АЛТЫНОРДА
Новости

Қырық жылғы жарылыстың қасіреті толық зерттелді ме?

кепАбай ОМАРОВ (коллаж)

Қырық жыл бойы қазаққа тірідей тәжірибе жасаған ядролық сынақтың жабылғанына – 22 жыл. Жиырма екі жылдан бері атом мен сутегі бомбасынан Жер-Ана да, оның бір перзенті – қазақ та аз-кем тыныстаған. Бомбалардың үні өшті. Бірақ қырық жыл бойына уланған Жер де, одан зардап шеккен жұрттың әлсіреген денсаулығы толық қалпына келген жоқ. Ядролық сынақ өткен жердің қалпына келіп, залалсыз болуы үшін 240 жыл қажет деген деректер де айтылады. Солай десек те, зерттеушілер ядролық сынақтан зардап шеккен 1 жарым млрд гектар жердің 5600 шаршы шақырымының зиянсыздығы туралы қорытындыны қарастыруда.

Осыдан бірер жыл бұрын Ұлттық ядролық орталықтың ядролық сынақ өткен жерді халыққа пайдалануға беру туралы ұсынысына экологтер өре түргелгені мәлім. Сонда ол жердің әлі толық зерттелмегенін айтқан-ды экологтар. Оны түбегейлі зерттемейінше, жерді пайдалануға әсте болмайды деген еді.

Алайда кейінгі уақытта ол жерлерді пайда­ланудың қауіпсіздігі туралы жиі айтылып жүр. Кеңес Одағы кезінде ғалымдарымызға полигон ту­ралы ақпарат, зерттеу жасау мүлдем мүмкін болмады. Ал ел егемендігін алған сәтте полигон жабылған уақытта ғалымдарымыздың оның түп-тұқиянынан бүгініне дейін зерттеуіне жол ашылғаны және рас. Ал ол қаншалықты зерттелді? Зерттелген күнде де оны халықтың пайдалануына берудің зияндығы туралы өзіміз түгіл, ресейлік ғалымдар да қош­тамағаны мәлім. Сонда біздікі қай сасқандық?

Атом жарылған жерде апат жоқ па?

Ресей ғалымдары «Біз полигонға қарасты жерді шаруашылыққа пайдалануға беруді ешқашан ойлаған жоқпыз» депті. ҰЯО Радиациялық қауіпсіз­дігі институтының бұрынғы директоры, 40 жылдан астам еңбек өтілі бар эколог әрі метеоролог, радиа­циялық қауіпсіздік пен метеоролог саласын­дағы маман Лариса Птицкаяның айтуынша, плуто­ния-240 изотоптары табиғи жолмен 6500 жылдан кейін, плутония-239 изотоптары 21 мың жылдан кейін ыдырайды. Ал плутония-241 ыдыраған кезде жаңа альфа сәулесі түзіледі: америций-241, оның төндіретін қаупі жыл сайын өседі екен.

Егер плутонияның бір бөлігі адам орга­низміне түссе, сүйек тінінде 80 жыл, бауыр­да 40 жыл өмір сүреді дейді дерек­тер. Барлық тірі жасушаларды өлтіріп, олардың табиғи қасиетін жойып, бұзуға әкеп соғатын көрінеді.

Ал баспасөз мәслихатында Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ректорының ғылым жөніндегі кеңесшісі, ҚР Ұлттық ядролық орталығы Ядролық физика институтының бұрынғы дирек­торы Қайрат Қадыржан 20 жылда сынақ алаңы­ның зерттелгенін,  пайдалануға бе­ру­ге бо­ла­тынын тағы айтты. Сонда кімге сене­міз?

Қайрат ҚАДЫРЖАН, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ректорының ғылым жөніндегі кеңесшісі, ҚР Ұлттық ядролық орталығы Ядролық физика институтының бұрынғы директоры:

–91 жылдарда полигон туралы мәлімет алу мүмкін болмады. Ал ел егемендігін алған тұста, кейінгі 20 жылда полигонды зерттеуде қыруар жұмыстар жүргізілді. Бүгінде біз поли­гонның жағдайын 95-98 пайыз білеміз. 2020 жылдарға қарай полигонның қай жерін пайдалануға немесе қай жеріне қатаң тыйым салу керектігі нақты бел­гі­лі болады.

Бұл – полигонға қатысты қалың  қайғы­ның бірі ғана. Семеймен шекаралас аймақ­тар, тіпті тасада қалып жатыр.

Ядролық сынақтан зардап шеккен аймақта жағдай нешік?

Семей полигонымен шекаралас аймақтардағы  ахуал туралы күні бүгінге дейін толықтай ақпар жоқ десе де болады. Ғалымдар полигонның эпицентрі- Семей­мен салыстырғанда ол өңірлерде  айтар­лықтай алаңдауға негіз жоқ дегенімен, ондағы жұрт өзін жапанда қалғандай сезінеді. Семей полигонының зардабын бүтін Семей аумағымен бірге, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыс­тарының полигонға жақын аудандары да тартты. Айталық, Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданын 90-жылдардың басында жұртшылығының талап етуімен Қарқаралы – Балқантау экологиялық апат аймағы деп танылды. Зерттеулерге қара­ғанда, 90-жылдары Балқантау-Қарқа­ралы аумағында радионуклидтердің таралуы облыстың басқа аумақтарына қарағанда 1,5-2 есе көп. Осының нәтиже­сінде 1949-1990 жылдар аралығында бірқатар тұрғындар дозасы 25-тен жоғары сыртқы сәулелердің әсеріне ұшырапты. Жалпы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылындағы ядролық сынықтан зардап шеккендердің таса қалып отырған жағдайы туралы Қазақстанның Құрметті журналисі, «Семей-Невада» қоз­ғалысының Қарқаралы  ұйымының 1989 жылдан төрағасы Мақсым Омарбекұлы «Біздің осы жылдар ішінде аудан тұрғын­дарын жеңілдікпен зейнеткерлікке шығару туралы сан рет көтерген талабымыз аяқсыз қалып келеді. 2001 жылы менің ашық хатыма орай сенатор жерлесіміз Уәлихан Қайсаров сол кездегі Үкімет басшысы Қ.Тоқаевқа депутаттық сауал қойып, вице-премьер министр И.Тасмағанбетов баста­ған Үкімет комиссиясы құрылғаны есімде. Осы комиссияның ұсынысы бойынша Қарқаралы – Балқантау аймағына терең­де­тілген радиометрлік зерттеу жүргізіле­тіндігі туралы жауап алдық. Артынан Үкі­мет ауысып, бұл мәселе де аяқсыз қалған тәрізді» дейді. Рас, қазіргі таңда өзге өңірлер ұмытылып тұр. БҰҰ Қазақстандағы резидент-үйлестірушінің міндетін атқару­шы, ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Джун Кукита мырза өзі жетекшілік ететін ұйымның басты наза­рында Семей полигоны екенін атап отыр. Кукита мырзаның айтуынша,қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында БҰҰ-ның 4 ұйымы түрлі бағытта жұмыс жүргізіп отыр. Себебін өзге өңірлерге қарағанда ядролық сынақтан зардап шекккендер осы аймақта көптігімен байланыстырады.

Джун КУКИТА, БҰҰ Қазақстандағы резидент-үйлестірушінің міндетін атқарушы, ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы:

–Шығыс Қазақстан облысын таңдап алған себебіміз осы облыста ядролық сынақтан зардап шегушілер көп. Бүгін­де 4 ұйым жұмыс істейді онда. Осылай­ша, келесі аймақтарға да барамыз.

Десе де, өзге өңірлер әлі де елеусіз қалып қойып отыр. Тіпті, ол аймақтарда тыйым салынғандығын, жарамдылығын халыққа айтып, түсіндірген пенде жоқ.

Қырық жылғы қырғынның қасіреті елдің жұдырықтай жүрегінде, қырық қат­парлы жерде де жойылмаған…

Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды

http://alashainasy.kz/main/45419/