Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

н7е6З. Жандарбек, т.ғ.к.,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-і

Түркология ҒЗИ-нің аға ғылыми қызметкері

 

 

Қожа Ахмет Йасауидің түркі тарихындағы ролі

 

Қожа Ахмет Йасауи сынды Ұлы тұлғаның түркі халықтары тарихы мен мәдениетіндегі орны қандай, неге оның есімі түркі халықтарының жадынан ерекше орын алады деген сұраққа әлі ешкім жартымды жауап бере алған жоқ. Ол заңды да. Өйткені, Қожа Ахмет дәуірінен кейінгі 800 жыл халық жадындағы көптеген мәліметтерді шайып кетті. Ал, жазба деректер болса, жоққа тән. Тек, «Диуани Хикмет» қана көңілге медеу. Соңғы жылдардағы ізденістер нәтижесінде Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани Хикметтен» өзге де шығармалары болғандығы белгілі болып отыр. Мысалы, Шайх Хұдайдад ибн Ташмұхаммед азизан ал-Бұхари жазған «Бустан ал-Мухиббин»1 атты шығармада Қожа Ахмет Йасауидің «Фатава-и танбих» атты шығармасы болғандығы туралы дерек бар. Одан басқа «Мират ал-қулуб», «Рисала» сияқты шығармалар да Қожа Ахмет Йасауидің қаламынан шыққандығы анықталып отыр. Бірақ, бұл шығармалардың ішінде «Мират ал-қулуб» Қожа Ахмет Йасауидің белді шәкірті Мұхаммед Данышманд Зарнуқи тарапынан жазылғандығы туралы айтылатын деректер барлығын да ескеруіміз керек. Әрине, бұл шығармаларда негізінен сопылық туралы, ұстаз бен шәкірт ара қатынасы тағы басқа сопылыққа қатысты мәселелер айтылады да,  тарихи мәліметтер жоққа тән.

Қожа Ахмет Йасауи мен оның шәкірттері, ол салған сопылық жол — йасауийа тариқатының силсилалары (тармақтары) туралы деректер біздің тарапымыздан жақында ғана ғылыми айналымға енгізілген «Насаб-нама» нұсқаларында, Өтеміс қажының «Шыңғыс-нама», «Темір-нама» сияқты шығармаларда ғана кездеседі. Қожа Ахмет Йасауи туралы бұлардан өзге шығармалардың барлығы дерлік XV ғасырдан соң нақшбандийа тариқаты шайхтары тарапынан немесе солардың ықпалына түскен йасауийа тариқаты өкілдері тарапынан жазылған дүниелер. Бұл шығармалардағы бұрмалаулар Қожа Ахмет Йасауи туралы тарихи шындықтың бетін бүркемелеп, ол туралы қате көзқарас қалыптастырды. Мысалы, Қожа Ахмет Йасауи тәлім алған ұстаздары мен рухани қайнарлары туралы қазіргі күні көпшілікке белгілі деректер тарихи шындыққа сай келмейді. Сондықтан, Йасауи туралы зерттеулер бағытын жаңадан айқындау — бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Өйткені, Йасауидің рухани мұрасы XІІ-ғасырдан бастап түркі халықтарының тарихи тағдырында шешуші роль атқарған рухани күшке айналды.

Орта ғасырларда «Пир-и Түркістан», «Йасауи Ата» атанған Қожа Ахмет Йасауидің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі орнын анықтау үшін, ислам дінін қабылдаған түркі халықтарының XІ-XІІ ғасырлардағы мәдени-рухани даму үрдісіне көңіл аудару, оларды талдау қажеттігі туады. Олай етпейінше, Йасауидің түркі халықтарының тарихи тағдырындағы орнын анықтау мүмкін емес. Түркі дүниесінің рухани даму баспалдақтарында «Йасауиге дейінгі кезең», «Йасауиден кейінгі кезең»- деген кезеңдердің болғаны анық. Оны мына мысалдардан көре аламыз.

VІІІ ғасырдың екінші жартысында исламның оппозициялық бағыты — қайсанийа-мубаййидийа ағымын қабылдаған түркілер, өздерін сол кезеңнен бастап мұсылман санайды.2 Одан кейінгі кезеңдерде ислам орталықтарынан шегінген басқа да рухани ағымдар да түркілер арасына тарала бастады. Олардың ішінде исма‘илийа ағымы, ислам орталықтарынан шеттетілген шафи‘ийлер де бар еді. 951 жылы Сатұқ Бұғра Абд ал-Карим ханның исламның традиционалдық бағытын қабылдауы әр түрлі рухани ағымдар арасындағы ғылыми бәсекелестікті күшейтті3. Ол ғылым мен білім дамуының негізгі қозғаушы күші болды. Әсіресе, мубаййидилер тарапынан ашылған жаңалықтар бүкіл ислам әлемінде мойындалып жатты. Біріншісі мубаййидилердің Құранды символды-аллегориялық жолмен түсіндіру туралы ілімді жасауы болды (‘илм та‘билат ал-Құран). Бұл ілімді рационалдық негізде түсіндіру араб филологиясы пәндерінің дамуына үлкен әсерін тигізді. Әбу Наср әл-Фараби бұл қиын жағдайдан шығудың  басқа жолын тапты. Ол Алланың даналығын танудың рационалдық жолы — Хикма иләхийа ілімін жасады. Ол үшін әл-Фараби мубаййидилер арасында «Екінші ұстаз» атанды4. Түркілер ислам дінін тек тұтынушы емес, сонымен бірге ислам ғылымы мен мәдениетін жасаушы күшке айналды. Сыр бойынан қалаларынан шыққан ғұламалар ислам ғылымы мен мәдениетіне өздерінің қомақты үлестерін қосты.

Түркілердегі исламдану процесі, ғылым мен білімнің дамуымен бірге түркілердің дәстүрлі мәдениетінен, тілінен ажырау процестері қатар жүрді. Дін тілі мен ғылым, білім тілінің араб тілі, мемлекет тлі мен әдебиет, мәдениет тілінің парсы тілі болуы, парсы мәдениеті ықпалының артуына әкелді. Оған дәлел ретінде түркілер арасынан шыққан жүздеген ғұламалардың өз шығармаларын тек араб тілінде жазғанын келтіруге болады. Өз еңбектерін түркі тілінде жазған санаулы ғана кісілер бар. Олар — Жүсіп Баласағуни, Махмуд Қашғари, Ахмет Йүгнеки, Қожа Ахмет Йасауи. Махмуд Қашғаридың «Диван луғат ат-түрк» атты еңбегінің жазылуы, түркі тілінің жойылып кету қаупінен туған сияқты. Бүкіл Орталық Азиядағы биліктің түркілер қолында болуына қарамастан, халық арасындағы парсылану процесі тоқтамады. Оның үстіне X ғасырдан басталған бүкіл ислам әлеміндегі тоқыраушылық, Түркістан жеріне де жеткен болатын. Әр түрлі рухани ағымдар ықпалында болған Қарахандықтар мемлекеті бірнеше майда иеліктерге бөлініп кетті. XІІ ғасыр басында Қарахандықтар мемлекеттерінің қарақытайлар билігін мойындауы — осы тоқыраушылықпен тікелей байланысты еді. Осындай түркі халықтарының рухани, саяси дағдарысқа ұшыраған кезінде Қожа Ахмет Йасауи тарих сахнасына шықты.5 Өз дәуірінің бүкіл ауыртпалығын, түркі халықтарының рухани дағдарысқа ұшырау себептерін толық сезінген Қожа Ахмет Йасауи, түрік халықтарын ислам діні аясында  өз рухани-мәдени дербестігін сақтап қалуға мүмкіндік беретін жол -сопылықтың түркілік бағытын дүниеге келтірді. Халық Йасауи ілімін бірден мойындай қойған жоқ. Түркістан қаласының бұрынғы имам-хатибы Абд ал-Қадыр қари қолындағы көне қолжазбада Йасауидің Түркістанда 30 жыл бойына өз замандастарынан қорлық көргені, халық оны көрген жерде таспен атқылағаны айтылады. Тек ,жалғыз ұлын өлтіргеннен кейін ғана халық оның жолының дұрыстығын мойындап, соңына ереді.6Билеушілер де қолдау көрсете бастайды. «Насаб-нама» нұсқаларында жергілікті билеуші Қайу Тегіннің Қожа Ахмет Йасауидің шәкірті Мұхаммед Данышманд Зарнуқи ханкасына Өгіз тау мен Қарашық арасындағы 200 қостық жерді уақыф етіп бергендігі туралы айтылады.7 Ал, шәкірттері болса, сол дәуірдің өзінде түркі әлемінің көп жеріне жайылып үлгереді. Сүлеймен Бақырғаниды Үргеніш уалайатына, Мұхаммед Данышманд Зарнуқиды Отырарға жібереді. Өзімен аттас шәкірті Ахмет сопыны Қаялық еліне аттандырады.8 Халық қайтадан түркілікке бет бұра бастайды. Дін тілі де, мемлекет тілі де, мәдениет тілі де қайтадан түркілік сипат ала бастайды. Бұл туралы Қожа Ахмет Йасауи хикметтерінде мынадай жолдар бар:

Қоштамайды ғалымдар біздер айтқан түркіні.

Білгендерден есіткіл, ашар көңіл мүлкінің.

Аят, хадис мағнасы түркі болса муафиқ.

Мағынасына жеткендер жерге қояр бөрігін.9

Қожа Ахмет Йасауи дін тілін түрікше сөйлетіп қойған жоқ, жолында кездескен қаншама қиындықтарға қарамастан, түркі халықтарының  дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін ислам дінінің талаптарына сай қалыптастырды. Түркінің өршіл рухын Құран сырларының тұңғиығы мен Пайғамбар хадистерінің асылдарымен толықтырды. Сөйтіп, Йасауи түркі рухын ислам рухымен ажырамастай етіп, қайта өріп шықты. Осылай Йасауи жолы түркінің бар рухани болмысын қанағаттандыратын ілім есебінде дүниеге келді. Сол себепті ислам әлемі оны сол кезеңнің өзінде «Шайх ул-машайх-и турк», «Пир-и Түркістан», «Қтуб ал-ақтаб» деп атады. Басқаша айтқанда, Қожа Ахмет Йасауи ілімі түркі дүниесінің «Темірқазағы» болды. Йасауи жолынан тыс ислам қабылдаған түркі халықтары мәдениетінің  өмір сүруі мүмкін емес еді.

Қожа Ахмет Йасауи ілімі түркі халықтарының тек рухани, мәдени дербестігін ғана қайтадан қалпына келтіріп қойған жоқ. Сонымен бірге, түркі халықтарының мемлекеттік жүйесін қайтадан қалпына келтіруге ықпалын тигізді. Оны йасауийа тариқаты тармақтарының құрылымдық жүйесін талдағанда көзіміз жетеді.

Қожа Ахмет Йасауидің көзі тірісінде оның шәкірттері қатарында 12 мың сұлтан мен 99 мың жай халықтың болғаны айтылады.  Йасауидің осы шәкірттері үш тармаққа бөлініп, йасауийа тариқатының үш тармағын құрады. Бірінші, тармақты Исхақ бабтан тарайтын әулет өкілдері; екінші тармақты — Абд ар-Рахим баб-Сатуқ Бұғра хан әулеті; үшінші тармақты Исхақ бабтың інісі Абд ал-Жалил баб ұрпақтары құрады. Исхақ баб ұрпақтары XI ғасырға дейін таза діни мәселемен шұғылданған әулет өкілдері болса, Абд ар-Рахим баб-Сатұқ-Бұғра хан ұрпақтары XIII ғасыр басына дейін Қарахан мемлекетін билеп келген әулет өкілдері болды. Ал, Абд ал-Жалил баб әулеті деп VIII ғасырдың екінші жартысында Сырдың төменгі ағысында Оғыз мемлекетінің негізін қалаған әулет өкілдерін айтады.  «Насаб-нама» нұсқаларындағы деректерге қарағанда Қарахандық және Оғыздық билеуші әулет өкілдері қолдарындағы саяси биліктен айырылған соң рухани салаға көшкенге ұқсайды. Оған жоғарыдағы йасауийа тариқатының үш тармақтың екеуінің Қарахандық және Оғыздық  билеушілер әулетінен бастау алуы дәлел бола алады.10

Қожа Ахмет Йасауидің сопылықтың түркілік бағытын жасауы, түркілердің рухани дербестікке ұмтылуы ислам әлемінің барлық жерінде қолдау таба қойған жоқ. Әсіресе, Хорасан мен Үргеніш ғұламалары Йасауи жолына қатты шүйлікті. «Диуани Хикмет» пен «Насаб-наманың» Қоқан нұсқасында Хорасаннан Баба Мачин мен Үргеніштен Имам Марғузи келіп, бұл жолдан қайтуды талап еткендігі, бірақ өздері Йасауимен болған ілім жарысында жеңіліп, өздерінің соңында Йасауиге шәкірт болғандығы айтылады. Бұл рухани тіке-тірестің соңы XІІІ ғасыр басында Хорезм шах Мұхаммедтің Түркістан мен Мауараннахрды билеген Қарахандықтар билігін жойып, өз мемлекеті құрамына қосып алумен аяқталды. Араб тарихшысы Йақут Хамавий өзінің «Му‘жам ал-булдан» атты еңбегінде Мұхаммед бин Текештің Түркістан мен Мауараннахрды жаулап алғанын, Қарахандықтар билігін толығымен жойғанын жазса, ал, «Насаб-нама» нұсқаларында Отырардың Қарахандық билеушісі Хасан ибн Абд ал-Халық Білге ханды Үргеніш сұлтаны Мұхаммед сұлтан келіп өлтіргені, оның орнына Қайыр ханды хан қойғаны, Қайыр ханның нәсілі қаңлы екені жазылған.11

Бұдан кейінгі кезеңнің Шыңғыс хан шапқыншылығына ұласқаны, ол бүкіл Евразия құрлығын түбегейлі өзгерістерге ұшыратқаны тарихтан белгілі. Осы шешуші кезеңде йасауийа шайхтары Шыңғыс хан жағында болды. Оған дәлел ретінде Қожа Ахмет Йасауи шәкірті Мұхаммед Данышманд Зарнуқидың Шыңғыс хан кеңесшісі болғанын, өзінің туған қаласы Зарнуқты Шыңғыс хан әскеріне қарсыласпай берілуге  көндіргенін айтуға болады. Шыңғыс хан ол қалаға «Құтлығ балығ»- деп, ат қояды.12

Осыдан араға жүз жыл салып, Йасауи жолы Алтын Орда мемлекетінің мемлекеттік идеологиясына айналады. Ол мемлекеттің  тек мемлекеттік идеологиялық бағыт-бағдарын ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің бүкіл құрылымдық жүйесіне өзгерістер енгізеді.  Қазіргі қазақ халқы құрамындағы рулық, тайпалық, жүздік құрылымдардың басы осы Йасауи жолының Алтын Орда мемлекетінде мемлекеттік идеологияға айналуымен байланысты екендігін қазақ шежірелерінен айқын көруге болады. Шежірелерде қазақтың үш жүзінің арғы атасы -Өзбек хан. Өзбек ханның үш ұлы — Байшора, Жаншора, Бекшора. (Басқа шежірелерде — Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс).13

Алтын Орда мемлекетінде Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерген Өзбек хан. Өзбек ханды ислам дініне мойын бұрғызған йасауийа тариқатының шайхтары, Зеңгі Ата шәкірттері — Садр Ата -Баба Туклас(Баба түкті Шашты Әзиз), Бадр Ата, Саййид Ата, Ұзын Хасан Ата.14 Тарихшы Құрбанғали Халид болса, Өзбек хан мен оның ұлы Жәнібек ханның Алтын Орданы үш ұлысқа бөлгенін айтады. Демек, бұл келтірілген мысалдар қазіргі қазақ халықы құрамындағы жүздік, тайпалық рулық құрылымдардың пайда болуы Алтын Орданың исламдануымен, йасауийа тариқатының мемлекеттік идеологияға айналуымен тікелей байланысты екендігін көрсетеді. Бұл құрылымдардың пайда болуы Алтын Орда мемлекетінің исламдануымен байланыстылығын қазақ рулары мен тайпалары басындағы «сопы», «қожа», «шора» атауларынан да, ол құрылымдардың жай этникалық бірліктер емес, идеологиялық рухани бірлікке негізделгенін көруге болады.

Йасауийа тариқатының  мемлекеттік идеологияға айналуы, мемлкеттің құрылымдық жүйесін өзгертуі, мемлекетті басқару жүйесіне де түбегейлі өзгерістер әкелді.

Бұрынғы монғолдардың үкімет концепциясы бойынша мемлекеттегі бар билік хан қолында болды және ол  Шыңғыс хан ұрпақтарының қолына мұрагерлікпен келетін. Хандық билік Шыңғыс ханның үлкен әйелі Бөртеден тараған — Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле ұрпақтарына ғана тиесілі еді. Оларды «алтан ұрұқ» «алтын әулет» -деп атады. Жоғарғы билікке жетудің басты шарты — осы «алтын әулет өкілдерінің қолдауы болатын. Олар өздерінің пікірін хан сайланатын жиын — құрылтайда айтатын. Осы құрылтай қолдаған «алтын әулет» өкілі ғана құқылы болды. Құрылтай келісімінсіз таққа отырған хан жазалануға тиіс болды. Йасауийа тариқаты мемлекеттік идеологияға айналған соң хан сайлау жүйесі түбегейлі өзгерді. Енді хан жүз, тайпа, ру басыларының қатысуымен, солардың таңдауымен сайланатын болды. Ханның абсолюттік билігі шектелді. Хан тек шариғат шеңберінде әрекет етуге тиіс болды. Қоғамда билер институты құрылды. Бұрын аймақтарды Шыңғыс хан ұрпақтарынан шыққан билеуші әулет өкілдері басқаратын болса, енді билік ру, тайпа, жүз билерінің қолына өтті. Жошы ұлысының батысында билер өз ұлыстарының толық билеушілеріне айналды. XV ғасыр қарсаңында билер қолында шексіз билік болды. Жошы әулетінен кімнің хан сайланатынын маңғыт билері шешетін. Бірақ, ол кезеңде билердің ешқайсысы хан тағына таласып көрген емес.

Ру, тайпа, жүз билеріне мұндай шексіз билік берген йасауийа тариқатының құрылымдық жүйесі болатын. Муршид — мүрид (пір — мұрт) үлгісінде құрылған мұндай жүйе ру биіне қоғамның әр бір мүшесін бағынышты етті. Ислам әлемінің өзге аймақтарында сопылық таңдаулылар еншісінде болса,  түркі даласында сопылық жол жалпы халықтық сипат алды. Рудың әр бір мүшесі йасауийа тариқатының да мүшесі болып есептелді. Рулық, тайпалық, жүздік құрылымдар қандық, этникалық бірлікке емес, рухани-идеологиялық бірлікке негізделді, сол негізде топтастырылды. Қандық бірлік қыз алыспайтын шеңберде ғана қалдырылды. Ру биі тайпа биіне, тайпа биі жүз биіне, жүз биі ханға бағынатын. Мұндай қоғамда қоғамның әр бір мүшесінің еркін өмір сүруіне мүмкіндігі болды.

Әдет-ғұрып, салт-дәстүр де елеулі өзгерістерге ұшырады. Рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастарға тыйым салынды. Ол өз кезегінде әйелдердің қоғамда еркін жүріп-тұруына мүмкіндік туғызды. Әр ауылда рулас, қандас адамдар тұратын болғандықтан, ол ауылдың әйел қыздары бірінің әпкесі, бірінің қарындасы, бірінің келіні, бірінің жеңгесі еді. Сол себепті, әйел баласына қатынас тек сыйластыққа негізделді. Қоғамда әйелге деген ерекше сый-құрмет қалыптасты, әйелді, апа қарындасты халық арына балады. Сол дәуірден бізге дейін келіп жеткен «Ауру астан, дау қарындастан», «Жесір дауы — жер дауы» деген мақалдар бұл айтылғандардың дұрыстығына толық дәлел бола алады.

Йасауийа тариқатының Алтын Орда мемлекетінің мемлекеттік идеологиясына айналуы сол дәуірдегі ең озық қоғамдық қатынастарды қалыптастырды. Шешендік, жыраулық дәстүрдің қалыптасуы да осы Алтын Орда дәуірінде болған деп айтуға негіз бар. Өйткені, тек, жалпы халыққа арқа сүйеген қоғамда ғана, ханға шындықты бүкпесіз ашық айту мүмкін болатын. Жалпы Алтын Орда мемлекеті Өзбек хан тұсында өзінің ең гүлденген кезеңін басынан кешірді.

Алтын Орда мемлекетінде қалыптасқан мұндай жағдай Шыңғыс ханның кейбір ұрпақтарын қанағаттандырмады. Өзбек ханның өз ұлы Жәнібек ханның өзі бұл саясатқа қарсы болды. ­Өзбек ханның кенеттен қайтыс болып, оның орнына Жәнібек ханның таққа отыруы Алтын Орда мемлекетінің діни-идеологиялық саясатын, мемлекетті басқару жүйесін толығымен өзгертті. Асан Қайғы бастаған билердің Жәнібек ханды райынан қайтармақ болған әрекеті нәтижесіз аяқталды. Жәнібек хан парсылардың абсолюттік билік үлгісіне ұмтылды, демек абсолюттік билікті қалады. Абсолюттік билікті қамтамасыз етеді деген басқа діни ағымдарға иек арта бастады. Нәтижесінде 1356 жылы Жәнібек хан өзі құрған бюрократиялық аппараттың тарапынан өлтірілді. Орда да берекесіздік басталды. Йасауийа шайхтары-билерді жау тұтқан Шыңғыс ханның сол ұрпақтары Алтын Орда мемлекетінің іргесін шайқалтты. Хандардың мұндай озбырлығына щыдамаған кейбір тайпалар Алтын Орданы тастап, басқа жаққа көше бастады. Орыс зерттеушісі В. В. Трепавлов маңғыттардың 1350-1360 жылдары оңтүстік-шығысқа жаппай көшкенін айтады.

Әмір Темірдің Алтын Орданы, Тоқтамыс ханды талқандауының өзі оларды тоқтата алмады. Мемлекетте тыныштық орнатпақ болып, барын салған Едіге би үміті ақталмады. Ол соңында Хорезімге қашуға мәжбүр болды. Ол кездегі Орда ішіндегі жағдай туралы «Аноним Искандера» атты жазбада былай деп жазылған: «Тоқтамыс ханның ұлы Жалал ад-дин заманында… Ордада бар билік тәжіктер қолында болды. Моңғол әмірлері шетке ысырылды. Олар оның /ханның/ інісі Сұлтан Махмудты хандық билікті қолына алуға үгіттеді … Бір жылдан кейін ол түнде ағасын тақта отырған жерінде өлтірді.

Осыдан кейін көп ұзамай Алтын Орда мемлекеті бірнеше иеліктерге ыдырап кетті. Ыдыраудың басты себебі болған Алтын Орда мемлекеті халқының рухани бірлігін қамтамасыз етуші күш, түркілік мәдениет өзегі болған Йасауи жолынан бас тарту болатын. Өкінішке орай, бұл қасіретті тарихтан кейінгі билеушілер сабақ алмады.

14 ғасырда дүниеге нақшбандийа тариқаты келді. Бұл тариқат өзінің дәстүрлік ерекшелігі жағынан соғды-тәжік, парсы мәдениетіне негізделді. Ол қоғамдық қатынастарды реттеуде X-XII ғғ. конформистік бағыттағы ғұламалар тарапынан жасалынған шариғат үкімдерін басшылыққа алған тариқат ретінде тарих сахнасына шыққанын білдіретін еді және ол ғасырларға созылған Евразия кеңістігінде билік иесі болған түркілерге, түркілердің рухани тірегі Йасауи жолына қарсы бағытталған еді. Нақшбандийа тариқатының Мауараннахрдағы XVI ғасырдағы өкілі Қожа Ахрар «Шыңғыс хан Йасасының күлін көкке ұшырамын»- деуінің өзі нақшбандилердің басты қарсыласы кім екенін анық аңғартады. Ең бастысы рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастарға салынған тыйым алынып тасталды. Керісінше, халық арасында қандас адамдар арасындағы некеге қолдау көрсетілді. Бұл мемлекеттің негізгі тірегі болған рулық, тайпалық жүйелерді ыдыратуға тікелей ықпал ететін фактор еді. Ол өз кезегінде мемлекетті басқарудың түркілік жүйесін, билер институтын күйрететін, ханды абсолюттік билікке жеткізетін бірден-бір құралға айналды. Бұл хандар үшін аса қажетті идеология болып көрінді. Өйткенгі, хандарға Йасауи жолы түркілік мемлекетті басқаруда ешқашан абсолюттік билік бермейтін. Сондықтан олар нақшбандийа тариқатына қолдау көрсете бастады. Өзбек ұлысының үшке бөлінуі, Әбілхайыр ханның нақшбандийа тариқатына қолдау көрсетуімен тікелей байланысты болды. Осы оқиға нәтижесінде Қазақ хандығы мен Шайбанилер мемлекеті, Ноғай Ордасы болып үшке бөлінді. Мұхаммед Шайбани ханның көшпелі өзбектердің бір бөлігін алып, Мауараннахрға кетуі, екі тариқат арасындағы шиеленісті одан әрі ушықтырып жіберді. Мауараннахрға барған өзбектер үшін екі тариқат арасында үлкен тартыстар жүрді. XVІ ғасырдың бірінші ширегінде Бұхара билеушісі Убайдулла ханның көмегімен нақшбандилер йасауийа шайхтарынан басым түсіп, билеушілерге ықпалын өткізді. Уақыт өте келе Мауараннахрда нақшбандийа тариқаты шешуші рухани күшке айналды. Мауараннахрлық өзбектер өздерінің салт-санасы, әдет-ғұрпы жағынан өздерінің Түркістанда қалған қандастарынан ажырай бастады.

Бұл кезеңде қазақ даласында Қазақ хандығы бой көтеріп, қазақ халқының бірігу процесі жүріп жатты. Бұл халыққа «қазақ» атауының берілуінің өзі — өзгенің жетегіне ермей, өзінің рухани, мәдени дербестігін сақтап қалуымен байланысты сияқты. Түркінің өршіл рухы — Йасауи жолын қадір тұтқан бар халық Қазақ хандығы туының астына жиылды. Өкінішке орай, Қасым ханның өзі Бұхаралық нақшбандилер шайхы Абу Бакр Са‘дқа (970/71 -1561/62 ж. қ. б.) шәкірт болуы, ал балаларын 1512 жылы Бұқарадан, Бабыр әскерінен  қашқан атақты жуйбарилік шайх Хожа Исламға тәрбиеге беруі, Қасым хан балаларының таққа отырғаннан кейін нақшбандилерге иек артуы, ел ішіндегі рухани бірлікті тағы бұзды. Абсолюттік билікті көздеген Қазақ хандары рулық, тайпалық, жүздік құрылымдарды бұзуға, билер институтын жоюға, сөйтіп хандық билікті нығайтуға күш салды. Ол әрекет нақшбандилер жолын қазақ арасына тарату арқылы жүргізілді. Нақшбандийа тариқатының жолына толық бет бұрған қарақалпақ тайпасы 1616 жылы бүлік шығарып, қазақ халқы құрамынан шығарылып тасталды. Оған дейін Ұлы жүздің белді тайпасының бірі болатын.

Нақшбандийлер салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, идеологиялық ықпалын толық қабылдаған рулар қазақ жүздері құрамынан шығарылды. Қазіргі қазақ жүздері құрамына кірмейтін сунақ, шалақазақ, Түркістан, Шымкент, Тараз маңындағы өзбектердің пайда болуы, осы рухани процестердің тікелей жемісі. Мысалы, Түркістан маңындағы Қарнақ аулында 100% өзбек тұрады. Тегі жағынан олардың 95% кешегі қазақ руларынан шыққандығы анықталды. Қарашық аулын мекендеп отырған халық та солай. Ол жерге үш жүз үй Көкмұрын қыпшақты отырғызып, 200 қос жерді хандар арнайы бөліп бергендігін айтады. Ал, сунақтар құрамындағы аталарға қарайтын болсақ, онда олардың үш жүз құрамындағы рулардан құралғанын байқауға болады.

Бұл келтірілген мысалдар түркі халықтарының іштей этникалық жіктелуіне сопылық ағымдардың да белгілі дәрежеде ықпалы болғандығын көрсетеді. Сонымен қатар, қазақ халықы құрамындағы ру, тайпа, жүздік құрылымдардың қазақ халқының халық болып қалыптасуында шешуші роль атқарған басты фактор екендігіне көзіміз жетті. Егерде ол жүздер, рулар арасында алауыздық туып жатса, ол алауыздықтың негізгі себебі біз жоғарыда айтып өткен рухани қайшылықтарда, сопылық ағымның өзгеруімен байланысты болғанын есепке алмаймыз.

Тәуке хан таққа отырған соң рухани тұтастығы ыдырап, әртүрлі сопылық тариқаттар соңына ерген ру, тайпалардың арасындағы ауызбірлікті қайтадан қалпына келтіруге ұмтылды және ол «Жеті жарғы» заңында толық көрініс тапты. Бұл заңда сырттай қарағанда, қоғамдық қатынастарды реттеу жолдары да, некелік қатынас та өзгерген жоқ. Өзгерген тек діни идеология мен сол діни идеологияны жүргізуші қожалар әулеті болды. Басқаша айтқанда, йасауийа тариқаты мемлекеттік дін ретіндегі ролінен ажырап, орнын нақшбандийа тариқаты өкілдеріне босатуға мәжбүр болды. Нәтижесінде қазақ қоғамының    құрылымдық жүйесі өзгерді. Бұрынғы билер институтының иесі болған қожалар рухани биліктен шеттетіліп, қазақ халқының құрылымдық жүйесінен шығарылып тасталды. Бұрын құқы хан әулетімен тең болған, халықтың рухани жетекшісі, қазақ халқының рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырған, мемлекеттегі заң билігі мен ханды сайлап қою құқын қолында ұстаған билер жай халықтың қатарына қосылды. Бұрын әдет жолы да, дін жолы да йасауийа тариқаты өкілдерінің қолында болған болса, енді дін нақшбандийа тариқатының өкілдерінің қолына беріліп, әдет жолы әр рудың, тайпаның өз ішінен шыққан, әдет жолын жетік меңгерген тұлғаларға берілді. Басқаша айтқанда, рухани биліктің киелігіне (сокральность духовной власти) ауыр соққы берілді. Бұрын халық ерекше рухани, киелі күшке ие, Жаратушының еркімен халыққа басшылыққа келген әулиелер ұрпақтарының соңына ерген болса, енді өздері сияқты  жәй кісілерден сайланған биге мойынұсынуға мәжбүр болды. Бұрын  ру, тайпаларға рухани жетекші-би болатын кісілер, осы қожа әулеттерінің өкілдері бір белгілі орталықтарда тәрбиеленіп, халық арасына ілімі жетілген кезде жіберілетін. Содан кейін ғана олар халық арасына барып билік жүргізетін. Барған жерінде ол бидің туған-туысы, ағайын жек-жаты жоқ болатын. Бұл биге әр кезде кез-келген дауды шешуде тек әділін айттыратын. Осыған байланысты қазақ арасында сақталған «Қожада бауыр жоқ» деген аталы сөз бар. Бұл бір жағынан әділдік принциптерінің бұзылмауының кепілі болса, екінші жағынан еншісі бөлінбеген қазақтың рухани, мәдени тұтастығын  мызғымастығының кепілі болды; үшіншіден, мемлекеттік сананы халық санасынан өшірмеудің кепілі болды. Әр ру, тайпаның  «қазақ» деген бүтіннің бөлшегі екендігін олар рухани бірлік арқылы халыққа сезіндіре білді. Сол себепті, некелік қатынастағы жеті ата жолы қатаң бақылауға алынды. Бұл жолды бұзған жеке адамдар өлім жазасына кесілсе, руымен, тайпасымен бұзғандарды жүздің құрамынан шығартып сарт атандырды.

Бүгінгі күні қазақ халқы қайтадан өз мемлекеттігін қалпына келтіріп, тәуелсіз ел болғанда Қазақ халқының рухани, мәдени тәуелсіздігі қажет. Сонда ғана Қазақ халқы өзінің өткеніне баға беріп, жеңісімен мақтанып, жеңілісінен сабақ алатын дәрежеге жетеді. Өкінішке орай, қазіргі күні еліміздегі қоғамдық ғылымдардың ешбірі – қазақ халқын ұйыстырған, халық етіп тарих сахнасына шығарған қандай күш, қандай құдірет деген сауалға жауап берген жоқ. Бұл сұраққа жауап берілмейінше қазақ халқының рухани, мәдени тәуелсіздігі қалыптаспайтынына  зерттеушілердің көбінің сенгісі келмейді. Йасауи жолы десе тек дін деп түсінеді. Йасауи жолы тек ислам дінінің сопылық бағыты емес, сонымен бірге, түркінің рухани әлемінің ислам негіздерімен тұтастыра өрілген бүкіл болмысы екендігін сезіне алмай келеді. Түркілік дүниетаным, дін, мәдениет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, рулық, тайпалық жүйе мен жүздік құрылымдар, мемлекетті басқару жүйесі толығымен «Йасауи жолы» деп аталатын рухани арнаның құрамдас бөліктері екендігі, біздің тарапымыздан соңғы жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында толық анықталды. Сондықтан,Йасауи жолына тек дін деп қарау, жалпы дінді қоғамдық үдерістерден бөлек қарастыру тарих ғылымында көптеген мәселелер бетінің ашылмай қалуына себеп болып отырған фактор екендігін ұғынатын кез жетті.

 

 

 

 


1 Шайх Хұдайдад ибн Таш Мұхаммад Ал-Бұхари. Бустан ал-Мухиббин. –Түркістан: Йасауитану ҒЗО, 2006.

2 Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского насшествия. Т.1. – Москва: 1963. с. 258.

3 Бартольд В.В. Сочинения. Т.ІІ. ч. 2. –Москва: 1963. с.41.

4 Муминов А.К.  Новые направления в изучении истории братства йасавийа// Общественные науки Узбекистана, №10-12, с. 34.

5 З.Жандарбектің «Йасауи жолы және қазақ қоғамы» кітабында бұл мәселелер толық айтылған.

6 Абу Салам қожа ибн Файзаллах рисаласы, 1 б.

7 Юлдашев А. Қолжазбасы, 115-120 қатар.

8 Жандарбек З. Йасауи жолы және қазақ қоғамы. –Алматы: «Ел-Шежіре», 2006. 46 б.

9 Қожа Ахмет Йассауи. Хикметтер. Алматы: «Дайк-Пресс», 2000. 188 б.

10 Жандарбек З. Йасауи жолы … 46 б.

11 Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақи. Насаб-нама. –Түркістан: Мұра, 1992. 24 б.; Волин С.Сведения арабских источников IX-XVI вв. о долине реки Талас и смежных районах // ТИИАиЭ. Т.VIII. –Алма-Ата: Изд. АН Каз ССР, 1960. с. 86.

12 Рашид ад-дин. Летопись. Т.І. кн. 2. –М.-Л.: Изд. АН СССР, 1952. с. 204.

13 Көпеев Ж. Қазақ шежіресі. –Алматы: 1994. 21 б.

14 Утамиш-хаджи. Чингиз-наме. –Алматы: Ғылым: 1992. 105-107 сс.

http://www.erkineurasia.com

 

Рубрика: