Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Шардара_су_қоймасыБіздің әріптестеріміз де  көбінесе тауып айтады. Шардараны «Шағалалы Шардара» деуді бастаған-журналистер. Сонау бір жылдары бос жатқан, күні күйіп тұратын Шардарада алып су қоймасы салынды. Арада 1-2 жыл өткеннен кейін онда шабақтар жіберілді. 1-2 жылда сол шабақтар өсіп, көбейді. Шардараға шағала  келе бастады.

    Балық – құстардың тамағы.

   Кейін Шардарада су қоймасының  беті қайыққа толды. Балық аулауға бірінші браконерлер шықты. Олардың көптігі соншалықты, әліге дейін тиісті органдар браконерлермен ондаған жылдар бойы толассыз  күресіп келе жатыр. Толық жеңе алған жоқ. Балық талай адамның күнкөріс көзіне айналды.

     Қазір Шардара су қоймасының айналасы — алып құрылыс алаңы. Оңтүстік Қазақстан облысында Шардара су қоймасының жағалауында туризмдi дамыту жобасы іске аспақшы. Жобаға сәйкес осы арадан қонақүй кешендерi, кемпингтер, гольф клубы, аттракциондар, ашық және жабық бассейндер салынуы керек. Жақында осы жобаның жай-жапсарымен, құрылыстың барысымен  Оңтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі Бейбіт Атамқұлов танысып қайтты.

     Шардарада су қоймасы ғана емес, су электр стансасы да бар. Ол-акционерлік қоғам. Сол маңайда  Үдемелi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған шағын балық зауыты жұмыс істеп тұр. Ол зауыт шағын болғанымен көп тірлікті тындырып жатыр. Әкім сол кәсіпорынның жұмысымен танысты. Алдағы уақытта ауданда тағы да бiр балық зауыт салынбақшы.  Балық өңдеу цехы iске қосылмақшы. Шардаралықтардың «Түсіңе балық кірсе Шардараға кел» дей бастағаны сондықтан. Молшылық болады, дегендері шығар.

    Шардара_су_қоймасы Бірақ, Шардараның базарына барсаңыз балық іздеп таппайтыныңыз ақиқат. Балық аулағыштар оны берісі Шымкентке, әрісі Астанаға алып барып сатқанда жөн санайды. Шет елдерге жөнелтуден де кет әрі емес.

   Шардарада «Хамит» селолық тұтыну кооперативi деген бар. Оны облыс тұрғындарына қарағанда шет елдіктер көбірек біледі.  «Хамиттің балық өңдеу  шаруашылығына барсаңыз риза боласыз. Кооператив жылына 2000 тонна өнiм  шығарады. 12 түрлi сүрленген балық сатады. 24 түрлi кептiрiлген балықты Еуропаға жөнелтедi. Екi ауысымда 200-250 адам жұмыс iстейдi. Бірақ «Хамиттің» балығын өзіміздегі сауда  орындарында таппайсыз. Ол тек қана экспортқа жұмыс істейді.

      Қазақстанда экспортқа бағытталған балық өнiмдерiн өңдейтін  8 зауыт бар екен. Солардың  екеуi – Оңтүстiк Қазақстанда.

      Сонымен, Шардара су қоймасының жағалауына туристерді магниттей тартып тұратын нысандар салынып жатыр. Түркиядағы Анталияға барудың жерлестерміз  үшін қажеті шамалы болып қалады. Суға түскің келе ме, Шардараға бар. Бірақ қазір емес. Кейінірек. Қазір Шардараға барып-қайтуыңыздың өзі мұң. Шымкент-Ташкент  тас жолы салынып жатыр. Астаң-кестеңін шығарып тастаған. Қым-қиғаш құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ол келесі жылдың аяғына дейін бітсе жақсы. Бірақ туристер біздегі автокөліктерге міне қояр ма екен?! Сондықтан Шардараға ұшақ қатынатпақшы. Қалааралық ұшақ болған соң жолкіре арзан болатын шығар…  

    Қазiр әуе тұрағының жобалық-сметалық құжаты дайын. Қазақстан авиация комитетiндегі шенеуніктердің мақұлдауы қажет. Бұл мәселенiң  жуық арада шешiмiн табуына облыстык әкімдіктің өзі білек сыбанып кірескен сияқты. Шардарада  ескi әуежай да бар. Оны жөндеп,  қайтадан iске қосу керек. Бұл үшін  200 млн. теңге қажет екен. Осы арада бір «гәп» бар. Облыстық бюджеттен қаржы бөлу заңға томпақ болады екен.  Сол ескі әуежайдың «жырын» шешудің басқа бір жолын қарастырып жатқаны  белгілі болып қалды. Тиісті  мамандар қаржыны алудың жолын тапқан сияқты. «СПК Шымкент» мекемесiмен келiсiмшартқа тұрыпты. Сол арқылы ескі әужайды іске қосуға қажетті қаражатты алуды көздеп отыр, деген әңгіме бар.

     Шардара су қоймасының жағалауын туристердің ең сүйікті орнына айналдыру оңай болмайтыны мына мәліметтерден де айқын аңғарылады.  1625 метр жолға асфальт төселеді.  118 гектар жер қоршалады. Мұнан тыс, Өзбекстан Республикасының аумағы өте жақын, «тиіп тұр» деуге болатындай.  Сондықтан  ұшып-қонуға Өзбекстан тарапының рұқсаты керек. Көрші мемлекет келiсiм берген жағдайда  Шардара – Шымкент бағытында әуе кемесi қатынай бастайды. Ұшу кестесі жасалып, ұшақ соған сай қатынайтын болады.     

      Шардараның суы майдай жаққан жағдайда  Алматы, Астанадан да әуе кемелерi Шардараға қатынай бастауы мүмкін. Қысқасы. Оңтүстік Қазақстан облысы басшыларының түстеріне қазір  Шардарада iшкi туризмдi дамыту мәселесі жиі кіретін болып жүр.

 

Рубрика: