АЛТЫНОРДА
Новости

Лукашенко әзілі Брянск туралы сауалнамаға түрткі болды

Беларусь президенті Александр Лукашенко.Беларусь президенті Александр Лукашенконың «Псков, Брянск және Смоленск кезінде белорус жері болған» деген әзілінен кейін интернетте «Брянск пен Смоленск — қай елдің жері?» деген сауалнама пайда болды.

Кейбір сарапшылар «Ресейдің Украинаның Қырым түбегін аннекциялап алуы постсоветтік елдердегі территориялық таласқа түрткі болуы мүмкін» деп қауіптенеді. Өйткені кезінде бұл елдердің территориялары волюнтаристік сипатта бөлініп, халықтар күшпен қоныс аударылған еді.

Жуырда ондай жерлердің кейбірін Беларусь президенті Александр Лукашенко еске алды. Ол Мәскеудің жер даулауынан сақтанғандай болып, «Ресей президенті Владимир Путинді кезінде Псков, Смоленск және Брянск өңірлерінің бір бөлігі кезінде белорус жері болғаны алаңдатуы тиіс» деп ескертті.

ӘЗІЛ-ШЫНЫ АРАЛАС

Бірақ президент Лукашенко Беларусь қазіргі шекарасына риза екенін әрі Ресейдің қандай да бір территориясына көз тікпейтінін, ал әлгі мәлімдеменің тек әзіл екенін айтты.

Бірақ кейбір азаматтар, әсіресе Брянскінің «Город Б» газетінің сайтында жарияланған сауалнамаға қатысқандар оның әзілін шын көріп қалғанға ұқсайды. Ресейдің Брянск қаласындағы оқырмандарға қаланың «Брянск халық республикасы» ретінде қай елдің (Ресей, Беларусь, Украина) құрамында болғанын қалайтынын таңдау ұсынылған. Сауалнамаға қатысушыларға өз ұсынысын да жазу еркі берілген.

Смоленск облысындағы Беларусь-Ресей шекарасы.

Ресейдің кейбір ақпарат құралдары «сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі Брянскінің Беларусь құрамында болуына дауыс берді» деп хабарлады. Бірақ «Город Б» газетінің сайтынан әлгі сауалнама нәтижесі табылмады.

Басылымның бірінші бетінде жарияланған редакция комментариінде «референдумге қатысты сауалнаманы әзіл ретінде шығардық, бірақ интернеттегі әлеумет оны шын көріп, іліп әкетті» деп жазылған. Комментарийдің соңында редакция «Біз оқырмандарымыздың, оның ішінде белорус оқырмандарымыздың жеке пікірін білдіру құқығын сөзсіз құрметтейміз, бірақ әзіл-қалжыңға қарамастан, Брянск облысы Ресей аймағы болғанын әрі болып қала беретінін тағы да ескерткіміз келеді» дейді.

Интернетте Смоленск облысының Шумяч ауданына қатысты да сауалнама жүр. Біреу тіпті «облыстың бұл бөлігін Беларуське қосу туралы» онлайн-петицияға қол жинап жатыр. Мұндай сауалнамалар Беларусь президенті Александр Лукашенконың әлгі мәлімдемесінен бұрын да жүргізілген.

ТАРИХ НЕ ДЕЙДІ?

Беларусь тарихи жазбаларына қарағанда, 14-ғасырда Литва ұлы князьдігі құрамында болған жерлердің ішінде Псков князьдігі Мәскеу мемлекеті қарамағына тез өткен де, ал Смоленск пен Брянск бірде Вильнюске, бірде Мәскеуге өтіп отырғанымен, көпке дейін Литва ұлы князьдігі құрамында болған.

Архитектор Вадим Пракопчик.

Тамыз айында минскілік архитекторлар Вадим Пракопчик пен Александра Боярина бір кездері бұрынғы Литва князьдігі құрамында болған шекаралас Псков өңірін аралап шыққан. Азаттықтың Белорус қызметінің жазуынша, олар Польшаны алғаш бөліске салған кезде Полоцк наместнигі құрамында Ресейге өтіп кетіп, кейін Витебск губерниясына кірген Невел, Великие Луки, Идрыцы, Себеж сияқты жерлерде болған.

Архитекторлар жұрттан «Беларуське қосылуды қалайсыздар ма?» деп әдейілеп сұрамаған. Олар жергілікті тұрғындарға «бұрын Литва князьдігіне қараған, бірақ Беларуське сол күйі қайтарылмай қалған жерлерді аралауға келгендерін» айтқан.

Архитектор Вадим Пракопчиктің айтуынша, жұрт олардың бұл сөздерін сүлесоқ тыңдаған. Вадим Пракопчик «Барған жерімізде Беларусьтен келгенімізді айтып жүрдік, кейбір адамдар бізді жақсы қарсы алды. Бірақ «өзіміздің бауырымыз екенсіңдер ғой, сендерге қосылғымыз келеді» деген адам болған жоқ. Бұл жүздеген жылдарға созылған насихаттың әсері сияқты. Әрине, көшеде сауалнама жүргізген жоқпыз, бірақ сөйлескен адамдардың бәрінің реакциясы селқос болды» дейді.

Александр Лукашенко — жұртқа кейбір оқыс сөздерімен танылған президент. Кейде оның астарлы сөздері мен қарама-қайшы пікірлері интернетте тез тарап, оны саяси тұрғыдан айыптап жатады.


azattyq.org

Автор: Әсем Тоқаева

Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/lukashenko-azl-bryansk-turalyi-saualnamaga-turtk-boldyi-56306/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі