Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша әлемде туберкулез қоздырғышын жылына шамамен 1 миллиардқа жуық адам жұқтырады екен. Оның 8-10 миллионы туберкулезбен сырқаттанса, 1,5 миллионға жуығы осы індеттің салдарынан қайтыс болатын көрінеді. Бұл ретте шүкір деп айтайық, мемлекеттік қамқорлықтың әрі қолға алынған бағдарламалардың дұрыс бағытта жүргізілгендігінің арқасында, елімізде туберкулезбен алғашқы науқастану да, одан болатын өлім-жітім көрсеткіші де айтарлықтай төмендеп келеді.

 

 Абай ОМАРОВ (коллаж)

Енді нақты деректерді келтіретін бол­сақ, мәселен, соңғы бес жылда Қазақстанда – 100 мың адамға шаққанда туберкулезбен сырқаттану – 35 пайызға, ал одан болатын өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 57,4 пайызға төмендеген. Ал бір жыл ішінде (2011 мен 2012 жылдар аралығы) туберкулезбен алғашқы науқастану – 5,7 пайызға, өлім көрсеткіші 14,3 пайызға азай­ған. Бұл ретте Қазақстанда туберку­лезге қарсы күрес жүргізу «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі екендігін айта кеткеніміз жөн.

Жалпы жоғарыдағы деректер, сонымен бірге туберкулезді анықтау, алдын алу, емдеу мәселелері Алматыдағы Туберкулез проблемалары Ұлттық орталығында өткен дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған конференцияда айтылды. Шыны керек, соңғы 10 жылда еліміздегі тубер­кулездің эпидемиологиялық жағ­дайы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жеке саяси қолдауының арқасында, сонымен қатар мемлекетіміздегі Туберкулезге қарсы күрес ұлттық бағдарламасының тиімді жүзе­ге асқандығынан жақсарып отыр. Ту­беркулез проблемалары Ұлттық орталы­ғы­на, облыстық-аудандық тубдиспансерлерге неше түрлі жаңа инновациялық техноло­гия­лар алып келінді. Туберкулездің көп дәріге төзімді менеджментінің стратегия­сын дайындау негізінде науқастарды туберкулезге қарсы дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз ету жақсы жолға қойылған. Мысалы, осы күрделі түрімен ауыратын науқастарды еммен қамту – 2008 жылы 27,5 пайыз болса, 2012 жылы 86,9 пайызға жеткен. Сонымен бірге соңғы екі жылда Туберкулез проблемалары ұлттық орталығында дәріге төзімді түрдегі тубер­ку­лез науқастарын емдеу үшін жаңа хирур­гия­лық технология енгізілген.

Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, Туберкулез проблемалары Ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Қазақстанда көптеген дәріге төзімді туберкулезді инновациялық әдіспен жедел анықтау қолға алынуда. Бұрын науқасқа флюрорентген түсіргенде ондағы түрлі көлеңкелер туберкулезді нақты анықтауға кедергі келтіретін. Демек, ол «туберкулездің бар болуы мүмкін» деген күдік қана бере­тін. Ал абсолюттық 100 пайыз диагностика­сын анықтаудың жолы тек қана бактеро­ло­гиялық жолдармен шешіледі. Ескі қон­­­­дыр­­­ғы бойынша біз адамда туберкулез­дің бар-жоқтығын 3,5 ай ішінде нақты анық­тайтынбыз. Бірақ науқас осы аралықта ал­ғаш­қы топтағы дәрілермен емделгені­мен, олардың кейбіріне бұл дәрілер әсер етпейтін болып шығады. Оның үстіне осы уақытқа дейін олар қанша маска кисе де, басқа аурулармен байланыста болады. Міне, айналдырған 3,5 айдың ішінде басқа ауруларға да туберкулездің күрделі түрін жұқтырып алу қаупі туындайды. Бұл ретте Bactek-Mgit – 960 аппаратының тиім­діл­ігі ерекше болды. Онымен науқаста туберкулездің бар-жоқтығын, қандай дәрі­ге төзімді екендігін 7 мен 28 күн аралы­ғында анықтай алатын болдық. Одан кейін Hain-test аппаратын алдық, ол туберкулез­дің қандай дәріге төзімді екендігін екі күнде анықтай алады. Енді GeneXpert қондырғы­сын алдық, ол туберкулездің бар-жоқтығын екі сағатта-ақ анықтап бере алады. Демек, бұл аппараттар еліміздегі туберкулездің эпи­де­миологиялық ахуалын жақсарта түсуге көмектеседі. Біз мұны өзімізге ғана алып қоя салмай, облыстағы барлық тубдис­пан­серлерге, қылмыстық жазаны өтейтін колонияларға дейін алып беруге тырысып отырмыз. Егер туберкулезбен күрес бағытын­да осындай игі шаралар жиі атқарыла бере­тін болса, онда 2015 жылға дейін біз тубер­ку­лездің негізгі эпидемиоло­гиялық көр­­сет­кіштерін жалпы қоғамға қа­уіп­сіз дең­гейге дейін түсіруге мүм­кіндігіміз бар. 

Әлеуметтік-гигиеналық дәрігер Т.Әбіл­даев­тың айтуынша, Үкіметтік органдардың қатысуымен туберкулезбен ауыратындарға амбулаторлық емдеу кезеңінде ақшалай көмек, азық-түлік, қосымша тұрғын үй түрінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі екен. Әлеуметтік көмек ретінде берілетін қаржының көлемі де жыл сайын ұлғаюда. 2010 жылы облыс әкімдіктері 19 мыңнан астам ауруға әлеуметтік қолдау мақсатында 215 млн теңге бөлсе, 2011 жылы 257 млн, ал 2012 жылы 335 млн теңгеге дейін ұлғайт­қан. Туберкулез ауруы – жұқпалы және әлеуметтік маңызды екендігін ескер­сек, осындай емделуді жалғастыру кезеңін­дегі әлеуметтік қолдаулар емнің нәтижесіне тіке­лей ықпал ететіндігі әлемдік және отан­дық іс-тәжірибеде дәлелденген. Өйткені құрт ауруына көбіне жұпыны отбасылардың мү­шелері шалдығады. Оларды тубдиспан­сер­лерде қанша емдегенімен, олар үйіне барғанда дұрыс тамақтанбаса, өз-өзін күтінбесе, қайтадан ауруын асқындырып алады. Сондықтан туберкулезге шалдық­қан­дардың отбасына әлеуметтік қолдау көрсету арқылы да емдеу нәтижесін жақсартуға болады.

Гамбогарам ЦОГТ, USAID-тың «Сапалы денсаулық сақтау» жобасының өкілі:

– Мен қазақстандық фтизиатрларға үл­кен алғыс айтқым келеді. Себебі олар басқа мемлекеттер жете алмаған жетістік­тер­ге жетіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы бойынша туберкулездің күрделі түрлерін емдеу нә­ти­жесі Қазақстанда жыл өткен сайын жоға­ры­лап келеді. Мысалы, туберкулезбен сыр­қаттану, одан болатын өлім көрсеткіш­тері ТМД мемлекеттері арасында Қазақ­стан­да ең төмен деңгейде. Бұл туберкулезге қарсы күресте Қазақстанда атқарылып жатқан бағдарламалық шаралардың тиім­ділігін көрсетеді. Сонымен бірге мемлекет­тің көмегі мен фтизиатр­лар­дың ерен ең­бе­гі­нің арқасында жеткен жетістік деп есеп­­тей­мін. Егер осы­лай кешенді іс-шара­лар атқарыла беретін болса, онда алдағы уақытта дұрыс жолға қойылып келе жатқан жұмыс одан әрі жақсара түсетініне сенімді­мін. 

Жалпы, бүкіләлемдік туберкулезге қар­сы күрес күнінде еліміз фтизиатрлары үкі­мет­тік емес ұйымдармен, халықпен кез­десу өткізуді дәстүрге айналдырған. Дә­рі­гер мамандардың айтуынша, бүгінде ту­бер­кулез ауруынан соншалықты қорқу­дың керегі жоқ. Туберкулез ерте анықталып, дұрыс ем қабылдаған жағдайда науқастың құлан таза сауығуына әбден болады. Сон­дық­тан дәрігерлер халықтың өз ықтиярлы­ғ­ымен жыл сайын арнайы медициналық тексерілулерден өтуіне, өз еркімен флю­рорент­генге түсуіне, денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауын үгіттеп отыр. «Егер ересек азаматтардың барлығы дер­лік жылына бір рет флюрографиялық тек­серілу­ден өтіп тұрса, онда біз туберкулезді алғашқы сатысында анықтап, ауруды то­лық емдеуге мүмкіндік алар едік, әрі бұл халықтың арасында туберкулездің таралып кетуіне кедергі қоюымызға көп көмегін ти­гізе­ді. Біздің бар ұсынысымыз да, халыққа айта өтінішіміз де – осы!», – дейді дәрігер мамандар. Туберкулез проблемалары ұлт­тық орталығының директоры Тілеухан Әбілд­аевтың айтуынша, бұл ретте халық­тың науқастануы, ең бірінші өзіне тиімсіз екендігін түсіндірмей, дәрігерлерге уақ­ты­лы қаралуын үгіттемей ешқандай нәти­же­ге қол жеткізе алмаймыз. «Сондықт­ан адамдарды өз денсаулығына жауапкер­шілік­пен қарауын үгіттеуіміз керек», – дейді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның дерегі бойынша, ауруға шалдығу мен оның салдарынан қайтыс болудың 95 пайыздан астамы дамып келе жатқан ел­дер­де тіркеледі екен. Мәселен, Латын Аме­ри­ка, Африка, Азия елдерінде туберкулез­бен ауыратындар көп. Ал құрт ауруына аз шал­дығатын елдер: Еуропа, Солтүстік Еуропа, АҚШ, Канада, Жапония, Израиль т.б. мемлекеттер. Қазір Қазақстанда да бұл ауруды анықтау, емдеу шаралары тегін жүргізіледі. «Саламатты Қазақстан» бағ­дар­ла­масы бойынша көптеген игі жұмыс­тар атқарылуда. Енді еліміз 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуді көздеп отыр. Болашақта елімізде туберкулезден болатын сырқаттану да, өлім де тіптен азаяды деп сенейік.

Автор: Серік ЖҰМАБАЕВ

 

http://alashainasy.kz/society/41442/

Рубрика: