Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Билiк латын әрпiне өту мәселесiн көтермес бұрын, қоғамдағы танымал бел­сендi азаматтармен бiр-екi рет кездесу жасап, алдымен халықтың тамырын басып байқауы керек едi. Олар жұрттың барлығы бiрдей бұл мәселенi қолдай салады деп санаған шығар. Не болмаса, әдейi жасады ма, белгiсiз. Бұл, әрине, билiктiң үлкен қателiгi. Ал бiздер сол қателiктi қайталадық. Тағы да қоғам бел­сендiлерi екiге бөлiнiп пiкiр­таласқа шығудамыз. Бұл дұрыс та сияқты. Латын әрпiне көшу мәселесi жө­нiнде “Ұлт бiрлiгi” қозғалысының тоғыз облыстағы филиалдары аймақтардағы азаматтардың пiкiрлерiн бiлу мақсатында арнайы дөңгелек үстелдер өткiзу­де.

Жалпы, латын әрпiне көшуде болатын келеңсiз­дiктер – осыған дейiнгi әдеби-тарихи шығармаларды аудару, кiтаптардың оқылмай қалуы, әрбiр реформа қоғамды керi ше­гiндiредi деген сияқты қарсылық уәждер айтылуда. Байқап қарасақ, 1904 жылы А.Байтұрсыновтың әлiпбиi шыққанда, қазақ керi шегiнген жоқ, керiсiн­ше, сол кезеңдерде үлкен бiр серпiлiс болып, рухани-мәдени ағартушылық жұ­мыс­тары жандана жүрдi деу­ге негiз бар. Сол жылдары қазақ осы бiр жаңалықты тез қабылдап, тез үйрендi. 1928 жылы латын әрпiне көшкен кезде де сол тұстағы қоғам бұл жаңалықты тез қабылдап, тез меңгере бiлдi. Ол кезде де, кириллицаға көшкенде де түркi әлемiндегi бес елдiң iшiнде қазақ халқының сауат­сызданып, құрдымға кеткенiн байқамайсыз. Ке­рiсiнше, алдыңғы қатарлы, көзi ашық зиялы қауым өкiлдерi сол жылдары қа­зақтан көптеп шыққаны мәлiм. Қысқасы, әлiпбидi өзгерткеннен рухани бiлiм мен оқу-бiлiмi тоқтап қалмайтынына осылай көз жеткiзу қиын емес. Мұны бiзге тарих дәлелдеп отыр. Демек, реформаның барлығы керi қадам жасауға түрткi бола бермейдi.
Екiншiден, осыған дейiнгi жазған-сызған дүниелердiң барлығы оқылмай қалады деген пiкiр бар. Осыған дейiнгi жарық көрген шығармалардың барлығын алтын қорға кiредi деп айта алмаймын. Ол шығармалардың 90 пайыздайы соцреализм бағытында жазылған, идеологияға байланысты жазылған. Бiздiң өзiмiз “Миллионерлердi” оқып өс­сек те, әлi күнге дейiн сол миллионерлердiң кiм екенiн бiлмейтiндер бар арамызда. Егер латын әрпiне көш­сек, осындай олқылықтардың барлығы електен өтiп, сүзгiден шығар едi. Бүкiл шығармаларымыздың 10-15 пайызы ғана латын графикасына аударылып, келешекке мұра ретiнде жол көрсетiп, рухани қазынамызға айналады. Ал қалғандары, яғни   10-100 мыңдай тиражбен шыққан 90 пайыздай шығармалар сылдыр судай ағып кетерi сөзсiз.
Өздерiңiз де бiлесiздер ғой, сол кезеңде жазылған дүниелердiң басым бөлiгiн­де совхоздың директорының қызы болады, сол ауылға агроном болып бiр жiгiт келедi де, екеуi бiр-бiрiне ғашық болады деген сияқты қалыптасып қалған тақырыптарды қамтыды. Латын әрпiне көшу арқылы осындай тақырыптағы шығармалардан бiршама тазарамыз. Үшiншiден, кириллицадан латын графикасына аудару мәселесiне келсек, компьютер мамандарының сөзiне қарағанда, ешқандай қиындық жоқ. Менiңше, латын әрпiне көшкен сәттен бастап, орыс тiлiне деген тәуелдiлiктен құтылып, ажырамастай көрiнген кiндiк­терiмiз де үзiледi. Орыс тiлiмен қосақтасып жүрiп, керек десеңiз, мемлекеттiк тiлiмiздi де өз тұғырына шығара алмадық. Латын әрпiне көшу – осы мәселенiң шешiлуiне ықпал етуi мүмкiн және түркi әлемiнiң тiлiне жақындаймыз.
Сонымен қатар латын графикасына ертең немесе он жылдан кейiн көшейiк деген ұсынысқа толықтай қарсымын. Қазақстанда қазақ тiлiне барлығы толықтай көшiп, қоғамдағы барлық сала мемлекеттiк тiлде қызмет жасамайынша, латын әлiпбиiне көшудiң қажетi жоқ. Өйткенi жаңа графикаға бұлай көшу – алдымызға кедергi болып, аяғымызға тұсау салуы әбден мүмкiн. Осы көшудiң аясында ендi көптеген себеп-сылтаулардың көкесi­мен кездесемiз. Мысалы, кириллицамен қазақ тiлiн меңгеру оңайырақ болар, сондықтан латын әр­пiнде тiл үйрету және үйрену проблемасы туындауы мүмкiн. Сол себептi, “өткелде атын ауыс­тырмау” қағи­дасын ұс­танғанымыз дұрыс. Баспа жұмыстарының тiлiн, тағы басқа да латын графикасына көшудегi проблемаларды сылтау етiп, билiк тағы да он-он бес жылға қазақ тiлiн меңгерудi кейiнге шегере­дi.
Президент кириллицадан латынға көшу туралы үш рет айтты. Естерiңiзде болса, 1990 жылы алғаш рет кө­терiп, 1996 жылы дайындалуды тапсырған-ды. Ал жақында латын әлiпбиiне кө­шудi түбегейлi шешiм ре­тiнде мәлiмдедi. Бұл жерде президенттiң саяси қулығы жатыр. Әлдебiр саяси ойын басталғандай көрiнедi маған. ЕуроОдаққа, Кедендiк одаққа қарсы шығып жат­қан қазақтармен ұлттық бағыттағы азаматтар негiзiнде бiр ойынды бастаған сияқты билiк. Екiншiден, латын әлiпбиiне көшу – Ресейге көрсетiлген саяси қыры да болуы мүмкiн. “Сендер бiзге мынадай етпесеңдер, бiз­дер түркi әлемiне жақындаймыз. Кириллицаны сыртқа лақтырып тастаймыз” деген сес жатқандай. Бұл жерде осындай былыққа ұйыққан ойын жатыр деп санаймын. Күнi ертең президент: “халық және М.Шаханов бастаған 66 азамат латын графикасына көшуге қарсы екен”,– деп жатса, мен таңғалмаймын. Себебi саясатта әр уақытта әлде­бiр қадам жасамас бұрын, екiншi рет жасалатын қа­дамның жолдары да қарастырылып, дайындық жасалып қояды. Ол дайындық – қазақ қоғамын екiге бөлуден басталып отыр. Филолог ретiнде латын әрпiне көшпес бұрын бiрнеше мәселенi естен шығармауды айтқым келедi. Кезiнде Түркияда түркi әлемiндегi латын графикасын жасауда ағаттық кет­кенi бар. Түрiк әлiпбиiне кейбiр дыбыстардың әрiп­терiн түсiру үшiн қосымша басқа әрiптер енгiзiлдi сол тұста. Алайда ол әрiптердi әзiрбайжан, түрiкмен елдерi қабылдамады. Сондықтан осындай олқылықтарды болдырмау үшiн бiздер жалпы түркi әлемiн­дегi қолданысқа ие, ортақ түркi әлiпбиiне сай латын графикасына көшуiмiз керек.
Латын графикасына көш­кеннен кейiнгi 20 жылда немере-шөберелерiм орыс басылымын мүлде оқымайтын, Қазақстанға орысша ешқандай газет-журнал келмейтiн (себебi, ол кезде оны оқитын ешкiм де болмайды) кезеңге жеткенiн қалаймын. Үш жүз жыл бойы орыстың боданынан шыға алмаған қазақтың шынайы тәуелсiз кезiн, ең болмаса, ұрпағым көрсе екен деген арманым бар.
Дос КӨШIМ,
саясаттанушы.
http://zhasalash.kz

Рубрика: