Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазақ халық музыка аспаптары музейі 1980 жылы ашылып, Алматы тұрғындары мен меймандарына қызмет көрсетіп келеді. Музей ғимараты сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттің айрықша қорғауына алынған. Бұл ғимарат 1908 жылы ежелгі Верный қаласының атақты сәулетшісі А.Зенковтың жобасы бойынша сол уақыттағы Пушкин гүлзарбағына салынған екен. Құны баға жетпес осынау тарихи-сәулет ескерткіші 28 панфиловшылар саябағына орналасқан. Ал музыка аспаптары музейінде қазақ халқының музыкалық аспаптарының 60-тан астам түрлері мен нұсқалары қойылған. 2012 жылы толық күрделі жөндеуден өткізілген музей таяуда келушілерге есігін айқара ашты.


Музейдің жаңа басшылығы қолдары­нан іс келетін мамандарды таңдап алып­ты. Мұндағы гидтердің басым көпшілігі бір­неше тілді еркін меңгерген. Мұнда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әрбір му­зыкалық аспаптың маңызы мен ерек­шелігін, шығу тарихын, қолданылу ерек­шелігін, әлгі аспапта музыканттың немесе әншінің қандай шығарма орындағанын да тігісін жатқызып айтып береді. Солардың бірі музей гиді– Меруерт Асабаева. Меруерт бізге осындағы барлық көне му­зыка аспаптары туралы егжей-тегжейлі мағлұмат берді.

Тағы бір үлкен жаңалық, ғимарат есігінің ішкі жағына «3Д-галограмма» орнатылған. Осы құрылғы орнатылған жерге келіп тұрсаңыз болды, бейне тақта арқылы көрінген гид-қыз: «Халық му­зы­ка аспаптары музейіне қош келдіңіз!» деп сізді ілтипатпен қарсы алады, алды­мен қазақ тілінде, одан соң орыс және ағыл­шын тілдерінде музейдің өткен тарихымен таныстырады. Қорда қандай музыка ас­паптарының бар екендігі жөнінде ақ­парат береді. Сондай-ақ музейге келген әр адам осындағы «медиа-тэйболдың» қызметін қажетінше пайдалана алады. Бұл құрылғы да үш тілде – қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жұмыс істейді. «Медиа-тэй­болдың» бір артықшылығы, өзіңізді қы­зықтырған кез келген көне музыкалық аспаптың суретін көрумен қоса, қажетті мағлұматты әп-сәтте ала аласыз. Тіпті осы құрылғының көмегімен қажетті мағлұ­матты флэшкаңызға көшіріп те алуыңыз­ға болады.

Сонымен қатар әрбір келушілер халық аспаптарынан құрылған «Тұран» эт­но­гра­фиялық ансамблінің өнеріне куә бо­­лып қана қоймай, әрбір көне музыка аспап­­тың қайталанбас үнін естіп, ерекше ләззат­қа бөленеді. Музей басшылары «Тұран» этнофольклорлық ансамблін аттай қалап, музейге қызметке арнайы шақырыпты. Бұл жөнінде осы ансамбльдің мүшесі Бауыржан Бекмұханбет: –«Біз Абзал (Арықбаев) екеуіміз Чайковский атындағы музыка колледжінде оқып жүргенде бұрын-соңды болмаған, өзіндік стилі мен өзіндік үні, ерекшелігі бар айрықша ан­самбль құруды армандап, қиялға талай берілгеніміз бар. Содан колледжді бітіріп, 2006 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға домбыра мамандығы бойынша оқуға қабылдандық. Осында домбырашы Серік Нұрмолдаевпен, Ме­деубек Мақсатпен қылқобызшымен және жетігенші Қорлан Картенбаевамен та­ныстық. Сөйтіп, консерваторияда студент­тік «Сарын» ансамблін құрып, Зәмзәгүл Ізмұратова апайымыздан фольклорлық музыка аспаптары бойынша дәріс алдық. Одан соң оқи жүріп «Сазген сазы» ан­самблінде қызмет жасадық. Жаңаша ансамбль құруға талпынып, «Сазген са­зынан» шаңқобыз, шіңкілдек секілді бір­қатар көне музыка аспаптарын уақытша алып, 2008 жылы өз күшімізбен «Қазақ елі» деп аталатын композиция жасадық. Бастапқыда төрт адам өнер көрсеттік. Сөйтіп, сол жылы 1 наурызда алғаш рет құ­рамында бес адам бар біз «Тұран» то­бының тұсауын кестік. Топтың атын қоярда Тұранның көшпенділер өрке­ниеті болғанын басшылыққа алдық. Қазір біздің қолданысымызда 30-дан астам көне му­зыкалық аспап бар. Олардың арасында өте сирек кездесетін бұғышақ, үскірік, үш ішек­ті домбыра, шартылдауық, зырыл­дауық, күн басты асатаяқ, нарқобыз, шің­кілдек, сан алуан шаңқобыз бар» деп сыр ақтарды.

Мұндағы жігіттердің барлығы кем де­генде көне бес-алты музыка аспабын еркін меңгерген. Мысалы, қылқобызшы Ме­деу­бек Мақсат, домбырашы Серік Нұрмол­даев және Абзал Артықбаевтардың қай-қай­сысы да бірнеше аспапта шебер ойнай­ды. Бұған қоса, Абзал күркіреме, қайлама (кө­мекеймен ән айту) өнері бойынша ән айту дәстүрін өте жақсы меңгерген екен. Ол тә­уелсіз еліміз тарихында тұңғыш рет Чай­ковский атындағы музыка колледжінде қайлама әдісімен, дәлірек айтқанда, к­ө­мекеймен ән айту сыныбын ашыпты. Ал «Тұранның» бесінші мүшесі Ержігіт Әлиев небәрі 19 жаста. Ол студент, домбырашы. Абзал мен Бауыржанның шәкірті. «Тұран» тобына келгелі бері қысқа мерзімде жетіген аспабын және басқа да бірнеше музыка аспабын меңгеріп алыпты.

– Музейде жұмыс жасай бастағаны­мызға екі-үш ай болды. Музей басшы­лары ұстазымыз Ақтоты Райымқұлова апайы­мыз арқылы бізді шақырды. Бәріміз осында ғылыми қызметкерміз. Қазақтың 100-ден астам музыкалық аспабы бар. Біз асыл қа­зыналарымызды елге қайтарсақ деген ойдамыз. Бірақ музыка аспаптар­дың ба­сым көпшілігі ғылыми тұрғыдан әлі толық зерттелмеген. Демек, бұл аспаптар­ды ха­лық­пен қауыштыру басты парызы­мыз деп білеміз, – дейді музыкалық ас­папта­рын зерт­теуші және орындаушы Бауыр­жан Бек­мұханбет.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: