауырларының жағдайын жеңілдету үшін барын аямаған. Бұған оның туған жерінен алыс жерде тұтқында жүріп, орыс тілін жақсы білмейтіндер үшін, олардың жағдайын сәл де болса жеңілдету мақсатында түркі-орыс сөздігін жазғаны дәлел.

М.Дулатұлының сөздігі төрт дәптерден құралған. Соның біреуі аяулы азаматтың қызы, бүгінде 98 жастағы Гүлнәр апайдың қолында сақтаулы. Заманымыздың ұлы ғалым қыздарының бірі Рабиға Сыздықтың жазуы бойынша дәптер 43 парақтан тұрады. Оның 80 беті жазылған, бір парағы «мұқаба», ара-арасындағы үш бет және ең соңғы екі бетке жазу жазылмай бос қалған. М.Дулатұлы сөздік жазғанда тек қазақ тұтқындар ғана түсінсін деп шектелмей, басқа да түркі тектес әзірбайжан, башқұрт, өзбек, татар халықтарының өкілдерінің қиын жағдайын жанымен сезінген. Р.Сыздық өз мақаласында алфавиттік реті жоқ сөздіктің басы туралы: «Біз бүгінгі оқырмандардың оқуына мүмкіндік болсын деп қазіргі жазуымызға көрсетсек, бұл екі беттің материалдары мыналар» деп төмендегі сөзтізбекті келтіреді:

Ушақ – мальчик, неше ушағыңыз бар! – неше балаңыз бар?

Дустақ – тұтқа;

Чаға – бала;

Бала – баланы еркелетіп айтқанда;

Мырақ (кітап мырақлы) – қызық (интерес);

Бачармақ (бір ічі башармады – ничего не мог сделать);

Мат қылды – таңырқап қалды;

Жылд – тез, шапшаң;

Жазира – арал;

Ал – қол басы;

Дайы – нағашы;

Хала – нағашы апа;

Бибі   – апа;

Йуруадым – шаршадым;

Ешик (ашық) – жарық;

Тыңа гатурды – надоел».

Қолжазбаның 3 бетінен бастап сөздік тәртібі бойынша «А» әрпі көрсетіліп орыс тілінде осы әріптен басталатын ретімен сол жақ бағанаға жазып, оң жағына түркіше баламасын келтірген. «Абрикос» сөзінен басталып «астроном» сөзімен аяқталады. Сөздігіне «астроном» деген сөзді енгізген М.Дулатұлы тұтқындарға көмектесу ниетінде тек лагерішілік сөздермен шектелмей, жазасын өтеп жүргендерді жалпы білім негізідерімен де таныстыруды мақсат еткен. Оның ниетінің осындай болғанын сөздіктегі «Алжир, Амударья, Вест-Индия, Дунай, Ерусалим, Красное море, Малая Азия, Манчжурия, Марокко, Месопотамия, Палестина» сынды географиялық атаулардың келтірілуі де дәлел.

Әрине, жалпы сөздерді түгел қамту М.Дулатұлының міндеті емес еді, әрі оның бұлай етуге мүмкіндігі де жоқ болатын. Сондықтан ол лагерь тіршілігіне қатысты ұғымдарды қамтуды ең бірінші мақсат деп білген. Осылайша М.Дулатұлының сөздігінде – «арестант, беспорядок, высылка, гарнизон, допрос, заговор, защитник, изменник» сияқты сөздердің енуі арқылы сол қуғын-сүргінге толы 30-жылдардағы кеңес үкіметі басқарып отырған елдегі жағдай көрініс тапқан.

Білімді адамның қолынан шыққандықтан бұл дәптердің сипаты, мазмұны мен ерекшеліктері өз алдына талдауды қажет етеді. Рабиға Сыздық апамыз бастаған «Міржақып Дулатұлының сөздігі» мақаласындағы бастаған бұл жұмысты ғалымдар өз мәресіне жеткізе жатар.

Қай қазақты болса да алаңдататыны мына мәселе: ғалым, әдебиеттанушы Рабиға Сыздықтың жазуы бойынша М.Дулатұлының бұл сөздігінің жалғасы – тағы үш дәптерде жалғасын тапқан. Мені таңқалдырғаны, ақынның қызының қолындағы сөздіктің жалғасы Лондонда сақтаулы тұр екен! Кеңес үкіметінің саясатының құрбаны болған ұлы тұлғаның орыс жерінде тұтқында  жүргенде бірнеше дәптерге жазған сөздігі ағылшындардың астанасына жеткізіліпті. Қандай жағдайда, кімдердің бұйрығымен осылай болды?! Бұл жағы әзірше беймәлім. Қазақ зиялысының тұтқында жүріп, өзінің қандас бауырларының мүшкіл халін көріп, қол ұшын созуының нәтижесі болған осы сөздікті алыстағы ағылшындар бағалап, өз елдерінің астанасына қалай алып кеткені белгісіз.

Отанымыз Қазақстанның Тәуелсіздік туын желбіреткеніне де жиырма жылдан асты. Ендігі жерде халқымыздың басынан өткен небір қилы замандарда болған оқиғалардың, «әттеген-айлардың» орнын толтыру үшін уақыт желі шашып, шет елдерде қалған құндылықтарымызды қайта жинау керек. Бұлай ету бүгінгі қоғамымыздың болашақ ұрпақтар алдындағы жауапкершілікті сезінуінің өлшемі болып табылады.

 

Бердалы ОСПАН,

Мәдениеттанушы.

www.qazaquni.kz

 

Рубрика: