Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қорқор сатып, қыруар қаржы тауып жүрген кәсіпкерлер кеше бас қосып, «табысымыз күрт төмендеп, банкроттықтың алдында тұрмыз» және «біздің құқығымыз тапталуда» деп еңірегенде етегі жасқа толды. Олардың тыныш өмірінің астан-кестеңін шығарған – Қазақстанның Бас санитарлық дәрігерінің «Қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салу туралы» №6 қаулысы. Бұл қаулы 14 наурыздан бастап өз күшіне енген. Содан бері кәсіпкерлердің айтуынша, қорқор өнеркәсібінің кірісі бірнеше есе төмендеп кетіпті. 


Осы қаулы күшіне енген күннен бастап, Алматы мен Астананың 70-ке жуық кәсіпкерлері қауымдастық құрып, өз көзқарастарын қорғамаққа бекінген. Олардың пайымдауынша, мұндай тыйым елдегі орта және ша­ғын кәсіпкерлікті тұралатып,
20 мың­­ға жуық адамды жұмыссыз қал­дыратын көрінеді. Сонымен қатар ел қазынасы салықтан түсетін үлкен қаржыдан да қағылмақ. Мәселен, шетелден қорқор темекісін әкелумен айналысатын кәсіпкер Дидар Өтел­баевтың айтуынша, ай сайын Қазақстанға 10 тонна қорқор темекісі әкелінеді екен.

– Кез келген кафе, клуб, мейрам­хананың табысының 20 пайызы қорқор сатудан құралады. Ай сайын Қазақстанға 10 тонна қорқор темекі­сі импортталады. Ал бір келі теме­кі­нің құны – 1990 теңге. Яғни кіріс са­лығы мен брокерлік қызметті есеп­те­ме­ген­нің өзінде, біз ай сайын 19 мил­лион 900 мың теңге қазынаға құйып отырмыз. Қазақстан бойынша қорқор қызметін ұсынатын бес мыңға тарта ойын-сауық орындары бар. Олардың әрқайсысында 3-4 қорқор жасайтын жігіттер жұмыс істейді. Бұл тыйым жастардың жұ­мыс­сыздығына әкеліп соғады. Биз­несті дамытуға алған несие туралы айтпай-ақ қойсақ та болады, өйткені көптеген кәсіпкерлер өздерін банкрот деп жариялауға мәжбүр, – деп түйіндейді Дидар Өтелбаев.
(Жалғасы 4-бетте)

Сондықтан мұндай түбегейлі шешімнен бас тартып, «қауіпсіз» қорқордың санитар­лық талаптарын жасайық деп ұсыныс тастады кәсіпкерлер. Ең сорақысы сол, бұл бизнестің ел нарығына енгеніне 10 жыл­ға жуықтаса да, оларға қойылатын талаптар мен санитарлық нормалар әлі айқындалмаған көрінеді. Осы орайда су жаңа қауымдастық төрағасы Нұрболат Сейпішев «қорқор қызметіне қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеп, қорқор қызметін лицензияланатын қызмет түріне енгізу, ақылы негізде лицензия беру, бір рет пайдаланылатын құбыршектерді қолдану қажет» деп пайымдайды.

Ендігі жерде кәсіпкерлер осындай са­ни­тарлық талаптарға сай келмейтін орын­дарды ғана жауып, басқаларына тиіспеу қажеттігін алға тартады. Алайда өздері құбыршектерді қандай ерітіндіге салып жуатындарын да нақты айта алмады. Тіпті Рустам Лазгиев есімді кәсіпкер қорқор туралы дәрігерлер айтып жүрген «аңыздар­дың» бетін аша келе, «қорқор бұл шығыс­тық үлкен мәдениеттің белгісі, баяғыда ақсақалдарымыз қорқор тартып отырып, келелі әңгіме құрған» деп салды. Рас, Шығыста қорқор тарту бағзы за­маннан келе жатқан дәстүр болар, алайда ол кездегі қорқор мен бүгінгі қорқордың құрамын салыстыруға мүлдем келмейді емес пе? Сондықтан да қорқорға тыйым са­лу бастамасын көтерген «Темекі түті­нінен таза Қазақстан үшін» ұлттық коали­циясының төрайымы Жәмиля Садықова ешқандай да сындарлы келісім болуы мүмкін емес деген пікірде.

– Өйткені қорқор өнеркәсібі өкіл­дерінікі тек коммерциялық мүдде ғана. Оларға керегі – халықтың қорқор шеккені. Ал қорқор дегеніміз – түрлі жұқпалы ауру­лар, канцерогендер, токсиндер, темекіге тәуелділік. Бұл жерде тек қана тыйым салу болуы керек деп тұжырымдайды Жә­миля Садықова.

Аталмыш қаулы шыққанға дейін рес­пуб­лика бойынша 673 нысан тексеріліп, оның ішінде 51 қоғамдық тамақтану орын­дарында қорқор қызметі көрсетілетіні анықталған. Оның 49-ы Алматы қаласында орналасса, 3-і Астанада, Шымкентте екеуі, біреуі Ақтау қаласында орын тепкен.
– Осы орындардағы қондырғылардан алынған 455 сүртіндінің 91-де өте нашар көрсеткіш шықты. Яғни олардан ішек таяқшасы, стафилакокк таяқшаларын анықтадық. Олардың барлығы өте қауіпті. Әзірге тура қорқор тартудан ауруға шал­дық­қандар жөнінде мәлімет жоқ, алдағы уақытта осы бағытта мониторинг жаса­лынады. Шетелдердің көпшілігі қорқор шегуге тыйым салып жатыр. Неге? Өйткені оның зиянына көздері жеткен. Ұлыбри­тания ғалымдары қорқорды 1 рет тарту 60 дана темекі шеккенмен тең деген қорытын­дыға келіпті. Яғни оның құрамы өте улы канцерогендер мен токсиндерге толы. Кәсіпкерлердің «клиенттерді жоғалттық» деп шу шығаруы өте ыңғайсыз. Одан да қаржыларын қоғамдық спортты дамытуға салсын деп тұжырымдайды Республи­калық санитарлық-эпидемиологиялық са­рап­тама және мониторинг ғылыми-прак­тикалық орталығының директоры Шалғынбай Жандосов.

Осыдан кейін қандай «қауіпсіз қор­қор» туралы сөз болуы мүмкін?

Үмітжан ЖАПАР

http://www.aikyn.kz

Рубрика: