Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

f1190e0711d9f06980162321bda21210Біріншіден, кез келген іс-әрекет мотивтен (мұқтаждықтан, қажеттіліктен) туады десек, онда кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшу мұқтаждығы неден туып отыр?  Осы мәселе бойынша интернет арқылы пікірталасқа қатысқандардың бірінің мына айтқаны осыған дәлел: «Латын әліпбиіне көшуге деген қажеттілік неден туғанына кім жауап бере алады?

 

Нақты жауап бере алмағандар арамтер болмай-ақ қоюын сұраймын (http://www.namys.kz/?p=14668)». Екіншіден, мұқтаждықты қанағаттандыру үшін жасалатын іс-әрекет жүзеге асу үшін мақсат қойылады. Демек, латын әліпбиіне көшудегі мақсат не, яғни осындай іс-әрекет нәтижесінде қолымыз неге жетеді? Үшіншіден, мақсатқа жету үшін құралдар керек. Олай болса, кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшу қандай құралдармен жүзеге асады?

Мотив деп адамды іс-әрекетпен айналысуға итермелейтін ішкі күшті айтады. Адамды латын әліпбиіне көшуге итермелейтін ішкі күшті-мотивті білу керек. Онсыз халықты кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшуге үгіттей алмайсың. Мұқтаждық – бұл қажеттілік, қанағаттанбаушылық, қалыпты өмір сүру үшін қандай да бір нәрсенің жетпей тұрғандығын сезіну. Егер адамда кириллицамен жазуға немесе кириллицамен жазылғанды оқуға мұқтаждығы немесе оған көңілі толу сезімі болмаса, онда ол латын әліпбиіне көшуге тырыспайды. Латын әліпбиіне көшуге мұтаждығы мотивке айналу үшін ол осы әрекетке басшылық жасай алуы тиіс.

Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінде сөйлейтіндердің ішкі мотивінен ғана емес, сыртқы мотивінен де тууы мүмкін. Мысалы, латын әліпбиіне көшу туралы халықтың атынан мемлекет шығарған заң немесе бұйрық осы көшуге итермелейтін сыртқы мотивтер болып табылады. Осы сыртқы мотивтер жеке адамдардың ішкі мотивтеріне айналса, латын әліпбиіне көшу жоғары деңгейде өтеді.

Қазақстан Республикасында – кирилл жазуы негізінде, ресми түрде Қазақстанның бүкіл жерінде және Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында, көршілес Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан және Өзбекстан елдерін бірыңғай мекендеген қазақ жұрты пайдаланады, сонымен бірге басқа ыдыраған КСРО республикаларында да пайдаланылады.

Қытай Халық Республикасында – араб жазуы негізінде, ресми түрде Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы Іле Қазақ автономиялық облысындағы, сондай ақ Ауғанстан, Иран және Пәкістан елдеріндегі қазақ диаспорасы да пайдаланады.

Түрік Республикасында – қазақ диас­порасы ресми емес түрде латын жазуы негізіндегі түрік әліпбиін пайдаланады. Сонымен бірге Алмания, АҚШ т.б. батыс елдерінде қазақ диаспорасы әртүрлі қалыпты емес латын жазуын пайдаланады.

Түрік Республикасындағы, Алма­ниядағы, АҚШ т.б. батыс, сондай ақ Түрікменстан және Өзбекстан елдеріндегі қазақ диаспорасы латын жазуын бұ­рыннан пайдаланатындықтан, олардағы қазақтардың өздері де бұл жазуға мүдделі болғандықтан, оларда латын әліпбиіне көшіру мұқтаждығын туғызу қажеттігі жоқ. Қайта латын алфавитіне жаңа көшіп жатқандар олардан тәжірибе алуы керек.

Моңғолияның Баян-Өлгей айма­ғындағы және Ресейдегі, сонымен бір­ге басқа ыдыраған КСРО респу­блика­­ла­рындағы, Қытай Халық Респуб­ликасындағы, Ауғанстан, Иран және Пә­кі­стан елдеріндегі, Қырғызстандағы қазақтарды латын әліпбиіне көшіруді іштей де, Қазақстан Республикасының заңдарымен сырттай да мәжбүрлеу мүмкін емес.

1995 жылы қабылданған Конституцияда да қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді, алайда сонымен қатар орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен қатар қолданылады. Мемлекеттік тілдің мынадай артықшылықтары бар:

1. Мемлекеттік тіл конституция бойынша мемлекеттің қамқорлығында болады;

2. Мемлекеттік тілді меңгеру мектепке дейінгі оқу-тәрбие мекемелерінде, орта, арнайы және жоғары білім беретін оқу орындарында міндетті деп саналады;

3. Мемлекеттік тіл – сол елдің мемлекет, қоғамдық, саяси, экономика, әлеуметтік аяларында кеңінен қолданылатын басты тіл.

Орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен қатар қолданылады делінгендіктен өзге емес, өз ұлтымыздың өкілдері-ақ іс жүзінде бұл тілді мемлекеттік тіл дәрежесінен де жоғары көтеріп жататыны жасырын емес. Мысалы, сенімхатта, кадрдың жеке парағында, еңбек кітапшасында және т.б. құжаттарда екі тілде жазылған беттердің оларды толтыруды талап етіп отырғандары орысшасын толтыруға нұсқау берсе, кейбір толтырушылардың өздері-ақ орысшасын толтырады. Бұл латын әліпбиіне көшу мұқтаждығын туғызбайды.

Қазақстан жеріндегі қазақтардың латын әліпбиіне көшіру мұқтаждығына қатысты белгілі ғалым, саясаткер Амангелді Айталы былай дейді: «Сөз жоқ, тіл саясаты азды-көпті табыстарға қол жеткізді, бірақ әлі де өмірде қазақ тілін меңгермеген қазақтар аз емес, ол тілге сұраныс туғызылып отырған да жоқ. Оны міндеттейтін заң әлі жоқ, болмайтын да сияқты. Бүгін қазақ негізінен екі тілді ұлт болып отыр, ал мемлекетімізде орыс тілі басым. Өзбекстан, Әзірбайжанмен салыстырғанда , мемлекет құраушы қазақ ұлтының отарланған ұлт екені әлі көзге ұрып тұр: 1) бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл, мәдениет әлі басымдыққа ие бола алмауы; 2) азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді білудің міндетті еместігі; 3) мемлекеттік тілді халыққа қызмет жасауға қолданбау; 4) сот жүйесі, құқық қорғау органдарының байырғы ұлттың тілін меңгермеуі, сондықтан байырғы ұлттың тілін қорғамауы. Осындай жағдайда латын әліпбиіне көшудің қандай қиындықтар туғызатыны белгілі. Қазақ тіліне сұраныс жоқ елде, латын әліпбиіне сұраныс бола ма?».

Кез келген іс-әрекеттің көпмотивті (полдимотивті) болатындығы сияқты латын әліпбиіне көшу де көпмотивті іс-әрекет. Ілгеріде осы мотивтердің біразын санамалап шығамыз. Іс-әрекеттің түрі басты мотивпен анықталатындығы сияқты латын әліпбиіне көшудің басты мотиві, біздіңше, қазақ тілін дамыту.

Іс-әрекетпен мақсат байланысты. Мақсат деп іс-әрекеттің нәтижесін айтатындығы белгілі. Онда латын әліпбиіне көшудің мақсаты қазақша сөздердің латын әріптерімен жазылуы болып табылады. Жүзеге асуы қандай да бір мотивтен туған мақсат уақыт өте келе өзіндік қозғаушы күшке айналып, мотивке түрленеді. Мақсат мотивке тек оң эмоциялар жинақталғанда ғана айналады. Тек бір ғана бұйырумен, мәжбүрлеумен және жазалаумен іске мүдделілік туғызу мүмкін емес. Осындай психологиялық қағидаларға сүйенсек, онда латын әліпбиіне көшу мақсаты қозғаушы күшке – мотивке айналу үшін оң эмоциялар жинақталу керек, яғни осы мақсатты жұртшылық ұғынып, оған қолдау көрсетуі тиіс. Оған уақыт керек. Сондықтан Елбасының біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек (2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігі айтылған), ал белгілі ғалымдар мен саясаткерлердің бірқатарының бұл іске асығыстық жасамайық дегені осыдан туса керек.

Кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшу мұқтаждығын (мотивін) жақтаушылар оны мыналармен де байланыстырады: қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашатындығы, елдің әлемдік экономикаға енуіне мүмкіндік туғызатындығы, әлде­қайда тұтасқан ұлттық өзгешелікке қол жеткізетіндігі, Қазақстан қоғамының басын біріктіретіндігі; қазақша сөйлейтіндердің санын көбейтетіндігі, қазақ тілінің мәртебесін биікке көтеретіндігі, көптеген шетелдермен өзара қарым-қатынас жағдайында жұмыс жасау мүмкіндігін арттыратындығы, интер­нетті игеруді жеңілдететіндігі, ағылшын тілін меңгеруді оңайлататындығы; бүлінген емлемізді, ережемізді, орфографиямызды түзейтіндігі; тіліміздегі жазу сауаттылығын арттыратындығы, емле, лексика, орфоэпия, орфография мәселелерін жөнге келтіретіні; дүниежүзіндегі техникалық құрал-аспаптарының латын әрпіне негізделуі; түркі халықтарының латын таңбаларына негізделген ортақ әліпбиіне көшетіндігі; тауарлардың көпшілігінде ақпараттық жазулар латын тілінде жазылғандығы, компьютерлік техникалардың көпшілігінің латын тілінде жұмыс істеуі; тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптердің қысқартылатыны, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік алатындығы; қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны, оның мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдететіндігі, уақыт та, қаржы да үнемделетіндігі; қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылатындығы; түбі бір түркі дүниесінің негізінен латынды қолданатындығы; әлемге тарыдай шашылған этникалық қазақтардың қолданатын әрпі екендігі, тілдің өз жүйесінің эволюциялық жолмен ішкі заңдылықтарына сәйкес дамитындығы, отар болған белгіден біржолата құтқаратындығы. Демек, латын әліпбиіне көшуге мұқтаждық мол.

Латын әліпбиіне көшуге міндеттейтін (итермелейтін) қозғаушы күштерге қазақ тілін дамытуға қатысты заңдар, қаулы-қарарлар мен бағдарламалар және т.б. жатады. Мысалы, оған мынадай құжаттар жатады: 1989 жылы 22 қыркүйекте 11 сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс 14 сессиясы қабылдаған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының тіл туралы» заңы, 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 қарашадағы № 1122 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудің, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың 2007 – 2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған «мемлекеттік бағдарламасы», латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік (Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әдебиет пен өнер қайраткерлеріне президенттік және мемлекеттік стипендияларды тапсыру рәсімінде жасаған мәлімдемесі), «Ұлы Дала Қырандары»  қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қазақ тілін дамыту туралы Қазақстан Республикасының халқына үндеуі.

Латын әліпбиіне көшу мақсатына жету сәйкес құралдар арқылы жүзеге асады. Мұндай құралдарға латынға көшудің бағыт-бағдары мен нақты іс-жоспары жатады. Бұл болашақтың ісі болғандықтан кейінгі толқын жастарымыз ең әуелі мемлекеттік тілді, сосын ағылшын тілі мен интернетті еркін меңгеруі керек. Латын әліпбиінің мәні халыққа түсіндірілуі және насихатталуы тиіс. Басылым беттеріне кириллицамен жазылған материалдармен қатар латын әрпімен берілген материалдарды аралас жариялай отырып латын жазуына елдің  бірте-бірте бойын үйретіп, уақыты келген кезде сол әліпбиге көшсе болар еді. Бүгінгі күні латын қарпінің үш түрі – Қытайдағы, Түркиядағы және біздің елдегі нұсқалары бар. Сондықтан да тіл мәселесін зерттеуші ғалымдармен ортақ мәмілеге келіп, латын қарпінің қайсы түріне көшуіміз қажеттігін нақтылау қажет. Мұнда Үкімет жүзеге асырылуы тиісті іс-шаралар жоспарын жасап, оны халықтың назарына ұсынуы керек.

Сондай-ақ көршілес өзбек, әзірбайжан елдерімен қатар, Түркия мемлекетінің латын әліпбиіне көшудегі тәжірибелерін нақты жағдайлармен салыстыра жан-жақты зерттеп, саралаған жөн. Кириллицадан латын әліпбиіне көшпес бұрын қарапайым халыққа, білім беру салаларының мамандарына жаппай латын әліпбиін үйреткен жөн болар еді.

Мемлекет басшысы жеті рет өлшеп бір рет кес принципіне сәйкес мамандарға латын әліпбиіне көшу мәселесін қайта талқылауды тапсырды. Тарихтың көрсеткеніндей өмірдің кез келген саласындағы кез келген реформаны әрқашан халықтың белгілі бір бөлігі түсінбей теріс қабылдайды. Сондықтан латын графикасын ойластырып, кезеңмен енгізген жөн де шығар. Мұндай әдістеме мен әдіснама ең әуелі материалдық қаржының жеткілікті мөлшерін бөлуді, сосын білікті мамандар даярлауды (бұл да кезеңмен), содан кейін аймақтар бойынша тәжірибе жүргізетін орындарды анықтауды және т.б. қажет етеді.

Оңдасын Мұсабеков, 

профессор

http://www.turkystan.kz

 

Рубрика: