АЛТЫНОРДА
Новости

«ҚЫЗЫМ–ҮЙДЕ, ҚЫЛЫҒЫ–ТҮЗДЕ»… ЕРТЕ ЖҮКТІЛІКТІҢ САЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

16086a0701401c9a824ccde8d82b81c1 (1)Ана атану – дүниедегі баға жетпес бақыттың бірі. Бірақ балалықтың ауылынан ұзамай жатып бойына бала бітсе – ана үшін де, шарана үшін де қасіретке айналуы мүмкін. 
Өйткені қыз ғұмыр бүршік жармай жатып солса, бойдағы бала бұл дүниені көрмей-ақ қандауырға ілігіп кетуі ғажап емес. Оған дәлел –елімізде жыл сайын 15-19 жас аралығындағы жеткіншектердің арасында 20 мыңнан аса жүктілік тіркеліп, оның жартысына жуығы аборт жасатумен аяқталады. БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағықорының дерегі бойынша, бұл көрсеткіш Шығыс Еуропа елдерімен салыстырғанда 2-3 есе көп.

Ерте жастан ана атану – тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы қоры биылғы баяндамасын «бала шақта ана атану: жасөспірімдер жүктілігінің келелі мәселелеріне» арнапты. Аталмыш баяндамаға сүйенсек, жыл сайын тек дамушы елдердің өзінде 18 жасқа толмаған 7,3 миллион қыз ана атанады. Тіпті 15 жасқа жетпей жатып сәби сүйген жеткіншектердің саны 2 миллионнан асып жығылады екен. Оңы мен солын айыра алмайтын қыздардың мойнына аналықтың жүгі ерте артылған сайын, оның болашағы бұлыңғыр болады. Өйткені ерте жүктілік ана мен баланың денсаулығына кері әсер етеді. Әлем бойынша  70 мыңға жуық жеткіншек босану кезінде бұл дүниемен қош айтысады екен. Тіпті аман-есен босанды деген күннің өзінде, бала денсаулығында ақау болу ықтималдығы жоғары. Екіншіден, бойға бала біткеннен бастап, оған сабақты тастауға тура келеді. Орта мектептің өзін бітіре алмаған жас қыздың ертеңгі күні жоғары білім алуы екіталай.Үшіншіден, қыз баланың құқықтары шектеледі. Өйткені кәмелетке толмай жүкті болған қызға көп жағдайда ата-анасы қысым көрсетіп, қоғам қырын қарайтыны белгілі.

Сондықтан БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының субаймақты кеңсесінің директоры Николай Ботев Қордың бұл баяндамасы жеткіншектер арасындағы жүктіліктің қордаланған мәселелеріне басқаша қарап, шешу жолдарын іздестіруге шақырады дейді. Әрине, мәселенің салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған абзал. Қыз бала ойнап жүріп от баспас үшін, отбасындағы тәрбие осал болмауы қажет. Сонымен қатар Халықты қоныстандыру қорының Қазақстандағы өкілі Райымбек Сейсемалиевтің пікірінше, мектептерде адам ұрпағын өрбіту, ер мен әйелдің қарым-қатынасы, ерте жыныстық қатынасқа түсудің зардаптары, отбасын жоспарлау туралы ақпарат берілуі керек. Репродуктивті тәрбие отбасында да, мектепте де жүрмесе, бала ақпараттың барлығын шеттен алады.

–Осы мәселелерді қамтып, дұрыс ақпарат пен тәрбие беруі тиіс «адам өмірінің қауіпсіздік негізі» сынды пәндер ерікті түрде өткізіледі. Сондықтан оған қатысу да, сабақты өткізу де ерікті түрде. Ал баланың шеттен алатын ақпаратының дұрыс-бұрыстығы бөлек мәселе, – дейді Райымбек Сейсемалиев. Осы мақсатта қор өкілдері Шығыс Қазақстан облысының 3 колледжінде арнайы пилоттық жобаны қолға алмақ. Жоба аясында 16 сағат бойы жасөспірімдерге жыныстық тәрбие жөнінде дәріс оқылатын болады.

Одан бөлек, Райымбек мырзаның айтуынша, жеткіншектердің ұрпақ өрбіту бойынша көрсетілетін медициналық көмекке қолы жетуі қиын. Өйткені қыз бала кәмелет жасқа толғанша гинеколог-дәрігердің алдына тек ата-анасының рұқсатымен ғана бара алады. Сондықтан заңнамадағы шекті жасты 16 жасқа түсіру керек деп тұжырымдайды. Өйткені Халықты қоныстардыру қорының Қазақстанда арнайы жүргізген әлеуметтік  зерттеуіне сәйкес, жасөспірімдер дәрігерлерге сенбейді. Алда-жалда қандай да бір жұқпа жұқтырып алса, оны айтып ақ халаттының алдына баратындары аз. Ол уақыт өте келе созылмалы ауруға ұласып, ер баланы белсіздікке, қыздарды бедеулікке әкеп соғуы мүмкін. Мұның барлығы – жасөспірімдердің ерте есеюге асығып, «қызық» көруге деген қызығушылығының салдары. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының деректері бойынша, 14 жастағы жеткіншектердің 8,4 пайызы жыныстық қатынаста болғандарын айтқан. Ал 15-тен асқандардың арасында бұл көрсеткіш 30 пайызды құрайды. Кәмелет жасқа толғанда жастардың жартысына жуығы ересек өмірдің «дәмін татып» үлгереді екен. Бұл нені көрсетеді? Тәрбиенің бостығын, баланың сексуалды мәдениет туралы хабарының аздығын, түптеп келгенде ата-ананың перзентін бетімен жібергендігін көрсетеді. Болары болып, бояуы сіңіп қойғанда, кінәліні іздеуге дайын тұрамыз. Алайда ойнап жүріп от басқан қыздың психологиялық жағдайын ойлап жатқан жан жоқ…

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әсия Хайруллина бала шақтан ана атанудың себебі тек қыздардың жеңілтектігінде ғана емес, олардың зорлық-зомбылықтың құрбанына айналуынан және ата-ананың ұл-қызын ерте үйлендіруге бейім тұратындығынан дейді. Әсіресе, еліміздің Оңтүстігі мен Батысында қызын кәмелетке толмай ұзататын отбасылардың қатары көп екен. Бірақ та бүгінгі көзі ашық ата-ана өз еркімен мектепті де бітірмеген қызының өзге үйдің отын жағуына келісе салатынына күмәніміз бар. Тағы да айналып қыз бен ұлдың тәрбиесіне келіп тірелеміз…  «Ұл отыз үйден, қыз қырық үйден тыйым» көріп өссе, мұндай мәселені талқыламас та едік, бәлкім…

 

Үмітжан ЖАПАР

http://www.aikyn.kz/articles/view/34062