Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

МороженноЖыл сайын түрлі баспалардың әр жылдары шығарған оқулықтарымен оқыту үрдісі қазақстандық білім саласына етене енді. Заман ағымынан қалыспай, мұндай әдістің енгізілуі өз алдына, сол білімнің бұлағы саналар кітаптардың қолжетімсіздігі үлкен мәселеге айналып отыр.

Кезекті оқу жылы басталғалы кітап дүкендерінің алдында ұзын-сонар кезекте тұру мәжбүрлігін тартқан өңірдің ішінде Семей де бар. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларына арналған кітап жетіспейді. Қаладағы Шәкәрім даңғылының бойындағы «Атамұра» корпорациясы кітап үйінде ғана мектеп оқушыларына қажетті оқулықтардың дені сатылады. Амалсыздан сатып алуға мәжбүр жандар осында келуде. Осы орайда мектептің ішіндегі қасіретке айналған оқулық мәселесін ілмегімізге алғанды жөн санадық.

Еліміздегі білім басқармаларында мектеп оқушыларын толық кітаппен қамтыдық дегені не керек, кітап дүкендеріндегі кезек сейілер емес. Ал оқулықтың бірі болса, бірі жоқ. Несі бар, оқулықтың ақылысы да, тегіні де тапшы бүгінде. Бәрін айт та, бірін айт, телеарналардың бірінен кей өңірлерде мұғалімдерінің оқушыларына кітапсыз келмеулерін талап еткендігін де байқадық.

Нарықта орта мектеп оқулықтарын шығаратын «Атамұра» баспасының типографиясы тапсырыстың көптігінен үлгермей жатқан сыңайлы. Осы орайда «Атамұра» корпорациясының Семейдегі «Кітап дүкені» үйінің директоры Абдылхамит ШӨКЕЙҰЛЫ:

– Сатылымда биылғы оқу жылына арналған барлық оқулықтар болғанымен, кейбірі лезде бітіп қалуда. Олқылықтың орнын толтыруда өзге іргедегі бөлімшелерге сұраныс жасап та алдырудамыз. Семейдегі өзге кітап дүкендеріне қарағанда бағаларымыз екі-үш есе арзан. Бір оқулықтың орташа бағасы 400-500 теңгеден басталады. 1-қыркүйектен бері сатып алушылардың саны күрт артты. Үш бірдей сатушымыз күніне 400-ге жуық адамға қызмет көрсетуде.

Сонымен кей клиенттер кем дегенде сегіз-тоғыз оқулықтан сатып алады екен, себебі білім ошақтарында барлық пәндер бойынша оқулықтарды өздері сатып алуларын талап етуде. Ата-аналардың ішінде кейбір оқулықтарды білместікпен алып қойып жатқандар да кездеседі. Кейін сол алған оқулықтар мектеп бағдарламасына сәйкес келмей, жарамсыз болып, демек, қаражаты осылайша көкке ұшады. Бір байқағанымыз, мұнда келгендердің көбі орыс тіліндегі емес, мемлекеттік тілдегі оқулықтарды таппай сандалғандар.

Бүгінде барлық мектептердің 1-сыныбына ағылшын тілі енгізілген. Оқушы сыныптан-сыныпқа көшкен сайын кiтап санымен қоса бағасы да артуда. Табысы орташа мектеп жасындағы үш-төрт баласы бар шаңырақтың күйін ойлап көріңіз. Киім-кешегі өз алдына, енді жығылғанға жұдырық болып оқулық тапшылығы қосылса. Қазір мұндай санаттағы оқушыларға айтарлықтай жеңілдік қарастырылғаны, әрине, құптарлық жайт. Айталық, қазір 854 бала білім алып жатқан Семейдегі №16 орта мектепте оқушылардың 145-і әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балалары. Жаңадан келген оқулықтарды бірінші кезекте осы топтағы балаларға үлестіреді екен.

Ал Семей қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Хатша ЖҮНІСҚАНОВА оқулықпен қамтамасыз етуде Семейде былтыр шамамен 50 млн теңге қаржы бөлінсе, биыл тағы 25 млн теңгедей қаржы қазынадан қарастырылғанын айтады. Жыл сайын қаражат бөлініп жатса да жағдай тұрақталмай отыр.

Оқулық мәселесінің олқы тұстарына назар салсақ, күні кеше сенатор Қуаныш Сұлтанов Үкіметке депутаттық сауал жолдауға мәжбүр болғаны есімізде. «Әсіресе бастауыш сыныптарға арналған танымдық оқулықтар, орта, жоғары сыныптарға арналған тарих, әдебиет, дүниетаным тағы басқа оқулықтар мазмұны жағынан бала, жасөспірім үшін түсініксіз, тартымсыз, дарынсыз жазылғаны туралы шағым-арыздар да жеткілікті. Олардың көпшілігі баланы оқуға ынталандырмайды, қызықтырмайды» деп атап өткен еді сенатор. Оқулықтардың сапасыздығы өз алдына, мектеп бағдарламасы жиі ауысқан сайын бұрынғы кітаптар жаңасымен алмастырылады. Ондағы есептері де, тақырыптары да өзгеріп кетеді. Ұстаздар қауымының көпшілігі қай баспаның оқулығы көбірек болса, жоспарды соған қарап құруға мәжбүр. Сонда Ұлттық бірыңғай тестілеуінің сұрақтары қай баспаның оқулығымен дайындалады екен? Бір мектепте екі түрлі баспаның оқулығымен оқытатыны ата-аналар арасында түсініспеушілікті тудыруда. Мәселен, 7-сыныпта өтетін алгебра, геометрия пәндерінің оқулығы «Мектеп» баспасы бойынша болу қажеттігі міндеттеледі. Көріп тұрғанымыздай, «Атамұра» дүкенінде кітап бағасы арзан болғанымен, оқулықтар тез өтіп кетеді. Мектептерде әр пән бойынша жұмыс дәптерлерін сұрататыны тағы бар. География, биология пәндері бойынша жұмыс дәптерлерінің әрқайсысы 500 теңге тұрады. Тарихқа қажетті атлас картасын тағы аласың. Кейбір мектептерде ағылшын пәніне арналған оқулықтар тек Алматыдан арнайы тапсырыспен ғана келеді. Бағасы да арзан емес, 3500 теңге. Аталмыш оқулық ауылдағы оқушылардың қиялында ғана жүрері анық. Өйткені қала мектептерінде оқитын оқушылардың өзі бұл оқулықты әрең қолға түсіреді.

Сонымен кiтаптың кезең-кезеңiмен қайта басылу кестесiне сәйкес, 2013 жылы 2,9-сыныптар, 2014 жылы — 3,5,10, ал 2015 жылы 1,4,11-сыныптарды оқулықпен қамту жоспарланған. 2010 жылға дейін тек тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларға тегін оқулық беретін жергілікті білім басқармалары Елбасының жарлығы бойынша 2015 жылға дейін барлық мектеп оқушыларын 100 пайыз қамтамасыз ететін деңгейге жетуі тиіс десе-дағы, биылғы жалғасын тапқан қарбалас бұл межеге жетудің ауылы алыс екенін айғақтайтындай.

Расымен, оқулық тапшылығы жоқ болса, жұрт неге азаннан кешке дейін кітап сөрелерінің алдын тоздыруда деген заңды сауал, жағымсыз пікір туындайды. Ұрпақтың саналы болуына жол ашып, білім нәрімен сусындатар кітапсыз қалайша үлгілі тәрбие бере алмақпыз.

 

Әйгерім ЕРМЫРЗА,

Семей
http://kaz.classtime.kz/node/2279

 

Рубрика: