Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Осыдан үш жыл бұрын Алатауды бөліскен қырғыз ағайындарымыз ел тарихындағы екінші революцияны бастан өткерді. Бұл аптада қырғыз сол төңкерісті еске түсіріп, оған саяси баға беріп, төңкерістен бергі үш жыл ішінде елде қаншалық ілгерілеу болғанын саралаумен болды. «100-ге жуық адамның қанымен келген жаңа билік расында да, жеңіс болды ма» деген сауал күн тәртібіне шықты. Әрине, билік маңайындағы ресми басылымдар бұл төңкерістің маңызы ерекше болғанын, одан бері қырғыздың тасы өрге домалай бастаға­нын айтып сендірумен әлек. Дегенмен тәуелсіз басылым­дар, тәуелсіз сарапшылар, қоғам қайраткерлері бұл тақырыпты жан-жақты мәнде талқылап жатыр. Арасында «Тәуелсіздіктен бергі қос төң­ке­ріс бізді ондаған жылға артқа лақтырып жіберген жоқ па», «жалпы, сол төңкерістің қажеті бар ма еді» дегендей «философиялық толғаулар» да байқалады.

Бас-аяғы 87 адамның қанын жүктеп, біразын жарақаттап, мүгедек етіп, талай­дың жүйкесін жұқартқан оқиға бүгінде еске алынып жатыр. Құрбандарды еске алып, ескерткішіне тағзым ету шарасын Рес­публика Президенті Алмазбек Атамба­ев өзі бастап шықты. Қырғызстанның экс-пре­зиденті Роза Отынбаева, парламент спи­кері Асылбек Жәнібеков, премьер-ми­нистр Жанторо Сатыбалдиев және қаза бол­ғандардың туғандары мен қоғам өкіл­дері осы шараның басында жүрді. Бір минуттық үнсіздіктен кейін үш дүркін оқ аты­лып, Қырғызстанның әнұраны ойнал­ды. Төңкерісте қаза болғандардың рухына ар­нап Құран бағышталды.

Осыдан үш жыл бұрын Қырғызстанның Талас ауданынан басталған халықтық тол­қу­ларды көзімен көрген ұрпақ оны көпке дейін естен шығармасы анық. Ат үстінде алқынып, биліктің тұтқасына кенедей жабысқан Бакиевпен алысу халыққа оңай тиген жоқ. Бұл күні Құрманбек Бакиев «қызғалдақ» төңкерісі кезінде өзі үлес қосып, тақтан тайдырған Асқар Ақаевтың қателігін қайталап, халыққа қарсы оқ атуға бұйрық берді. Бірақ бұл қадам наразы халықтың ашуын сейілте алған жоқ, қайта өршітіп жіберді.

Жиырма мыңнан астам халық Бішкек­тегі басшының резиденциясын қорша­ған­да бұл саяси толқуларды ұйымдастырушы топтың ұраны да, уәдесі де орасан еді. «Аз қалды. Осыдан билікті қолға бір түсірсек тайлы-таяғыңды қалдырмай жарылқай­мыз. Қарияң зейнетін көріп шалқиды, ең­бек етемін деген адамның қолына бір кү­рект­і өзіміз тауып береміз. Әділ сот орнап, үкі­мет ақшаны төбеңнен құяды», дегендей жалаң сөз тарыққан халықтың құлағына майдай жаққаны сөзсіз. Бүгінде осы уәденің қаншасы орындалды? Айту қиын. Әрине, бүгінгі Қырғыз үкіметінің адамдары жеке бастың қамын ойлап, елдік мәсе­ле­сіне келгенде ай қарап отыр деп айта ал­май­мыз. Дегенмен конституцияға бірқатар өзге­рістер енгізгеннен елде әділдік орнап, кешегі күннің уәделері өздігінен іске асып кетпейтіні белгілі болды. Экономикада таңғажайып құбылыс, кездейсоқ даму деген ұғым жоқ. Қанша жерден нарықтық заманда өмір сүрсек те экономика жоспар­ды жақсы көреді. Салмақтап қарасақ, Ба­киев­ке дейінгі Қырғызстанның экономи­ка­сы мен бүгінгі күнгі қуатында анау айт­қандай айырмашылық жоқ. Ұн мен нан, жанармайдың бағасы, азық-түлік қол­жетімділігі 2010 жылғы төңкеріске дейі­нгі кезеңмен шамалас. Жұмыссыздық статистикасында да айтарлықтай ілгерілеу байқалмайды.

Саяси жүйесіндегі жалғыз ерекшелік: парламенттік республикаға айналды. Мұны Қырғызстандағы қос саяси толқу­лар­да оқиғаның басы-қасында жүрген саясаткер Феликс Кулов та мойындайды.

Феликс Кулов, «Ар-Намыс» фракциясының жетекшісі:

– Төңкеріске дейін қалай өмір сүрсек, қазір де солай өмір сүріп жатырмыз. Экономикада қандай да бір жетістікке жеттік десек өтірік болады. Бұл – парла­мент­тің де, үкіметтің де кінәсі. Халықтың билікке деген сенімі жоғалып, анархиялық құбы­лыс байқалады. Ендігі мақсат, билік барын­ша белсенді жұмыс жасап, азамат­тардың се­німіне кіру керек. 

Дегенмен әр нәрсенің қос қыры бар. Тәуелсіздіктен бергі төңкерістердің жетістігі де жоқ емес. Қырғызстанда отбасылық-клан­дық билiк біржола жойылды. Сарап­шы­лардың айтуынша, қазір Қырғызстанда бел баласын бастық етіп тағайындау былай тұрсын, жақын туысын қатардағы қызметке алушылар аяғын аңдап басатын болды. Оның үстіне бір-ақ мерзімге тағайын­далатын президент өз ықпалын күшейте алмайды. Жемқорлық жойылып кетпесе де бір кездегідей кең ауқымда көрініс беріп жатқан жоқ. Екіншіден, қырғыз халқын саяси сауаты бұрынғыдай емес. Тіпті кішігірім мәселелерде де өз құқын талап етуде ерекше белсенді. Көппартия­лық жүйе ашық көрініс беріп жатыр. Сай­лаулар кезіндегі биліктің объективтілігі дамып келеді.

 

Түйін

Бір кездері сарапшылар қауымы «Қырғызстанда төңкерісшілдік синдромы пайда болды. Дәндеп алған халық көп ұзамай бұл билікті де қуалап жібереді», – деген сыңайда тұжырым жасаған болатын. Дәл бүгінгі қырғыздың бойында ондай пиғыл жоқ сияқты. Қан төгуге кім құмартсын, халық та ақымақ емес. Оның үстіне билік те халықтың қытығына тиюден қорқады. Керісінше, биліктің халықтан қорқу синдромы пайда болды. Бүгінде Қырғызстанды Орталық Азияның лабораториясы деп те атайды. Ендеше сол лабораториядағы қос төңкеріс тәжірибесі аймақтағы елдердің басқарушы элитасына да, қарапайым тұрғындарына да сабақ болды.

Автор: Сәкен КӨКЕНОВ

 

http://alashainasy.kz

 

Рубрика: