Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

©Алаш айнасы иллюстрациясыКеше Ресей Президент Владимир Путин қос азаматтығы бар азаматтарға қатаң жаза қолдануды ұсынды. Бұдан біраз уақыт бұрын РФ Сенатының заң жобалары жөніндегі комитет жетекшісі Андрей Клишас қос азаматтық алғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартып, «қара жұмысқа» тарту керектігін айтқан болатын. В.Путин Андрей Клишастың де пікіріне тоқталып, бұл жазалау шарасын Мемлекеттік Дума депутаттары мен билік өкілдері талқылауы қажеттілігін тілге тиек етті. Қорғанысы әлемді мойындатқан Ресей осындай қадамға барып жатқан тұста біз неге үнсізбіз?«Алаш айнасы» осы мәселеге үңіліп көрген еді.

Бір қызығы, осыдан екі күн бұрын біз «Бипатрид дерті: Қазақстан шекарасынан шықпай-ақ азаматтық алуға бола ма? (http://alashainasy.kz/politics/49877/) деген мақала жазған едік. Ол мақалада  Бай-шонжарлар бесіктен белі шықпаған балаларына АҚШ азаматтығын «сыйға» тартып жатқанын, қытайлардың еліміздің азаматтығына қалай қол жеткізетінін және бұл бағыттағы Ресейдің саясатын да тілге тиек еткенбіз.

Таяқтың екі ұшы болады. Ресей өз ішіндегі қос азаматтық алғандардан күдіктенеді екен делік. Ендеше, неге көршілес елдегі орыс ұлтының өкілдеріне шекарадан аспай жатып, азаматтығын таратып жатыр? Басқаны білмейміз, бүгінде Қазақстанда бипатридтердің (халықаралық құқықта бір мезгілде екі немесе бірнеше елдің азаматтығын алғандарды «бипатрид» деп атайды) көбеюіне Ресей тарапы да «қомақты» үлес қосып жатыр. Ғаламтор беттерін ашсаңыз «Қазақстан азаматы Ресей азаматтығын қалай алады?» деген секілді талқылаулардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Ең сорақысы сол, заңдық тұрғыда Қазақстан шекарасынан шықпай-ақ Ресей азаматтығын алуға болады. Оны Ресейдің Қазақстандағы елшілігі жүзеге асырады. Жарнамасына қарасаңыз, жағаңызды ұстайсыз. Онда азаматтықтың құжаттарын Ресейде гөрі, Қазақстанда рәсімдеу жылдам, әрі тиімді екені жазылған.

Шынын айту керек, қос азаматтықтан келер қауіптен Ресей ғана емес, бүкіл әлем қауіптенеді. Бұл қауіптен құтылар жол бар ма?

Камал Бұрханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Азаматтық деген ұғым мемлекетке деген патриоттығымыздың нышаны болуға тиіс. Әлемде 3 мыңға жуық этнос бар. Соның 150-160 ғана жеке дербес мемлекеттікке ие болып отыр. Демек, сол 3 мың этносқа бұйырмаған бақ бізге бұйырды. Бұл күнді, бұл тәуелсіздікті ата-бабаларымыз нешелеген ғасырлар бойы күтті. Сондықтан да, Қазақстан азаматтығын кез-келген еліміздің азаматы қадірлей білу керек. Бірақ, осы бақты бағаламайтындар бар екені айтылып жүр. Бұл өте күрделі мәселе. Оны тек заң шеңберінде шешуіміз керек. Өйткені, азаматтардың азаматтық борышы, жауапкершілігі деген болады. Алмағайып заман туа қалса, біз өз Отанымызды қорғауымыз керек. 

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Заңымызда қос азаматтыққа шектеу қойылған. Бірақ, қос азаматтықты алғандарды анықтау, ұстап жауапкершілікке тартудың жолдары қарастырылмаған. Меніңше, бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешу керек. Қазір Ресейге бара жатқан немесе келе жатқан кейбір азаматтарымыз Қазақстан төлқұжатымен біздің шекарамыздан өтіп, арғы шекараға барғанда Ресейдің төлқұжатын көрсетеді екен» деген әңгімені жиі естиміз. Демек, қос азаматтықты анықтауда еліміздегі құзіретті органдар мен Кеден қызметі бірлесе күресуге болады деген сөз. Қазір Қазақстанда қос азаматтыққа қол жеткізген азаматтар өте көп. Оны анықтаудың, күресудің жолын қоғам болып тауып, жауапкершілікке тартқан дұрыс.  

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

– Екі ел арасындағы азаматтық мәселесі көбіне халықаралық келісімдер аясында шешіледі. Халықаралық нормаларға сүйенсек, кейбір мемлекеттер өз елінде дүниеге келген кез-келген балаға өз азаматтығын береді. Меніңше, бұл мәселені екі ел бірлесе отырып талқылап, шешуге болады. Мысалы, біздің заңымызда қос азаматтыққа шектеу қойылған. Осы шектеуді негізге алып, сол мемлекеттерде дүниеге келіп жатқан балаларымызға азаматтық беруді тоқтатуды жеке-жеке талап ету керек. Бұл – бір. Екіншіден, қос азаматтықты анықтау жайын елшіліктер арқылы анықтау керек. Мысалы, елшіліктер шет мемлекеттердегі экономикалық һәм мәдени байланысты нығайту, сол елдегі азаматтарымызға қол ұшын беру секілді шаруалармен айналысады ғой. Елшіліктерге бұл шаруаларға қоса, сол елдің азаматтығын алып жатқан қазақстандықтарды анықтау мәселесін де жүктеу керек. Олар сол шет елдегі миграциялық мәселелермен айналысатын арнайы мекемелерге ресми байланыс жасап, азаматтық алғандарды анықтап, біздің елдегі құзіретті органдарға хабарлауы керек. Сонан кейін біздің миграциялық полициямыз оларды заң шеңберінде Қазақстан азаматтығынан шектетеді.

 

«Алаш айнасының» түйіні

Біз өткен жолы қос азаматтық алғандарды суда да, құрлықта да қатар өмір сүретін қосмекенділерге, дұрысы бақаларға теңеген болатынбыз. Сол «бақа-ғұмыр» кешіп жүргендерді Ресей секілді қылмыстық жауапкершілікке тартып, заң шеңберінде қатаң жазалауымыз қажет шығар. Сіз не дейсіз?

Автор: Қанат Бірлікұлы

 

http://alashainasy.kz/politics/49980/

Рубрика: