Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ресми деректерге жүгінсек, қазақ тіліндегі алғашқы кітап 1800 жылдың басында Қазан қаласында жарық көрген екен. Одан бері арада екі ғасыр уақыт өтіп, баспалар қызметі мен кітап шығару ісіне қатысты түрлі қаулы-қарарлар қаралып, маңызды құжаттарға қол қойылды.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де полиграфия саласына өзгерістер мен толықтырулар, соны жаңалықтар енгізілді. Бірақ кітап шығару мен тарату, сату және сатып алу төңірегіндегі қордаланған мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ.  Мәселен, Кеңес өкіметі кезіндегі қалыптасқан баспалардың барлығы дерлік жекеменшікке өткенімен, олардың ісін тұрақты жүргізіп, дамуға серпін беретіндей жүйе қалыптаспады?! Неге?

Баспалар үшін тиімді технологиясы жеңіл, әрі арзан кітап шығаруға не кедергі?!
«Алтынмен аптап, күміспен қаптап» қойған баспа өнімдері  оқырманның жағдайын ескере ме? Ешкім рақаттанып, жата-жастана оқи алмайтын қымбат кітап шығарудың қажеті қаншалықты?
Мұның сыртында, Кеңестік дәуірде қазақ оқырмандары орыстың классикалық әдебиетінің тамаша өкілдерінің шығармаларын өз тілінде оқып өсті. Көркем аудармаға көңіл бөлінудің нәтижесінде қазақ тіліне жүздеген кітап аударылды. Ал қазір ше? Мамандардың пікірін білсек…

Баспа ісіне байыппен қарайық

Image

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ, жазушы, Республикалық кітап музейінің директоры:

– Баспа ісі – біздің елде кенжелеп да­мыған сала. Тәуелсіздік алғанға дейін кітап бизнесі деген ұғым да болмаған. Тек КСРО кезінде кітаптану ғылымы негізінде кітап пен оған қатысты барлық үдеріс бір жүйеге бағындырылған еді. Азаттық жыл­дары сол құрылған алып жүйе құрдымға кет­ті. Кітап шығару ісі тоқырауға ұшырады. Қазіргі таң­да кітап бизнесі, яки баспа ісі бірқатар жаңашылдықты бастан кешірді. Ол ең алдымен нарық талабына сай түлеп, өзгерді. Кеңес өкіметі кезіндегі қалыптасқан баспа­лардың барлығы дерлік жекеменшікке өтті. Алайда олардың ісін тұрақты жүргізіп, да­му­ға серпін беретіндей жүйе сол күйі қа­лып­таспады. Баспа ісінің негізін кітап басу мен оны тарату сынды күретамыр іспетті қос сала қалайды. Бірақ басып шығарған кітапты ел аумағын қамтитындай қолжетім­ді ету мәселесі бірізділікке әлі де түспей келе жатыр. Оны түсіретін жүйе бұзылды. Нарыққа бейім мұндай жүйе тек мемлекет­тің қамқорлығымен ғана жүзеге асуы мүм­кін. Бір ғана баспа кітап таратуды Қазақстан аясында атқара алмайтыны ақиқат.

Өйткені қазіргі таңда баспалар көптеп ашылып жатыр. Бірақ сол баспалардың дені екі мыңнан аспайтын данамен ғана кітап шығарады. КСРО кезіндегідей 30-60 мың тираж замандас жазушылардың тү­сіне ғана кіретін құбылысқа айнал­ғалы қашан. Қазіргі кітаптар тек кітап­ха­на­ларды ғана қам­ти­тынын ес­кер­сек, шығып жа­т­қан кітап­тар өз оқыр­ма­нына жетпейді. «Мәдени мұра» сияқты кітап шығарудың ке­шенді бағдарла­малары да жүзеге асып жатса да, олардың мұрындық болған ісі күллі қазақ даласы үшін көлге тамған тамшыдай ғана болып отыр. Біздің кезімізде әр үйдің бары да, байлығы да – кітап болатын. Сөреде жина­лып тұрған томдықтарымен ел мақтанатын. Ал қазір ше? Қазіргі қазақ отбасыларында кітап түгілі, кітап жинайтын сөре де табыл­майды. Көпшілік назары интернетке ауып кеткен. Алайда кітап сияқты құнды, асыл дүниені бүгінгі таңның техноло­гия­сымен салыстыру мүлде келмейді.

Баспалар саны көбейді дедік. Есесіне сапасы күрт құлдырап кетті. Кітапты ашып қалсаңыз, баспаның атауы көрсетілмеген, тиражы, баспа табағы көрсетілмейтін сорақылықтар орын алып жатыр. Оған «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ. Қате өріп жүреді. Бұрынғыдай қолдан-қолға өтіп, тек­серіліп жатпайды. Кітапқа құрмет тө­мен­деп кетті. Безендіруі де, қағазы да сын көтермейтін кітаптар қолымызға түсіп жүр. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» дейтін за­ман­ға тап болдық. Кітап сияқты киелі, ұлы құндылық сипатынан айыратын отба­сылық, рулық, жеке бастың жетістіктерін сипаттайтын арзанқол туындылар заманы дәуірлеп тұр. Осындай кітапсымақтар жалпы адами құндылығы зор көркем дүниелерді лайлап жатыр. Ел кітап деген ұғымның не екенін шатастыратын болды. Бұл да бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Мұн­дай өрескелдіктерге көзжұмбайлықпен қа­рау дағдыға айналып кете ме деген қауіп те жоқ емес. Шығып жатқан кітап тасқы­ны­нан асылын, құндысын бөліп қарастыра білу керек. Біздегі баспалар жаңбырдан кейін­гі саңырауқұлақтай қаптап барады. Солардың әрқайсысы өзіндік бағыт-бағдарын анықтап жұмыс істесе, өздері үшін де, кітап іздеген ел үшін де тиімді болар. Мәселенки, ғылыми-танымдық, мәдениетке қатысты кітаптарды басатын жеке баспалар болуы керек. Спорттық туындыларды осы бағытқа салаланған баспа басып отырса, ғанибет болар еді.

Жақсы туындылар көп. Жазылып жатыр. Әдебиет – ол өлмейтін тақырып. Кі­тап қандай қиын заманда да жазылған. Дәл солай жазыла береді. Тек солардың наси­хаты мардымсыз. Ел көп көретін арналар­дан, қазақы орта ден қойып тыңдайтын радиолардан кітап насихаты көбірек айтыл­са, нұр үстіне нұр болар еді. М.Мағауин­нің, Д.Досжанның, Т.Әлім­құловтың, О.Бө­кей­дің, Б.Соқпақбаевтың және тағы басқа жазушылар жазған қазақтың жауһар туындыларын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап отыруымыз керек. Олардың кітаптары әр қазақ отбасының төрінде тұрғаны нағыз ұлттық тәрбиенің қайнар көзі дер едім. Әдебиет – ұрпақтың рухын көтеретін, имандылыққа тәрбиелейтін, жақсылыққа қанаттан­дыратын, ізгілікке баулитын ұлы күш. Сондықтан кітап әр уақытта өз құндылығын жоймайды. Мынау «базар дәуірі» алғаш басталғанда, ел тұралап, кітап оқымақ түгіл, не ішем деп ба­зар­шылап кетті емес пе?! Сол кездің жастары кітап оқудан мүлде құр алақан қалды. Олардың ата-анасы ала дорба арқалап, нәпақа табуға бет бұрып, ұрпақ тәрбиесі ақсап қалды. Бүтін бір буын кітаптан қол үзді десек, артық айтқандық болмас. Сол ұрпақтың дағдысы бүгінгі интернетшіл жастарға да жұққандай. Көп қазақтың үйіне бара қалсаңыз, кітап оқы­ған адам көрмейсіз. Газет-журнал жаздыр­тып алуға құлықтары жоқ. Рухани дағда­рыс­ты бастан кешіріп жатыр.
Бүгінгі баспа кітаптың орнын электрон­ды кітап басу ықтималдылығына өз басым сенбеймін. Интернет пайдаланушылардың көбі жастар. Олар пайдалысы бар, әжетке жарамайтыны бар, сан алуан ақпаратты интернеттен алғанмен, көркем дүние оқи қояды дегенге сене алмаймын.
Сондықтан бүгінгі буынға кітаптың берер мол ұлағатын насихаттау кеңінен жолға қойылуы қажет.  Кітап елдің әр аума­ғы­на, түкпір-түкпірдегі ауылдардағы өз оқырманына жететіндей тарату ісін қолға алу керек. Осы мәселелер түбегейлі шешіл­се, кітаптың келешегіне қатысты үлкен бетбұрыс басталар еді.

Таңдау неге сапалы қағазға  түседі?

Image

Жарылқасын НҰСҚАБАЙҰЛЫ, «Білім» баспасының директоры: 

– Негізі, оқушылар мен оқырман кіта­бының жылтыр әрі қатты қағазда шыға­рылуының өзіндік себебі бар. Көркем әде­биетте көбіне авторлардың өзі таңдау жасап жатады. Мемлекеттік тапсырыспен басылатын мектеп оқулықтары қашанда сапалы қағаздарда шығады. Нашар қағазда басылған оқулықтарды мемлекет те, мектеп те қабылдай қоймайды. Өйткені сапасыз кітап бір жылға да жетпей шашылып кетуі әбден мүмкін. Сол себепті де мемлекет баспаханаға тапсырыс бергенде міндетті түрде сапалы қағазды таңдайды. Мысалы, қарапайым «Әліппені» алайық. Кішкентай бүлдіршіндер ұстайтындықтан, оның сапалы болғаны жөн. Қанша дегенмен, баланың аты бала емес пе? Ойнап отырып жыртып алуы мүмкін. Сол себепті де олар­дың қағаздары қалың, қаптамасы қатты бо­лып келеді. Оқулықтардың сапалы қағаз­да шығарылуының тағы бір себебі ретінде қаражат тапшылығын айтар едім. Яғни бізде оқулықтар қаражаттың көптігінен сапалы қағаздарда басылмайды. Керісінше, үнемдеу мақсатында солай етуге мәжбүрміз. Мен «Мектеп» баспасында 15 жылдай жұмыс істедім. Ол кезде мектеп оқулықтары 4 жылда бір рет басылып тұратын. Соған байланысты баспагерлердің мойнына төрт жылға татитын кітап шығару жүктелетін. Кітаптың сапасы артқан сайын бағасы да қымбаттай түседі. Мектеп кітапханала­рына берілетіндіктен, ата-ана оның бағасын біле бермейді. Бұл орайда мемлекет дарқан­дық танытып, біраз қаражат жұмсайды. Бір жағынан құптарлық жайт. Десе де, кітап салмағының ауырлығын қайда жібереміз. Яғни бүлдіршіндеріміз сөмкесінде 4-5 келі тұратын кітаптарды тасуға мәжбүр. Шетел­дік кітаптардың сапасыз қағазда шығарыла­тындығы ата-ана мен оқушылар үшін де тиімді.  Шетелде мұндай кітаптар жылда басылады. Жыл сайын мол көлемде жарық көретін оқулық­тар келесі жылға жетпей тозы­ғы жетуі мүмкін. Келесі жыл­ғы оқушы­лар ескі кітап­қа үңілуге мәж­бүр емес. Өйт­кені ол кітап­тардың орнын жаңа оқулықтар баса­ды. Өкінішке қарай, біздің елде  дәл шетел­дегідей жасауға эко­но­микалық жағ­дай­ымыз рұқсат етпейді. Әйтпесе техноло­гия­­сы жеңіл, әрі арзан кітап шығару баспа­лар үшін де тиімді болар еді.
Біздің елде көбіне сапасы төмен қағазда бір оқыған соң келесі жылға қажеті болмай қалатын, әдістемелік кітаптар мен дәптер түрлері ғана шығарылады. Жеке авторлар көбіне көрпесіне қарай көсіледі. Десе де, көбісінің таңдауы  сапалы қағазға түсіп жатады.

Мұқабасына емес, мазмұнына көңіл бөлген жөн

Image

Темірғали КӨПБАЕВ, «Қазығұрт» баспасының директоры:

– Біз мұнда қазақ халқының ұлттық психологиясын ескеруіміз керек. Қазақ – табиғатынан даңғойлау халық. Не жасаса да асырып істегенді ұнатады. Дәл сол дара­қылықты кітап шығарғанда да көп байқай­мыз. Кім де болса, кітабының жылтырап тұрғанын қалайды. Содан «алтынмен аптап, күміспен қаптап» шығарып жатады. Бірақ олар дәл осы тұста оқырманның жағдайын ескермейді. Иә, мұның барлығы бір көрер алдамшы әсер үшін керек шығар. Бірақ адам оны рақаттанып, жата-жастана оқи алмаса, мұндай қымбат кітап шығару­дың қажеті шамалы деп ойлаймын.
Негізі, біз кітаптың жылтырақ мұқаба­сы­на емес, мазмұнына көп көңіл бөлуіміз керек. Оқырман да кітапты сыртқы суретіне немесе сапасына қарай таңдамайды, маз­мұнына қарай талғайды. Бірақ нарық за­маны емес пе?! Күн өткен сайын түрлі маз­мұндағы кітаптар шығып жатыр. Олар­дың ішінде түкке тұрғысыздары жетерлік. Мықты авторларымыздың кітаптары неба­ры 1000 данамен басылады. Жас ақын-жазушыларымыздың танылмауының себе­бін осы жерден іздесек болады. Аз мөлшерде шығарылғандықтан, олар «аз да болса, саз» дегендей,  жарқырап шыққысы келеді. Дү­кен­ге түскенде мұндай кітап­тардың бағасы аспандайды. Міне, кітаптар­дың сөрелерде шаң басып, өтпей жатуының бірден бір себебі – осы. Ресейде мұндай кітаптар кем дегенде 20-30 мың данамен шығады. Жур­нал­дық сары қағазда басыла­тындықтан, олардың бағасы да қолжетімді. Жеп-жеңіл әрі шағын етіп басылған кітап­тар оқырман үшін де тиімді. Олар бұл мәсе­леге бизнес деп қарайды. Сондай-ақ кім көрінгеннің кітабын шығара бермей, оқылатын қызық­ты кітаптарға көп көңіл бөледі. Онда да қым­бат қағазға, қатты мұқабаға шығарып әуре болмайды. Маз­мұ­нына қарайды. Маз­мұны тартымды болса, тиражын көбейтеді. Тиражы көбейген сайын кітаптың құны да арзандай түседі. Арзанға шыққан кітаптар, бүкіл әлемге қолжетімді бағамен тез тарай­ды. Біздегі кітаптар қандай? Көбіне, сырт­қы мұқабасы қатты, жылтыр, қойынға са­лып жүруге келмейді. Тіпті арасында қа­лың­­дығы қас­қыр соғып алатындай, ауыр кітаптар да бар. Мұнда баспагер, оқырман­ның жайын еш ескермейді.

Негізі, баспа саласында біз орыстардан 100 жылға артта қалып қойғанбыз. Себебі оларда әдебиеттің алтын ғасыры ХІХ ға­сыр­­дың басында басталып кеткен. Олар кітап жасау технологиясын сол кезде меңгере бастады. Мысалы, Пушкиннің кітаптары көзі тірісінде-ақ жарыққа шығып тұрды. Оның қызықты туындыларын басып шы­ғару арқылы баспагерлер де мол пайда­ның астында қалған. Біздің елімізде кітап 1900 жылдары жаңадан шыға бастады.  Осы­дан-ақ нақты қанша жылға қалып қой­ға­нымыз, тайға таңба басқандай көзге ұрып тұрған жоқ па?
Мына парадоксты қараңыз. Біз қағазды Ресейден ала тұра, кітаптарымызды қымбат қағазда басамыз. Ресей су тегінге сапалы кітап шығаруға мүмкіндігі бола тұра, арзан қағазда басады. Сол нашар қағазда басылған кітаптары еліміздің дүкендерінде толып тұр. Сапасы біздің кітаптарға жете қоймаға­ны­мен саны қазақ кітаптарынан басым. Неге? Өйткені бағасы қолжетімді. Қазақ кітаптары сөрелерге сән беріп «алтынмен апталып, күміспен қапталып» тұр. Соған сай бағасы да қымбат. Оқырман осы екеуі­нің қайсысын таңдайды. Әрине, оқуға ың­ғай­лысы мен бағасы арзанына жүгіреді. Міне, идеология қайда жатыр. Орыстар осы­лайша екі жақты пайдаға кенеледі. Бір жағынан қалталары қампайса, екіншіден, өздерінің идеологиясын насихаттайды. Яғни шетелде отырып-ақ, біздің ұрпақты өзінің идеология­сымен тәрбиелеуге толық мүмкіндік алып отыр.  Біз бұған шектеу қоя алмаймыз.

Сондай-ақ соңғы жылдары «қазақ әде­биеті оқырманын жоғалтып барады» деп дабыл қағып жүрміз. Оқырманның жоқты­ғы да тікелей осыған байланысты. Аз мөл­шерде шыққан кітаптар ауылға жетпейді. Бізде кітап саудасы, кітапты тарату дәстүрі баяғыда құлдыраған. Кеңес өкіметі тұсында қандай еді? Айдалада жатқан қойшылардың қойнында әлем классикасы жүретін. Ал Қазір ауылдағы кітапханаларға жаңа кітап бармайды да. Демек, ондағы қазақтың қара домалақтары кітап оқуды әдетке айналдыр­майды деген сөз. Негізінен, кітап оқитын оқырман қала­дан гөрі, ауыл­дарда көбірек болуы тиіс еді. Өйткені онда қы­зық қуалап отыратын интернет көзі жоқ. Ауыл тұрғын­дары бос уа­қытын кітапқа жұм­сағанды жөн санай­тыны хақ. Бірақ оқитын кітап болма­са, несін оқысын? Мі­не, біз оқырмандардан осылайша айырылып отырмыз. Барлығын өзіміз қолдан жасап алдық, кітап оқу дәстүрі осылайша үзілді.

Қаншайым Байдаулет,
Сәбина Зәкіржанқызы,
Төреғали Әліпұлы,
Айтжан Мұрзанов (фото).

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика: