Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

«Халықтық IPO-ға» халықтың кең қолдауын қамтамасыз ету үшін бұл іске Қазақстан халқы ассамблеясы тартылды. Осы орайда ҚХА тіпті «Халықтық ІРО» бағдарламасы бойынша арнайы Республикалық қоғамдық комиссия құрыпты. Құрамына қоғам қайраткерлері, депутаттар, Ассамблея мүшелері, экономистер мен заңгерлер кіретін бұл комиссия осы президенттік бағдарламаны жүзеге асыру барысына тәуелсіз қоғамдық бақылау жасап, ашықтық пен жариялылыққа ықпал етпек. Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайының ұшар басындағы «Бесік» залында осы комиссия, «Самұрық-Қазына» қорының басшылығындағы тұлғаларды және Елбасының тапсырмасымен өз акцияларын халыққа сататын ұлттық компаниялардың жетекшілерін шақырып, үлкен жиын өткізді.

«Осындай халықтық жобадан Қазақ­стан халқы ассамблеясы тыс қала ал­майды» деді ҚХА төрағасының орын­басары-Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов. Оның үстіне мұны Мемлекет басшысы тапсырған: «Капиталистік әлемде барлық азаматтар баяғыдан-ақ ірі кәсіпорындардың акцияларына ие, ди­виденд алып, ақша табады. Біз бұған дейін мұнымен айналыса алмадық. Қазір өзіміздің ірі кәсіпорындардың акцияла­рын бөліп, осыған барудамыз, кеңінен түсіндіру­деміз. Халық мұны ұғынуға тиіс. Ассамблея осы істі түсіндіруге белсен­­­ді қатысқаны жөн» деген болатын
Н.Назарбаев Қазақ­стан халқы ассамблея­сының ХІХ сес­сиясында. Сондықтан Ассамблея «ІРО-ны» ел арасында кең насихаттауға Кә­сіп­керлер қауымдастығы, Ассамблея қоры, Журналистер клубы секілді өз құрылымдарын,этно-мәдени бірлестік­терді, 35 этникалық газеттер мен журнал­дарды жұмылдырған көрінеді.

– Қазақстан Көшбасшысының «Ха­лықтық ІРО» деп аталатын мега-жо­басының басты мақсаты – Қазақстан халқына, үлкен ұлттық компаниялардың меншігіне, мемлекетпен бірге ие болуға, сондай-ақ қазақстандықтарға осы ұлттық компанияларды басқаруға атсалысуға мүм­кіндік беру екендігі сөзсіз. Бұл ұлттық компаниялардың ха­лық алдындағы жауапкершілігін артты­ра түсері анық,–деді Е.Тоғжанов. Оның айтуынша, Президент тапсырмасын орындау мақса­тында ҚХА, «Самұрық-Қазынамен» бір­лесіп, 72 республика­лық және өңірлік іс-шаралар өткізіпті. «ҚХА-ның арнайы топтары республика бо­йынша Ассамблея мүшелері, этно-мә­дени бірлестіктер, кәсіпорындардың еңбек ұжымдары және жастармен 130-дан астам кеңестер, кездесулер, дәріс­тер өткізді, – деді Ералы Тоғжанов. – Мұның сыртында 68 оқытушы семинар-тренинг, «дөңгелек үстелдер», ғылыми-сарап­шылық топтар отырыстары ұйымдас­тырылды. Ақпараттық-насихат топтары ауыл-аймақты аралады. Ас­сам­блеяның «Халықтық ІРО» бағдарламасын түсін­діру іс-шараларына барлығы 16 мың 230 адам қатысты».

Осы жиында алдағы мамыр айының 13-інде «КЕГОК» компаниясының ак­цияла­рын сатып алуға қызығушылық білдірген қазақстандықтардан өтінім жинау науқа­ны бастау алатындығы жарияланды. «Өтінім­дер қабылдауды біз 13 мамырдан 11 маусымға дейін жос­­пар­лап отырмыз. Ал 5 шілдеде қайта сату жү­реді» деді КЕГОК Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев. Осы орайда өткен жылы ендігі «Халықтық ІРО» өткізген «ҚазТрансОйл» басшысы өз тәжірибе­лерімен бөлісе келе, өздерінің бір проб­лемаға жолыққандарын ескертті. «Ай-пио­ға» шыққан ұлттық компания­­ның құн­ды қағаздарын сатып алу үшін қа­­­зақ­стан­дық­тар, брокердің бағыттауы­мен, үш нәрсе керек, яғни арнайы есепшот ашуы, ақша ау­даруы және өтінім беруі қажет. Алайда көптеген адамдар есепшот аш­-қан, қар­жыларын аударған, бірақ өтінім бе­руді ұмытып кетіпті! «Нәтиже­сінде, олар акционер бола алмай қалды» деді «ҚТО» басшысы.  «КЕГОК» басшысы комиссия мү­ше­леріне өз компаниясы туралы баяндап берді: «Біздің компания 1997 жылы құрылған. Оған Қазақстанның бірыңғай электр жүйесінің жүйелі операторы функ­циялары берілді. Қазіргі кезде ком­панияның ба­лан­сында 24,5 мың ша­қырымдық электр беру желісі және 76 тіректік подстанса бар. Тұ­тастай алған­да, компания негізгі магис­тральдық электр желілерін және ірі тораптық под­стан­саларды тиімді басқара отырып, Қа­зақстан экономикасын қуатпен үз­дік­сіз, сапалы және сенімді қамту қыз­метін жүзе­ге асыруда».

Бақытжан Қажиев КЕГОК-тың соң­­ғы жылдардағы негізгі көрсеткіштері «ком­панияның тұрақты қызметін» куә­лан­­ды­ратындығына сендіреді.«Біздің ко­м­па­нияның қызмет түрлерін көрсету ауқы­мы жыл сайын өсуде, – деді ол. – КЕГОК өзінің мақсаттары мен міндет­терін, басымдықты даму бағыттарын нақты анықтады, ол 2025 жылға дейінгі компанияның ұзақмерзім­ді даму стра­тегиясында белгіленген. Бұл ретте ин­вестициялық бағдарламамыз бар, ол ел экономикасының дамуы үшін қа­жетті және маңызды 16 ірі инфрақұрылым­­дық жоба­ларды жүзеге асыруды қарасты­ра­ды». Бұл жобалардың жалпы құны 600 миллиард теңгеден астам соманы құ­райды екен. «Бүгінгі таңда Қазақстан­­ның энергиялық тәуелсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Мемлекет басшысы Ақор­дадағы кеңейтіл­ген кеңесте шығыс транзитін салу және Батыс Қазақстанды еліміздің бірыңғай қуат жүйесімен бі­ріктіру туралы тапсырма бер­ді. Бұл жо­балар осы айтылған жобалар арасын­да бар» деді КЕГОК басқарма төрағасы.
Ал «Самұрық-Қазына» қоры төраға­сының орынбасары Қуандық Бішім­баев «Халықтық ІРО-ға» дайындық үдерісі кесте бойынша жүріп жатқандығын хабарлады. «Қазіргі кезде кеңесші-консультанттар компанияны бағалау жұмыстарын іске асыруда. Бүгін жоспар бойынша КЕГОК компаниясының Ди­ректорлар кеңесінің отырысы өтеді, сонда акциялар құны мә­селесі тал­қы­ланады. Жиын қорытын­ды­сында Ди­ректорлар кеңесі «Самұрық-Қазына» қорына КЕГОК акцияларын қандай бағамен «ІРО»-ға шығару туралы ұсыным береді» деген Қ.Бішімбаев КЕГОК-тың тарифтік саясатын ретке келтіру жұ­мыстары жүргізіліп жатқандығын қосты. Ол сәуір айының соңында КЕГОК ак­цияларының бағасына қатысты мәлі­мет­ті жария ететіндерін жеткізді.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz

 

Рубрика: