Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Туысқан түркі жұртының, оған қоса, дүниежүзілік әдебиет үлгілерін қазақ тіліне аудару – идеологиялық және мәдени зор маңызы бар іс. Бұл әдебиетіміздің шеберлік жағынан жетіле түсуіне көмегін тигізіп қана қоймайды, сонымен бірге халқымыздың рухани мәдениетін ерекше байытады.

Кешегі кеңес заманында аударма ісінің белгілі бір сатыға көтерілуінің нәтижесінде, қазақ оқушылары орыстың классикалық әдебиетінің тамаша өкілдерінің шығармаларын өз тілінде оқып өсті. Көркем аудармаға көңіл бөлінудің нәтижесінде қазақ тіліне жүздеген кітап аударылды. Бұрынғыдан қалған тәжірибе де, үлгі де жетерлік. Үлкен аударма мектебі қалыптасты.

Қазір қалай? Бір заманда қазақ тіліне аударылған Айбектің «Науаиысын», Айнидің «Бұхарасын» В.Янның «Шыңғыс ханын» бүгінде қолыңызға шам алып іздесеңіз де табуыңыз қиын. Қайта басылуын күтіп жатқан кітаптар бұлармен шектелмейді әрине. Толып жатыр. Бұл дүниежүзі әдебиетінің көрнекті шығармалары қазақ тіліне мүлдем аударылмай жатыр деген сөз емес. Соңғы жылдары «Жүз томдық әлем әдебиеті кітапханасы» қолға алынды. Астанадағы «Аударма» баспасынан «Әлемдік классика» айдарымен шетел қаламгерлерінің біраз туындылары аударылды (осы кітаптардың көркемдік дәрежесіне әдеби талдау жасалғанын көрмедік). Бірақ баяғы тоқтаусыз қарқын тоқтаған, кең тыныс тарылған.

Қасымыздағы Қытай елі Нобель сыйлығын алған шығармаларды сол заматта қытай тіліне жедел аударып отырады. Мәселен, Қытай қазақтары Нобель сыйлығын алған түрік жазушысы Орхан Памуктің қытайша шыққан кітабын төте жазу арқылы қазақшаға аударып қойған. Әлем әдебиетінің алтын қазынасы қытай тіліне толық аударылған. Орыстар да жаңа заманғы көркем сөз шеберлерін жедел аударудан қытайдан қалыспайды.

Сонымен, көркем аударма өнеріндегі бүгінгі таңдағы басты мәселелер не? Қазақ әдебиетінің әлемдік өркениетпен тікелей интеграцияға түсе алмай жатуының, яғни өзге тілден тікелей аудару жайы көңіл көншітпеуінің бір себебі не десек, кәсіби аудармашылар бізде қазақша-ағылшынша, ағылшынша-қазақша, немесе француз, араб, неміс, испан тілдерінің толық сөздіктерінің жоқтығын алға тартады. Осы уақытқа дейін мұндай сөздіктің жоқтығынан аудармашыларымыздың әлі күнге орыс тіліне иек артып, соның алдында тәуелді болып отырған жайы түсінікті. Сондықтан аударма мәселесі сөздік мәселесімен тікелей байланысты екенін ұғатын кез жетті! Әуелі сөздіктерді шығару мәселесін жедел қолға алғанымыз жөн.

Аударма мәселесін дұрыс жолға қою үшін, яғни мамандарды аударма ісіне жұмылдырып, ел игілігіне пайдалану үшін ең бірінші мемлекеттік жүйелі саясат керек екенін айтуымыз керек. Жастардың әдебиетке, сынға, аудармаға келмей кеткенінің өзі қамқорлықтың, өнерді қолдау саясатының болмағандығынан, қаламақының мардымсыздығынан екені анық. Бұл орайда әлі де аға буын аудармашылар: Ә.Жұмабаев, Ж.Ыс­мағұлов, Қ.Қараманұлы, К.Юсуп, С.Ақтаевтардың еңбегіне рақмет айтуымыз керек.

Кейбір шет тілдерінен тікелей аударатын тәп-тәуір аудармашылар да арамызда жоқ емес. Қытай, моңғол, түрік әдебиетінен, Құдайға шүкір, оралман бауырларымыздың арасында тікелей аударатын білгір аудармашылар бар. Өкінішке қарай, басқа шет тілдерінен аударатындар саусақпен санарлық. Дәурен Берікқажы ағылшын тілінен, Танакөз Толқынқызы француз тілінен аударады дегендей. Олардың өзі аттарының басын аудармаға өте сирек бұрады және көлемі шағын дүниелермен шектеледі.

Аударма жасау үшін тек қана тілді біліп қоймай, сол елдің тарихын, мәдениетін, философиясын, ділін жете білу керек. Қазіргі жаһандану дәуірінде, ел мен ел арасындағы мәдени, экономикалық, саяси және т.б. байланыстардың артқан заманында аударманың рөлі қаншалықты маңызды екенін ұққан жөн. Бұл орайда қазақ тілді, ұлтжанды аудармашы мамандар даярламай тұрып, еліміздің әдебиеті де, мәдениеті де өзге елге танылмайтыны айдан анық. Әрине, аудармашы даярлау оңай емес. Ондай адамның бойында үш түрлі қасиет болуы тиіс. Ең бірінші, өзінің ана тілін жетік меңгерген адам болуы керек. Екінші, таңдаған шет тілін біліп қана қоймай, ол елдің тарихы, әдебиеті, тұрмысынан хабардар болуы тиіс. Үшінші, әрине, сөзбе-сөз аударудан гөрі, мағынасы мен идеясына аса көңіл бөліп аударуы керек.

Абайды қазақтар орыс тіліне, ал Пушкинді орыстар күні бүгінге ағылшын тіліне дәл аудара алмай жатыр. Неге? Ол – олардың ұлттың ұлы ақыны болуларында ғана емес. Оған қоса, түпнұсқадан аударылмаған, аударылған күнде де аудармашы тілдің, ұлттың айшығын жетік білмейді деген сөз. Ондай аудармашының қолына түскен туынды қашанда өз құндылығын жояды, идеясынан айырылады, қадір-қасиеті кетеді. Қысқасын айтқанда, аударма мәселесін дұрыс жолға қою үшін, яғни мамандарды аударма ісіне жұмылдырып, ел игілігіне пайдалану үшін, тағы да қайталап айтамыз, ең бірінші мемлекеттік жүйелі саясат керек.

Қаншайым Байдаулет,
Сәбина Зәкіржанқызы,
Төреғали Әліпұлы,
Айтжан Мұрзанов (фото).

http://www.aikyn.kz

Рубрика: