Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Сарапшылардың зерттеулеріне қарағанда, қазіргі кезде Қазақстанда әрбір оныншы қалыңдық басқа ұлттың өкілімен некеге тұрады екен. Шетелдіктерге тұрмысқа шығатын қазақ қыздардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді.
Діні, тілі, тіпті нәсілі басқа жұрттың азаматымен қол ұстасып, жырақта жатқан басқа құрлыққа кетіп жатқандары қаншама?! Ал әртүрлі әлеуметтік жағдайларға байланысты отыз-қырыққа дейін бойдақ жүрген жігіттеріміз де аз емес.

«Қыз жатжұрттық» дегенімізбен, қарындастарымыз тым жыраққа, басқа құрлыққа кетіп жатқаны қай қазақ­тың болмасын жанына батады. «Бақытты болсын» деп шығарып салғанмен шетелдіктерге күйеуге кеткендердің ол жақтағы жағдайлары қандай екенін ешкім білмейді. Бұдан біраз жыл бұрын Филиппин жігітіне шыққан қазақтың қызы сол жақта күйеуінің қолынан қаза тапты. Туған жерге сүйегін әрең алдыртты. Мұндай жағ­дайлар болып жатады.
1999 жылғы санақ бойынша тұрмыс құрған қыз­дардың 8,4 пайызы басқа ұлт өкілімен некеге тұрса, 2009 жылғы есеп бойынша бұл көрсеткіш екі есеге өсіп, 16,4 пайызды құраған екен. Қазақ қыздарына көздерін сүзіп жүрген шетелдіктер көп. Қытай мен Үндістандағы сүр­бойдақтардың санын қосып санасақ, 70 миллионнан асады екен. Бұлар қазір амалын тауып қазақстандық қыз­дарға ауыз сала бастады. Өйткені бізде Қазақстан гено­фон­дын қорғайтын, шетелдіктермен некеге оты­руға тыйым салатын заң жоқ. Сондықтан біздің қыздар олар үшін қолжетімді болып тұр. Соңғы жылдары қазақ қыздарының ең көп кеткен елдері Түркия мен Өзбекстан екен. Кеше ғана «Қызылордадағы «Қайсар» футбол клу­бының қорғаушысы, Африкадағы Мали елінің азаматы Мамуту Кулибали павлодарлық Мәдина деген қазақ қызына үйленейін деп жатыр» деген хабар тарады. Енді «жиендеріміз әлемнің әр түкпірінде, әр құрлығында жүр» деп айтуымызға әбден болады. Кімге күйеуге шы­ғады, кімге үйленеді – ол әркімнің өзінің еркінде. Тек ара­ларында махаббат болсын де. Әйтпесе ақша табу үшін бірнеше мәрте «жалған некеге» отырып, қытай­лық­тарға тұрмысқа шығып-келіп жүр­ген әйелдер де бір кез­дерде көбейіп кеткен. Солардың көмегімен мың­даған қы­тай қазаққа сіңіп кетті. Қыздар­дың өз еліндегі «көн етіктілерді» менсінбей, шетелдік­терге тұрмысқа шығып жатқанына қазақтың жігіттерін кіналайтындар да бар. Ал олар болса «ал­дымен отауым­ды сайлап алсам» дейді. Бұл мәселені де, қыздар мәселесін де тек Үкімет қана шеше алады.

 

http://www.aikyn.kz/

Рубрика: