Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Асқар АҚЫМБЕТ

Қазақ елінде, жерінде отарсыздану процесі өте баяу жүріп жатқан шақта Елбасының Жолдауындағы латын қарпіне көшу мәселесі дер кезінде көтеріліп қоғам тарапынан қолдау тапты. Алайда, ақын, қайраткер Мұхтар Шаханов бастаған бір топ бұл мәселеге қарсы өре түрегелді. «Латын әлiпбиiне көшу қазақ халқын екiге бөледi» деп айғайлатып ат қойған үндеуден ұққанымыз мынау болды: «Бұған дейінгі әдебиеттерді оқи алмай сорлап қаламыз», «қазақтар өз тілдерін әлі үйреніп болған жоқ, латынға көшсе тілдерін өшіреді», «кириллицадан айырылғысы келмейтін орыстармен арада түсініспеушілік туындайды», «80 жылдық тарихымыз жоғалады», т.т. шетелдік ғалымдар (Эльмира Ахундова, Гога Хидоятов) осылай деген соң, біздікілер қарап қалсын ба, «ойбай, аттанға» қосыла шапты. «Менiңше, қазақ тiлiнiң ресми iс жүргiзу тәжiрибесiнде оның толыққанды қолданылуын қамтамасыз ете алмай, латыншаға ауыса қою, орны толмас өкiнiшке әкелiп соқтырады.Онсыз да орыстiлдiлер мен қазақтiлдiлер екiұдайылыққа ұшырап жүргенде, қазақ одан әрмен рухани алшақтыққа ұрынады. Қазiр олар бiр-бiрiн үнемi түсiне алмай шекiсiп қалып жүрсе, латыншаға көшкен қазақтiлдiлер мен кириллицадан айырылғысы келмейтiн орыстiлдiлер (орыстармен қосылып алып) нағыз жаға жыртысуға көшедi…», – дейді философ Қанағат Жүкешев. Құдай-ау, осыған дейін шекіспей жүрген олардың бір мәселеге келгенде жаға жыртысып кетуі тым түсініксіз. Ескі санадағы, кеңестік қалыптағы кісілердің осылай кері тартуы үйреншікті жайт сияқты. Сондықтан мұндай керітартпа кісілерге жақында ғана «Абай» сайтында жарияланған мәдениеттанушы Серік Ерғалидың жауабын берейік, онда былай делінген:

«Жаңа әліпби мәселесінің қолға алынуына байланысты, бірқатар азаматтар оны қазақты бөлшектейді деген уәж таратуда. Меніңше, бұл үстірт пікір. Ұлт алдындағы іргелі істер жүйелі түрде қолға алынса, оның керісінше, ұйыстыру, ұжымдастыру сыйпаты міндетті түрде нәтижеге айналады. Бірақ біз әуелі қазақтың бүгінгі жіктелісіне мән берейік.

Мемлекеттік жағынан – отандық және шетелдік; тарихи-географиялық жағынан – қазақстандық, қытайлық, өзбекстандық, ресейлік, моңғол¬дық, еуропалық, ауғандық, түркиялық, ирандық; күнкөріс-білім алу жағынан қазақтар барлық құрлыққа тарап кетті. Түрлі тілдерге телінген қазақтың тобын санасақ: қазақтілді, орыстілді, қытайтілді, түріктілді, моңғолтілді, ағылшынтілді, парсытілді… Бұған қоса әліпбилік топтар: кирилше, төтеше, түрікше-латынша, ағылшынша. Соңғысы sms хабарламасымен тілдесуде кеңінен қолданылуда. Осылайша діни топтарды да санай беруге болады… Ал, сонда латынша жаңа әліпби қазаққа қалайша жік салмақ? Керісінше бар жікті азайтып, қазақтілді ортаны толықтырады!

Біріншіден, жаңа әліпби қазақтілді үшін де, басқатілді үшін де қазақтың бәрін бір сапқа тізеді, бәрін әліпби үйренуге бірдей қалыпқа түсіреді. Бұл – біріктіру сыйпаты бар шара, тіпті, бұл – қазақтарды біріктірудің ұлттық мұрсаты.

Екіншіден, қытайлық қазақтар төтешеден гөрі жалпықазақтық жаңа әліпбиге көшуге қазірдің өзінде әзір, Еуропалықтар мен моңғолдықтар да елге қарап отыр. Ресейлік қазақтар бұл қадамды қуаттап үндеу жолдауда. Қытайдағы бауырлар төтешеден латыншаға көшудің шараларын ойластырып, программалар жазып әбігер болуда. Демек, қазақтар әліпби жағынан бірыңғайланады: қазіргі он миллион кирилше тұтынушылар мен үш-төрт миллионнан аса төтеше мен басқа қаріптегілер тұтасады.

Үшіншіден, орыстілді қазақтар қазіргі әліпбидің кесірінен қазақ дыбыстарын ажырата алмай қор болып үйрене алмауда, екі тілге ортақ 42 әріпті әліпби орыстілділерді шатас-тырып, қазақ дыбыстарын үйренуден қалып отыр. Мысалы, қазақтың [Ы] дыбысы мен орыстың [Ый]-ын ажырата алмай-ақ қойды. Демек, тәуелсізденген дербес әліпби оларға тіл үйренуге біртабан жеңілдік етері сөзсіз. Оның үстіне барлық емле мен орфоэпиялық үдерістер бірізденеді, тәуелсізденеді, қарапайымдатылады. Бұл әр сөзді түрліше дыбыстап жүрген қазақтардың ауызын бір бағытта ашып-жабуға, дыбыстауға мәжбүр етер еді. Қорыта айтсақ, жаңа әліпби тарыдай шашылған қазақты теретін фактор болмақ». Біздіңше, бұдан артық жауап жоқ.

М. Шахановтың үндеуінен соң, қойған қо¬лынан бас тартқан ағайынды тағы көрдік. Бұдан бұрын әнші, КСРО-ның Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың басын дауға қалдырғанынан жұртшылық хабардар. Осы жолы да сол әдетке басып, сыртынан қол қойып жібермесіне кім кепіл?! «Халық сөзі» газетінде жарияланған пікірлер де осыны айғақтайтындай. Атақты әнші Нұрғали Нүсіпжанов: «Әліпбиге ауыстыруға ешкім қарсы болмас. Біз сөзсіз түбі соған мойын бұрамыз. Бірақ қазақ тілінің мәртебесі қай кезде де бәрінен биік тұруы керек», – десе, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев: «Өз басым латын әліпбиіне ойысуға қарсы емеспін.

Бұл тақырып пісуі жеткен жөні дұрыс мәселе ғой. Менің ашық хатты қолдағаным, біз латын әліпбиіне жақын уақыттары емес, оны әбден таразылап, жетер жеріне жеткен кезде көшу керек деп есептеймін», – деп латынға көшуді жақтайды.

Қысқасы, олардың ой-пікірлері бұл мәселеде абсалютті нәрсе емес. Өркениетті қоғамға аяқ басқан жаңа тұрпатымызды қаламай ма, жаңа заманға сай дамыған соны технологияны менсінбей ме – елді жікке бөліп, халық санасын сан-саққа жүгіртудің қажеті шамалы. Ұлт дегенде өңеші үзілердей болған ағалардың бұл қылығын жаратпай отырмыз және ертеңгі ұрпақ латын әліпбиіне қарсылық танытқандардың кім екені білсін деген оймен ашық хатты да, тізімді де қатар жариялап отырмыз.
Біздіңше, астарында Президенттің саясатына қарсы әрі билікте жүрген кейбір азаматтардың пиғылы жатқандай… Әйтпесе, әлем халықтарының 85 пайызы кәдеге жаратып отырған латын қарпінен үрку – әлемдік көшке қасақана ілеспеу деп білеміз.

Латын әліпбиіне көшуге қарсымыз!
Ашық хатҚазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы кейбір ғалымдар, қоғам қайраткерлері бірнеше жылдан бері әңгіме қозғап келеді. Жуырда Президенттің «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында латын әліпбиіне көшу 2025 жылы жүзеге асатындығы айтылды. Жолдаудан кейін біреулер латын әліпбиіне 2017 жылдан бастап бұрылайық десе, базбіреулер, тіпті, ертеңнен бастап көшуге әзір екендіктерін білдіруде. «Латын графикасына бүкіл Қазақстан, еліміздегі барлық басылымдар, барлық ұлт өкілдері бірлесіп көше ме, жоқ, немесе жалғыз қазақ тілі ғана бет бұра ма?» деген сұрақ алдымызды орады.

…Бірінші мәселе – мынау. Осы күнге дейін Республикамызда еліміздің ежелгі, кейінгі тарихына, мәдениетіне, рухани құндылықтарына байланысты және ғылымымызды, әдебиетімізді, салт-санамызды әспеттейтін миллиондаған атпен кітаптар, ғылыми еңбектер басылды. Латын әліпбиіне көшкен жас бүлдіршіндеріміз кириллицада басылған баба тарихымыздан, рухани парасатымыздан қол үзіп қалатыны айдан анық. Латыншаға ауысқан Өзбекстан мен Әзірбайжан республикаларының қаншама ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері бізге осы мәселе төңірегінде өз өкініштерін білдіргені жадымызда. Мәселен, Өзбекстанда, кириллица дәуірінде жарты миллион данамен, немесе 300, 200, 100 мыңмен шығып тұрған газеттер 5 мың, 3 мың, тіпті мың данаға дейін құлдыраған.

Бұл ғасыр компьютер ғасыры болғанымен, күні бүгінге дейін жарық көрген кітаптардың 20, тіпті 10 пайызын латын әліпбиіне аударуға миллиардтаған қаржы қажет. Басқа шараларды жиып қойғанның өзінде, үкімет соңғы жылдары мектеп оқулықтарын жеткілікті түрде басуға қаржы таппай жатқанда, қарын мүддесі ғана алға шығып, онсыз да қауқарсызданған рухани парасатымызды мүлде тұқыртып алатынымыз ешкімге құпия сыр емес.

…Әліпби ауыстыру арқылы мүшкіл халде тұрған тіліміздің жағдайын онан сайын әлсірететінімізді көп адамның түсінбейтініне қайран қалудамыз. Егер Жапонияда бала 12 жасқа келгенше тек өз ана тілінде тәрбиеленіп, бірінші кезекте ана қуатын бойына сіңірсе, бізде балабақшадағы нәрестеден және мектептерде 1-ші сыныптан бастап «Үш тұғырлы тілдің» салтанат құруы, әрі оған латын әліпбиіне көшу идеясының келіп қосылуы ана тіліміздің болашағын қанатсыз, мүлде ажарсыз етері даусыз.
…Енді ең басты мәселеге, яғни, біздің үлкен қарсылығымызды тудырған екінші мәселеге назарларыңызды бұралық. Үндеуге қол қойған адамдардың бірімен, осыдан үш жылдай уақыт бұрын, Астанадағы Н.Назарбаев атындағы орта мектепте кездесу өткен. Әрине, көлемі мен жас оқырмандарға жасаған ыңғайлылығы мен қамқорлығы жағынан бұл білім ордасына тең келер мектепті тек Қазақстаннан ғана емес, күллі әлемнен табу оңай соқпайтын шығар. Осы мектепте оқитын бүлдіршіндердің 22 сыныбы қазақша, 22 сыныбы орысша білім алады екен.

Ал орыс тілінде оқитындардың шамамен 90 пайызға жуығы қазақтар, негізінен билік басында жүргендер мен қалталы кәсіпкерлердің перзенттері болып шықты. Тура сол кезеңде Астанадағы қазақ балаларының 47 пайызы тек орыс мектептерінде оқитыны айқындалған-ды. Биліктің жасырын тапсырмасына орай, мұндай мәліметтер бұл кезеңде құпия ұсталады. Қазақ балаларының космополиттенуін зейін қойып зерттеген адам, еліміздің басқа қалаларындағы жағдай Астанадағыдан әлдеқайда сорақы екендігіне көз жеткізеді.

Бірнеше жыл бұрын Президенттің өзі де қазақ халқының тең жарымынан астамы өз ана тілінде оқып, жаза алмайтынын айтқан еді. Өткен жылы билік маңындағы бір шенеунік «бүгінгі таңда қазақтардың тек 30 пайызы ғана ана тілін білмейді» деген жалған мәлімет таратты. Билікке осы мәлімет қолайлы. Әйтпесе, олар 2020 жылға дейін қазақша сөйлейтіндердің санын қалай 95 пайызға жеткізе алады? Ал, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының мәліметіне сүйенер болсақ, қазіргі кезеңде қазақтардың 60 пайызға жуығы өз ана тілінде оқи алмайды, жаза алмайды. Міне, мәселе қайда жатыр? Енді осындай кезеңде «Латын әліпбиіне көшейік!» деген мақсат алдымызды орады.

…Латын әліпбиіне Түркия 1928 жылы көшкен. Егеменді ел атанғаннан кейін Әзір¬байжан, Өзбекстан, Түрікменстан республикалары латын қарпіне ауысты. Осы қатарға туысқан ел болғандықтан біздің де қосылуымыздың еш сөкеттігі жоқ екені рас. Бірақ, бұл жерде жұрттың бәрі терең түрде аңғара бермейтін мынадай бір үлкен проблема бұғып жатыр. Алдымен Өзбекстандағы жағдайға үңілелік. Бұл мемлекетте тұратын басқа ұлт өкілдері де, тіпті, орыстар да өзбек тілінде сөйлейді. Өзбек тілі мемлекеттік тіл ретінде үлкен беделге ие болса, бізде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бейшара халде.

Ғаламторда болсын, баспасөзде болсын қазақ тілінің мүдделеріне ашық түрде қарсы шығып жүрген басқа ұлт өкілдері емес, өз ішімізден шыққан шала қазақтарымыз. Кириллицада тұрғанда олардың ана тілін үйренуге құлқы соқпағанда, латын әліпбиіне көшкенде ұлттық сезімі оянады деп ойлау мүлде қате түсінік.

Тіпті билік басындағылар «қазақ тілі республикамыздағы басқа тілдерді басып кетпеуі керек» деген пікірді де алға шығарды. Онда оның несі мемлекеттік тіл? Жоғарыда айттық, «бүгінгі таңда қазақтардың 60 пайызға жуығы өз ана тілінде оқи алмайды, жаза алмайды» деп. Ең бастысы, өзбек халқы біздер сияқты «ана тілін меңгерген қазақтар» немесе ана тілін менсінбейтін «космополит қазақтар» болып екіге бөлінген жоқ. Олардың бізден артықшылығы да осында. Әліпби негізінде қазақтарды ашық түрде екіге бөлу қылмысқа барабар іс. Сондықтан да, латын қарпіне көшу — орны толмас өкінішке бастары хақ.

…Неге онсыз да аз қазақты екіге бөлер, сол арқылы тұтас ұлттық мүддеге, ортақ ұлттық сенімге сына қағар, сөйтіп, бірте-бірте халқымызды жояр іске бет бұрғалы отырмыз? Рас, латын әліпбиінің компьютерді жан-жақты меңгеруде және түркі тілдес ұлттарды бір-біріне жақындастыруда пайдасы бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Билік тапсырма берсе, міндеттесе, еліміздің тағдырына залал келтірер мұндай зиянды шараға бармай-ақ латын қарпін үйреніп алу, кез келген сауатты адамға пәлендей қиындық тудырмайды… Иә, әлі де ойлануға, толғануға уақыт бар. Болашақта Президент те, Үкімет те осы аса күрделі мәселеде әділетті шешімге бас қояр деген сенімдеміз.

Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы; Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам және мемлекет қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор; Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы; Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Мұхтар ШАХАНОВ, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы, Қазақстанның Халық жазушысы; Барлығы 66 адам. Қол қою әлі де жалғасуда.

http://www.ulttimes.kz

Рубрика: