Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қош бол, қазақы қария!  Үмбетей жыраудың Абылай ханға Бөгенбай батырдың қазасын естірткенде:

 «Сексеннен аса бергенде,

Қайрылмас қаза келгенде,

Батырың өлді – Бөгенбай!», – деп  айтатыны бар еді.  Сол секілді қайрылмас қаза келіп, Герағаң – Герольд Бельгер ағамыз мәңгілік сапарға аттанды.

Герағаң қазақты қазақтан артық жақсы көрді. Қазаққа шын мəнінде жаны ашыды. Жақсылығына сүйінді, жамандығына күйінді. Қазақтың ішкі жан дүниесін Герағаң көп қазақтан артық түсінді. Өйткені ол жан-тәнімен қазақ болатын. Ол кісі 2013 жылдың 29 маусымында жазған күнделігінде: «Корнның кітабын әрі қарай оқу үстіндемін. Осы жолы бір аңғарғаным, қазақшадан гөрі немісшені шабан оқиды екенмін. Көз де онша үйренбегенге ұқсайды. Несі бар, орта мектепті қазақша бітірген адамға басқаша қайдан болсын», – деп жазыпты. Солтүстік Қазақстан облысына депортацияланып келген ол 7 жасынан бастап, қазақ арасында өсті. Қазақ мектебін бітірді. Біз Герағаң туралы «Олар қазақ мектебінде оқыған» деген айдармен мақала жаза отырып, қазақы білімнің тұлғаның қалыптасуына қаншалықты үлес қосқанын баяндаған болатынбыз. Осы мақаладан кейін көп ұзамай, «Мегаполис» газетінде «Герольд Бельгер – последний казах» деген мақала жарық көріп, «қазақтың сойылын соғатын жалғыз өзге ұлт өкілі Герольд Бельгер ғана болып қалады» деген мағынада мақала жазды. Алайда ол соңғы қазақ емес еді. Қазір Герағаң үлгісімен қазақша білім алып, қазақтың сөзін сөйлеп жүрген өзге ұлт өкілдерінің саны еселеп өсуде. «Түркістан» газетіндегі Герағаңмен жасаған «Қазақстандағы ұлттық идея қазақ тілі болуы керек» деген сұхбатымызда бұл туралы ол: «Басқа ұлт өкілдері қазақ тілін үйренуге бейілді. Олар тілдің үстемдік етуіне қарсы емес. Теледидардан көріп жүрміз ғой, қазақша ән салып, қазақша сөйлеп, шамасының келгенінше қазақ болуға тырысып жатқан басқа ұлт өкілдері жетеді. Бірақ қазақ тілін дамытатын өзге ұлт өкілдері емес, қазақтың өзі» деген еді. Бүгінде тәні қара жерге тапсырылған жазушы жа­йында қалам тербеуші көптеген журналистер Герағаңды «соңғы қазақ» деп үкілеуде. Менің ойымша, бұл кісі дәл осы тәмсілмен келісе қоймасы анық.
Герағаң қазақ тілінің жанашыры ғана емес, насихатшысы бола білді десек, қателеспейміз. Қазақтар туралы: «Қазақтар өте ерекше, қасиетті жұрт. Олар кез келген тілді үйреніп алуға пейіл. Алайда өз тілдерін ешуақытта үйренбейді. Қазақ тілі үшін басты қауіп өзгеден емес, қазақтардың өзінен» деген екен. Ащы да болса, шындық. Ызалы һәм азалы күлкі езуіңе үйіріледі. Дос жылатып айтады. Ұлы хакім Абайдан кейін қазақтың дертін бетіне шыжғырып айтқан бір адам болса Герағаң еді, ондайлар көп болса – бірегейі Герағаң еді.
Абай демекші, Герағаң өзін ұлы хакімнің алдында қарыздар сезінді. Және сол қарызды өтеу парызым деп есептеді. Ол – Абайдың төрт кітабын құрастырып, ол туралы төрт кітап жазған адам. Сонымен бірге, Абай өлеңдерінің немісшеге аударылуына мұрындық болды. Бізге берген «ҚАЗАҚСТАН – БӘРIМIЗГЕ ОРТАҚ ОТАН» атты тағы бір сұхбатында Герағаң: «Абайды немiс тiлiнде сөйлету менiң көптен бергi арманым едi. Өзiм өлеңге жоқ адаммын. Жас кезiмде қазақша өлеңсымақтар жазған болдым. Бiрақ түк шықпады. Сөйтiп, Абайды не орыс тiлiне, не немiсшеге аударатын шамам болмады. Дегенмен жақында Германиядан бiр жақсы аудармашыны таптым. Оның аты Лео Кошут. Сол азамат Алматыға келгенде Абайдың 2 томдығын берiп жiбердiм. Өзi орысша бiлетiн едi. Ол менiң ишарамды түсiндi, түсiндi де алғашында Абайдың 1 өлеңiн, сосын үш өлеңiн, қыза келе 20 өлеңiн аударды. Және ол аудармалары өте сәттi шықты.  Түпнұсқаға өте жақын. Тiптi формасы, ұйқасы, әуенi, ырғағы бәрi сондай сәйкес келiп тұр. Оған мен көмекшi болдым. Жолма-жол аудармашы, түсiндiрмешi болдым. Әрбiр сөзiне мән берiп, ерсiлi-қарсылы хат алысып, кемiнде 100 хат жазыстық-ау деймiн осы. Түбiнде ол хаттарды да кiтап етiп шығармақ ойым бар. Оның өзi жазушының шығармашылық лабораториясы iспеттес нәрсе ғой. Немiстер күнi бүгiнге дейiн Абайды бiлмейдi. Бұған дейiн Абайдың 5-6-ақ өлеңi аударылған. Деңгейi де төмен едi. Ендi 20 өлеңi бар. Бiр қуанатын жағдай осы 20 өлеңге мен алғысөзi мен соңғы сөзiн жазып, алдағы ақпан айында Берлинде кiтап етiп бастырмақпыз. Құрастырушысы менмiн. Және онда түпнұсқа мен немiсше аудармасын қатар беретiн боламыз. Мен бұл 20 өлеңдi үш тiлде шығаруды жөн деп таптым, орыс, немiс және қазақ тiлдерiнде. Алғысөзi мен комментарийiн өзiм жазамын», – деген еді. Абайды немістің Гетесімен теңестірген ол «Гете және Абай» деген шағын кітапша да жазған.
Герағаң қазақтың нақты ұлттық идеологиясының, даму бағытының жасалмағанына қынжылатын. «Караван» газетіне берген бір сұхбатында: «Біз ұлттық идеологиясыз өмір сүрудеміз. Біресе американдықтарға, біресе ресейліктерге, біресе қытайларға еліктейміз. Кімнің жетегінде кететінімізді өзіміз де білмейміз. Біздің бар кінәміз – өз бетінше ойлай білмеуімізде, өзімізге деген нық сенімнің жоқтығында, яғни белгілі бір темірқазыққа байлана алмай отырмыз. Еліктеп-солықтау дегеніміз – өзін-өзі қор тұтудан туады ғой», – дей отырып, мемлекеттік тілдің күні бүгінге дейін төрге оза алмай отырғанына өзге емес, қазақтардың өзі кінәлі екендігін ескертеді: «Бұл ретте кінә өзгеде емес, қазақтардың өзінде. Қазақ тілінің жағдайы өте мүшкіл, бұны бәрі түсінеді. Бұл салаға аз қаржы бөлініп жатқан жоқ, алайда сол ақшаның көп бөлігі ұрлануда. Мәселе, ақшаға келгенде ешкім тіл туралы, патриотизм туралы ойламайды, тек өз қалтасын ғана ойлайды», – дейді күйініп. Герағаңның ойынша, біздің ұлттық идеямыз қазақ тілі болуы тиіс. 2006 жылғы біздің газетке берген сұхбатында ол кісі «Бізде “халықтың бірлігі – ұлттық идея” деген түсінік қалыптасқан. Менің ойымша, біздің Қазақстанның ұлттық идеясы қазақ тілі болуы керек. Қазақ тілін сақтап қалсақ, қазақ тілі қоғамымыздың негізгі тілі болса, қоғамды топтастыратын идея осы болады деп есептеймін. Басқа ұлттар да осыған илануы керек. “Біз Қазақ елінде тұрамыз, қазақтың өзінің тілі бар, ұлттық идеясы бар, біз мүмкіндігімізше осының айналасында топтасқанымыз жөн” десе дұрыс болар еді», – деген болатын.  Герағаң өзін «мәмбет» деп кемсітпек болғандарға да рухани соққы бере білді. Ол бұл теңеуге намыстанбайтынын, керісінше қуанатынын айтты. Ауылда өскенін және қазақша емін-еркін сөйлей білетінін мақтан тұтты.
Бір жылдары «Түркістан» газеті не жылжабар нөмірін, не жылашар нөмірін Герағаңның сұхбатымен ашып-жабатын үрдіс қалыптастырған еді. Герағаңның жұмыс үстелінің артында отырып, талай əңгімелестім. Менің дауысымды бірден танитын. «А, сары қызым, келдің бе?» дейтін. Ең алғашқы сұхбатқа кешікпей баруға тырыстым. Жайбасар қазақ демесін деген едім. «Уақытында келдің ғой», – деді таңғалып. «Қазақ емеспін ғой», – деп ем, қарқылдап күлгені бар. Герағаңның әдеті тек түске дейін ғана сұхбат беру болатын. Сағат 11. Он бірден кешіксең, ол кісінің шабыты да келмейтін, сағат алтыдан кейін телефон соққаныңды да құп көрмейтін. Түстен кейін ешқандай сұхбатқа келіспейтін. Жеңіл-желпі комментарий алу үшін, үйінің маңайындағы Шоқан ескерткішінің жанынан табылушы едік. Тіпті, бір жолы жай өтіп бара жатып та Герағаңмен ұшырасып қалдым. Менің жолдасымды көрген сайын: «Чойбалсан, қалың қалай?» – деуші еді.
Ойлап отырсам, ол кісімен таныстығыма тұп-тура бір мүшел болған екен. Алғашқы сұхбатымды Ерлан Қаринның қолдауымен ашылған “Тарлан” интернет газеті үшін жасадым. “Қойдың көп болғаны жақсы, əрине. Алайда екі аяқты қой көбейіп кете ме деп қорқамын” деп қойған едім атын. Қой жылы еніп жатқанда жасаған сұхбатымды. Енді қой жылы еніп жатқанда бақиға аттанып отыр.
Бір барғанымда Мемлекеттік сыйлықтың комиссиясына ренжіп отыр екен. “Бұлар қазақтан өзгені қорасына енгізгісі келмейді”, – деді налып. Герағаң соңғы жылдары сұхбат беруден бас тартып, денсаулығының сыр беріп жүргенін айтушы еді. Қаламгердің 80 жылдығында “түркістандықтар” Герағаңды құттықтауға барыпты. Герағаң дəстүрлі сұхбатқа уəде берген екен. Амал не, оған шамасы жетпеді. Өмір көрген игі жақсының көбі кетті. Ендігі ұрпақ қандай болар екен?! Бақұл болыңыз, Гераға! Жаныңыз жәннатта болсын!

 

Есенгүл Кәпқызы

http://www.turkystan.kz/articles/view/65126

Рубрика: