Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қырымға барар жол қырғынға ұшырай бере ме?Кеше Украинада қаралы күн болды. Мариуполь қаласына сепаратистердің оқша жаудырған зеңбіректері 30 бейбіт тұрғынды жалмап, 100-ден астам адамды жарақаттады, 79 нысанды, соның ішінде 59 тұрғын үйдің көзін жойды. Бұл қайғылы оқиға теракті деп танылды.

Алайда, әдеттегідей, сепаратистер өз кінәсін мойынына алмады. Өз-өзін Донецк халықтық республикасы деп жариялаушылар парламентінің вице-спикері Денис Пушилин Киевтің өзіне таққан айыбын арандатушылық деп атады.

Ал ДХР басшысы Александр Захарченко украин әскерилері бекінген Мариупольдың шығысына қарай оқ жаудыру туралы бұйрық бергенін айтады, бірақ оған жауап қатқан Киев қателесіп, тұрғындары бар секторды атқылап алған, сөйтіп олар өз кінәларын бізге арта салмақшы деп мәлімдеді. Оған қоса ДХР қорғаныс министрінің орынбасары Эдуард Басурин Мариупольда украин әскерилері дұшпандікі екен деп жаңылысып, өз техникаларына оқ жаудырғанын да айтып отыр.

Қалай дегенмен де бұл қайғылы оқиға Ресейдің жағдайын одан сайын ушықтырмаса, жүгін жеңілдетпейтіні белгілі боп жатыр. Өйткені кеше АҚШ пен Канада Минскі бейбіт келісімін бұзғаны үшін Ресейге бағытталған санкцияларды күшейте түсеміз деп мәлімдеді.

Джозеф Байден, АҚШ-тың вице-президенті:

 

– … АҚШ Ресей … шығындарының өскенін қамтамасыз етуге барынша тырысады.

Джон Бердау, Канаданың сыртқы істер министрі:

– Ресей қате жолға түсті, сондықтан халықаралық қауымдастық санкцияның жаңа түрін ойластыратын болады…

Еуропалық одақтың сыртқы ведомства басшысы Федерика Могерини осы бейсенбіге Украинадағы жағдайды талқылау үшін әлем қауымдастығын дөңгелек үстел басына шақырды, сөйтіп Мариуполь үшін Ресейдің басына тағы проблема жамап алатынын ескертті.

 

Сондай-ақ БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун қос тарапты Минскі келісімін бұзғаны үшін айыптады. «Бас хатшы ондаған бейбіт тұрғынды мерт қылған, жүздеген адамды жарақаттаған Марипуполь қаласына зеңбіректен оқ жаудырушылардың іс-әрекетін қатты сынайды. Ол зымырандардың бейбіт тұрғын секторына қарай атқыланғанын айтып, мұны халықаралық гуманитарлық құқықты бұзу деп санайды» делінеді БҰҰ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

 

Бұл мәлімдемелер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Мариупольға бағытталған зеңбірек оқтарының бағыты бойынша алдын ала жүргізген зерттеулерден соң жасалғанын баса айта кетелік.

Бейсенбідегі жиынға ресми билік — Киев бұл қайғылы оқиғаны теракті деп санау, сол секілді ЛХР мен ДХР-ді террористік ұйым ретінде тану үшін қажетті дәйекті құжаттарды дайындап жатыр екен.

Ресей билігі болса, әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бұл ретте Украина СІМ басшысы Павел Климкин кеше «Твиттердегі» жеке блогына: «Мәскеу Мариупольдағы террористердің қылмысы жайлы неге үнсіз отыр? Ешқандай ресми мәлімдеме жасалмады, біреуді кінәлау да болмады, көңіл де айтпады» деп жазыпты.

Осы төңіректе ой өрбіткен ғаламтордағы сарапшылар қауымы сепаратистер Қырымға тікелей шығатын құрлық жолында болғандықтан Мариуполь қаласын нысанаға алған десіп отыр. Бірақ Қырымға барар жолдың бұдан былай қырғынға ұшырауына халықаралық қауымдастық жол бермейтінін байқатып бағуда.

Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/kyiryimga-barar-jol-kyirgyinga-ushyiray-bere-me-61810/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: