Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бақытжан ХАСАНҰЛЫ, социолингвист, филология ғылымының докторы:

 

– Соңғы кездері латын алфавитін қабылдау мәселесі ең көп талқы­ла­нып жат­қан тақырыптардың біріне ай­­нал­ды. Жалпы, осы реформаны сәтті жүргізудің тетігін қалай кө­ре­сіз?

– Кез келген реформаның ғылыми не­гі­зі болуы керек. Латын әліпбиін қабылдау – ұқып­тылықты қажет ететін өзекті та­қы­рып. Алфавит мәселесіне немқұрайды қа­райтын болсақ, біздің де күйіміз қазіргі Өз­бекстанның жағдайындай болады. Сон­дықтан бұл іске ең алдымен мамандарды салу керек деп есептеймін.

Алдымен он шақты адамнан тұратын ең­бек ұжымын құру керек. Оның басында со­циолингвист маман тұруы керек. Өйткені тіл мен қоғамды қатар зерттейтін ғылым – социолингвистика. Екінші басында пси­хо­лингвист болуы керек. Ол – жеке адам мен тілдің қолданылу тетігін зерттейтін ма­ман­дық. Үшінші кезекте экономист маман ке­рек. Ол латын графикасын қабылдау ба­ры­сында елімізге қандай шығын келеді, бюд­жеттік жобасы қанша болады, қанша уақытты қамтиды деген сұрақтарға жауап бере алатын білікті маман болуы керек. Мем­лекетімізге келетін экономикалық пай­да мен зиянның материалдық көлемін анық­­тау керек. Сондай-ақ заңгер, әлеу­мет­та­­нушы, саясаттанушы мамандар керек. Осындай еңбек ұжымын құрып, оларға жұ­мыс істеуге барынша мүмкіндік жасаса, жар­ты жыл көлемінде бір нәтиже шығаруға бо­лады. Әйтпесе қазір кім көрінген әліпби ту­ралы айтатын болды. Тіл ғылымына мүл­де қатысы жоқ біреулер де өз беттерінше ла­тын графикасы жөнінде жоба жасап жа­тыр. Ол нағыз сауатсыздық болады. Мен жуыр­да Үкімет басшысы Серік Ахметовке хат жаздым. Онда осы еңбек ұжымын құру ту­ралы бастама айтылды.

Әліпби ауыстыру – тіл дамыту, тілдің жаз­ба түрін жақсартудың нақты амалы. Жазуды жетілдіру – әлеуметтік лин­гвис­ти­ка­лық мәселе. Мысалы, белгілі бір ды­быс­тың таңбалануының дұрыс-бұрыстығы әртүрлі әлеуметтік топтың айтылымы бо­йынша, социофонетика арқылы анық­та­лады. Бұл үшін көпшілік қатынасқан әлеу­мет­тік лингвистикалық зерттеу жүргізіледі. Социофонетика орфоэпияға қызмет етеді, соның негізінде әдеби тілдің заңдылықтары қалыптасады.

Қазіргі күрделі заманда жазу арқылы тіл дамыту пәнаралық тұрғыдан жаңаша қа­растыруды талап етеді. Сондықтан да жа­зуды жетілдіру әлеуметтік лин­гвис­ти­калық, психолингвистикалық, мәдениеттік лин­гвистикалық, когнитивтік лин­гвис­ти­ка­лық салалары тұрғысынан қарастырылуы тиіс.

Әлемдік халықаралық тілдер санатына жа­татын тілдер ресми түрде белгіленген «әлем­дік тіл» деген атауы аймақтық жа­ғра­фия­ның шегі бойынша, ал «халықаралық тіл» деген атау өрісіне қарай беріледі. Қа­зақ тілінің болашақта әлемдік кеңістікте алатын нақты орны жоспарлануы тиіс. Ал бұл лингвист пен педагокке, тіпті мемлекеттік қызметкерге де емес, оларды иландыратын әлеуметтік лингвистикалық, психолингвистикалық жоспарлау дең­ге­йіне реттеу тетіктерінің уақыты іске қо­сылуына тікелей байланысты. Қа­зақ­станның тілдік даму стратегиясы нақты уақыт шеңберінде белгіленген. Тіл уақыт аясында қолданыста болады, уақыт тілде бейнеленеді. Қазақстанның тілдік дамуы қаншалықты болатынын уақыт көрсетеді.

– Қазір латын алфавитіне тек қазақ тілі ғана көшеді екен. «Өзге ұлт өкіл­де­ріне, орыс тіліне мұның қатысы жоқ» де­ген пікірлер айтылып жатыр. Бұл ту­ралы не айтасыз? 

– Меніңше, мұндай әңгімені мүлде қою ке­рек. Тіпті қозғаудың да қажеті жоқ. Біз бір­тұтас мемлекетпіз, сондықтан не көрсек те, қандай графиканы алсақ та, бірге кө­шу­ге тиіспіз. Жалпы, бұл тақырыпты мүл­де қозғамау керек, уақыт өзі реттейді. Латын әліпбиіне көшу – меніңше, бүкіл әлеуметтік топтардың бәрін қамтитын болғандықтан, бі­рінші кезекте әлеуметтік мәселе. Ол – бір ме­кеменің немесе ми­нистрліктің мәселесі емес, Үкіметтің, бүкіл қо­ғамның мәселесі. Ке­зінде қазақтың заң­ғар жазушылары Мұх­тар Әуезов, Сәбит Мұ­қанов араб әліп­биін­де жазғанын бі­ле­сіз­дер, бірақ оларға еш­кім «неге осы әліп­биде жаздыңдар?» деген жоқ. Латын әліп­биіне өткенде де, ки­рил­ли­цамен адам­дарды шектемеу керек, уа­қы­тымен бә­рі өз орнына келеді. Бірақ ресми әліпби біреу болуы тиіс.

– Соңғы 20 жылда түркітілдес ел­­дер­­дің арасынан Өзбекстан мен Әзір­­бай­­жан латынға көшті. Бірақ со­ның бі­­ріне бұл реформа ауыр тиіп жат­са, екін­­шісінде керісінше жеңіл өтті. Мұ­ның себебін немен байла­ныс­тырамыз?

– Өзбекстанның әріптік реформасын тіл ғылымына еш қатысы жоқ адамдар жа­са­ға­ны айтылып жүр. Бұл – соның «жемісі». Тә­уелсіздік алғалы бері Өзбекстан өз ал­фа­ви­тін бірнеше рет түзетіп, тілді тығырыққа ті­реді. Өзбекстанда білікті ғалымдар, фо­нетистер көп емес, бірен-саран ғана. Бірақ со­лардың өзін реформаны жүргізуге ара­ластырған жоқ. Нәтижесінде өзіміз көріп отыр­ғандай көрініс пайда болды. Ал Әзір­байжанда ондай болған жоқ. Мұндағы ре­фор­маның басы-қасында Вайсалов деген фо­нетист жүрді. Бұл ғалым елдегі тілдік жағ­дайды толық түсінеді. Сондықтан біз де бұл істі фонетист мамансыз сәтті іске асыра ал­маймыз. Егер фонетистер жазып берген заң­дылықты енгізетін болсақ, қазақ тілі А.Байтұрсынов заманындағы құлпырған қал­пына келе салады. Қазақ тілінің та­би­ға­тын, ерекшелігін түсінетін бірден-бір фо­не­тист ғалым, ол – Жүнісбек Әлімхан. Әркім әр тұсқа тарта бермей, сол фонетистің сө­зі­не құлақ түру керек дер едім. Үкімет бас­шы­сына жазған хатым қолдау тауып жатса, Әзір­байжаннан фонетист ғалым Вай­са­лов­ты шақыртып алар едік. Ол латын алфавитін ен­гізу барысында қандай мәселелер, қиындықтар туғанын да айтып бере алады.

Жалпы, өзбек тілінің қазіргі хал-ахуалы қа­зақ тілінен жақсы емес. Өзбектің әрбір ау­ылы диалектіден тұрады. Тілді дамытып, ғылыми тұрғыдан, қолданыстық тұрғыдан бір жүйеге салатын ғалымдар бар. Бірақ Өз­бекстанның қазіргі билігі оларға мүм­кін­дік беріп жатқан жоқ. Бізде олай емес. Қа­зақ тіліндегі диалект тек қана лексикалық тұр­ғыдан көрініс береді. Тіл теориясының док­торы ретінде айтайын, дүниежүзінде қа­зақ тіліндей біртұтас тіл жоқ. Әлемде жер кө­лемі бойынша тоғызыншы орын алатын, бір-бірінен шалғай орналасқан халық тіл­дік ерекшелігін көрсетпеген.

Қазақтың тілдік біртұтастығын оның жүз­бен, румен құрылымдануынан деп бі­луге болады. Жүздік басқару жүйесінің же­місі десе болады. Бұл тек тілдік жағдайға ғана емес, әскери жағдайға да тиімді әсер етті ғой.

– Латынды қабылдау жөнінде саяси ше­шім жасалып қойған болса да, бас­па­сөз беттерінде «латын керек пе, жоқ па» деген тақырып әлі тал­қыланып жа­тыр. Көпшілік ла­тын­ға көшкен жағдайда осы уақыт­қа дейін жазылған әде­биет­тер­ден, мұ­ра­лардан қол үзіп қаламыз деп алаң­дайды. Бұған не айтар едіңіз?

– Араб жазуында жазылған дү­ние­лер­дің бәрі латынға көшкен кезде қалып қой­ды, одан кейін кириллицаға көшкенде ла­тында жазылған еңбектер тағы қалды. Қазақ қай заманда болсын өзіне керек дү­ние­лерді алып жүреді. Мұны қазақтың ерек­шелігі деп те айтуға болады. Сол сияқ­ты біз де өзімізге керек құнды дү­ниелерді тас­тап кетпесіміз анық.

– Қазақ тілін латынға көшірудің не­гіз­гі себебі Ресей ықпалынан, орыс ті­лі­нің ықпалынан арылу деп түсіну дұ­рыс па?

– Жоқ, дұрыс емес. Жаңа әріп біздің орыс тілінің ықпалынан арылуға септігін ти­гізетіні рас. Бірақ ол негізгі себеп емес. Бір кездері Кеңес Одағының құрамындағы ел­дердің барлығы кирилл әрпіне ауыс­ты­рылды. Сол кезде грузиндер мен армяндар өз әрпін сақтап қалды. Нәтижесінде бұл екі ха­лық орыс ықпалына аз ұшырады. Мә­дени мұрасында сабақтастық бар. Бізде олай емес. Яғни әріптің ықпалы өте күшті. Со­ған қарамастан, біз Ресейден қашып, орыс­танудан қорқып латынды қабылдап жа­тырмыз деуге болмайды. Біз тіпті әріп ауыс­тырмасақ та, Ресейдің ықпалынан құ­ты­ламыз, құтылып келе жатырмыз. Ен­де­ше, әріпті ауыстыруға қандай себеп дейсіз ғой? Бұған фонетистердің көзқарасымен жа­уап беру керек. Қазіргі қазақ тілінің ды­быс­талуы ауқымды өзгерістерге, ауыт­қу­ларға ұшырап жатыр. Құдайдың құтты кү­нін­де радио мен телеарналарды қосып қал­саңыз, сөздердің қазақ тілінің та­би­ға­ты­на жат түрде дыбысталып жатқанын куә боласыз. Оны қарапайым адамдар бай­қа­май­тын жағдайға жеттік. Үндестік заң­ды­лықтары, соның ішінде кейінді, ілгерінді ық­пал деген ұғым мүлде жоқ. Қазақ фо­не­тистерінің зерттеулері бойынша айтар бол­сақ, Әлімхан Жүнісбеков сияқты ға­лым­дар­дың тұжырымына сүйенетін болсақ, сөз­дердің дыбысталуы орынсыз, жасанды бо­лып келеді. Бұған не себеп болды? Мұны кирилл әліпбиінің әсері деп түсіну керек.

– Яғни латын әліпбиін қабылдау де­ге­німіз тек таңбалау жүйесін ғана ауыс­тыру емес қой? 

– Тіл деген – жүйелі таңба. Егер біз се­мио­тикалық тұрғыдан осыны шешпесек, ре­форманың түкке қажеті жоқ. Дәл Өз­бек­стан­дағыдай жағдай қайталанады. Сон­дық­тан фонетикалық мәселелер ескерілуі керек. Бұған тілдің лексикасын, мор­фо­ло­гия­сын, синтаксисін зерттейтін ма­ман­дарды араластырудың қажеті жоқ. Тек фо­не­тистерге жол ашу керек. Әлімхан Жү­­нісбеков – байырғы қазақ заманындағы тіл­дік сабақтастықты зерттеген ғалым. Бір кез­дері қазақта Ахмет Байтұрсыновтан ас­қан тіл маманы болмаған деп қараймыз. А.Бай­тұрсынов қазақ тілінің табиғатын зерт­тей келе, оның өзіндік ерекшелік бел­гі­сін са­нап тұрып берген. Ал қазір қазақ ті­лінің фо­нетикалық ерекшелігін Әлім­хан­дай тү­сінетін адам жоқ. Сондықтан оған құ­лақ тү­ру керек. Латынға көшудегі бір мақсат қа­зақ тілінің табиғи ерекшелігін сақтап қа­лу деп білемін. Тіл иммунитетінің маңызын бір кездері Түркияның саяси көшбасшысы болған Мұстафа Кемал Ата­түрік жақсы түсінген. Сон­дықтан ол латын әліпбиін енгізуге бар­лық мүмкіндікті жасап берді. Соның ар­қа­сында түрік тілі мыңдаған араб, парсы сөз­дерінен құтылып, өзінің тіл­дік ерекшелігін та­за сақтап қалды. Бізге де осындай ірі ре­фор­ма керек болды. Әрине, біздің биліктің жағ­дайы оңай емес. Арамызда өзге ұлт өкіл­дері көп. Айна­ламызда Ресейдің ық­па­лы жүріп тұр. Сон­дай жағдайда бірден күр­делі реформалар жасау қиын нәрсе. Де­генмен біз соған қадам жасадық. Бұл – біз­дің ортақ мүд­деміз. Қысқасы, латын қар­пін қабыл­дар­мыз-ау, бірақ ол ки­рил­лица сияқты емес, қазақы дыбыс күпісі бо­луы шарт.

– Қазір 10 миллиондай ғана пай­да­ла­­ну­шысы бар қазақ тілін былай қой­­ған­да, 200 миллиондық орыс­тың өзі тіл­дік ерек­шеліктері­міз­ді жоғалтып жа­тырмыз деп бай­ба­лам салып жатыр. Тіл маманы ре­тінде орыс тілінің қа­рым-қабілеті туралы не айтасыз?

– Орыс тілінің болашағы бар деп айта ал­маймын. Осыдан 6-7 жыл бұрын әлемде орыс тілінде сөйлейтіндер саны 212 млн адам болды. Қазіргі кезде бұл сан кемімесе, өс­кен жоқ. Олай болса, дүниежүзінде орыс ті­лінде сөйлейтіндер саны 260 млн деу қа­те. Болашақта ол шамамен 140 млн-ға тоқ­тай­ды. Қазақстан орыстарының үлесі әр 10 жыл сайын 7 пайызға азайып келеді.

Қазақстандағы қазақ саны биыл 11 млн-ға жуықтаған. Бұған шетелде жүрген 5 млн-нан аса қазақты қосып, олардың өсім­­талдығын ескерсек, дәл қазір әлемде 16 млн-ға жуық қазақ болса керек. Со­цио­лин­гвист ретінде айтсам, осы өсу қар­қы­нымыз сақталса, жуық арада Қазақстан бір­­ыңғай қазақы мемлекетке айналады деп есептеймін. Қазақ тілі әлемдегі сөй­лер­ме­ні көп 70 тілдің санатына қосылады. Қа­зақ­тар да, өзге халықтар сияқты көптілділік жағ­дайында болғандықтан, ана тілінде әр­түрлі деңгейде сөйлейді. Жалпы, қазақ ті­ліне байланысты әлемдік со­цио­лин­гвис­ти­ка­лық зерттеу жүргізілгенде ғана ХХІ ғасыр қазағының тілі жан-жақты сипатталады.

Халықаралық ЮНЕСКО-ның са­рап­шы­лары әлемдегі тілдің саны жөніндегі мә­лі­метті дұрыс бермеген. «Алты мың тіл қауіпті жағдайда» дегені де күмәнді. ХХІ ғасырдың аяғына қарай 6,5 мың тілдің 90 пайызы өлі тілге айналады, 10 пайызы ғана сақталады деген болжам да жасалуда. Мұның өзі, менің ойымша, тілдік ғаламдандыру саясатының «тілегі». Шынында, сөйлермені аз өлмелі тілдер болады, олардың ғұмыры ұзақ болмайды. «Қазақ тілінің жойылып ке­ту қаупі» деген – социолингвистика, пси­хо­лингвистикадан хабары жоқ адамның сө­зі. Мысалы, аса қадірлі ағамыздың бірі өткен ғасырдың 80-90 жылдары «қазақтың 40%-ы қазақша білмейді» деген еді, сол сөз әлі де баспасөзде қылаң беріп қалады. Бұл – зерттеу нәтижесі емес, қызу айтыста ай­тылған сөз. Басқа дәлелді былай қой­ғанда, қала қазағының бәрі қазақша біл­мейді деген күнде, қала қазағының үлес сал­мағы сол кездерде 40% бол­майтынын және ана тілін білмейтін қа­зақтың саны миллиондап есептелмейтінін ес­кермеген. Өткен ғасырдың басынан со­ңына дейін жеткен күллі халық санағының бар­лығында ана тілін білмейтін қазақтың елдегі үлес салмағы 1% төңірегінде.

– Қазір бізде жаппай ағылшын тілін меңгеру тенденциясы бар. Бұл қалыпты әрі дұрыс нәрсе ретінде қа­былданады. Дегенмен сол ағыл­шын тілінен әлдебір қауіп болуы мүм­кін бе?

– Өз тіліміздің иммунитетін қалып­тас­тыра алмасақ, бізге кез келген тіл қауіп бо­лып шығады. Түптеп келгенде ағылшынның қау­пі орыс тілінен де асып түсуі мүмкін. Ғалымдардың арасында әлемде түбі бір тіл ғана – ағылшын тілі қалады деген қауіп ай­ты­лады. Бұл жақсы нәрсе емес, әрине. Ағыл­шын тілі – ғаламдандыру тілі. Қазіргі әлемде ол 70 елдің ресми тілі немесе рес­ми тілдерінің бірі болып саналады. Әлемдік электронды базаның күллі ақпаратының 80%-ы ағылшын тілінде беріледі екен. Ға­лымдардың ресми статистикасына сү­йен­сек, ағылшын тілі – 350 млн адамның ғана ана тілі. Бірақ оны қазір 2 млрд-тай адам пайдаланады. Белгілі британ лингвисі Рон Картер әлем тілдерінің ана тілі ретінде та­ралуы жөнінде мынадай мәлімет кел­тір­ген еді: қытай тілін 1,2 млрд, ағылшын тілін 508 млн, хинди тілін 487 млн, орыс тілін 277 млн, бенгал тілін 211 млн адам ана тілім деп есептейді.

Қазірдің өзінде батыс елдері ағылшын тілін өзгелерге таңып беріп жатқаны көрініп тұр. БҰҰ, ЮНЕСКО, ДСҰ, БСҰ, НАТО, ЕҚЫҰ сияқты әлемдік деңгейдегі ұйым­дар­дың барлығы негізінен ағылшын тілін талап ете­ді. Саяси жолмен де, экономикалық, мә­дени жолмен де күштеп енгізіліп жатыр. Яғни әлем елдері экономикалық, саяси, мә­дени мәселелерде артта қалмау үшін ағыл­шынды жаппай үйренеді. Алдымен ел­дердің екінші тіліне айналады, іскерлік ті­ліне айналады, сосын асықпай екінші рес­ми тіліне енеді. Осылай жалғасып кете бе­реді. Бұл қорқыныштың бізге де қатысы бар. Бірақ дәл бүгін емес.

 

Алашқа айтар датым…

Латын әліпбиін қабылдау дегеніміз – тек таңбалау жүйесін ғана ауыстыру емес. Сондықтан әліпбиді сауатты ауыстыру мәселесін мамандардың қолына тапсыру керек. Әріп мәселесін саланың жілігін шағып, майын ішкен ғалымдардың қолына табыстап берсек қана ол тілімізге, қоғамға үйлесімді түрде сіңеді. Яғни алфавит ауыстыру ісін өз саласының «қасапшыларына» қалдырайық. Ал мәселені тендерге тігіп, функционерлердің қалауына берсек, түбі Өзбекстан секілді сан мәрте алфавит жаттаумен күніміз өтеді.

Автор: Сәкен КӨКЕНОВ

http://alashainasy.kz

 

Рубрика: