Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазақстанда биоалуантүрлілікті сақтау және оның проблемалары туралы жұртшылық қаншалықты хабардар? Бұл салада мамандықтар қайда дайындалады? Бұл және басқа да сауалдарды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің профессорлары, биология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану академиясының академигі Қуандық Сапаров пен белгілі эколог-ғалым, биология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, Ұлыбритания Экологтар қоғамының толық мүшесі Айтқажы Биғалиевке қойған едік.

– Биоалуантүрлілік және биоресурстар туралы мәселелерді қалай түсінуге болады жә­не бұл салада қандай жұмыстар жүргі­зі­луде?
Профессор Қуандық Сапаров:–Жер шарында биоалуантүрлілікті сақтау және жа­нуарлар мен өсімдік түрлерінің биоре­сурс­тарын тиімді пайдалану – қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі. Осы мәселелерді рет­тейтін экологиялық алуантүрлілікті сақтау жөнінде халықаралық келісім бар. Ол келісім 1992 жылы маусымда Рио-де-Жанейрода өт­кен БҰҰ-ның Қоршаған орта және даму жө­ніндегі конференциясында әлемдік конвен­ция қабылданды. 1993 жылғы конвенцияға
168 мемлекет (Қазақстан да бар) қол қойды.
– Конвенцияға қатысқан елдер өздеріне қандай міндеттер алды?
– Атап айтар болсақ, әрбір мемлекет өз ре­сурстарын табиғат қорғау саласындағы сая­сатының негізінде қолдана алады және іс-әре­кеттері өзге мемлекеттер мен өңірлердің та­биғатына зиян келтірмеуін қамтамасыз етуге жауапты. Биологиялық алуантүрлілікті сақ­-тау, тұрақты әрі тиімді пайдалану мақ­сатын-
да басқа да ортақ мүддесі болған жағ­дайда мүмкіндігіне байланысты бірігіп, іс-әрекет жасайды. Биологиялық алуантүрлі­ліктің құрамдарына, оны сақтауға және тұ­рақты әрі тиімді пайдалануға кері ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін процестерге, оның зар­дап­тарына тұрақты бақылау (мониторинг) жүргі­зіледі. Биологиялық алуантүрлілікті және оның құрамын сақтау және тұрақты, тиімді пайдалану шараларын іске асыру мақ­сатында мамандарды оқыту және даярлау бағдарлама­ларын дайындайды және іске асырады, ғы­лы­ми-зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетеді.
– Қазақстанның конвенцияға қосылуы мемлекетке не береді?
–1993 жылы 29 желтоқсанда биология­-лық алуантүрлілік туралы конвенция күшіне енді. Сондықтан 29 желтоқсан – Халықаралық алуантүрлілік күні болып есептеледі. Қазақ­стан конвенцияға 1994 жылы ғана кірді. Негізі, Қазақстанның экожүйесі күрделі және ерек­ше болып келеді. Өз жерімізде өсетін өсім­діктердің 500-ге жуық түріне қазір жоғалып кету қаупі төніп тұр. Қазақстанда тіркелген омыртқалылардың 236 түрі Қызыл кітапқа енген. Ұя тепкен құстардың 14 түрі жаһандық маңызы бар құстар болып табылады, оларға да қауіп-қатер бар. Мемлекетіміздің экология­сына, табиғатына байланысты, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау мақсатында рес­публикамызда 2004–2015 жылдарға арналған Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігі ту­ралы концепция қабылданды. Осыған бай­ланысты биоалуантүрлілікті сақтап қалу үшін мемлекетімізде ерекше күзетілетін табиғи аймақтар құрылды. Қазақстанда оның аумағы 13,5 млн гектарды немесе 4,6 пайызды құрайды. Экологтардың айтуынша, бұл экологиялық тепе-теңдікті сақтауға жеткіліксіз. Әлемдік стандарт – 10 пайыз. Сондықтан да дамыту және орналастыру концепциясы бойынша ерекше күзетілетін табиғи аймақтарды 17,5 млн гектарға дейін арттыруы көзделіп отыр.
– Әрине, істің тетігі кадрға байланысты екені сөзсіз. Қазақстанда осы салада ма­ман­дарды дайындайтын оқу орындары бар ма?
– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетінде, биология және биотехнология факультетінде биоалуантүрлілік және био­ресурстар кафедрасы осы салада мамандар дайындайды. 2011 жылы биология және био­технология факультетіндегі ботаника, зоо­ло­гия, гистология кафедралары біріктіріліп, биоалуантүрлілік және биоресурстар ка­фе­д­расы болып құрылды. Кафедраның негізгі бағыты –Қазақстандағы өсімдіктер және жануарлар әлемін жан-жақты зерттеу. Мор­фо­логиялық, физиологиялық ерекше­лікте­рімен қатар, қоршаған ортаның әсеріне бай­ланысты зерттеу жұмыстарын жүргізу болып табылады. Экологиялық мониторинг жүргізу арқылы экологиялық жүйелердегі (биогеоце­ноздағы) және табиғи кешендердегі өзге­ріс­терді зерттейді. Сондай-ақ өсімдіктер мен жа­нуарлардың биоресурстарының қозға­лы­сын анықтау болып табылады. Биогеоце­ноз­дар­дың биологиялық өнімділігін анықтаумен қатар, қоршаған ортаға адамның антропо­ген­дік әсері туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі кезеңде өндіріс ошақ­тары­ның көбеюіне байланысты, жердің құнар­­лылығының, тұщы су қоры мен сапасының төмен­деуі, тұрғылықты жердің шөлге немесе бат­пақты жерге айналуы, минералдық ре­сурстардың азаюы – өзекті мәселелердің бірі. Осы мәселелерді толыққанды зерттеу үшін экологиялық, биосфералық және ға­рыштан бақылау жасау тәсілдері қолданылады. Біздің университетте биоалуантүрлілікті сақтау және оның биоресурстарын анықтау сала­ла­рында мамандарды дайындап қана қоймай (бакалаврларды, магистранттарды, PhD-докторанттарды), оларға ғылыми-зерттеу жұ­мыстарымен шұғылдануға, гранттармен жұ­мыс істеуге мүмкіндік бар.
–Профессор Сапаровтың айтқан күр-
делі мәселелерге байланысты сіздің алып-
қосарыңыз бар ма?
Профессор Айтқажы Биғалиұлы: –Бі­рін­­шіден, биосфераның негізгі қызметі – тір­ші­ліктің тұрақтылығын сақтау, үздіксіз зат ал­­ма­суға, біржақты энергия ағымдарына, ондағы тірі организмдердің қарым-қатынастық бел­сенділігіне және абиотикалық процестерге негізделген. Бұл күрделі қарым-қатынастар Жердің геологиялық тарихының ұзаққа со­зылу бойында қалыптасқан. Өкінішке қарай, кейінгі уақытта жағдай күрт өзгерді.
Соңғы жүз жылда адамзаттың шаруашы­лық қызметі эволюциялық процестегі био­логиялық айналымның тепе-теңдігінің ауыт­қуына әкеліп соқты, оның салдары міндетті түрде сыртқы ортаның сапасын бұзады. Қор­шаған ортаның ластануы экожүйелердің әртүрлі компоненттерінің қалыпты жағдайына кері әсерін тигізеді, сонымен қатар адам ден­саулығы да нашарлайды. Экожүйелердің кей­бір байланыстары мен деңгейлері сырт әсерге төзе алмай, өздерінің қызметін тоқта­тады. Қа­зіргі кезде тұрмыстық жағдайларда 70 мың­ға жуық химиялық заттар пайдала­нылады, олар­дың қатарына жыл сайын 500-ден 1000-ға дейін жаңа заттар қосылады. Олардың тірі организмдер мен адамға тигізетін нақты әсері­нің көбісі белгісіз.
Өсімдіктер генофондын сақтауда және тиімді пайдалану мәселелерінде, әсіресе, эндемді, сирек кездесетін және реликтік түрлерді қорғау – бүгінгі күн талабында ма­ңызды мәселеге айналды. Биоалуантүрлі­лік­ті адам­зат баласы ғаламшар деңгейінде ғана емес, ұлттық деңгейде де сақтаудың маңыз­дылы­ғын түсінді. Бұған ЮНЕСКО қолдауы­мен Биология ғылымы Халықаралық одағы бас­ты ас­самблеясында (1992) қабылданған
жә­­не биологиялық алуантүрлілікті сақтау туралы Халықаралық конвенция (Рио-де-Жа­нейро,1992) мысал бола алады. Соңғысы Қа­­зақстанда бекітіліп (1995 жылы), оның не­гі­зінде «Биологиялық алуантүрлілік» деген бағ­дарлама жасалынды.
Биологиялық алуантүрлілікті нақты тізім-ге алып, яғни инвентаризация жасап, жүйеге келтірілген мәліметтер болғанда ғана конвен­ция ережелері талабын тиімді орындау ша­раларын жасауға болады Яғни табиғатта өте­тін түрлі экологиялық процестерге игі ық­пал етіп, қоршаған ортаны көркейтумен қатар, небір қайталанбас көркі бар табиғи ланд­шафтарды барлық компоненттерімен қам­қорлыққа алған жөн.

Пример изображения

Екіншіден, Бүкіл дүниежүзілік тәжіри­бе­лерге сүйенсек, Жер шарының жекеленген елдерінде қорық ұйымдастыру ХІХ ғасырдың басынан бастап, жүзеге аса бастады. Ал оның алғашқы нәтижелерінің бірі – тіптен 1872 жылы Америка жерінде ұйымдастырылған алғашқы ұлттық парктер (бақтар). Одан соң Канада, Африка, Австралия, Жаңа Зеландия, тағы басқа материктерде қорықтар мен ұлт­тық парктер ұйымдастырылғаны белгілі. Ре­сейде 1874 жылы Аскания – Нова ұлттық бағы құрылғаны белгілі.
Қазақстанда 10 мемлекеттік қорық, 66 қо­рыққор (44 зоологиялық, 20 ботаникалық,
2 палеонтологиялық), 6 ұлттық парк және 24-тен астам табиғат ескерткіштері бар.
Сонымен, біздің республикада табиғи қо­рықтардың өсімдіктер дүниесін бақылау және эксперименттік зерттеу барысында алынған нәтижелерді саралап, мынаны айтуға болады: ауыр металдардың өсімдіктер дәнінің өнуіне, өскіндерінің қалыптасуына, мүшелерінің биомасса жинақтауына кері әсер ететіндігі бел­гілі болды. Әсерлену деңгейі ауыр метал­дардың концентрациясына тәуелді бола­тын­дығы байқалады. Өсімдіктердің әр алуан түр­лері ауыр металдар табиғатына байланысты ерекше әсерленіп, әрқилы төзімділік пен се­зімталдық танытатындығы байқалады. Ауыр металдармен ластанған аймақтарда өсім­діктердің төзімділігі арта түседі де, төзімсіз және сезімтал түрлері толығымен құрып ке­теді. Ауыр металдардың өсімдіктерге әсерінің алғашқы және жалпы белгілері –өсімдіктің өсуі және биомасса жинақтауының төмен­деуі, хлороз, некроз пайда болуы және осының салдарынан өсімдіктің өнімі мен сапасы төмендейді.
Үшіншіден, антропогендік әсерге байла­ныс­ты. Адамның белсенді өндірістік әрекетіне байланысты қоршаған ортаның химиялық ластануы ғалами мәселеге айналып, өткір токсикологиялық жағдайдың туындауына себеп болуда. Қоршаған ортада, өндірісте, ауыл шаруашылығында, адамның күнделікті өмірінде жаңа синтетикалық өнімдер саны күннен-күнге көбеюде. Соның қатарына ауыр металдар, инсектицидтер, пестицидтер, ты­ңайтқыштар, өндіріс қалдықтары және дәрілік заттар мен азық қоспалары сияқты уланды­рушы заттар жатады. Аталған заттардың бар­лығы фауна мен флора өкілдерінің ауруын тудырып, азықтық дақылдардың сапасын төмендетеді және адам ағзасына әсер етіп, әртүлі улануға әкеліп соқтырады.
Ластаушы заттектердің өзі немесе шыға­рындылары үш түрге бөлінеді.
1. Әлемдік көлемде ластайтындар: қай жер­де шығарылса да қоршаған ортаға әлемдік аумақта таралатын қабілеті барлар – СО2-газы, фреондар, ыдырау мерзімі бір айдан жоғары радионуклеидтер.
2. Аймақтық (региондық) көлемде лас­тай­тындар: бірнеше мемлекеттердің террито­риясын немесе бір елдің едәуір бөлігін лас­тайтындар, күкірт пен азот оксидтері, ауыр металдар, т.б.
3. Жергілікті көлемде ластайтындар: бір жердің шеңберінен аспайтын, аз уақыт қана сақталатын ластағыштар – аэрозольдар, кү­кіртті сутек, күкіртті ангидрид, азот оксид­тері.
Қазақстанның оңтүстік- шығысындағы екі ірі тау жоталары – Іле және Жоңғар Алатауы. Мұнда Алматы қорығы алып жатқан Іле Ала­тауының табиғи өсімдік қауымдастығына антропогендік әсері ерекше. Мұның өзі тау ете­гінде 1,5 миллионға жуық халқы бар рес­публикадағы ең ірі Алматы қаласының орна­ласуына байланысты.
Бүгінгі адамның экологиялық ортасы – қала. Ол – ең ірі, табиғи ортадан өзгеше, экс­трималды деуге болатын орта. Қалада техно­генді қуаттың орасан зор концентрациясы жиналады. Қалаларда адам экологиясына тән нәрсе – бұл табиғи экологиялық факторлар­дан оқшаулануы. Қазіргі кездегі қала – күр­делі әлеуметтік-экономикалық ағза. Бірақ қала барлық жағынан қолайлы орта емес. Ол адам денсаулығына қолайсыз әсер етеді. Бір ғана мысал, Алматыда негізгі ластаушы – автокөлік жыл сайын атмосфераға 200 мың тонна зиян­ды заттар бөледі, ол РШМ-дан бірнеше есе жоғары. Тұрғындар тыныс алу мүшелерінің ауруымен 2,4 есе, жүйке жүйесі ауруларымен 4,5 есе жиі ауырады. Химиялық заттардың ауа арқылы ағзаға түсуін тоқтату мүмкін емес. Мысалы, таскөмірдің құрамында 50-ден астам химиялық элементтер бар, соның көпшілігі улы.
Алматы қаласы орналасқан тау беткейі­-
нің климат жағдайларының өте қолайлы екендігіне қарамастан, қала атмосферасының өздігінен тазару қасиеті төменгі дәрежеде. Мұнымен қатар атмосфераны ластаушы ста­ционарлы, жылжымалы нысандардың артуы­на байланысты, қала атмосферасының лас­-тану деңгейі халықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл қазір аса маңызды экологиялық проблемаға айналып отыр. Ірі ғимараттар ауаның табиғи түрде алмасуын қиындатады, әрі атмосфера тазалығын на­шарлатады. Қалада ауылдық жерге қарағанда тұман (смогтар) жиі кездеседі, ал тұман – ауа­ның қатты ластануының көрсеткіші. Қазақстан да дүниежүзілік урбанизация процесінен тысқары қалған жоқ. Қоршаған ортаға енген немесе шектен тыс мөлшерде пайда болған және ортаны ластайтын кез келген физикалық, химиялық заттектерді және биологиялық микроорганизмдерді ластағыштар деп атайды. Ластағыш заттектердің қоршаған ортаға әсері физикалық- химиялық қасиеттеріне, олардың ыдырауы арқылы пайда болған өнімдердің қасиеттеріне, өндіріс шығарындыларының мөлшеріне байланысты.
Топырақты түзуге қатысатын немесе өсім­дікке сіңірілетін ауыр металдардың транс­формациялық қабілеті топырақтың агрохи­миялық, физико-химиялық қасиеттеріне әсерін тигізеді. Олар топырақта аз өзгеретін, жинақталған, еріген, сіңіруге дайын түрде де болады. Трансформациялық қабілетін анықтау арқылы «топырақ-өсімдік» жүйесіндегі өсім­діктің биологиялық ерекшеліктері мен то­пырақтың ауыр металдармен зақымда­нуы­­-ның деңгейлерін анықтауға болады. Әрине, «топырақ-өсімдік» жүйесінде ауыр метал­дар­дың миграциясы барлық уақытта қауіпті бола бермейді. Кейбір өсімдіктердің абсорбциялық қасиеті болса, ал екінші бір өсімдіктер тіпті басқаша, керісінше, уыттылығын жоғары­латуы да мүмкін.
–Қазақстанда қорғалатын түрлер мен тер­риторияға байланысты не айтуға бо­лады?
– Қазақстаннның экожүйесі әмбебап биологиялық алуантүрлілігімен ерекшеле­-неді. Биоалуантүрліліктің дағдарыстық жағ­дайы шаруашылық әрекеттермен, табиғи ор­таның ластануымен және табиғи апаттармен, сонымен бірге қорғалатын экожүйлер ауда­нының аздығымен байланысты. Республика аумағының 66 пайызында биоалуантүрлілі­гінің таусылуы мен экожүйесінің деграда­циясы байқалған, әсіресе, шөл және шөлейтті, жерді егіншілік пен мал жайылымына қар­қынды пайдаланатын аймақтарда.
– Елімізде ерекше қорғалатын та­биғи аймақ­тарды құру тарихы қай кезден баста­лады?
–Оның тарихы 80 жылдан асты. 1926 жы­лы алғаш рет Орталық Азия аймағында «Ақсу-Жабағылы» қорығы құрылған. 1934 жылы Нау­рызым және Барсакелмес қорықтары құ­рылды. 30 жылдық үзілістен кейін 60-жыл­дарда Алматы және Қорғалжын, ал 70- жыл­дары Марқакөл, 80-жылдары – Үстірт, 90-жылдары Батыс Алтай және Алакөл қо­рықтары құрылды. Айта кететін бір жайт, ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың биологиялық алуантүрлілік пен ландшафт алуантүрлілігін сақтаудың маңызы өте зор. Себебі өсімдіктер мен жануарлардың сирек кез­десетін түрлері тіршілік ететін, әмбебап ланд­шафтар орналасқан өте бағалы аумақ­тарды алып жатады. Ерекше қорғалатын та­биғи аймақтардың ең маңыздысы–мемлекет­тік табиғи қорықтар. Қазіргі кездегі қорықтар ел территориясында тіршілік ететін сүтқо­рек­тілердің жалпы санының 78 пайызын құрай­тын 140 түріне мониторинг және қорғау шара­ларын жүргізеді. Демек, заңды тұлға статусына ие. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар
5 270,3 мың гектар немесе жалпы респуб­ли­ка жер көлемінің 1,9 пайызын алып жа­тыр.
Сонымен қатар Жамбыл облысының әмбе­бап табиғи кешендерін сақтау және қайта қалпына келтіру мақсатында «Мерке» МҰТС және «Жайсан» мемлекеттік табиғи қо­рық­шасы құрылды. Олардың маңызы экология­лық, тарихи, ғылыми, реккреациялық құн­­дылықты сақтау және олардың ары қарай да­муын қам­тамасыз ету, Батыс Түрік қағана­ты­ның орталы­ғында орналасқан Жайсан жә­не Мерке көне түркі мәдениетінің қасиетті ескерткіштерін сақтау болып табылады. Со­нымен қатар қазақ даласында Орта Азия көшпенділерінің мәде­ниетінің даму көрсет­кіші ретінде сақталып отыр. Демек, табиғи аймақтардың көбеюі ландшафтық және биологиялық алуан­түр­лілікті сақтауға мүм­кіндік береді. Сондықтан да табиғат байлық­тары, өсімдік болсын, жан-жануар болсын, оларды өздері бейімделіп, тіршілік ететін табиғи ортасынан ажыратпай қорғау және мейлінше қорын молайту ісін дамыту қажет. Себебі қазіргі өнеркәсіп пен ауыл шаруа­шы­лығының, транспорттың қа­рышты қадамы оларға өз ықпалын тигізуде. Оларға кері ықпа­лын тигізбеу үшін адам ғылыми-техникалық прогресс пен табиғат қорғау ісін ғылыми не­гізде етене ұштастыра білуі қажет. Яғни таби­ғатта өтетін түрлі эко­логиялық процестерге игі ықпал етіп, қоршаған ортаны көркейту­-мен қатар, небір қайталанбас көркі бар та-
биғи ландшафтарды барлық ком­понент­терімен қамқорлыққа алған жөн. Де­мек, республикамызда биологиялық алуан­түр­лілiкті сақтаудың ең бір сапалы жолы деп са­налады.
Сұхбаттасқан
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: