АЛТЫНОРДА
Новости

Қуыршақ театры қашан қазаққа қызмет көрсетеді?

АСТАНА. 4 қазан. BAQ.KZ – Биыл 80-маусымын ашқалы отырған Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театры өз мерейтойы қарсаңында өнер сүйер қауымның көңілін күпті етіп қойды. Өнер ұжымы басшылығына қатысты дау-дамайдың ізі толық басылмай жатып, онда қалалық мәдениет басқармасы басшысының араласуымен жаңа бір даудың шеті қылтиып шыға бастады. Онда алдағы уақытта шығармашылық біліктілікті сараптайтын аттестация жүргізіліп, штат қысқартылмақ. Ал жыл соңына қарай жекешеленіп, театр жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналатын көрінеді. Негізінде қуыршақ театрының ғимаратына әлдекімдердің көз тігіп жүргені осыдан бірнеше жыл бұрын-ақ жұртшылық арасында сөз болған. Оған бұл театрдың қалалық әкімдіктің қармағына өтіп, республикалық мәртебесінен айрылуы отқа май құя түскендей болған еді. Енді бұл мәселе күн тәртібіне қайта көтеріліп отыр.

 Бүкіл қазақ өнері үшін тың жаңалық болған Алматы өлкелік қуыршақ театрын ашу туралы Халық Комиссарлар Советінің 1935 жылғы 10-қазандағы шешімі бойынша құрылған бұл театрдың тарихы өкінішке орай әлі толық зерттелген жоқ. Тіпті әлі күнге дейін оның нақты қай күні ашылғаны белгісіз болып келе жатқаны соның нақты айғағы. Бұл туралы театр сайтынан да (www.puppet.kz), 2005 жылы жарық көрген «Қазақ мәдениеті» сияқты энциклопедиялық анықтамалықтардан да мардымды ақпарат таба алмайсыз. Тіпті биыл 70-ке толған қазақ қуыршақ театры тарихындағы ең бірінші боп Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі атанған Зухра Дүйсенова туралы да білетін адамдардың өзі бүгінде өте аз. Ешқандай анықтамалыққа есімі кірмегендіктен іздеушісіз қалып отырған өнер майталманының жастарға айтар ақыл-кеңесі де аз емес. Өкінішке орай балалар мен жасөспірімдер театрының қанатының астына кіріп, мүсәпір күйге түскен театрдың республикалық мәртебе алуына өз үлесін қосқан өнер майталманы туралы театр сайтында да анықтамалықта да ешқандай мәлімет жоқ.

Жалпы қазақ жеріндегі қуыршақ ойынының кейбір элементтері ұлттық ойындарда кездескенімен, оның театр деңгейіне көтерілуі 1938 жылы ғана басталды. Театрда 1935-38 жылдары орыс труппасы ғана өнер көрсетіп, қазақ труппасы тек 1938 жылы Қазақ КСР-нің мәдениет жөніндегі халық комиссары Темірбек Жүргеновтің шешімімен құрылған көрінеді. Сондай-ақ осы жылы оған республикалық қуыршақ театры дәрежесі берілген. Бірнеше рет өзге мәдениет мекемелерінің құрамына еніп, көшіп-қонып, мәртебесі сан мәрте өзгерген қуыршақ театрының жағдайы кеңестік дәуірде де ешқашан көңіл жұбатарлықтай жоғары деңгейде бола қоймаған секілді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де оның дамуына әлі күнге дейін лайықты деңгейде мән берілмей келе жатыр. Оның репертуарын қазақ тіліндегі қойылымдармен толықтыру мәселесі Кеңестік дәуірде қаншалықты өзекті болса, бүгінгі таңда да өз маңызын жоймай отыр. Театр репертуарындағы қазақша қойылымдардың санына бүгінгі таңда 10 саусақ та бүгілмейді. Барының өзі толықтай аударма. Актерлар труппасы түгелдей қазақтардан құрылса да театрдағы жаңа қойылымдар әрдайым алдымен орысша сахналанады. Мәселен өткен маусымда репертуарға енген 3 қойылымның тек біреуі ғана 2 тілде қатар қойылды. Оның өзі театр директорының өзі қойған спектакль. Мемлекеттік деңгейде өз шешімін таба алмай жүрген бұл жағдайдан кейде Мәдениет және спорт министрлігі де хабарсыз шығар деп қаласың.

Қазақ балабақшалары мен мектептері арасында жеткілікті деңгейде насихатталмағандықтан театрдың қазақ тіліндегі кейбір қойылымдары көрерменнің аздығынан көрсетілмей қалып жүргені мәдениет басқармасының басшыларын ойландырмайтыны өкінішті. Тіпті дау-дамайдан кейін басқарма басшысының бұйрығымен тағайындалған директордың 2 орынбасары да мемлекеттік тілді мүлде түсінбейтін адамдар болып шығуы таңғаларлық жағдай. Онсыз да қазақ тіліндегі түпнұсқа қойылымдардан тапшылық тартып жүрген қуыршақ театрының бүгінгі хал-жағдайына қарап оның қазақ мәдениетіне қандай үлес қосып жатқанын бағалау өте қиын.

Автор: Ерлік Ержанұлы

http://baq.kz/kk/news/54069