Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

АСТАНА. 25 наурыз. BAQ.KZ — Соңғы кездерi Қыдыр ата, Хызр пайғамбар және Қадiр түнi деген ұғымдарды өзара шатастыратын болып жүрмiз. Қыдыр атаны Наурыз кезiнде ғана еске аламыз, Хызр жайында дiндарлар болмаса, былайғы көпшiлiк бiле бермейдi. Ал осы екеуiн Қадiр түнiмен байланыстырудың еш ретi жоқ. Осының ара-жiгiн қазiр ашып алмасақ, бүгiнгi балалар Қыдыр атаны қаланың орталық алаңдарына қойылатын Наурыз кезiндегi көрiнiс кейiпкерi деп ойлап қалуы әбден мүмкiн ғой. Өйткенi бiздiң қазiргi әрекетiмiздiң тәрбиелiк қырынан тек соны көрiп отырмыз. Бұл да кеңес кезiнде парадтан парад қоймай, көрiнiс қойып үйренiп алғанымыздың керi салдары шығар…

Қыдыр ата – түркiлер танымында сәттiлiктiң жолбасшысы. Аңыздарға қарағанда, ол тек наурызда ғана емес, жыл бойы ел аралап жүредi екен. Соның құрметiне қойылған адам аттары мен жер атаулары да кездесiп қалады. Айталық, Шыңғыстаудың бiр сiлемi Қыдыр тауы деп аталады. Алайда Ұлыстың ұлы күнi болғандықтан, «Қыдыр ата қолдасын!» деген бата наурыз күндерi айтылатын тiлектiң төресi болып табылады. Сондықтан ба екен, бiз оны тек Наурыз кезiнде көрiнiс кейiпкерi етiп бейнелеуге бейiм болып алдық. Әлгi бiр ауыз тiлектi мереке атаулының бәрiнде айтуға тиiс болсақ та, басқа күндерi Қыдыр атаны ұмытып кетiп жатамыз. Мәселен, неге Тәуелсiздiк күнi, болмаса Конституция күндерi осы тiлектi тиiстi тұлғаларға айтуға тосылып қаламыз? Бұл да сол көшедегi шала көрiнiстiң шалығы деп ойлаймыз.

Одан қалды, Қыдыр атаны Наурыздан кейiн Қадыр түнi келедi деп есептейтiндер де баршылық. Қадыр түнi Қыдыр ата келiп жолыңызды ашады-мыс. Әрине, ырымның жақсысына жетерi жоқ. Алайда атауы, дыбысталуы ұқсастың бәрiн жақындата берудiң жөнi келе қоймас.

Ал кiтап түскен дiн иелерi Хызрды көзi тiрi пайғамбарлардың бiрi деп есептейдi. Оның шын есiмi мен шежiресi былай тарқатылады: Iлияс ибн Мәлкән ибн Әмир ибн Шалих ибн Арфахшад ибн Сам ибн Нұх. Оның Хызр аталу себебi, ол отырған жердiң түсi әп-сәтте жасылға айналады екен. Ал жасыл түс пен жер-дүниенiң көктеп, гүлденуiн араб тiлiнде «хезраъ» дейдi. Христиандар арасында Хызр пайғамбар Георгис, Георгий, Жаржис атымен танымал. Кезiнде дiндi жақсы бiлген қазақтар оны Хызр Iлияс деп толық атайтын болған. Хызр Iлияс мұсылмандар арасында су пайғамбары ретiнде аталады.

Ұқсас дегеннен шығады, Санта Клаустар мен Аяз аталардың да түп-тегi түркiнiң Қыдырынан шығатынын көпшiлiгiмiз бiле де бермеймiз. Айырмашылығы – Санта Клаус пен Аяз ата қасына Қар қызын ертсе, халық санасындағы Қыдыр ата жалғыз. Бiрақ ол жүрген жерге сәттiлiк дариды. Онымен кездескеннiң жолы оңғарылып отырады. Көктемде атадан қалған талдың түбiнде Ұлыстың ұлы күнiн қарсы алатын түркi баласының аңызында Қыдыр атаны тек оң қолының бармағынан тануға болатындығы айтылады. Бiрiншiден, Қыдыр атаның оң қолының бармағы сүйексiз болса, екiншiден, осы бармақтың терiсi қызылға бейiм келедi екен. Осыдан емiс-емiс хабары бар христиандардың Санта Клаустары мен Аяз аталарын қызыл киiндiрiп шығаратыны да содан болса керек. Қызыл түс қайнаған өмiр мен тоқтаусыз тiршiлiктiң белгiсi болып табылады. Сондықтан да Наурыз кезiнде кейбiр елдер дастарқандағы арнайы ыдысқа жүзiп жүретiн қызыл балық қояды. Бұл бүгiнде Үндiстандағы заратуштар мен ирандықтар арасында сақталып отыр. Олардың Наурыз кезiндегi клоун кейiптес Хажи Фируз (Жеңiске бастаушы) деп аталатын аңыздық кейiпкерi де қызыл киiнiп жүредi. Санта Клаус болсын, Аяз ата мен Хаж Фируз болсын – бәрi бiрдей қызыл түске жақын екендiгiн пайымдаймыз. «Ал осылардың бәрi Қыдыр атаның жұқанасы екендiгiн дәлелдейтiн тағы бiр элемент – бөрiк» деген болар едiк. Ден қойсаңыз, осы күнге дейiн бөрiктi жағалы киiм ретiнде тұтынатын тек қазақтар екендiгiн көремiз. Қалғандарының қайсысы бөрiк тұтынып отыр – жауап беруге қиналасыз. Адамзат өркениетiне арба, шана және күйменi сыйлаған түркi бабаларға кiмнiң қанша қарыз екенiн осыған қарап пайымдай берiңiз! Алысқа бармай-ақ, шананың орыс тiлiндегi атауының да бiзге жақын екендiгi, бiзден алынғандығы да талай жайдан хабар берсе керек…

 

Автор: Бiлге КҮЛТЕГIН

http://baq.kz/kk/news/44999

 

Рубрика: