Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қытай мен қырғыздың өнімінен қашан құтыламыз?Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің мәжіліс отырысында Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселесі талқыланды.

Үлес неге кеміп барады?

Совет заманында Қазақстанда 1000-нан астам жеңіл өнеркәсібінің кәсіпорындары (тоқыма, тігін, трикотаж, тері-жүн және аяқ киім) болды және олар республика бюджетінің 25% құрады. Олардың ішінде ең ірілері Алматы мақта-мата комбинатын, Қостанай және Семей мәуіті-шұға комбинаты, Қарағанды, Жамбыл былғары аяқ киім комбинаты, т.б. 18 тігін фабрикасы жұмыс істеді. Ресми статистикаға сүйенсек, жеңіл өнеркәсіптің тұтас ел өнеркәсібіндегі үлесі жылдан-жылға кеміп бара жатқанын көреміз. Мәселен, оның жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 1990 жылы – 15,8%, 2000 жылы – 2,3%, ал 2012 жылы 0,3% ғана құрады. Егер 90-шы жылдары бұл салада 220 мың адам жұмыс істесе, бүгінде оның саны 13 мың адамға дейін қысқарған.

Тоқыма мен тігін өнеркәсібінің бүгінгі қауқары ішкі нарық мұқтаждығының тек – 8%-ын, аяқ киім бойынша 1%-ын қамти алады. Оның өзі халық жаппай тұтыну үшін емес, күштік және ведомстволық құрылымдарға арналған қызметтік киімдер. Ал, республиканың жеңіл өнеркәсіп тауарларына деген сұранысы жыл сайын 5-6 млрд. долларды құрап отыр. Оның  ел ішіне таралатын тауарларының 90%-ы импорт, әрі көпшілігінің сапасы күмәнді. Сырттан тасымалданатын тауардың құрамында адам ағзасына зиянды элементтер де жиі кездеседі. Ол өз алдына жеке тақырып.

Егер мемлекет жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін пәрменді қолдау көрсететін болса, ол елде етек жайған жұмыссыздықты шешуге де көп септігін тигізер еді (жұмыссыздық деңгейі ресми статистика бойынша 6 пайызға жетпейді, тәуелсіз сарапшылар оны 40 пайыздың маңайында деп отыр-авт.). Мәселен, Индияда, Қытайда, Түркияда жеңіл өнеркәсіпте халықтың 20 % жұмыспен қамтылған. Бұл елдердің үкіметі өз жеңіл өнеркәсібін дамыту үшін пәрменді шаралар жүргізді: еркін экономикалық аймақтар құрды, салықтық жеңілдіктер жасады, оңтайлы несие берді, мемлекеттік инвестиция құйды… Соның арқасында қазір Түркияда жеңіл өнеркәсіп ІЖӨ-нің 10% құрап, ел бюджеті түсімінің 40% қамтамасыз етеді.

Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы үш жылда осы салада 15 кәсіпорын ашылыпты. Биылғы 10 айда жеңіл өнеркәсіп өнімінің көлемі 52 974 млн. теңгені құрапты. Бірақ, ресми мәлімет депутаттардың көңілін көншітпейді.

Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға кедергі көп

– Биыл Үкімет 2010-2014 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасының орындалуын қорытындылайды. Алайда, бұл салада ішкі нарықтың отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне деген қажеттілігін қанағаттандыру жөніндегі міндет орындалмаған. Өзіміздің шикізат ресурстарымыз бола тұра, жүннен тоқылған маталар өндірісі жүзеге асырылмай жатыр. Тоқыма кәсіпорындарының  жасанды теріге және жүннен тоқылған маталарға қажеттілігі импорт есебінен қамтамасыз етілуде, – деді аталған кеңес отырысының тізгінін қолына ұстаған депутат Г. Сейтмағанбетова. 

Осы тақырып бойынша Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта рентабельділігінің төмендігіне және жобалардың өтімділігінің ұзақ мерзіміне байланысты саланың инвестициялық тартымдығы туындап отыр. Сондай-ақ, тоқыма және былғары кәсіпорындарының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге – шикізат жеткізушілерге тәуелділігі, кәсіпорындардың және салалық қауымдастықтардың іскерлік белсенділігінің төмендігі, кәсіпорындардың маркетингтік қызметінің осалдығы, өндірілетін тауарлардың жарнамасының жоқтығы, кәсіпорындарда айналым қаражатының жетіспеушілігі мемлекетімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға кедергі келтіруде екен.

Баяндамашы осы саланың қордаланып қалған көп проблемаларын шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды: отандық кәсіпорындарды мақта талшығының қажетті көлемімен қамтамасыз ету, тоқтап тұрған кәсіпорындарды ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ету, биязы жүннің экспортына квота белгілеу, Қазақстанның барлық өңірлерінде жүн мен ауыл шаруашылығы малдарының терілерін жинау, сақтау және кейіннен отандық кәсіпорындарға өткізу бойынша сервистік дайындау орталықтарын құру, ірі қара малдың өңделмеген терілерін шығаруға уақытша тыйым салу, жеңiл өнеркәсiп өнімдерін сатып алуға ұлттық компаниялармен және жүйе құрушы кәсiпорындармен ұзақ мерзімді шарттар жасасудың қолданыстағы тетігін жақсарту шаралары қолға алынуда. Әрине, қағазға жазылып тұрғанда бәрі тап-тұйнақтай, бірақ біздің елде оны іске асыру жағы кемшін, кембағал.

Мәселен, жоғарғы билік ел бюджетін мұнайға деген тәуелділіктен арылтамыз, экономиканы әртараптандырамыз деп 23 жыл бойы қайталап келеді. Әлі қанша жыл сұңқұлдайтынын тағы ешкім білмейді. Сондықтан, қазіргі мұнай бағасының төмендігін пайдаланып, Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін дамыту үшін (Совет заманындағы деңгейге жеткізбей-ақ қойсын, тек тұралап жатқан басын сүйеп жіберсе болды-авт.) нақты мүмкіндік туғызса, жағдайымыз біраз түзеліп кетер еді. Оған біздің жер жағдайы да, ел шаруашылығы да толығымен жетеді. Жеңіл өнеркәсіпке қажетті шикізаттың бәрі өзімізде бар. Қайта сол шикізатты қайда жіберерімізді білмей, күлтөкпеге төгіп, босқа ысырап жасап отырған жоқпыз ба?! Сойған ірі қараның, жылқының, аша тұяқтың жүн-терісі іске жарамай босқа шіріп жатыр. Осыны тіпті азын-аулақ тиын-тебенге әкетемін дейтін біреу болса да, қолына ұстата салар еді. Жасырып несі бар, қайта Тәуелсіздіктің алғашқы аумалы төкпелі жылдарында ауылдардың жағдайы көп тәуір еді. Ол кезде жұрт тері-жүнін Қытайға өткізіп әжептәуір ақша табатын. Тіпті осы кәсіптен жағдайын түзеп, көлік мініп алғандарды да көз көрді.

Мамандардың айтуынша, мал терісін шикізат түрінде сатқаннан гөрі, оны илеп, былғары ретінде сатқанда құны бастапқы бағасынан 20 есеге дейін өседі екен. Ал, енді одан дайын өнім (тон, күрте, аяқ киім, сөмке, т.б) жасап сатсаңыз 70 есеге дейін табыс табасыз. Егер біздің үкімет осы шаш-етектен түсетін пайданы ескермей, бұрынғысынша мұнайға малданып отыра берсе, онда өзінде бір сабақ жіп өндірмейтін қазақ халқы да еріксіз түріктің, қытайдың, белорусьтің, үндінің, қырғыздың, орыстың көйлек-дамбалын киіп жүре беретін болады.

kazakia.kz

Автор: Дәулет АСАУ

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/kyitay-men-kyirgyizdyin-onmnen-kashan-kutyilamyiz-59236/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: