Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Павлодар (Кереку) қаласындағы «Сулпак» дүкені сатушысының қазақша сөйлеген Руза Бейсенбайтегін орысша сөйлемедің  деп дүкеннен қуып шыққаны  жұртшылық  арасында үлкен дау туғызды. Дүкеннің сатушысы Руза Бейсенбайтегіне «Мы не говорим по-казахский;  я понимаю, но обслуживать буду на  том языке, на каком мне удобно; вы сами виноваты, зачем по открывали русские школы, и нас туда отдавали; а теперь или говорите на русском, либо выходите отсюда!» деген.

Бұл туралы бірнеше сайтта жазылып, әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Осы мәселені талқылау кезінде мемлекеттік тілдің қолданысы туралы да түрлі ойлар айтылды, сауалдар қойылды. Сондықтан мемлекеттік тіл туралы, оның Қазақстан Конституциясында, басқа заңдарда қалай көрініс тапқаны туралы бірер сөз айтуға тура келіп тұр…

 Қазақстан Конституциясының 7-бабында  Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл — қазақ тiлi екені нақты жазылған. Ал осы баптың екінші тармағында «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деп көрсетілген. Енді осы тармақты талқылап көрейік, біріншіден мемлекеттiк ұйымдарға қандай ұйымдар жатады? Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көрсетілгендей мемлекеттік ұйымға коммерциялық емес және  мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен қаржыландырылатын ұйым мемлекеттік ұйымға жатады.  Ал жергілікті өзін өзі басқару органы қазіргі жағдайда Қазақстанда дамымаған. Жоқ десе де болады. Дүкендер, халыққа қызмет көрсету орындары, қоғамдық ұйымдар мемлекеттік ұйым болып есептелмейді…

Екіншіден, Конституцияда «орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деп нақты жазылып тұр. Бұл жерде «тең» деген сөзга баса мән берген жөн. «Тең» дегеніміз қазақ тілінде «бір нәрсеге теңесу, қатарласу немесе тең дәрежеде, кем емес» деген ұғымды білдіреді.   «Тең» сөзінің орысша аудармасы «наравне». Олай болса «наравне» дегенді қалай түсінеміз? Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде (Толковый словарь русского языка) «наровне» деген сөзді «на одном, одинаковом уровне, в равноценном положении, состоянии, одинаково, на равных правах, условиях» деп түсіндіреді. Ожеговтың сөздігінде «Наравне — на одной линии, высоте, глубине, одинаково, не отличаясь друг от друга» дейді, Ефремовтың сөздігінде «Наравне — 1. На одной линии, высоте, глубине, скорости и т.п. 2. Одинаково, на равных условиях, правах» деп жазылыпты. Олай болса Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша мемлекеттiк ұйымдардың және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қызметкерлері орыс тілін мемлекеттік тілмен тең дәрежеде білуі тиіс. Былайша айтқанда мемлекеттік тілді білу, мемлекеттік тілде жазу, түсіндіру, сөйлеу деңгейі орыс тілінен кем болмауы керек деген сөз. Бұған «ресми түрде» дегенді қосыңыз. Оны түсіндіріп жатудың қажеттілігі шамалы деп ойлаймын.

Енді тағы да Конституцияға оралайық. Конституцияның 93-бабында «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкiмет, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттiк тiлдi еркiн әрi тегiн меңгеруi үшiн қажеттi ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрiн жасауға мiндеттi» деп жазылған.

Бұл жерде мемлекет тарапынан қажеттi ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрi жасалды ма деген сұрақ туындайды. Мемлекеттік тілді дамытуға тек республикалық бюджеттен 2009 жылы 5 млрд. теңге, 2010 жылы- 4,7 млрд. теңге бөлінген. Ал тілдерді дамытудың 2011-2013 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде  19,2 млрд. теңге қарастырылған. Барлық облыстарда тіл басқармалары жұмыс істейді. Жыл сайын мемлекеттік тілді тегін оқыту курстары ұйымдастырылады. Қаншама сайттар, әдістемелер, кітаптар жарық көруде. Алайда Қазақстан халқының кемінде жартысы мемлекеттік тілді білмейді.

Екіншіден аталған Конституция қабылданғалы бері 17 жыл уақыт өтіпті. Сол кезде жаңа туған сәби бүгін мектепті бітірген азаматқа айналды. Тіпті ересек адамдардың өзі 17 жылда бір тілді меңгере алмайды дегенге сену қиын. Олай болуы мүмкін емес.

Бұл бір сөзбен айтқанда бұл Конституцияны менсінбеушілік  немесе оны орындауға деген құлықсыздықты дәлелдейді. Ең өкініштісі, Конституцияны орандамағаны үшін қылмыстық немесе азаматтық жауапкершілік жоқ, ол туралы бір де бір заңда көрсетілмеген. Сондықтан да мемлекеттік қызметкерлердің өзі мемлекеттік тілді білмейді, білгісі де келмейді. Олай болса жыл сайын мемлекеттік тілді дамытуға бөлініп жатқан миллиардттардың қайтарымы қайсы? Конституция барлық қазақстандық азаматтардың мемлекеттік тілді білуін талап етеді, соған жағдай жасайды…

Конституцияның 93- бабында «арнаулы заң» туралы айтылады. Арнаулы заңда, яғни ҚР «Тіл туралы» заңының тiлдердiң қолданылуы жөніндегі 8-бабында «Мемлекеттiк тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады. Мемлекеттiк емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттiк тiл және қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады» деп көрсетілген. Бұл жерде де мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi мемлекеттік тіл екенін баса айту керек.

Екіншіден, заңдағы «қажет болған жағдайда» деген сөз, ұғым көптеген дау туғызады. «Қажет болған жағдайда» деп қандай жағдайды айтамыз? Ол қажеттілік неден туындауы мүмкін? Конституцияда мемлекеттік емес ұйымдарда мемлекеттік тілден басқа тілдердің қолданысы туралы айтылмайды және онда мемлекеттік тілдің қазақ тілі екені, сонымен бірге барлық азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруіне барлық жағдай жасалатындығын айтады.

Енді әңгіменің басындағы «Сулпак» дүкеніне оралайық. Қазақстан Республикасы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 24 бабына сәйкес сатушы (дайындаушы, орындаушы): тауар (жұмыс, көрсетiлетiн қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы қазақ және орыс тiлдерiнде ақпарат беруге, бақылау-кассалық машиналар орналастырылған жерде тұтынушының бақылау (тауарлық) чегiн алу қажеттiгi туралы және бақылау-кассалық машиналарын қолдану тәртiбi бұзылған жағдайда оның салық органына (тиiстi салық органының телефон нөмiрiн көрсетiп) жүгiну құқығы туралы қазақ және орыс тiлдерiнде ақпарат орналастыруға міндетті. Сол заңның 25-бабы бойынша сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауар (жұмыс, көрсетiлетiн қызмет) туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат беру міндетті.

Бір сөзбен айтқанда ҚР Конституциясына және ҚР «Тіл туралы» заңына сәйкес сатушы немесе қандай да бір тауардың иесі тұтынушыға ең алдымен мемлекеттік тілде сосын қажет болған жағдайда өзге тілде ақпарат беруі тиіс.  Ондай болмаған жағдайда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 82-бабына сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Конституциясын әрбір қазақстандық азаматтың, мемлекеттік немесе басқа да ұйымдардың басшыларының бұлжытпай орындауы міндетті. Себебі біріншіден, Конституцияның ең жоғары заңды күшi бар және республиканың бүкiл аумағында ол тiкелей қолданылады. Екіншіден, Конституцияның кепілі -Президент. 

Мақсат Нұрыпбаевзаңгер,

«Құқықтық Қазақстан үшін» қоғамдық бірлестігінің мүшесі

 

http://ult.kz/kz/article/view?id=1113

Рубрика: