Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы маңындағы дереккөздердің мәліметіне қарағанда, Астанада осы айдың 19 күні Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс VIІ құрылтайы өтеді. Құрылтайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі денсаулығына байланысты қызметінен кетіп, жаңа мүфти тағайындалатын көрінеді.

Діни басқарма төрағасының сайлануы Ел өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болғандықтан, сарапшыларды сөзге тартып, пікірлерін жариялап отырмыз.

Abai.kz

Тәуелсіз Қазақстанның үшінші мүфтиінің назарына!

Айдос Сарым, саясаттанушы. Бес нәрсеге асық болайық!

Естуімізше, алдағы күндері Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының жиыны өтіп, онда жаңа бас мүфти тағайындалатын көрінеді. Қолда бар деректерге сүйенсек, бұл жиынды өткізу оңайға соқпаған секілді. Бұл шешімге қол жеткізу үшін жақында ішкі саясат саласын басқаруға келген азаматтар біраз тер төгіп, талай адамды ымыраға келтіруге мәжбүр болған екен. Жиырма жылдық тарихымызда бұндай жағдай екінші рет қайталанып отыр. Осыдан 12 жыл бұрын еліміздің тұңғыш мүфтиі де орнынан оңайлықпен кетпеген-ді. Араға он жыл салып осы жағдайдың қайталануы жақсы нышан емес. Бірақ, осыған да тәубе дейік…

Қалай болса да бұл жиынның және осы жиын қабылдайтын шешімдердің Тәуелсіз мемлекетіміз бен қазақ ұлты үшін маңызы зор екені сөзсіз. Сондықтан да, аз да болса белгілі дәрежеде саяси және қоғамдық мәселелерге араласып жүрген адам ретінде өзімді мазалап жүрген кейбір ойларыммен бөліскенді жөн санап отырмын.

Ең алдымен барға қанағат. Еліміздің екінші бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі ағамызға рахмет айтуымыз қажет. Кезінде біраз сынасақ та, дәл бүгін осы азаматтың ерен еңбегін елеп, істелген қыруар шаруаларды атап өтуіміз міндет. Қиын-қыстау кездері мешіттердің санын көбейтуге, оларды бір жүйеге келтіріп, тәртіпке бағындырып, діни университет пен медреселерде молда-маман әзірлеуді бастады. Діни басқарма мен оның қарауындағы мешіттерді дін жөніндегі жаңа заң талаптарына сай сүріндірмей тіркеуден алып шықты, оны жаңа дәуір талаптарына, әсіресе ақпараттық технологияларға сай еткісі келді. Біле білгенге бұл да аз дүние емес.

Дейтұрғанмен, заман күн сайын өзгеріп келеді. Бүгінгі күннің талаптары мен трендтері мүлдем өзгеше. Тіпті осыдан он жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға келмейді. Алда тұрған міндет-мақсаттарды шешу үшін жаңа, тың көзқарастар, жаңа ой мен жаңа тіршілік қажет. Олай болатын болса, еліміздің бас мүфтиін қайта сайлау — уақыт талабы. Оған ешкімнің дауы болмауы керек.

Әрине, біздерге де талай әңгіменің дүбірі жетіп жатыр. Жаңа мүфти осы азамат болады-ау дегеннен де хабарымыз бар. Дегенмен үлкен қоғамдық ұйымның жиынының нақты шешімін күтейік деп ұйығардық. Оған дейін бас мүфтиліктен үміті бар азаматтарға төмендегідей бес ұсыныс жасағым келіп отыр. Бәлкім, осы ұсыныстарымыз ертеңгі жиында да талқыланар.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығына кім келсе де мынадай бес принципті мәселені айналып өте алмайтын сияқты. Ерте ме, кеш пе осы бес мәселе ҚМДБ-ның, күллі мұсылман қауымының алдынан шығары анық.

Біріншіден, діни басқарма азамат-қоғам-мемлекет триадасындағы өз орнын анықтауы керек. Мемлекет еліміздің мұсылман болмысын заңдық тұрғыда мойындап, оның мазхабына дейін заңмен анықтады. Ендігі кезекте діни басқарма мен оның құрылымдық бөлімдері өз қызметін, құлшылығын тек жоғарыдағылардың айтағына емес, мемлекет пен ұлттың талап-тілектеріне, мақсат-мұраттарына бағындыра білуі керек. ҚМДБ өзінің орнын билік дәліздерінен емес, туындап келе жатқан азаматтық қоғам ішінен іздеуі тиіс. Ислам дінін терроризммен, экстремизмен, дағдарыспен, артта қалушылықпен байланыстыратын, байланыстырғысы келетін топтар мен күштер аз емес. Осыған барлық салиқалы, парасатты күштерді біріктіріп нақты жауаптар іздеуі тиіс. ҚМДБ-ның мақсаттары қоғам мен мемлекеттің, барша азаматтардың арман-ойымен астасып жатуы міндет.

Екіншіден, біз үлкен ислам әлемінің, өркениетінің құрамдас бөлігі екеніміз қалай айқын болса, өзіндік ұлттық, қазақи нақышымыздың, пошынымыздың, келбетіміздің бар екені, оны қалайда сақтап қалуымыздың керектігі де сондай айқын ақиқат. Яғни, біздің мұсылман болуымыз басқа мәдениетке еліктеу немесе соның ығына еріп кету емес. Кезінде мемлекеттің әлсіздігін, қоғамның сауатсыздығын пайдалана отырып Қазақстанға талай жамағаттың өкілдері еніп, әлі күнге дейін тек діни білімді ғана емес, өз елдеріне сай этникалық, мәдение стандарттарды, түсініктерді енгізумен келеді. Олардың арасында «қазақ» атаулыны, ата дәстүрді «ширк», ұлтымыз өткен тарихи жолды, сүрлеуді «кәпір» дегендер де жоқ емес. Болашақ үшін бұл да орасан зор қауіп. Алдағы уақытта қоғам болып бір ортақ жамағатқа бірігу мәселесін көтеруіміз керек. Біздің ойымызша, алдағы жылдары барша түркі-мұсылмандарға ортақ «Алашия жамағаты» құрылып, барлығымыз соның жанына топтасуымыз қажет. Діни басқарма осы жамағаттың жүрегі мен өзегіне айналуы парыз. Ал осыған дейін елде мұсылмандықты таратқан барлық жамағаттар мен олардың өкілдеріне рахметімізді айтып, өздерінің тарихи, мәдени, этникалық отандарына құрметпен шығарып салуымыз керек. Сонымен қатар, біз еліміздегі ұлттық нышаны бар яссауилік сопылық дәстүрді қайта ақтап, оны «Алашия жамағатының» құрамдас бөлігі, рухани мектебі еткеніміз абзал.

Үшіншіден, бүгінгі заманның басты талаптарының бірі — демократиялану. Ғасырлар бойы отырған саяси режимдер мен мемлекеттердің аяқ астынан ыдырап, құлауының жұмбағы осында. Заманауи ақпараттық технологиялар өткен мыңжылдыққа сай қатынастардың біразын жоқ қылатын түрі бар. Олай болатын болса, діни басқарманың демократиялануы, өз жамағатына тәуелді болуы, әрбір мұсылман үшін ашық болуы, есеп беруі заман талабы. Қазақстандағы ислам, діни қатынастар деген кезде жұрттың ойына ең алдымен демократия, сайлану мен есеп беру, ашықтық пен жариялылық қажет. Керек болса, діни басқарма демократизм принциптерін билік пен азаматтық қоғамға да үйретуі қажет. Жақында католиктердің басшысы Рим папасы өз еркімен қызметінен кетті. Бұл 1415 жылдан бері болмаған жаңалық екен. Сол сияқты жаңа сайланған бас мүфти өз қызметінің уақытын да ашық айтып, екі мерзімнен кейін орнын жоғары жақтың нұсқауынсыз немесе төменгі жақтың пәрменінсіз босатуы қажет. Бұл да еліміздің саясаты үшін жақсы үрдіс болмақ.

Төртіншіден, діни басқарма жекелеген азаматтардың, бизнесмендердің рақымшылығының арқасында күн көріп, тіршілік жасап жатқан қоғамдық ұйым. Тәуелсіз сарапшылардың есептеріне сенсек, жыл сайын діни салаға 25-30 миллиард қаржы келіп жатыр-мыс. Бұл қыруар қаржы. Көбінесе «тірі ақша», «кэш». Ал тірі ақша жүрген жерде не жүрмейді, кім жүрмейді? Демек, алдағы уақытта қолға алар шаруаның бірі — қаржылық тәртіп орнату, тірі ақшадан мүлдем бас тарту. Әрбір мешітке келген азамат өз пітір-садақасын тек терминалдар, банкоматтар арқылы тапсыруы керек. Әрбір мешіт өз жамағатының алдында келіп-түскен қаржы туралы толық ақпарат беріп, оны ресми түрде жария етуі тиіс. Басқа-басқа діни басқармадағы жемқорлық жаман. Осыған мүлдем жол бермеу керек. Діннен безу, террорист болу өз мешіттеріміздегі дүмшелік пен пасықтықтан басталатынын ұмытпағаймыз.

Бесіншіден, жаңа бас мүфти қолға алатын басты шаруаның бірі — исламдық білім беру жүйесі. Мешіттерімізге өз елімізде білім-тәлім алған, өз дәстүрі, тарихы, тілінен ажырамаған азаматтар бармай, діни қызметті оң жолға қоя алмаймыз. Барлық мұсылман елдерімен қатынас болсын, бірақ кадр саясаты, кадрларды дайындау саясаты өз мүфтиятымыздың қолында болуы тиіс. Шетелге тек білімін жетілдіремін, теология саласында доктор атанамын, әлемдік теологтармен ой жарыстырамын деген мамандар ғана жіберілуі тиіс.

Қазақ бар жаңалықты жақсылыққа жоритын халық қой. Тәуелсіз Қазақстанның бас мүфтиінің сайлауы дұрыс өтсін деп тілейік. Ең бастысы діни басқармаға мәңгі мемлекеттігіміз бен тәуелсіз ұлтымызға ақыл-парасатымен, ақ жүрегімен адал қызмет етер азаматтар келеді деп сенеміз.

Abai.kz

 

 

 

Дәурен Қуат, Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы: Жаңа мүфти сауықтыру сабақтарын тездетіп бастауы керек

Әбсаттар қажы Дербісәліні Бас мүфтилікке тағайындар кезде ол кісінің кандидатурасын  Елбасының құзырына ұсынған саясаткерлер  «қақ-соқта жұмысы жоқ, бейтарап жан» деген көрінеді. Өйткені Дербісәлінің алдындағы Бас мүфтиіміз Рәтбек қажы ақсақал баспасөз бетіндегі дауға жиі араласып, көзге түсіп қалып жүрді. Мен бұл арада Әбсаттар Дербісәліге дейінгі Бас мүфтиіміздің басқа іс-әрекетін қазбалап отырғанды артық санаймын. Қысқасы, Әбсаттар қажы ҚМДБ-ның басшылығына «бейтараптылығымен» барып қалғанға ұқсайды. Бұл сөздің рас өтірігін кім білген, бірақ Бас мүфтидің ислам атын жамылған түрлі ағымдарға ыңғай білдірмей, не тоқтау айтпай бейтарап қалып танытқанын жоққа шығара алмаймыз. Оның үстіне, ҚМДБ-ның «наным-сеніммен, діни бостандық жайлаған Қазақстанда»  өзгенің ісіне араласуға құқығы жүрмейді. Әйткенменде Бас мүфти «жағдай осылай» екен деп бәріне бірдей бейтарап қарап отыра бермеуі қажет еді. Өйткені, дін туралы, оның ішінде ислам діні жөнінде бірден бір білгір адам —  шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі. Бас мүфти ҚМДБ-ның шектеулі қызметімен қалмай ұлт қауіпсіздігі мен мемлекет мүддесі үшін харам ойлы ағымдарға қарсы күресіп,  ашық пікір білдіруі қажет-ақ еді. Амал кем, Бас мүфти үнсіздік танытқан соң мәселеге дінге жанашыр адамдар араласты. Мысалы,  Abai.kz ақпараттық порталының аталған мәселе тұрақты тақырыбына айналды. Сол кезде бізді  жымысқы ниетін жасырған топтар мен дүмше діндарлар «Abai.kz ақпараттық порталы қазақты қазаққа айдап салып, алауыздық тудырып жатыр. Abai.kz порталын жауып құрту керек, жою керек» десті. Тіпті редакцияның қызметкерлеріне ашық қоқан-лоққы жасағандар да болды. Өзіміз туралы соншалықты лас, ғайбат сөздерге іштей төзіп, біз алаяқ ағымдардың жасап жүрген айла-амалы биліктің назарына іліксе екен деп бақтық. Мемлекеттік деңгейде шешімін тапса екен деп жанұшырдық. Тегінде, ширек ғасыр, не жарты ғасыр былай тұрсын, алдағыны бір-екі жыл ілгерлеп ойлағанды қазақ ортасы қабылдай алмайды. Тіпті айтайын, жек көреді. Қазір жасырып қайтейін, мені атарға оғы болмай жүргендер жетіп артылады. Бірақ, уақыт өте «абайшылдардың» (бізді оқырман қауым кейде осылай атайды)  айқайын кем түсініп жүргендер ұғады, ұғысып келіп бізбен табысады деген сенімдемін.

Бастапқы сөзімізге оралайын. Осыдан екі-екі жарым жыл бұрын Abai.kz порталы мен Masa.kz сайты діни ағымдар мәселесін қатты көтерді. Сол кезде біз әлдебір сұмдықтар мен қатерлердің алдын алғымыз келген-ді. Өкінішке қарай, сол сұмдықтар Атырауда, Ақтөбеде,т.б. болды, бейбіт елдің құтын қашырды. Әрине, «ештен кеш жақсы». Білімі мен білігі кемел ғалым, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қызметтен кеттім деп қынжыла қоймас, сондықтан ол кісінің алдағы күндерінің бәріне Алладан сәттіліктер тілей отырып, жаңа мүфтидің мына жайттарға көңіл бөлуін бек қалап сұрар едік.

Бас мүфти рухани тұрғыдан бәрімізден биік тұрып,  Ислам дінінің жолындағы қазы екендігін әрбір ісімен, сөзімен дәлелдеп, өнеге болып жүруі керек.

Елбасының алдында елпең қағатындардың қатарын толықтырмай, толайым қалыптасқан тұлға екендігін билікке дәлелдей алуы керек.

Баспасөзбен ҚМДБ арасындағы байланысқа барынша мән беріп отыруы керек.

Діни ағымдарға (тек ислам атын жамылған ағымдар емес, өзге де жат пиғылды ағымдар турасында да) қатысты пікірін ашық білдіріп, шетін оқиғалардың басы-қасынан табыла білуі керек.

Жаңашылдықтан шет қалмай, ағартушылық бағыт ұстанып отыруы керек.

Санасын уахбистер мен сәлафтар жаулап алған қазақтың қыз-жігіттермен кездесіп, сауықтыру сабақтарын тездетіп бастауы керек.

ҚМДБ қызметкерлерінен, барлық мешіт имамдары мен молдалардан қазақтың тарихын, мәдениетін, дәстүрін, дүниетанымын білуді әркез талап етіп отыруы керек.

Шығын мен бәскенің ғана көрінісі болып бара жатқан қазақтың кейбір ырым-жоралғысына заманға лайықты өзгерістер енгізу ісінен де жалтармауы керек.

Осы керектердің біз айта алмай отырған тұстары күнделікті өмірде толассыз кездесіп жатары сөзсіз. Соның бәріне Бас мүфти дер кезінде жауап тауып, әрекет ете білуі тиіс. Біздікі «жақсы болсын» деген тілек. Басқасын уақыты келгенде Бас мүфтиіміздің өзі де айтатын болар.

 

Мұқан Исахан, дінтанушы: Бас мүфти ең алдымен Қазақстандағы жамағатшылықпен күресуі тиіс

«Мүфти ауысады» деген әңгіме сағызша созылып, осы күнге жетті. Бейресми дереккөздерге сүйенсек, ертеңгі жиында Әбсаттар қажы Дербісәлінің орынын семейлік Ержан Маямеров басатын көрінеді. Өз басым ол жігітті сырттай білетінім болмаса, жақын таныстығым жоқ. Ол Мысырдағы мың жылдық тарихы бар Әл-Азһар Ислам университетінің шариғат және заң факультетін бітірген. Оқуы аяқталған соң да Мысырдың өзінде екі жыл тәжірибеден өткен. Мен оны Семей өңірінің өкіл имамы болғаннан бері және ара-тұра баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары арқылы танимын. Жалпы, бұл таңдау дұрыс жасалған сияқты. Себебі, қазір Қазақстанда діннің құлағын ұстаған мүйізі қарағайдай біраз азаматтар әртүрлі жамағаттың өкілі болып жүр. Ал менде бар мәліметтерге сүйенсем Ержан ешқандай жамағаттың мүшесі емес, бейтарап адам. Тағы бір артықшылығы ол дін саласына кездейсоқ келген адам емес. Дін мәселелеріне өте жетік. Бұған дейінгі мүфтилер сияқты шала-шарпы діни білімі бар, басқа саланың өкілдері емес тікелей шариғаттану саласының маманы.

Осыған дейінгі екі мүфтидің Қазақстандағы діни ахуалдың түзелуіне қосқан үлесі, жіберген кемшіліктері болды. Ендігі ізбасар сол кемшіліктерді түзетіп, дұрыс басталған жұмыстардың жалғастырушысы болса деген ниетіміз бар. Өйткені осыған дейінгілер әртүрлі діни ағымдарға жалтақтап, солардың қас-қабағына қарады деген сындар айтылып келді. Сондықтан ендігі мүфти жүгенсіз кеткен діни ағымдармен аяусыз күресіп,  дәстүрлі Ханафи мазһабының тікелей қолдаушысына, ұраншысына айналғаны жөн. Қазақстандағы қазіргі ең қауіпті жағдай — жамағатшылдық мәселесі, діни лоббизм. Жастарымыздың, діни қауымымыздың  көбі шетелден келген әртүрлі діни ағымдардың жетегінде жүр. Соның салдарынан санамызда діни бөлшектеушілік орын алды. Осы мәселелерге тосқауыл қойып, бүкіл Қазақстанның, әсіресе қазақ халқының діни біртұтастығына жұмыс жасау керек.

Жалпы, намазхан адам өзіне ғана жауап берсе, мүфти халқына, еліне, жұртына жауап береді. Сондықтан ол өте жауапкершілікті орын. Келесі мүфти жоғарыда атаған олқылықтардың орнын толтырып, осы жауапкершілікті сезінгені жөн. Жаңа мүфти жаңа команда жасақтайды деген де сыбыс бар. Ендеше кадр таңдау мәселесінде де жамағатшылдық дертіне шалдықпаған, бір топтың мүддесіне ғана жұмыс жасамайтын адамдарды таңдап, өзіміздің төл діни ұстанымымызға, Алаш халқының бір тұтастығына жұмылдырған жөн.

Abai.kz

Рубрика: